ТӘРТІП ПЕН ТӘРБИЕ – ТАЛ БЕСІКТЕН
Еліміз өркендеп, күннен-күнге өсу үстіндеміз. Экономикалық өрлеудеміз. Сөйте тұра қайырымдылық жасауды арнайы бағдарлама етіп әйгілеп, бәлен қаржы жұмсадық деп жариялап жүрміз. Жыл сайын «Мектепке жол» акциясына қайырымды, қолдары ұзын кісілерден көмек сұраймыз. Мемлекеттік қызметкерлер, бюджет саласының қызметкерлері айлығынан жырып беріп, бірігіп ортадан қаржы жинап, іс-шараны ұйымдастырып жататыны да шындық. Көпбалалы отбасыларға көмек жасаған дұрыс, қысылғанға қол ұшын бергеніміз де жөн. Осы орайда ойланатын мәселе де жоқ емес. Байқап қарасаңыз, көмек береміз деп жүріп қазіргі жас ата-аналарды масылдыққа үйретіп жатқан жоқпыз ба? Себебі, басында үйі, жеке иелігінде жері бола тұра «жұмыс жоқ» деген желеуді сылтауратып, көп ата-аналар алақан жаюды, әйтеуір қолы ұзын біреу әкеліп беру керек деген пиғылды әдетке айналдырған. Үй ауласындағы атшаптырым жердің қурай басып, арамшөп қаптап жатқанын көзіміз көріп жүр. Ауылды жерде тұрып көкөністі, айран-сүтті сатып алу деген ұят нәрсе екенін неге сезінбейміз? Кейбір атааналардың “мен көпбалалымын, маған көмек берулерің керек” деп міндетсінуі дұрыс па осы?! Ауылдас болып бірге өмір сүріп жатқан өзге этнос өкілдерінің тірлігіне қарасаң, жаның сүйсінеді. Ерте көктемнен кішкентай баласынан еңкейген қартына дейін тырбанып еңбек етеді. Бәлен балам бар деп бәлсінбейді. Нан сұрамайды, бос жатқан жеріңді сұрайды. Белін таянып тұрып біздің ағайын түкке арзымайтын ақшаға жер сатады. Жер сатқан қазақ өз жерінде өздері масақ теріп, әркімге кіріптар болып жалтақтап жүр. Ал, өзімізден жер алған басқа этнос өкілдері еңбегінің рахатын көріп, керек болатын қу дүниеге бізден бұрын қол жеткізіп жатыр. Ал, біздің ағайындарға белін таянтып қойып, ақыл айттырсаң алдарына жан салмайды. Еңбекке баулуды өзге этностағы ағайындар баланы еңбектегеннен бастап үйретеді. Есесіне өмірге ерте бастан бейімделген бала кез келген қиыншылықтан қорықпай өтетіні белгілі. Баланы тәрбиелеу әрі өмірге баулу кезінде кішкентайынан бастап береке мен молшылықтың кілті – еңбекте екенін түсіндіру арқылы кемшіліктерімізді атасақ жетіп артылады. Кейінгі толқын ата-аналар мектеп жасындағы балаларының дене шынықтыру, еңбек сабағы секілді іс-қимылды керек ететін пәндерден “балама жүгіруге болмайды, жүрегі ауырады, еңкеюге болмайды, белі ауырады” деп түрлі ауруларды тізіп, анықтама әкеліп береді. Жасынан қимыл–қозғалысы төмен баладан ой кемістігі мен дене мүше кемістігінің бел алатынын білмеген, білсе де мойындамайтын ата-ананы кім түзейді? Еңбек етіп, қолда бар нәрсені ұқсатып, бауыр еті балаларының болашағына ешқандай алаңдаушылық білдірмейтіні қынжылтады бізді. Заңның түр-түрі көбейді бүгінде, “Оқушыға дауыс көтеруге болмайды, түртуге болмайды, аялап сөйлеп, үпілеп тәрбиелеу керек” деп заң соғатын ата–аналар қауымында бала тәрбиесіне өте керек болатын тыйым нұсқауларды баласын қорлау деп білетін түсінік қалыптасқан. Балаларының айтқанын орындап, сұрағанын тауып беріп, ата–аналық парызымды орындадым деп тоқмейілсуден гөрі бала жасынан еңбекке баулып үйрету - әр ата-ананың бұлжымас заңы болуы керек. Халқымызда «қолқанат» деген сөз бар. Баласының санасы мен болмысын ең бірінші әке–шешесі біледі. Ойын баласын ойната жүріп, шамасына қарай жұмсап үйретіп, еңбекке баулудың алғашқы сатыларынан өткізген. Дұрыс ұғымтал балаға «қолқанатым» деп ризашылығын білдірген. Үлкенді сыйлау, жол беру, сәлемдесуді үйрету секілді үлкен өмір баспалдағының алғышартын бұрынғы ата-әжелеріміз бала жастан үйретті емес пе?! Сондықтан, сүрінген баласының қателігін айтқан мұғалімнің жағасына жармасқан атааналарға да тыйым керек. Болашағымыз жастардың келешек өміріне жанашырлықпен қарап, қоғамдық ортақ мүдде үшін азаматтық белсенділігіміз жоғары болуы тиіс. Балиғатқа толмаған мектеп жасындағы оқушы баласын, әсіресе қыз баласын түнгі тойға жіберіп, бес-он теңге тауып келуге жұмсап отырған атааналардың қылығын не деуге болады? Түннің аты түн. Қатерлі қылмыс пен жантүршігерлік оқиғалардың бәрі түн уақтысында орын алады. Күндіз болса бірсәрі, түнгі тойға жіберіп отырған ата-аналар бала болашағына неге алаңдамайды? Осы жерде ата-анадан бөлек әлеуметтік ахуалды реттейтін құзырлы органдардың, білім, ішкі саясат бөлімдерінің қызметкерлерінің кешенді ісқимыл әрекеттері, өзіміздің қоғамдық тәртіпке деген белсенділігіміз, азаматтық жанашырлығымыз қайда, деген сұрақ туындайды. Қазір не көп, аялдама, дүкеннің алдында ойын автоматтары көп. Бұл не? Жасөскін балаларымыздың санасын улайтын нәрселерді көріп, біліп тұрып үндемейтініміз қалай? Скутер, мопед секілді моторлы велосипедтердің бала өміріне қаншалықты қауіпті екенін біле тұра мектеп жасындағы балаларына әперіп, қауіпті жағдайды қолдан жасап отырғандарын сезінбейтін үлкендердің сиқы осындай болған соң қоғамға қалай өкпе артасың?! Көп ата–аналар баламның керегін тауып, киімін бүтіндеп берсем, тәрбиелеу мектептің ісі деп теріс пиғылға бекініп алған. 5-6 сағат мектептен кейінгі тәуліктің бәрінде қоршаған ортаның, көшенің, тіпті көршінің тәлімін жұқтыратын баланы мектеп қана тәрбиелеп береді деу, әрине жаңсақтық. Кезінде ұлы ойшылдардың қатарына жататын Карл Маркстің «Адамның санасын тұрмыс билейді» деген қанатты тұжырымы дәл қазір сол қалпында маңызды. Тұрмыстық жағдайдың бала санасын бірден улайтыны белгілі жайт. Берідегі халқымыздың қаһарман ұлы Б.Момышұлы «Тәртіпсіз басқа білім қонбайды» деді. Демек, ең бірінші білімнен бұрын тәрбие ісін, тәртіпті жолға қоюымыз керек.
Бірлікбай ЖАНТАЕВ, ардагер ұстаз. Шу қалалық ардагерлер кеңесі жанындағы әкелер алқасының төрағасы. Шу ауданы.
Бірлікбай ЖАНТАЕВ, ардагер ұстаз. Шу қалалық ардагерлер кеңесі жанындағы әкелер алқасының төрағасы. Шу ауданы.
Обсудить
Блок в статье:
СТАЛИНГЕ ХАТ ЖАЗҒАН ҚАРИЯ
20 ноябрь 2024, Среда
КӘСІБІ – ТРАКТОРШЫ
18 ноябрь 2024, Понедельник
Сейітхан ЖҰМАШЕВ, Жуалы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы: ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫС ІСІМІЗГЕ СЕРПІН БЕРЕДІ
18 ноябрь 2024, Понедельник
Похожие материалы:
Комментарии (0)