Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » Қоғам » Құланнан ұшқан қыран

Құланнан ұшқан қыран

30 июнь 2025, Понедельник
7
0

Жақында Құлан ауылында осыдан отыз бір жыл бұрын Таулы Қарабақта ерлікпен қаза тапқан жерлесіміз Ербол Төреханұлы Бәрімбековты еске алуға арналған тағылымды іс-шара болып өтті. Шараны өткізуге Жамбыл облысы бойынша Таулы Қарабақтағы этносаралық қарулы қақтығыстарды реттеуге қатысқан ардагерлердің қоғамдық бірлестігі мен Тұрар Рысқұлов аудандық әкімдігі ұйытқы болды. Еске алу жиынына әскери борышын өтеп жүрген сарбаздар, колледж, мектеп түлектері, еліміздің түкпір-түкпірінен келген Қарабақ, Ауғанстан, Тәжікстандағы әскери қимылдарға қатысқан ардагерлер қатысты.
Омыраулары ордендермен және медальдармен жарқыраған әскери киім киген Таулы Қарабақ ардагерлері Ұлы Отан соғысында қаза тапқандар монументіне гүл шоқтарын қойды. Одан соң Мельс Өзбеков атындағы аудандық Мәдениет үйіндегі «Рухани жаңғыру» бөлмесінде «дөңгелек стол» басында ардагерлер мен зиялы қауым өкілдері бас қосып, келелі сұхбат құрды. Осы басқосуға Таулы Қарабақ соғысының батыры Ербол Бәрімбеков туралы жазылған «Ербол – шаһид Карабаха» атты кітаптың авторы, жазушы-публицист, белгілі қоғам қайраткері, Қазақстан мен Әзірбайжан Жазушылар Одағының мүшесі, Әзірбайжан Ғылым Академиясының академигі Насиха Ғұмарқызы жиналғандар алдында «Құланнан шыққан қыран» тақырыбында тағылымы зор ой-тұжырымымен бөлісті. 
Одан соң аудандық мәслихат төрағасы Ербол Әбутәліпов Жаңатұрмыс ауылында дүниеге келіп, Қорағаты орта мектебінде оқыған жерлесіміз Е.Т. Бәрімбековтің қысқа да болса қаһармандық өмірі жайлы тебірене әңгімелеп өтті.
Иә, Әзірбайжан халқы «Отан соғысы» деп атаған осы этносаралық қарулы қақтығыста менің бауырым (осы жолдардың авторы С.Қожеке) Ербол 19 жасында взвод басқарып, 1994 жылдың 20-21 сәуіріне қараған түні қасындағы тоғыз сарбазымен бірге опат болды. Ербол бауырымның әкесі Төрехан менен екі жас үлкен еді. Жаңатұрмыс ауылында комсомол ұйымының хатшысы едім. Ағамды өзім үйлендірдім. Ербол осы ауылда дүние есігін ашты. Ол өте өжет, алғыр, қатарларынан оқ бойы озық жүретін. Осынау ұланымыз ержетіп әскер қатарына алынып, Қапшағайдағы десантшылар батальонында қызмет етіп жүргенде ата-анасы, бауырлары одан бір-ақ күнде көз жазып қалды. Сөйтсек жалындап тұрған жас қыран Таулы Карабақ жерінен бір-ақ шығыпты. 
Біз оның дерегін арада 28 жыл өткенде бірақ білдік. Әке де, шеше де ұлын жоқтап, қайғы жұтып, өмірден озды. Ерболдың артында Нұрбол мен Ержан атты екі бауыры қалды.  Бірде Қорағаты орта мектебінде мүғалім болып жүрген Нұрбол бауырыма Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі мен Әзірбайжандағы біздің елдің елшілігінен хат келеді. Хат Нұрболдың атына жазылыпты. Онда: «Сіздің бауырыңыз Ербол Төреханұлы Бәрімбеков 1993 жылы 13 ақпанда Әзірбайжан Республикасы Қарулы Күштерінің қатарына №776-шы диверсиялық барлаушылар батальонына взвод командирі болып қабылданды. Ол әскери қақтығыстарға қатысып, 1994 жылдың 20-нан 21 сәуірге қараған түні майдан даласында ерлікпен қаза тапты. Оның мәйіті Бакудегі шаһидтер аллеясына жерленді. Ербол Бәрімбековты Қазақстан мен Әзірбайжан елінің қаһарман ұлы деп білеміз» деп жазылыпты хатта. 
Аудандық мәдениет үйінің қызметшілері еске алу шарасының мазмұнын көркемдеп, оны ерекше бір тағылымды шараға айналдырып өткізді. «Елге оралу», «Өмір-ай», «Жаса қазағым», «Өз елім», «Қазақтың баласы» әндерінің өн бойынан туған жерге, елге деген махаббат пен сағыныш сазы есіп тұрды. Әншілер Рысбек Кәдірқұлов пен Айкен Асанның, Жансая Сәрсенбаева мен Айшолпан Әлиеваның орындауындағы әндер көрермен қауымға ерекше әсер етті.
Мен де толқымай, тебіренбей тұра  алмадым. Біз елде жүріп Ербол бауырымызды отыз жыл бойы із-түзсіз кеткенін жоқтап жүргенде Насиха Ғұмарқызы Қашқандарияның арғы жағындағы Қап тауындағы Ербол шейіт болған Шушаға барып бауырымыз Ерболды өз қолымен, өз үйінен шығарып, арулап жер қойнына тапсырған Женя апайдың (шын ныспы Евгения) үйінде болып, барлық болған мән-жайға қанығыпты. Ол туралы өзінің кітабында тәптіштеп жазған екен. Иә, Насиха қарындасымыздың расында Ерболды іздестірудегі сіңірген еңбегі ерен. Кездесу кешінде маған сөз бергенде мен Насиха Ғұмарқызына арнап арнау өлеңімді оқыдым. 
Осы басқосуда «Ардагердің Анасы» деген медаль Қыздаркүл Бидайшиеваға, «Ана жүрегі» төс белгісі Рыскүл Есіркепқызына тапсырылды. Ал, «Алтын ханым» төсбелгісі салтанатты жағдайда Насиха Ғұмарқызына берілді. Айту ләзім, осы іс-шараны ұйымдастыруға көп еңбек сіңірген  қоғамдық бірлестіктің облыстағы төрағасы Дәурен Тұрғанәліұлы Ізтілеуов екені даусыз. Оның өзі орындаған «Қасіретті Қарабақ» әні де өте сәтті шыққан. Оны осы шарада карабақтық ардагерлер өздерінің төл әнұраны ретінде хормен орындады. 
Кездесуде әзірбайжан диаспорасының өкілдері Хасан Муслимұлы Хасенов, Таджир Максим оглы Абдуллаев, Жамбыл облыстық әзірбайжан этно-мәдени орталығы төрағасының орынбасарлары Гульханым Насырулла-қызы Мұхамеджанова мен Эльмира Мамедқызы Асланова, тағы басқалар сөз алып Ербол Төреханұлының рухы ешқашан өлмейтінін, оның есімі ұрпақтан ұрпаққа қала беретініне сенім білдірді. 
Басқосуда Қарабақ ардагерлері мен кешті ұйымдастырушыларға аудандық мәслихаттың Алғыс хаттары тапсырылды. Кеш аяқталған соң оған қатысушылар сол тобымен барып аудандық мұражай бұрышынан қаһарман Ербол Төреханұлына арнап ашылған естелік бұрыштың лентасын қиып, естелік суретке түсті.
Сол күні шараға қатысушы меймандар Қорағаты елді мекенінде болып, Ерболдың және оның анасы мен әкесінің рухына бағыштап ауыл мешітінде құран оқып, әруаққа арналған астан дәм татты.

Сейсен ҚОЖЕКЕ, 
ардагер журналист

Тұрар Рысқұлов ауданы

Обсудить
Блок в статье:
Құланнан ұшқан қыран 30 июнь 2025, Понедельник
сын қайда, шын қайда? 30 июнь 2025, Понедельник

Похожие материалы:

Тағзым
01 август 2024, Четверг
Тағзым
Тағзым
29 август 2024, Четверг
Тағзым
ЕРЕЖЕПТІ ЕСКЕ АЛДЫ
28 декабрь 2024, Суббота
ЕРЕЖЕПТІ ЕСКЕ АЛДЫ
Игі бастамалар жемісі
28 февраль 2025, Пятница
Игі бастамалар жемісі
Бала тәрбиесіндегі әкенің рөлі
07 февраль 2025, Пятница
Бала тәрбиесіндегі әкенің рөлі
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры