МАЙДАНГЕР ӘКЕНІҢ ҰЛАҒАТЫМЕН ӨСТІК

Менің әкем Рақым Момынтайұлы – кешегі 1418 күн мен түнге созылған Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен, сол қанды қырғыннан елге аман-есен оралған Жеңіс жауынгерлерінің бірі еді. Соғыс басталғанда 40-ты алқымдап қалғанына қарамастан майданға аттанып, 1945 жылы Жеңіспен елге оралыпты. Одан кейінгі саналы ғұмырында шаруашылықта әртүрлі жұмыстар істеген нағыз майталман еңбек адамы. Менің білетінім, әкем соғыс басталғанға дейін «Бозарық», «Үшарал» ұжымшарларында әртүрлі жұмыстар істеген екен. Соғыстан кейін 1945 жылы «Таластан» енші алып шыққан «Түгіскен» кеңшарында құрығы құтты жылқышы болыпты. Ендеше, биыл негізі қаланғанына 80 жыл толып отырған осы шаруашылықтың алғаш қазығын қаққандардың бірі екенінде дау жоқ.
Көкем соғыс туралы көп әңгімелей бермейтін. Біз ержеткеннен кейін «қай жерде соғыстыңыз, қанша немісті өлтірдіңіз, көзі тірі немісті көрдіңіз бе?» деген сұрақтардың астына алатынбыз. Балалық қызығушылық қой. Сонда ол кісі бір күрсініп алып: «Балаларым, сендерге Алла соғысты көрсетпесін! Соғыстың беті аулақ! Жеңіс қашанда әділдік жағында. Немістер Кеңес еліне опасыздықпен, басып алу мақсатында шабуыл жасады. Бірақ, масқара болып жеңілді. Жеңілгенін қайтейін-ай, миллиондаған адам құрбан болды ғой сол соғыста", – деп күрсінетін.
Әкемнің әңгіме айтқанда екіленіп кететін. Ол кісі – қазақтың хас батыры Саңырық Тоқтыбайұлының алтыншы ұрпағы: Саңырық – Көшербай – Күнтуған – Тұрсын – Момынтай – Рақым.
Осы жерде қазақ азаматтарының, қазақ жастарының мына мәселені жадыларына мықтап ұстағанын қалаймын. Біз «Ұлы Отан соғысы» деп жүрген соғыс – Кеңес елін, Кеңес жерін қорғау үшін болған соғыс. Ал, қазақ халқы үшін нағыз Ұлы Отан соғысы – 1723 жылы жоңғар-қалмақ басқыншыларына қарсы болған соғыс. Олай дейтінім, Қазақ хандығы мемлекет болып құрылғаннан кейінгі бұл соғыстың жөні бөлек. Бұл соғыста біздің батыр бабаларымыз Қазақ елін, Қазақ жерін «ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен» қорғап, бізге – бүгінгі ұрпақтарына мұра еткен. Ол соғыста қазақтың менің Саңырық бабам сияқты қайсар батырлары аттың жалы, түйенің қомында жүріп шайқасқан жаумен. Міне, нағыз Ұлы Отан соғысы! Осыны қазақ жастары біліп өссе екен. Олардың бойында отаншылдық рух қалыптасып, Қазақстанын сүйсе екен, Тәуелсіздігіне тәу етіп, бейбіт өмірдің бағасын білсе екен!
Бұл – бүгінде 70-тің ортасына келіп қалған, арғы атасы, әкесі жерімізге көз алартқан атажаумен шайқаста ерлік көрсеткен майдангер ұрпағының тілегі.
Әкем Рақым соғысқа дейін де, соғыстан кейін де еңбегін еліне арнаған жан екенін жоғарыда айттым. Ол кісі анамыз Ұмсынай екеуі бізді – 7 ұл-қызды дүниеге әкеліп, қатарымыздан кем қылмай өсіріп жетілдірді. Құдайға шүкір, сол жетеуден екі әкпем – Ұлжан мен Нұрлан, бір іні, бір қарындасым – Ерғара мен Гүлжан және мен бармыз. Бәріміз де үйлі-барандымыз. Біздің балаларымыз ата-әжелерінің өмірлерін жалғастырып жатыр.
Биыл Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңістің 80 жылдығы тойланып жатқан мерекелі жылда «Мен – майдангер ұрпағымын!» деп мақтанышпен айта аламын. Осы Жеңісті алып берген миллиондаған жауынгерлердің сапында Отан қорғаған әкем Рақым Момынтаев бірінші және екінші дәрежелі «Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен, «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін», тағы басқа медальдармен марапатталған. Олардың қатарына Жеңістің 20, 25, 30, 40, 50 жылдықтарына арналған мерекелік медальдар қосылды кейіннен.
Әкем біз үшін адамгершіліктің, бауырмалдықтың үлкен үлгісі болды. Ол кісінің тұла бойы мейірімділіктен жаралғандай. Олай дейтінім, анамыз әке-шешеден апалы-сіңлілі екі қыз екен: Қатша апа және біздің шешеміз Ұмсынай. Анамның анасы Зылипа әжем біздің қолымызда болды. Әкем ол кісіге туған анасындай қарап, перзенттік парызын ақ-адал орындады.
Мен бұл мысалды бүгінгідей адамдар мейірімге шөлдеп тұрған заманда жастарға үлгі болуы үшін келтіріп отырмын. Әрі әкемнің сондай мейірімді жан болғанын мақтаныш сезіммен еске алып отырмын.
Анам Ұмсынай да абзал жан болды. Әкеміздің өмірдегі әрбір жетістігінде анамыздың да үлесі бар. Тілекті де, жүректі де бір арнада тоғыстырған сол асыл жандар – әкем Рақым Момынтайұлы мен анам Ұмсынай Қалықұлқызы «бастарың бір жастықта қартайсын» деген қасиетті бата дарыған кісілер екен. Әкем 94 жасқа дейін анам ееуі ұзақ бақытты ғұмыр кешті.
Міне, менің майдангер әкем мен бізге өмір сыйлаған анам туралы айтпағым осы еді.
Мырзаділ (Тұрғара) МОМЫНТАЕВ,
еңбек ардагері.
Тараз қаласы
Обсудить
Блок в статье:
Арды ойлаған азамат
11 июль 2025, Пятница
МАЙДАНГЕР ӘКЕНІҢ ҰЛАҒАТЫМЕН ӨСТІК
11 июль 2025, Пятница
Бағы жанған азамат
11 июль 2025, Пятница
Похожие материалы:
Комментарии (0)