Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » Қоғам » Ақбөпені жырлаумен даңқы шыққан Сауытбек ақын

Ақбөпені жырлаумен даңқы шыққан Сауытбек ақын

11 июль 2025, Пятница
6
0
Суырыпсалма айтыскер, сыршыл лирик, суреткер эпик, төкпе ақын, бұлбұлдай сайраған әнші, сазгер Сауытбек Ұсаұлы – қазақ әдебиетінде өзіндік қайталанбас қолтаңбасы бар дара тұлға. Суретті, біртума сөз айшықтарына бай Сауытбек поэзиясы қай кезде болса да эстетикалық көркемдігімен, өміршең мәнділігімен, ел мүддесіне жақындығымен тартымды. Ол – XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында Шу өңірінде өмір сүрген өнерпаз, атақты сөз зергері.
"Қазақ совет энциклопедиясының" 10-томында Сауытбек 1870 жылы туған деп жазылған. 
Жерлестері, жыр сүйер қауым  1990 жылы Сауытбек Ұсаұлының туғанына 120 жыл толуын кеңінен атап өтті. Ақын есімі туған ауылына, мектепке, Шу қаласындағы мәдениет үйіне берілді.
Шежірелік жағынан ол үйсін – дулат – шымыр желісіндегі күнту – Мәмбет атасынан тарайды. Сауытбек өмірбаяны туралы мәліметтер ақынның өз шығармаларында әр жерде көрініс тауып отырады.
Оның арғы аталары елге белгілі ақын әрі діни сауатты, халқына қызмет еткендер болса керек. Оны Сауытбек пен Сыбанбек айтысындағы ақынның: «Істелік ата өнерін біреуміз-ақ», – деп өнерпаз әрі ақындығы елге таныла бастаған інісі Сыбанбекке ескертпесінен байқаймыз. Ақындық талант Сауытбектер тұқымында әріден бері үзілмей келе жатқан үрдіс болғандай. Ағасына қайтарған жауабында Сыбанбек бұл пікірді былайша орнықтыра түседі:
Түсінде үлкен атам алған өлең,
Өнерім одан бергі – сенен көрген.
Сондай-ақ, Сауытбектің Майса қызбен айтысында Майсаның Сауытбекке:
«Атаңыз дін иесі мықты дейді», — дейтін сөзі тағы бар.
Мұнда Майса Сауытбектің аталары елге белгілі дін адамдары болғанын айтады, демек Сауытбектің шыққан тегі бабаларынан бері ел құрметтеген әулет болса керек.
Сауытбек алты ағайынды екен: Зәуірбек, Күсебек, Сауытбек, Іңкәрбек, Төтелбек, Сыбанбек. Төтелбек – күйші, Сауытбек, Сыбанбек – ақын, қалғандары шаруа адамдары болған.
Сауытбектің ақындық қабілеті жастайынан-ақ танылады. Сол кездің өзінде-ақ өткір өлеңдері той-думандарда ел аузына ілігеді. Атағы ауылдан асып, аймаққа жайылады. Атадан кедей Сауытбек ел ішіндегі әлеуметтік теңсіздіктің қиянаттарын басынан көп кешіреді. Бұл ақынның жырларында тиісінше көрініс тауып отырған. Мысалы ақын өзінің інісі Сыбанбекпен айтысқан сөздерінде «Қор болдың Жеріндіктің отын жағып» деп, өздеріңің кедейшілігіне налиды.
Сауытбек 1890 жылы үлкен бір тойда Шонжар Байтанның Майса деген ақын қызымен айтысады. Жиырмадан жаңа асқан суырыпсалма ақын өзінің оралымды тілі, тапқыр ойымен Майсаны жеңеді. Майса ақынның кедейлігін бетіне баса берген соң, Сауытбек кедейлікке намыстанбайтынын, шын байлық – өнер екенін паш етеді:
Қамыс күрке өзіме
Сәмбеттің аппақ үйіндей,
Сауытбектің өнерін
Тыңдамас елі сүйінбей,
Басылмайды дауылым
Жүздеп кісі үйрілмей,
Таңғалады әніме
Бұлбұлдың сұлу үніндей.
Сауытбектің былайғы өмір жолы ақындық өнерімен тікелей байланысты болды. Сауытбек күнделікті тұрмыста да, арнайы ақыңдық сайыстарда да сөздерін өлеңмен өріп отырған. Мысалы, ол жан бауыры Сыбанбекпен де, жан сүйері Ақбөпемен де, жан жолдасы Әтібекпен де айтысады. Демек, Сауытбек халық ақындарына тән қасиет – өлеңмен сөйлесуге шебер болған. Жан сырын, жүрек зарын жеткізуде көбіне айтыс диалогын таңдаған.
Ақынның даңқын асырған – аймағына танымал ақын қыз Ақбөпе Өтелбайқызымен айтысы. Белгібай Бектұрғановтың тапсыруымен Қазақ Үлттық ғылым академиясының қолжазбалар (5:9201,1-5:9310,1;) қорында сақтаулы тұрған Сауытбек Ұсаұлының «Ақбөпе» дастаны мен үш өлеңі және «Сауытбек пен Ақбөпенің айтысы» сияқты құнды туындылар ақынның шығармашылығының сипаттарын айқындауда маңызды көз болып табылады. Қолжазбаға түсініктемеде Белгібай Бектұрғанұлы өзі жинап тапсырған Сауытбек мұраларының ақиқат дәйектілігі туралы мынадай мәліметтер жазады: «1927 жылы Сауытбектің үйінде 6 ай болған едім. Саукең Түлкібастағы біздің үйге де келіп қайтқан болатын. Сауытбек өзінің Ақбөпемен айтысын және Ақбөпеге шығарған өлеңін, әнін үйретіп, мен әнін жаттап, өлеңін жазып алған едім.  «Белгібай, сен елді аралап, жыр айтып көп жүресің. Ақбөпе екеуміздің айтысқан өлеңдерімізді ел арасында айтып жүр, артымызды мұра, із қалсын», – деп тапсырған болатын».
Сауытбек аманатын Б.Бектұрғанов адал орындап шығады. Ол өмір бойы Сауытбек жырларын, әндерін насихаттап айтып өткен, Сауытбектің өз аузынан жазып алған нұсқаларды әдебиет және өнер институтына өткізген.
Жазушы, журналист Қарауылбек Қазиев «Сауытбек пен Ақбөпе» айтысын ақын Белгібай Бектұрғановтың аузынан 1980 жылдары жазып алып, оны «Еңбек туы», «Шу өңірі» газеттеріне жариялатқан. Қ.Қазиевтің бастырған «Сауытбек пен Ақбөпе айтысының» нұсқасы кейін де өзге айтушылардан жазылып жарыққа шыққан нұсқалардан айырмасы аз. Ал Белгібай қолжазбасында айтыс мәтіні толық және тиісті түсініктемелермен, қосымша өлеңдермен байытылып отырылады.
Айтыс 1895 жылы Шу жағасын жайлаған аз ауыл қыпшақ елінде өтеді. Сырттай бір-бірінің атына қанық, кездесуге ынтызар болып жүрген қыз бен жігіт айтысы ғашықтық серт байласумен аяқталады. Екі ақын айтыса келе, өзара түсінісіп, қорытысында бір-бірін жығып жеңуді мақсат етпей, келісім жасайды. Сөйтіп жарық дүниеге махаббат туады. Бұл – осы айтыстың өзіндік бір ерекшелігі, оның өзге ақындар айтысына ұқсамайтын шешілуі.
Сауытбек ендігі жерде Ақбөпені алып қашу қамына кіріседі. Ақбөпенің құда түсіп қойған жері бар, оны бұзып алуға жеткілікті дүниесі-малы жоқ, ақынға қол ұшын берер ағайын табылмайды, бай-билер теріс айналады. Осындай жол таппай жүргенде, Ақбөпе айттырылған жеріне ұзатылады. Соңынан қуып жеткенмен, қызды құтқара алмайды. Сауытбек сол күйікпен сол жерде атақты «Ақбөпе» әнін шығарып, әлемге бақытсыз махаббатын жария етеді.
Ән артынан ақын «Ақбөпе» дастанын тудырады. Сауытбектің Ақбөпемен айтысы, «Ақбепе» өлеңі мен «Ақбөпе» әні, «Ақбөпе» дастаны ортақ бір тақырыпта бір автор тарапынан тууы қазақ әдебиет тарихында бұрын-соңды болмаған өзгеше циклдық құбылыс болып табылады.
Балтабай Адамбаев Сауытбектің «Ақбөпе» дастанына үңіліп, жылы лебізін жазады: «...Сауытбек творчествосының биік шыңы – осы «Ақбөпе» дастаны» деп түйді зерттеуші. 
Сауытбек ақын өз заманының қиянаттарын өлеңмен түйреуден ешқашан тайсалмаған. Өзін сынаған, мінеген ақынды қай бай жақсы көрген. Олар мүмкіндігінше Сауытбектің тағдыр тәлкегіне көбірек ұрынуын қалаған. Сауытбектің Садыр биге:
Ассалаумағалейкүм, Садыр жезде,
Ашаны билеп тұрсыз осы кезде.
Жаяулап тойға келдік алты кедей, 
Арызды кім тыңдайды сенен өзге, – деуі осындай себептерден туған деуге негіз бар. «Ақбөпе» дастанында бұл жай ашыла түседі:
Қаңғып қалдым далада қолым жетпей,
Ашадағы жақсыға сөзім өтпей.
Құрттың ба шаруаның қысқалығы,
Жаз айында киемін қыстағыны.
Өткен күзде бір қырға шығармақ ем,
Боп кетті болыс-бидің іштарлығы.
Болысыма беретін атым да жоқ,
Биекеме өтетін парқым да жоқ.
Бір атаның баласы бәрі кедей,
Атсалысар ауқатты жақын да жоқ.
Сауытбек өнерді өміріне мұрат тұтқанын Майса қызбен айтысында:
«Әнім зор, өлеңім мол, өнерім көп, 
Зор байлық – өлең сауық, тамашамыз» деп айтқанынан аңғаруға болады.

Сейсекүл ИСМАТОВА, 
профессор, филология ғылымдарының кандидаты, Жуалы ауданының
Құрметті азаматы

(Басы. Жалғасы газетіміздің
алдағы нөмірлерінде)  
Обсудить
Блок в статье:
Арды ойлаған азамат 11 июль 2025, Пятница
Бағы жанған азамат 11 июль 2025, Пятница
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры