БАБАЛАР ЖОЛЫМЕН, АҒАЛАР ІЗІМЕН...
Задында, екінің бірі өмір жолын түзу өре алмасы анық. Ділмарлық пен шешендік, ақыл-ой қуаты, асқақ рух, азаматтық пен парасаттылық, биіктік пен тереңдік, ұйымдастырушылық қабілет-қарым да сондай. Екінің бірінің бойына қонып, ойына дари бермейді. Мұның бәрі де тектен, заузаттан жұғысты болар, жастайынан алған тәлім-тәрбие мен мінездің де мәуелі жемісі болса керек-ті.
Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейінгі еңбек жолын қатардағы инженерліктен бастап, шаруашылық басшысы, аудан әкімінің орынбасарына дейінгі қызмет баспалдақтарынан өткен Қибат Тілеуқұлұлының бойында сәтімен тоғысқан, міне, осындай болмыстық ерекшеліктер оны абырой биігіне де көтерді, елге сыйлы етті. Кезінде Тараз қалалық әкімдігінің ауылшаруашылық және кәсіпкерлік бөлімін де басқарғаны бар. Ол әлі күнге дейін адамгершілік әдептерінен танбай, ағайынды ауызбіршілікке, жас пен кәріні елдікке шақырумен келеді. Бүгінгідей аузына ел қараған, ақыл сөзіне мыңдар мойын бұрар көшелі-кемел жасында оның жас ұрпақ өкілдеріне айтары да аз емес. Айтқандайын, Қибат Асқарбекұлы майдангердің ұрпағы. Күні кеше ғана Ұлы Жеңіс күнін дүбірлетіп тойладық қой. Қибаттың әкесі – Тілеуқұл Асқарбеков 1942 жылы майдан даласына аттанып, 1945 жылы денесінің үш жерінен ауыр жарақат алып, елге оралған. Жеңіспен оралған жауынгердің ұрпағы да жаман болған жоқ. Неге дейсіз ғой?
Жалпы, ел болып ұйысудың, бірлік пен ауызбіршіліктің берері не, берекесі қандай? Біз бүгінгі күні бабалар мен ағалардың даңқты жолымен жүріп келеміз бе? Ұрпақтар сабақтастығының алтын арқау-тіні үзілмеуі үшін не істеуіміз керек?
Майдангердің баласы, халықаралық Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев қоры Жамбыл облыстық филиалының атқарушы директоры (мен сұқбат жүргізген сәттегі ол кісінің қоғамдық қызметі осылай аталатын), қоғам белсендісі Қибат Тілеуқұлұлымен арадағы әңгімеміз, міне, осы тұрғыда өрбіген еді.
Баймахан АХМЕТОВ: Бабалар жолымен, ағалар ізімен жүрудің өнеге үлгіге толы тәрбие мектебі екенін де дау жоқ. Бұл орайда Сіздің де айтарыңыз аз болмауға тиіс.
Қибат АСҚАРБЕКОВ: Міне, Құдай қуат беріп, 65 жасқа келіппіз. Тым үлкен де жас емес сияқты... Бүгінде жас ұлғайған сайын көрген қуаныш-қиыншылықтарымызға, жақсылықтарымызға тәуба айтып, шүкір-шілік етеміз.
Сүйініші мен күйініші, бағы мен бабы, қиындығы мен қызығы қатар жүретін өмір-базарда азды-көпті абыройға қолымыз жетсе, қоғамға еңбегіміз сіңсе, мұның бәрі – кезінде өзім тәлім-тәрбиелерін көріп, ақыл-кеңестерін тыңдап, қатар қызмет атқарған Ералы Дадабаев, Балтабай Бекежанов, Әлібек Әмзе, Есбөкен Көлбаев сияқты, тағы басқа да жаны жайсаң, жүрегі жомарт жақсы ағаларымның арқасы екені даусыз. "Үлкеннен – ұлағат, жақсыдан – шарапат" деген, сірә, осы шығар!
Баймахан АХМЕТОВ: «Бүгінгі жетістік – өткеннің жақсы сақталған үлгісі» деген де сөз бар ғой. Кеңестік кезеңде бәрі де жаман болмаған шығар. Бұл тұрғыдағы жеке көзқарасыңыз қандай?
Қибат АСҚАРБЕКОВ: Еліміз күні кешегі Кеңестер Одағының құрамында болған жылдардың өзіндік өмір сүру салты, тіпті көптеген жетістіктері де болғанын біздің жастағы азаматтар жоққа шығара алмасы анық. Себебі, сол тұста ұлтымыздың миллиондаған азаматтары заман талабына сай адал өмір сүрді, еңбек етті. Күллі еліміз «бақыт еңбекте ғана» деп білді. Шынында да ол кезеңде еңбекке деген құрмет ерекше болды. Бір ғана Талас ауданынан ерен еңбегімен танылып, 56 Социалистік Еңбек Ерінің шығуы жәйден жәй емес шығар. Олар өздері қоңторғай тірлік кешсе де, қоғамның малын аман сақтау жолында жанқиярлық еңбек-тің, қаһармандықтың, отансүйгіштіктің ерекше үлгісін көрсетіп кетті. Ол кезең осындай ерекшелігімен үлкен-кішінің бұра тартпай, бір ғана мүдде жолында жұмыла еңбектенуге тәрбиеленуімен есте қалып қойды.
Ақ-адал еңбек етіп, өз дәуірінің талабына сай өмір сүрудің арқасында қазақ халқының жаппай орта білім алуға көшуі, денсаулық сақтау жүйесінің құрылып, қалыптасып, дамуы, жоғары оқу орындарының көптеп ашылуы, өнеркәсіп өркендеп, мыңдаған колхоз, совхоз құрылып, ауыл шаруашылық саласының қарқынды түрде дамығанын әсте жоққа шығара да алмаспыз. Қарапайым халық тұтастай әлеуметтік теңдікке қол жеткізді. Жоғарыда айтқанымдай, еңбек адамдарына деген құрмет, марапат ерекше болды. Әрине, мұндай үрдістер қоғамның рухын көтерді, адамдардың дүниетанымдық көзқарастарын жақсы жағына қарай өзгертті...
Баймахан АХМЕТОВ: Ал қазір ше?
Қибат АСҚАРБЕКОВ: «Өтпелі кезеңде өмір сүр» деп қорғайды екен қытайлықтар. Біздің өміріміз дәуір мен дәуір, ғасыр мен ғасыр алмасып, заман өзгеріп жатқан тұсқа – өлара шаққа тұспа тұс келді ғой! Ар, ұят, адамгершілік ұғымдары ұмытыла да бастады. Қоғамда талантты, білімді, өзіне сенімі күшті азаматтарды «қабылдай қоймайтын», тіпті ортаға сыйдырмайтын жағдайлар қалыпты жағдайға айналды.
Нәтижесінде халықтың қалыптасқан өмір сүру дағдылары бұзылды. Жалқаулық, мақтаншақтық, жалған атаққа, орынсыз марапатқа шексіз қызығушылық, жағымпаздық сияқты жаман қасиеттер елдің қадамын аштырмай, биліктің «тілін тауып», әлдебіреулермен «ауыз жаласып», аз ғана уақыт ішінде, елімізге, жерімізге еңбегі сіңбей жатып-ақ, өкімет марапаттарын немесе облыс, ауданның құрметті азаматы атақтарын «қидай сыпырып» алып жатады. Нәтижесінде халық арасында атақтың, мемлекеттік марапаттардың беделі құлдырап, бағасы төмендеп кетті. Мансапқорлардың алған «атағына» тіпті қатар жүрген достарының өздері шын қуанбайды. «Ее, түсінікті» дейді де қояды.
Баймахан АХМЕТОВ: Сіз қалай ойлайсыз, бүгінде билік пен бұқараның, байлар мен кедейлердің арасы едәуір алшақтап та кеткен жоқ па?
Қибат АСҚАРБЕКОВ: Иә, бұл мәселе де көптің ойында жүр. Шынын айтуымыз керек, 2000 жылдардың бас жағында экономикалық һәм тұрмыстық жағдайларға байланысты, ауылды тастап, қалаға көшкен қарапайым халық, оның ішінде жастар бүгінде мемлекетке, қоғамға «қауіпті күшке» айнала бастады. Кешегі «қаңтар қырғыны» кезінде билікке наразылықтарын білдіргендердің біразын, міне, осы санаттағылар құрағанын жоққа шығара аламыз ба? Бұл олардың кінәсі емес, әлеуметтік теңсіздік осыған алып келді.
Жағдайдың жоқтығы, баспанаға зәрулік, жұмыссыздық, жоғары һәм арнайы орта білім алудың қолжетімді еместігі біртіндеп әлеуметтік қайшылықтар туындатты.
Баймахан АХМЕТОВ: Жастар тәрбиесі әлі де өзекті дейсіз ғой. Қазақ-тың мінезі «құбыласынан» жаңылып, қатая да бастаған сыңайлы...Бұл тұрғыда не істеп, не қоюымыз керек?
Қибат АСҚАРБЕКОВ: Мемлекет тарапынан жастардың лайықты өмір сүруіне жағдай жасауға, олардың құқықтарын қорғауға, заң үстемдігін қамтамасыз етуге әртүрлі тиісті әрекеттер жасалуда, заңмен өмір сүру ережесін қалыптастыру туралы жұмыстар жүріп жатыр. Бірақ, қоғамның ежелгі ауруы–қабылданған заңдарға енжарлықпен қараудамыз, оны орындалуына мән бермеудеміз. Бірінші кезекте жастар енжарлық пен құлықсыздықтан арылуы керек. Әр азамат өз жауапкершілігін, белсенділігін өзі бақылауы тиіс.
Екіншіден, бүгінгі таңда заман ағымы мен уақыт талабы көз алдымызда өзгеріп, құбылып жатыр. Әлемде 40 мың шамасында мамандықтың түрі бар, сондықтан жастар ойланып, дұрыс мамандық таңдап, еңбек етіп, өзінің кәсіби әлемін жасаулары керек. Өз басым қазақ жастарының жаппай жоғары білім алуларын құп көрмеймін. Керісінше, мал өнімдерін өңдейтін, жүн түтіп, тері илейтін, автокөліктер жөндейтін, жылу, су жүйелерін ретке келтіретін, күнделікті тұрмыстық бұйымдарды шығарудан бастап, ғылыми сыйымдылығы жоғары техникаларды жасайтын, кәсіптерді меңгерсе деймін.
Мемлекет те, жеке азаматтар да ұрпақ біліміне, кәсібін ашып жұмыс ұйымдастыруына қашпауы керек. Жастардың өз ісінің маманы болуы тек жеке адамдардың ғана қуанышы емес, тұтас елдің мерейі деп бағалаған ләзім.
Баймахан АХМЕТОВ: «Бір дәуір көшкендей болып, дүниеден Д.А. Қонаев өтті» деп кезінде саясаттанушы Қуаныш Сұлтанов айтқаны есте. Өткен жылы Тараз қаласында Д.Қонаевқа керемет ескерткіш қойылды. Осы жұмыстарға тоқталып өтсеңіз.
Қибат АСҚАРБЕКОВ: Тараз қаласында Д.Қонаев атындағы халық-аралық қордың Жамбыл облыстық бөлімшесінің бастамасымен облыс тұр-ғындарының қаражаты есебінен кемеңгер тұлғамыздың туғанына 110 жыл толуына орай қоладан үлкен ескерткіш орнатылды. Осы жұмыстың басы-қасында жүріп, халықтың ол кісіге деген құрметі ерекше екенін байқадым.
Әлі есімде, бірде қорға елудің үстіндегі ер азамат келіп, «Игі іске қосқан үлесім болсын» деп 3500 теңге берді. «Мына ескерткіш туралы теледидардан естідім. Мен өзім жұмыссызбын. Бірақ мына қолымдағы қаржыны азсынбай алыңыздар. Д.Қонаев – Қазақстанның экономикасын көтергеннен бөлек, ұлттық кадрды, ұлттық өнерді, езілген еңсемізді көтеріп, қазақ халқын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқттырмай бүгінгі күнге аман-сау жеткізген ұлы тұлға. Ертең балаларыма, немерелеріме айтамын, мына ескерткіште біздің отбасымыздың да үлесі бар, ізгілікті істен шет қалмау керек» – деді ағынан жарылып.
Д.А.Қонаевтың рухына тағзым ету деген – оның қағидатын ұстану, аманатына адал болу.Сонда ғана жас ұрпақтың санасына қастерлі құндылықтарды сіңіреміз. Үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, мемлекет және қоғам қайраткері Д.Қоневтың өнегелі өмірі мен тағылымы туралы айтудан жалықпаймыз. Әсіресе, қәзіргі Қазақстан қоғамында ол кісінің халқына құрметі, адалдығы мен тазалығы, қайраткерлігі жан жақты насихатталуы керек.
Баймахан АХМЕТОВ: Осы орайда Талас ауданындағы Сейілбек ауылы тұсындағы тарихи ұлы тұлғаларымыз, қасиетті бабаларымыздың кесенесі мен қорымдары аумағында жүзеге асырылып жатқан жұмыстарға да тоқтала кетсеңіз...
Қибат АСҚАРБЕКОВ: «Бір жылдығын ойлаған ел бидай егеді, он жылдығын ойлаған ел ағаш егеді, мәңгілігін ойлаған ел – ұрпағының бойына ізгіліктің дәнін егеді» деген екен бір оқымысты. Кезінде Д.Қонаев Бөлтірік шешеннің басына кесене тұрғызатын жерді көрсетіп, ел ақсақалдарымен бірге бата берген тұста қазір үлкен кесене менмұндалап тұр. Кесененің қасында Қара қожа мешіті бар, оның ар жағында Тұрар Рысқұловтың зиратының басында әкесі Рысқұлдың ескерткіш тасы қойылған. Бүгінде ел-жұрттың қолдауымен Бөлтірік кесенесінің айнала төңірегі қоршалып, су тартылып, 5000 түп ағаш отырғызылған. Көгеріштер тиісті деңгейде күтіліп-бапталып, бұл аумақ қасиетті орынға айналып келеді. Бұған дейін атқарылған жұмыстарды одан әрі жалғастырып, ел үшін қасиетті орын жасап, болашақ ұрпаққа ізгіліктің дәнін сепсек бұл да үлкен игілікті іс болар еді.
Жақында халықаралық Д.Қонаев қоры облыстық филиалының жалпы жиналысы болып, онда ұйымдастыру мәселесі қаралды. Бұған дейін, филиал төрағасы қызметін атқарған Әлімбек Жұмабаев өз өтініші бойынша бұл қоғамдық жұмыстан босатылды. Қор белсенділері осыған дейін филиалдың атқарушы директоры болып келген Қибат Тілеуқұлұлы Асқарбековты бір ауыздан филиал төрағалығына сайлады.
Қибат Асқарбековке жауапты қоғамдық қызметіне табыс тілейміз!
Сұхбатты жүргізген Баймахан АХМЕТ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
ардагер журналист.
Обсудить
Блок в статье:
СТАЛИНГЕ ХАТ ЖАЗҒАН ҚАРИЯ
20 ноябрь 2024, Среда
КӘСІБІ – ТРАКТОРШЫ
18 ноябрь 2024, Понедельник
Сейітхан ЖҰМАШЕВ, Жуалы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы: ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫС ІСІМІЗГЕ СЕРПІН БЕРЕДІ
18 ноябрь 2024, Понедельник
Похожие материалы:
Комментарии (0)