Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » Қоғам » Жақсылық жасаудан жалықпайық

Жақсылық жасаудан жалықпайық

30 сентябрь 2026, Среда
28
0
Адам баласының бұл дүниедегі әрбір ісі, әрбір сөзі мен ниеті елеусіз қалмайды. Жақсылықтың да, жамандықтың да өз қайтарымы болады. Сондықтан мұсылман баласы қандай жағдайда да ізгілік жасауға, біреуге қолынан келгенше жәрдемдесуге, ешкімге қиянат жасамауға ұмтылуы керек.
Алла Тағала Құран Кәрімнің «Зілзала» сүресінің 7-8-аяттарында: «Кім тозаңның түйіріндей жақсылық істеген болса, оны көреді. Ал кім тозаңның түйіріндей жамандық істесе, оны да көреді» деп ескертеді.
Бұл – адам баласына берілген үлкен ғибрат. Біз кейде жасаған кішкентай жақсылығымызды елемей, «Одан не өзгереді?» деп ойлайтынымыз бар. Алайда Алланың алдында ешбір жақсылық елеусіз қалмайды. Біреуге жылы сөз айту, қиналған жанға қол ұшын беру, мұқтаж адамға көмек көрсету, үлкенге құрмет, кішіге ізет таныту – мұның бәрі сауапты амал.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) да: «Адамдардың жақсысы – адамдарға пайдасын тигізеді» деген. Демек, жақсы мұсылман болудың бір белгісі – айналасына пайдасын тигізу, елге қызмет ету, жақсылықтан қашпау.
Қиянаттың қайтарымы бар

Қазақ халқында «Не ексең, соны орасың» деген тағылымды сөз бар. Бұл сөздің астарында үлкен өмірлік ақиқат жатыр.
Ертеде бір байдың малы көп болыпты. Әсіресе қойының саны өте мол екен. Байдың қойын бағатын, ешкімге қиянаты жоқ адал малшысы болыпты. Шопан күн сайын қойларды сауып, сүтін байға жеткізеді екен.
Бірақ бай сүттің мөлшерін көбейту үшін оған су қосып, базарға өткізіп, пайдасын молайтуды әдетке айналдырады. Бір күні малшысы қожайынына:
– Ей, қожам, сүтке су қосып сату – мұсылмандыққа қиянат. Алла Тағала сізге жеткілікті дәулет берген. Сүтті таза күйінде сатсаңыз да ұтылмас едіңіз. Адалдықты сақтаңыз, – деп ақыл айтады.
Алайда дүниеқоңыздыққа бой алдырған бай шопанының сөзін тыңдамайды. Пайдасын көбейтуді ойлап, сүтке су қосуды жалғастыра береді.
Бір күні шопан қойларды бір жерге иіріп, өзі төбенің басында демалып жатып ұйықтап қалады. Кенеттен нөсер жауын жауып, қатты сел жүреді. Сел қойлардың бәрін ағызып алып кетеді.
Бай шопаннан:
– Сүт қайда? – деп сұрайды.
Сонда шопан:
– Ей, қожам, кезінде мен сізге айтқан ақылды тыңдамадыңыз. Сүтке қосқан сулардың бәрі жиналып, сел болып келіп, қойларыңызды ағызып алып кетті, – деген екен.
Әрине, бұл – ел ішінде айтылып келе жатқан тағылымды әңгіме. Оның астарында үлкен мән бар. Адам біреуге жасаған қиянатынан құтылып кете алмайды. Біреудің ақысын жеу, алдау, өтірік айту, аманатқа қиянат жасау – түбі  адамның өзіне қайтып келетінін ұмытпауымыз керек.

Жамандық өз иесін табады

Тағы бір ғибратты әңгімені мысал етейік.
Бір пенде ел аралап, қайыр сұрап жүреді екен. Бір күні бір үйге келіп, қайыр сұрайды. Үйдің шайпау әйелі қайыршылардан шаршағанын айтып, одан тезірек құтылуды ойлайды. Жауып қойған нанының біріне у қосып, қайыршыға екі шелпек береді.
Қайыршы әлгі үйден шығып бара жатып, нанды ойнап жүрген балаларға беріп, үлестіреді. Қайыршы қолындағы нанын балаларға бөліп береді. Арада көп уақыт өтпей, сол нанды жеген екі бала қайтыс болады. Сөйтсе, олар әлгі әйелдің өз балалары екен.
Бұл да – адам баласын ойландыруға арналған тағылымды әңгіме. Біреуге қиянат ойлаған адам оның зардабын өзі тартуы мүмкін. Сондықтан мұсылман баласы біреуге жамандық тілеуден, қиянат жасаудан аулақ болуы тиіс.

Жақсылық – жүрекке қуат

Адам біреуді қуантса, оның қуанышы өз жүрегіне де жылу береді. Біреуге көмектесіп, мұқтаж жанның алғысын алсаңыз, өзіңіз де рухани ләззат сезінесіз.
Керісінше, біреудің көңілін қалдырып, жүрегіне қаяу түсіріп, қайғыға душар ету де адамға оңай тимейді. Жамандықтың салмағы адамның өз жүрегін де ауырлатады.
Сондықтан әрқайсымыз өзімізге: «Мен бүгін кімге жақсылық жасадым? Кімге пайдам тиді?» деген сұрақ қойып отырғанымыз жөн.
Ауданымызда тұрмысы төмен, әлеуметтік жағдайы қиын отбасылар бар. Оларға мешіт тарапынан қолдан келгенше көмек көрсетіліп келеді. Бұл – сауапты істің бір көрінісі. Қолынан келген адам мұқтаж жанға қолдау көрсетсе, жетім-жесірге қарайласса, қиналған отбасына жәрдем берсе – бұл да үлкен жақсылық.
Кейде үлкен көмек көрсетуге шамамыз жетпеуі мүмкін. Бірақ жақсы сөз айтуға, біреуге жол көрсетуге, қарт кісіге қолғабыс етуге, науқастың көңілін сұрауға әр адамның мүмкіндігі бар.
Жақсылықтың үлкен-кішісі болмайды. Ең бастысы – ниеттің түзу болуы.

Адалдық – азаматтық  айнасы

Қазақ халқы ежелден адалдықты биік қойған. Ата-бабамыз «Адалдық жүрген жерде адамдық жүреді» деп бекер айтпаған.
Халқымыздың ардақты ұлы, қаһарман қолбасшы Бауыржан Момышұлының да адалдық туралы айтқан тағылымды сөздері бар. «Адалдықтың адымы алты құлаш. Арамдықтың адамы бір-ақ уыс. Адал болмай азаматпын демегін» деген қанатты сөзі адамды ойландырмай қоймайды.
Шын мәнінде, адамның абыройын байлығы емес, адалдығы көтереді. Дүниеге қызығып, ар-ұятты жоғалтқаннан адам ешқашан ұтпайды. Ал адал еңбек етіп, маңдай терімен нан тапқан адамның берекесі болады.
Жақсы сөз де – жақсылық. Өйткені жақсы сөз адамның көңілін көтереді, үміт береді, жігерлендіреді. Халқымыз «Жақсы сөз – жарым ырыс» деп бекер айтпаған.

Жақсылықтан шаршамайық!

Бұл дүние – өткінші. Адамның ғұмыры да қысқа. Сондықтан осы аз күндік шолақ өмірді босқа өткізбей, Алла Тағалаға шын ықыласпен құлшылық етіп, намазымызды оқып, жақсы амал жасауға тырысайық.
Мұқтажға қарайласайық, әлсізге қолдау көрсетейік, қартты құрметтейік, балаға мейірім танытайық. Біреудің көңілін қалдырмай, ешкімнің ақысын жемей, аманатқа адал болайық.
Біз жасаған әрбір жақсылықты Алла Тағала көреді. Бәлкім, бүгін бір адамға берген аз ғана көмегіміз ертең өзімізге үлкен жақсылық болып қайтар. Бәлкім, бір ауыз жылы сөзіміз бір адамның өмірге деген үмітін қайта оятар.
Сондықтан жақсылық жасаудан ешқашан жалықпайық. Біреуге қиянат жасауды өзімізге қиянат жасағандай түсінейік. Адалдықты серік етіп, ізгілікті өміріміздің өзегіне айналдырайық.

Сейітқазы-қажы Медетбекұлы,
«Жуалы» мешітінің бас имамы.
Жуалы ауданының Құрметті азаматы.
Обсудить
Блок в статье:
Ұстаз. Қайраткер. Шежіреші 30 сентябрь 2026, Среда
Ұстаз. Қайраткер. Шежіреші 30 сентябрь 2026, Среда

Похожие материалы:

ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАУАПСЫЗ ҚАЛМАЙДЫ
15 апрель 2024, Понедельник
ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАУАПСЫЗ ҚАЛМАЙДЫ
ОТАНДЫ СҮЮ – ИМАННАН
26 январь 2023, Четверг
ОТАНДЫ СҮЮ – ИМАННАН
АДАМГЕРШІЛІККЕ БАСТАЙТЫН БЕС САУАП
30 сентябрь 2024, Понедельник
АДАМГЕРШІЛІККЕ БАСТАЙТЫН БЕС САУАП
Мейірімділік – асыл қасиет
08 апрель 2026, Среда
Мейірімділік – асыл қасиет
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры