КІСІНІҢ АРТЫНДА ІСІ ҚАЛАДЫ, ІЗІ ҚАЛАДЫ
Заманымыздың асыл тұлғаларының бірі, қазақтың кемеңгер азаматы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев «Адамгершіліктен басқаның бәрі – баянсыз!» деп өмірде де, қызметте де қарапайым ғұмыр кешкен екен.
Осы асыл азаматымыздай мейлінше адал, барынша таза, аса қарапайым, үлкенге ізетпен, кішіге құрметпен қарайтын көпшіл, қайырымды да мейірімді билік басында отырған жандар қазір де бар шығар. Бірақ, олардың қатары уақыт өткен сайын тым селдіреп бара жатқаны өкінішті...
Адам ар алдында жауап беруі тиіс. Арың таза, еңбегің адал болғанда ғана қоғам алдында беделдісің, елге құрметтісің, жүрген ортаңда сыйлысың. Басқаның барлығы жалған жасандылық, көзбояушылық, екіжүзділік, опасыздық.
Билік басында отырып, ел алдында жоғары идеялар мен патриоттық сөздерді судай сапырып, ал, айнала бере биік қызметін бас пайдасына шешіп жататын қуыскеуделер, қомағай-қорқаулар, дүниеқоңыз жемқорлар туралы жағымсыз мәліметтерді естігенде жағаңызды ұстап, еріксіз түңілесіз. «Осыларға не жетпейді?!» деп жүрегіңіз мұздап, қан қысымыңыз көтеріліп, мазаңыз кетеді.
Дүние ешкімге жолдас емес. Кім болмасын ерте ме, кеш пе мына жарық дүниеден өтеді. Жер бетінде азаматтың атқарған жақсы, ізгілікті, жарқын ісі қалады. Ендеше, бұл күндері адамдарға неге дүние тым жақын болып, бәз біреулер оның жетегіне еріп, тіпті, оның құлына айналып бара жатқаны несі? Олардың лауазым – уақытша, адамгершілік – мәңгілік екенін естен шығарғанын қалай түсінеміз?
Осындай ой үстінде отырған сәтте, сонау ертеде - артта қалған балалық шағымда кәріқұлақ қариялардан естіген бір аңыз әңгіме есіме түсті.
Байлығымен аты шыққан, парасатты, абыройлы бір кісі жасы келіп дүниеден өткелі жатқанын сезіп, алдына жалғыз баласын шақырып, мынадай ақырғы сөзін айтыпты:
— Балам, өмір бар жерде өлім бар. Біз – бұл дүниенің қонағымыз. Мына жарық дүниеге өкпем жоқ. Бір кісідей-ақ шалқып өмір сүрдім, көрдім, білдім. Артымда – өмірімнің жалғасы өзің барсың. Оған тәуба! Саған екі хат-аманат жазып қойдым. Біріншісін менің денемнен жан кеткенде ашып оқырсың. Ал, екіншісін - жерлеп келгеннен кейін.
— Әкежан, қандай аманатыңыз болса да орындаймын. Тек о дүниеге асықпаңызшы, әлі жүре тұрыңызшы, - деп көз жасы мөлт-мөлт еткен баласы әкесін өлімге қимай, құшақтай беріпті.
— Оның барлығы Тәңірдің қолында, балам. Талқанымыз таусылған күні кім болмайық дүниемен қоштасып жүре береміз. Ол - өмір заңы. Өлімнен ешбір тірі пенде құтыла алмайды. Алланың бергеніне қанағат еткен жөн...
Содан, көп ұзамай әлгі кісі көз жұмады. Баласы ағыл-тегіл жылап отырып әкесінің бірінші хатын ашыпты. Онда: «Балам, менің төсегімнің астында ескі тесік шұлығым жатыр. Соны аяғыма кигізіп жерлеуіңді өтінемін», - деген жазулар бар екен. Әкесінің аманатын орындау үшін баласы әлгі тесік шұлықты аяғына кигізбек болады. Бірақ, жаназасын шығаратын молда «шариғатқа бұл дұрыс емес, болмайды» деп қарсылық жасап, көнбейді. Содан, қариялар біраз өзара кеңесіп, бірнеше молдамен ақылдаса келе «қайтқан адамда кебіннен басқа ештеңе болмауы керек» деген шешімге тоқтайды. Сөйтіп, марқұмды ақ жуып, арулап жаназасын шығарып, шұлықсыз жерлейді.
Әкесін жерлеп келгеннен кейін баласы: «Екінші хатында не жазды екен?», - деп әкесінің екінші хатын ашады. Ол хатта: «Балам, көріп-білдің бе, маған жарық дүниеден тесік шұлықтың өзі бұйырмады. Адам өлгенде ешнәрсені өзімен бірге ала кетпейтініне енді көзің жеткен болар. Әсте, бай да, кедей де, жарлы да, жалғыз да өледі, тірі пенде өмірден өтеді. Дүниенің барлығы қалады. Осыны әрдайым қаперіңде ұста. Ешқашан байлыққа мастанба, тасыма, басынба. Мүмкіншілігің болып тұрса жетім-жесірлерге, ауру-кембағалдарға, кедей-кепшіктерге қол ұшыңды беруді ұмытпа. Лажы болса, адамдарға жақсылық жасаудан жалықпа», – делінген екен.
Ойлап отырсаң, осы бір шағын аңыз-әңгімеде қаншама жанды философия, салмақты да саналы ой, ақыл, өсиет жатыр!
Адамның дүниеге келгендегі негізгі мақсаты – бір-біріне қызмет ету, жақсылық жасау, бірін-бірі демеу. «Берген жомарт емес, алған – жомарт», – деп қазекем бекер айтпаған. Сондықтан, кейде іштей болса да: «Осы мен қалай өмір сүріп жүрмін өзі? Ел алдында арым таза ма? Адалдықтан, әділдіктен алшақтап кетпедім бе? Халқыма нендей жақсылық жасадым? Қатарымыздағы арлы азаматтар кім?» - деп ой таразысынан өткізіп қойғанымыз, сірә, артық емес сияқты. Адам тал бесіктен жер бесікке дейінгі өлшеп берілген екі аралықта істеген қылығына өкінбегені абзал-ау, тегі.
Жақсылықтың, кішіпейілділіктің, жасампаз-дықтың, кісіліктің ақ желкенін жанымызға жалау етіп, еліміздің байлығын арттырып, жерімізді гүлдендіріп, рухани байып, келер күндерімізді нұр шуағына бөлей түскеніміз қандай жақсы, замандас! Оған сіз болып, біз болып әрдайым талпынайық, ұқсап бағайық, Сонда ғана бақытқа кенеліп, көкжиегіміз кеңейе түспек.
Дана халқымызда «Жарлы болсаң да, арлы бол!» деген қасиетті қағида бар. Осы қағиданы қай-қайсымыз да ұмытпағанымыз жөн-ау.
Сағындық ОРДАБЕКОВ,
дәрігер-хирург, медицина профессоры,
Жамбыл облысының Құрметті азаматы.
Тараз қаласы.
Обсудить
Блок в статье:
СТАЛИНГЕ ХАТ ЖАЗҒАН ҚАРИЯ
20 ноябрь 2024, Среда
КӘСІБІ – ТРАКТОРШЫ
18 ноябрь 2024, Понедельник
Сейітхан ЖҰМАШЕВ, Жуалы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы: ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫС ІСІМІЗГЕ СЕРПІН БЕРЕДІ
18 ноябрь 2024, Понедельник
Похожие материалы:
Комментарии (0)