Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » НАҒАШЫ АТАМ МАЙДАННАН ОРАЛҒАН ЖОҚ

НАҒАШЫ АТАМ МАЙДАННАН ОРАЛҒАН ЖОҚ

11 май 2023, Четверг
133
0
Уақыт сынаптай сырғып тоқтамайды. 1941-1945 жылдардағы алапат соғыс жылдарында аталарымыз майдан шебінде қару асынып, мұз жастанып, қар кешті. Оқ пен оттың ортасында жүрді, өмірін қиды. Ал біз бұл күнде сол майдангерлердің ерлігімен келген жеңіс күнін мереке ретінде тойлап, бейбіт өмір кешіп жатырмыз. Қантөгіс, жанжал, оқ атылған жердің барлығында қасірет бар. Бейбіт жатқан елге  соғыс салған зардап қаншама! Ұлы Отан соғысының да зардабын бүкіл Кеңестер Одағымен бірге Қазақстанның әр ауылы мен әр шаңырағы сезінді. Ата-аналар бозым баласынан, жас келіндер асыл жарынан айырылып жатты . Ондай қасірет қанша жыл өтсе де ұмытылмайды, соғыс салған, жүректің түбінде қалған кішкентай жара ешқашан жазылмайды, сыздап тұрады.

Осындай қасіретті бастан кешкеннің бірі – менің  түп нағашы атам Нақып.  Нақып атамыздың бауыры Смайыл мен баласы Ысқақ майданға аттанып, елге оралмаған. Осы Ысқақ – менің нағашы атам, анамның әкесі. Нағашы атам соғысқа кетерде жас келіншегі Пашираның жетегінде екі жасар Көрпеш көкем, құрсағында менің анам қалған екен. Арада үш-төрт ай өткенде нағашы апам аман есен босанып, қыз баланы өмірге әкеледі. Ол – менің анам Күлбала еді. Асыл жарын майданға аттандырған нағашы апамның да көрмегені жоқ. Етегіне оралған  екі бала бар, таңның атысы-күннің батысы тылдың жұмысы, одан бөлек қайынатасы мен енесіне қарау керек. Ол аз десеңіз, соғыста жүрген күйеуінен хабар күтіп, екі көзі төрт болады. Осындай қасіретті жылдар да өтті. Соғыс та бітеді. «Кебін киген келмейді, кебенек киген келеді» дегендей, ажалы жоқ азаматтар майданнан қайтып жатты. Кейбірі тегіс аман, енді бірінің қолы, бірінің аяғы жоқ. Адамынан айырылған жүздеген отбасылар ондай мүгедек болып оралған азаматтарға да қызыға қарайды. Талай аналар: «Менің балам да осылай мүгедек болып оралса да, өлгенімше арқалап өтер едім» деп аңырады. 
Соғыс бітті. Соғыстан Смайыл да, Ысқақ та оралмады. Пашира апам сонда да үмітін үзген жоқ. Тағы 3 - 4 жыл күтті. Содан Нақып атамыз бар, басқа үлкендер бар Ысқақтың артынан келген «Қара қағазға» сенуге тура келді.  Ол уақытта әмеңгерлік деген бар. Қадыр Мырза-Әли айтқандай: «Бір жаманы – үйленіп жеңгесіне, бір жақсысы – жетімін қаңғытпаған» деген әмеңгерлік осы. Бәрі ажал болып аузын ашқан сұм соғыстың кесірі ғой. Әйтпесе, үлкендердің жаны ауырып, әмеңгерлікті еске түсіріп несі бар. Қысқасы, Ысқақтың туған інісі – Дөске. Сол кезде 18 -19 жасқа келіп қалған. Осы Дөске нағашыма өзінен  7 жас үлкен Пашира апамды қосады. Пашира апамның жасы сол кезде 25-26 жаста. Шешім осылай болды. Әрине, дұрыс. Тағдыр басқа салған соң қайтеді. Бірақ, Ысқақтан қалған Көрпеш пен Күлбала таршылық көрген жоқ. Олардың көзінен «Жетімсің» деп ешкім шұқи алмады. Дөске көкем мен Пашира апам Жаратқанның қалауымен тағы да 6 ұл-қызды тәрбиелеп өсірді. Осылайша, 8 ұл-қыз бір шаңырақта өсіп өнді. Ысқақ атаның бейнесі кішкентай Көрпештің есінде қалды ма, қалмады ма білмеймін. Бірақ, нағашы атамның Көрпешті бауырына басып, құшырланып сүйіп, майданға аттанғаны анық. Ал менің анама ондай бақыт та бұйырмады. Рас анасы болды, әкесіндей қамқор, әке орнына әке адам болды. Бірақ, менің анам өзінің туған әкесін өмір бойы көре алған жоқ. Тіпті, қандай кісі екенін көз алдына елестете де алмады. Бұл – соғыс қасіреті. 
Соғыс салған сыз жүректен кетпейді
Осындай қасіретті басынан кешкеннің бірі – жуалылық Ильяс Сатаров ақсақал. 82 жастағы ақсақал Жуалы ауданы, Ақтөбе ауылында тұрады. Бірақ, көңілін байыз таптырмай жүрген, жүрегіне сексен жыл салмақ салған мәселе бар.  Оны ойлаған сайын тынысы тарылып, жаны ауырады. Ауыр сынаққа толы балалығы көз алдына келеді. Соғыс салған салмақ қой...
Ел басына күн туып, ер етігімен су кешіп, ат ауыздығымен су ішкен 1941 жылы басталған сұрапылда барша арқасүйер азаматтар майданға аттанды. Елдің басына түскен қасіретке тамшыдай көмегіміз болса деді. Олардың арасында біз әңгімелеп отырған Ильястың әкесі Абылхан да, оның туған інісі Қали да бар еді. Екеуі де майданға аттанып, қайтадан туған жер топырағына оралмапты. Әсіресе, Қали Сатаровтың майданда жасаған ерліктері кейіннен архив деректері арқылы анықталып отыр. Сол деректерге тоқтала кетсек. 
Қали Сатаровтың ерлігіне қарап елін, жерін сүйген шын қайсар әрі патриот азамат болағанын байқауға болады. Ол 1922 жылы Жуалы ауданы, қазіргі Ақтоған ауылында дүниеге келген. 1937 жылы Талапты ауылындағы мектепті бітіріп, сол жылдан «Куйбышев» ұжымшарында комсомол ұйымының хатшысы болып қызмет атқарған. 
1942 жылдың басында қазіргі Түркістан облысы, Сайрам аудандық әскери комиссариатынан Қызыл әскер қатарына шақырылып, аз ғана дайындықтан өтіп, артынша соғысқа жіберілген. Майданның алғы шебінде жүріп, жаудың алты сарбазын жойып, ДЗОТ-ын жарған. Жаудың он бір сарбазын тұтқынға алған. Қандай көзсіз ерлік десеңізші! Немістің бір солдатын «тілге» алып келудің өзі оңай емес. Қали 11 немісті аяқ-қолын матап, қолға түсірген. Жас жауынгердің ерлігі мұнымен де шектеліп қалған жоқ. Ол ұрыс алаңында қатты жауып тұрған миномет оқтарына қарамастан қажетті қару-жарақты дер кезінде тиісті жерге жеткізіп отырған. Осындай батыл қадамдары үшін №1 арнайы танкіге қарсы батальонның №6 жойғыш бригадасының есеп командирі болған. «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалына ұсынылған. Сонша оқ пен оттың ортасында жүріп, соғыс жылдарында ешқандай жарақат алмаған екен. 1943 жылдың 5 тамызында Украина КСР-нің Харьков облысы, Волшиски ауданында кезекті бір шабуыл кезінде ерлікпен қаза болыпты.  Аталған Волшиски ауданының Снежов селосына жерленген. Бұл деректердің барлығы әскери комиссариат арқылы анықталып, дәлелденген. Бар болғаны 21 жыл ғана ғұмыр кешкен Қали Сатаровтың ерлік жолы осындай.    
Майдан шебінде көзсіз ерлік жасаған Қали Сатаровтың жауынгерлік жолы онша айтылмай, ескерусіз қалып келеді. Бұл жөнінде Ильяс Сатаров ақсақал үнемі қозғау салып, ізденіп жүреді екен. Аудандық «Жаңа өмір» газетіне «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа – ұран» деген тақырыппен журналист Нұржан Манасұлының мақаласы шыққан екен. Ол жазбада да Қалидың ерліктері ескеріліп, Ақтөбе ауылынан ескерткіші орнатылса деген мәселе көтерілген. Аталған мақалада Ильяс Сатаров ақсақал: «Ұлы Отан соғысындағы есімдері әлі де ескерілмей жатқан азаматтар бар. «Қызыл жұлдыз» орденінің иегері, менің ағам Қали Сатарұлының ерлігі әлі де ескерусіз қалып келеді. Сол ой мені қатты толғандырады. Олар мынау жарық дүниеден ештеңе көріп үлгерген жоқ. Артында ұрпақ та қалмады. Менің ойым – ағам Қалидың аты өшпесе, ерлігі кейінгі жастарға үлгі болса екен деймін» деп көңілінде жүрген ойды айтқан екен. Ильяс Абылханұлы мұнымен де шектелмей, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа өтініш хат жолдаған. Ол хатта: «Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Жамбыл облысы, Жуалы ауданының өзім тұратын Ақтөбе ауылында Ақтөбе ауылдық клубы, Ақтөбе фельдшерлік-акушерлік пункті, Ақтөбе тірек мектебі, Ақтөбе ауылдық кітапханасы бар. ҚР Үкіметінің 1996 жылғы 5 наурыздағы №281 қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республикасының аумағындағы әуежайларға, порттарға, теміржол вокзалдарына, теміржол   с т а н с а л а р ы н а, метрополитен стансаларына, автовокзалдарға, авто-стансаларға, физикалық- геоаграфиялық және мемлекет менщігіндегі басқа да объектілерге атау беру, сондай-ақ, оларды қайта атау, олардың атауларын транскрипциялау мен өзгерту және мемлекеттік заңды тұлғаларға, мемлекет қатысатын заңды тұлғаларға жеке адамдардың есімін беру қағидаларының 2-тармағында «Объектілерге атау беру және оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атау-ларының транскрипциясына нақтылау мен өзгерту және мемлекеттік заңды тұлғаларға, мемлекет қатысатын заңды тұлғаларға жеке адамдардың есімдерін беру кезінде мынадай талаптар ескерілуі тиіс» деп 5 талап көрсетілген. Сол талаптардың 5-шісінде «Бір әкімшілік-аумақтық бірліктің шегіндегі елді мекендерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне бір атауды бір мәрте ғана беру керек» деп көрсетілген. Осы жоғарыда келтірілген заң талаптарын ескере отырып, өзім тұрып жатқан Ақтөбе ауылының атауын майдангер, «Қызыл жұлдыз» орленінің иегері Қали Сатаровтың есімімен атауға ықпал етіп, рұқсат беруіңізді сұраймын. Сізге жеке өзімнің атымнан және отбасымның атынан зор денсаулық, биік абырой, пайымды парасат тілеймін!» деп жазған. 

Ильяс ақсақалдың ұсынысын өз аузынан естіген Тараз қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы Сембек Сейдіәзімов:  «  21 жасында немістің 11 солдатын тұтқынға алу – нағыз ерлік. 21 жасында Отан қорғау жолында 6 фашисті жойып, өмірін қиған жігіт – нағыз батыр» деген еді.
Әрине, ел үшін өмірін қиған ерлердің есімі ұмытылмауы тиіс. Жоғарыдағы деректерде айтылғандай, Қали Сатарұлы – өмірі ерлікке толы, нағыз батыр. Отанын қорғау жолында жанын қиды. Мұндай азаматқа лайықты құрмет көрсету – көзі тірілердің парызы. Сондықтан, Ильяс Сатаров ақсақалдың ұсынысын, газеттегі ой-пікірін жауапты тұлғалар ескеріп, оң шешім қабылдайды деген сенімдеміз. Қали Сатаровтың ерлік істерін бүгінгі жас ұрпақтың біліп өсуі – жастарды патриоттыққа тәрбиелеуміз үшін қажет!

Есет ДОСАЛЫ,
журналист.




Обсудить
Блок в статье:
"Ана тілің-арың бұл" 20 сентябрь 2024, Пятница
БАТАМЕНЕН ЕЛ КӨГЕРЕР 19 сентябрь 2024, Четверг

Похожие материалы:

АДЫРНА
05 май 2021, Среда
АДЫРНА
Жүз жасаған жауынгер
09 март 2022, Среда
Жүз жасаған жауынгер
ДАҢҚ
30 май 2022, Понедельник
ДАҢҚ
Ұлы Жеңіске 77 жыл
05 май 2022, Четверг
Ұлы Жеңіске 77 жыл
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры