Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » Қоғам » Табиғаттың көркі мені суретшілікке алып келді

Табиғаттың көркі мені суретшілікке алып келді

30 сентябрь 2026, Среда
38
0
Қойшыбай Төремұратов суретші-мүсінші, республикалық көрмелердің қатысушысы, ақын. Жуалы аудандық  «Жуалы» халық театрының қоюшы-суретшісі. Ол 1963 жылы 9 қаңтарда Қарақалпақстан Республикасы, Шоманай ауданына қарасты Орынбасар Көккөзов ауылында дүниеге келген.  1980 жылы орта мектепті бітіріп, бейнелеу өнері бойынша Хожелі педагогикалық оқу орнына оқуға түскен. Әскер қатарынан оралған соң, оқуын қайта жалғастырып, 1986 жылы еңбек жолын өзі оқыған мектепте бастап, 18 жыл бойы сызу және бейнелеу өнері сабағынан дәріс береді. Шәкірттеріне білім бере жүріп, өнер сайыстарына қатысып, бірнеше марапаттарға ие болған. 1996 жылы Өзбекстан Республикасы Халыққа білім беру ісінің үздігі  төсбелгісін алған Қойшыбай Төремұратов ұстаздық ете жүріп, сурет салу өнерін шыңдай түсті. «Арал тағдыры», «Ана», «Әке», «Әже», «Ауылым», «Ымырт», «Таң» және тағы басқа шығармалары орталық көрме залынан орын алған. 
 2000 жылдан  Өзбекстан Суретшілер одағына мүше болған ол 2004 жылы тарихи отаны Қазақстанға көш түзейді. Тараз қаласындағы №16 мектепте бейнелеу өнерінен дәріс бере жүріп, қаладағы қазақ-түрік университетін бейнелеу өнері мамандығы бойынша тәмәмдайды. 
2005 жылы Жуалы ауданы, Бауыржан Момышұлы ауылына қоныс аударған ол «Жуалы» халық театрында қоюшы-суретші болып бүгінгі  күнге дейін еңбек етіп келеді. Театрда әртістердің қолданатын заттарын жасайды, эскиздер сызады, өз туындыларымен бірнеше байқауларға қатысып, жүлделі орындарды иеленген. Мүсіншілік өнері де бар Қойшыбайдың жасаған дүниелері аудандағы саябақтар мен балабақшалардың көркіне көрік қосып тұр. Бірнеше кітаптарға иллюстрациялық суреттер салған, сонымен бірге әртүрлі тақырыптарда қалам тербеп, аудандық, облыстық газеттерде өлеңдері жарияланып  келеді. 
2012 жылы «Өмір – ұстаз» деген атпен өлеңдер жинағы баспадан шыққан. 2017 жылдың қыркүйек айында «Жер жәннаты – Жуалы» атты әкелі-балалы суретшілердің көрмесі болып өтті. 2020 жылы өнер мен мәдениетті дамытуға қосқан еңбегіне орай «Өнерге қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталған. Тілшіміз өнер иесімен сұхбатта өнерпаздың сан қырлы өнерін тануға тырысты. 

Тілші: –  Қойшыбай аға, сурет салуға қызығушылық қай кезден басталды?
Қойшыбай Төремұратов: – Менің сурет салуға қызығушылығым 4-5 сыныпта оқып жүргенде басталды. Алыстағы шағын ауылда арнайы маман оқытушылар жоқ. Сурет сабағынан басқа пәннің мұғалімдері сабақ береді,  бірде ұстазымыз  натюрмортты көрсетіп, соны салып келуге үйге тапсырма береді. Бірде бізге кәдімгі жәшіктің суретін салып келуді тапсырды. Менің есте сақтау қабілетім күшті, жәшіктің суретін бір көргеннен қара қаламмен салып бардым. Сонда мұғалім мені мақтап, бес қойып бергені бар. Баланы кішкентай кезінде қолдап, көтермелеудің де оның  келешегіне зор әсері бар. Сол кезден бастап менде сурет салуға қызығушылық арта түсті. Мектептің қабырға газеті шығып тұратын , соған сурет салғызатын болды, кешігіп келетін, насыбай, темекі шегетін, тәртібі нашар, оқу үлгерімі төмен оқушылардың суреттерін салатын болдым. 
Негізі біздің арғы ата-бабаларымыз теріден пішіп тон тіккен, етік тіккен, ер жасаған шеберлер болған. Әкем ағаш ұстасы болды, үй жиһаздарын жасайтын, үйлердің еденін төсейтін. Мектепте жүргенде бір мұғалім маған пышақ жасап бер деген. Сонда мен әкеме өтініш жасадым. Әкемнің айтуымен пышақты өзім жасап шықтым. Өте әдемі болып шықты. Ол да маған әсер етті. Ал әжем киіз басатын, жүн бояйтын, оны түтеді, иіреді, келі түйеді, шаршау дегенді білмейтін. Сонда мен сызған суреттерімді түгел жайып қоямын, әжем қарап отырып мақтайды. Соның әсері бар, ата-бабалардан бойға сіңген қасиет бар, айналадағы табиғаттың керемет көркі мені осы суретшілікке алып келді. 
Тілші: – Сіздің кәсіби суретшілікке аяқ басқан  өлкеңіз Қарақалпақстан ғой, туған ауылыңыз жайлы айта кетсеңіз.
Қойшыбай Төремұратов: – Менің туып өскен жерім Өзбекстанға қарасты Қарақалпақстан Республикасы, Шоманай ауданының Көккөзов ауылында туғанмын. Ауылдың бұрынғы аты Гагарин еді, соңғы кезде сол ауылда басшы болған, бүкіл Қарақалпақстанға белгілі Орынбасар Көккөзов ағамыздың есімі берілді. Өзіміз де, балаларымыз да өз ана тілімізде білім алдық. Бала кезде мақта тергенбіз, қамыс бар, пішен бар, қой бағуға шығамыз, өзен бойында отырып балшықтан мүсіндер жасаймыз, осының бәрі маған өнер жолында үлкен сабақ болды. 
Тілші: – Суреттеріңіздің ішінде бірден көзге оттай басылатыны сөз жоқ батыр Баукең мен Шер ағаның суреттері екендігіне дау жоқ. Бұл тапсырыс па әлде өз идеяңыз ба?
Қойшыбай Төремұратов: – Жуалының табиғаты керемет қой. Алғаш көшіп келген кезде  таңертең ерте ауылдан ұзап шығып, табиғатты тамашалайтынмын. Бірде тауға қарап тұрсам, тау шоқысындағы бұлттар толқып жатқандай көрінді. Жуалы дегенде ең алдымен Бауыржан атамыз, Шерхан ағамыз еске түсетіні ақиқат, сол тау шоқыларынан Баукеңнің күш-қайратының, Шерағаның шабытының толқып, тасып жатқанын көргендей болдым. Тауға қарап тұрып «тау тұлғалар, тау тұлғалар» дей беріппін. Содан үйге келе сала таудың екі шоқысын қағазға түсірдім, осылайша «Тау тұлғалар» атты сурет өмірге келді. Өзім де осы суретті көргенде рухтанып кетемін.
Тілші: – Мүсіншілік те сіздің бір қырыңыз. Сол өнеріңіз туралы да айта отырсаңыз.
Қойшыбай Төремұратов: – Мүсін саласында да біраз еңбектендім. Осындағы бірнеше мекемелердің, балабақшалардың аулаларында менің қолымнан өрілген  ірілі-ұсақты біраз мүсіндер бар. Ерекше атап өтерім, ауылға кіреберістегі түйенің мүсіні. Оны жергілікті жұрт «Дала кемесі» деп атайды. Себебі биік төбенің басына орнатылған шөккен түйенің мүсінін жан-жағынан су қоршап тұр. Сонда сырт көзге бір қараған адамға бұл жер кішігірім арал сияқты да, шөккен түйе алып кеме сияқты әсер береді. Онда балаларым – Бауыржан мен Пердеғалидың да қолтаңбасы бар. Оның  биіктігі 5 метр, ұзынды 10 метр, ауданның кіре берісіне әдемі көрік беріп тұр. 
Тілші: – Осы өнерді кейінгі жастарға үйрету жағы қалай?
Қойшыбай Төремұратов: – Өз балам Бауыржан да сурет салады, Пердеғали шеге қағып, соны жіппен торлап сурет салады, Қуантай дін жолында еңбек етіп жатыр, Сәбира, Жазира атты қыздарым да өмірде өз жолдарын тапқан. Ал үйірмелерде, жұмыста сурет салуға, мүсін жасауға қызығушылық танытып жүрген жастар баршылық.
Тілші: – Сіздің ақындық қабілетіңіздің бар екенінен, жинағыңыз шыққанынан хабардармыз. 
Қойшыбай Төремұратов: – Иә, қазақ  тумысынан ақынжанды халық қой, менде де  өлеңге құмар болып өстім. Өмірде көрген-түйгендерімді, көңіл толқыныстарын шама-шарқымша жазып жүремін. Мына өмірде бір адамдай бақытты ғұмыр кешіп келемін. Жаратқанға шексіз ризамын.
Тілші: – Әсерлі әрі қызықты әңгімелеріңіз үшін сізге мың алғыс!

 Сұхбаттасқан:
Маркс Дүзелбай,
«ҒҰМЫР-ДАРИЯ» 

Обсудить
Блок в статье:
Ұстаз. Қайраткер. Шежіреші 30 сентябрь 2026, Среда
Ұстаз. Қайраткер. Шежіреші 30 сентябрь 2026, Среда

Похожие материалы:

ЕР ТҰЛҒАСЫ ЕҢБЕГІМЕН ТАНЫЛАР
11 апрель 2025, Пятница
ЕР ТҰЛҒАСЫ ЕҢБЕГІМЕН ТАНЫЛАР
ҰСТАЗ ЕСІМІ ҰЛЫҚТАЛДЫ
13 декабрь 2024, Пятница
ҰСТАЗ ЕСІМІ ҰЛЫҚТАЛДЫ
ЕҢБЕГІМЕН ӨМІРДІ АЖАРЛАНДЫРҒАН
28 февраль 2025, Пятница
ЕҢБЕГІМЕН ӨМІРДІ АЖАРЛАНДЫРҒАН
МАЙТАЛМАН
08 июнь 2026, Понедельник
МАЙТАЛМАН
МАЙТАЛМАН
08 июнь 2026, Понедельник
МАЙТАЛМАН
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры