ҚАРТТАРДЫҢ ҚОЛДАУШЫСЫ
Адам болып өмірге келген соң, Ұлы Абай айтқандай өмірден өз орныңды тауып, дүниенің бір кетігін бүтіндегенге не жетсін. Әрбір адам “Шыққан тауым биік болсын” дейді. Алайда, қай уақытта болмасын ел аузына жақсы атпен ілігу, сол абырой-атақты өмір бойы сақтап қалу әрбір пенденің пешенесіне жазыла бермейді. Бүкіл ел болып қадірлеп құрметтейтін азаматтар шежірелі Сарысуда да аз емес. Солардың бірі әрі бірегейі – Жанат Жұмаділдаев.
Жанат Жұмаділдаұлының өмірге келген кезі екінші дүниежүзілік соғыстың өрті шарпыған шақпен тұспа-тұс келді, яғни, 1943 жылдың 10 сәуірі. Өткен ғасырдың қырқыншы жылдары дүниеге келген арда азаматтарымыздың алаңсыз балалық шағы болмағаны белгілі. Сарысу ауданының Қызылдихан (бұрынғы Ақши) ауылында дүниеге келген ол орта мектепті аяқтаған соң, 1962 жылы Куйбышев (қазіргі Самара) қаласындағы А.Микоян атындағы инженерлік-құрылыс институтына түсіп, 1967 жылы ойдағыдай бітіріп шығады .
“Әлемді Тәңір жаратты, қалғанын құрылысшылар салды” деген қанатты сөз бар. Олай дейтініміз, көз тоймас зәулім ғимараттар, адам қиялының жемісі ретіндегі озық үлгідегі нысандар, тұрғын үйлер барлығы дерлік-құрылысшылардың маңдай тері, еткен еңбегінің жемісі дер едік. Міне, осындай құрметті құрылысшы мамандығын таңдаған Жанат Жұмаділдаұлы еңбек жолын аудандағы №9 жылжымалы механикаландырылған құрылыс колоннасында өндірістік-техникалық бөлімінің инженері болып бастайды.
Жақсы қырымен көзге түсе білген жас жігіттің жігері мен білімі дер кезінде еленіп, басшылық тарапынан сеніп тапсырылған аға инженер,прораб, аға прораб қызметтерін абыроймен атқара білді.
Ол кезде Сарысу ауданы Талас ауданынан бөлініп шығып, жаңадан құрылғандықтан, түрлі ғимараттар көптеп салынып, құрылыс қарқынды жүргізіліп жатты. Осылардың барлығының басы-қасында, ортасында Жанат жүрді. Мәселен, сол кездегі аудан орталығы Байқадам (қазіргі Саудакент ауылында) аудандық партия комитеті мен атқару комитетінің ғимараттары, қонақ үйі, тұрмыс қажетін өтеу комбинаты, үш қабатты зәулім пошта үйі, мәдениет үйі, мемлекеттік банк, редакция үйі, орта кәсіптік-техникалық училищесінің жаңа типті оқу қалашығы, жылжымалы механикаландырылған құрылыс мекемесінің кеңсесі мен қосалқы құрылыстары және көптеген тұрғын үйлер пайдалануға берілді. Солардың әрқайсысында Жанат Жұмаділдаұлының өзіне лайықты қолтаңбасы бар. Осы уақыттарда бірге қызметтес болып, ауданның өркендеуіне үлес қосқан Отыншы Әлібаев, Қуаныш Пәрімбеков, Қаратай Жұмаділов сынды әріптестерін еске алып отырады. Әсіресе, осы үлкен мекемені ұзақ жылдар бойы абыроймен басқарған Ұласбек Есенбеков ағамыздың да ерен енбегін ерекше бағалайды.
1979 жылы аудандық партия комитеті құрылыс ісін ұйымдастырудағы іскерлік қабілетін бағалап, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасына бас құрылыс инженері қызметіне ұсынады. Осы кезеңде аудан шаруашылықтарында құрылыс саласы кең етек жайып, қарқынды дамыды. Барлық кеңшарларда шопандарға арналған үйлер, қора жайлар,машина-трактор шеберханалары, жем-шөп дайындайтын цехтар, басқа да көптеген құрылыстарды салу кеңінен қолға алынып, жүзеге асырылып жатты.
1994 жылдан зейнет жасына келгенге дейін “Сарысу-агроқұрлыс” АҚ президенті болды.
Негізгі қызметтерімен қатар әр жылдарда қоғамдық жұмыстарды да (бастауыш комсомол ұйымының хатшысы, кәсіподақ комитетінің төрағасы, бастауыш партия ұйымының хатшысы) белсене атқарған Жанат Жұмаділдаұлы ауданның қоғамдық-саяси өмірінен сырт қалған емес. Жаңкең зейнеткерлікке шыққаннан кейін де үйінде бос отыруды артық санап, қоғамдық іс-шараларға бел буып батыл кірісіп кетті. Ол Сарысу аудандық ардагерлер кеңесіне 2018 жылдан бері абыроймен төрағалық жасап келеді. Өз қызметінде аға буын өкілдерінің қоғам өміріне етене араласуына баса назар аударды. Содан да болар қатарына бес мыңнан астам қарияларды топтастырып отырған ардагерлер ұйымы бүгінде ықпалды қоғамдық қозғаушы күшке айналғанын жұртшылық жоғары бағалауда.
Осы жылдар ішінде ауданға басшылық жасаған бірнеше әкіммен түсіністікте, тізе түйістіре жұмыс атқарды. Қайсы әкім болса да оны ақылшы аға санап, келелі істерде кеңесіп отырды.
Қазіргі кезде ардагерлер кеңесіне жағдай айтып келетіндердің қатары көп. Жеке бастың мәселесімен де, көпке ортақ елдік істермен де. Төраға ондайда аянып қалмайды, тиісті мекеме басшыларына шығып, мәселені мүмкіндігінше шешіп беріп жатады. Қариялар да қазіргі жағдайды түсінеді. Сондықтан жеке бастың қамынан гөрі елдік мәселелермен келетіндер көбейді. Ардагерлер жетекшісі оларға бек қуанышты, мәселені бірлесіп шешуге әрқашан дайын.
Ауданда жүзеге асырылып жатқан игі істер, бағалы бастамалар баршылық. Солардың бірі – кезінде аудандық ардагерлер кеңесі аудандық мешіт имамдарымен бірлесе отырып “Қаралы үйдегі ас мәзірі және жаназа рәсімдеріне” қатысты Үндеу қабылдады. Біздің қазақта ысырапшылық күннен-күнге артып барады. Осы орайда “Ештен кеш жақсы” дегендей Үндеуде көрсетілген көңілге қонатын ұсыныстар қуатталып, көпшіліктен қолдау тапты.
Ауданда ардагерлердің ден-саулығына мүмкіндігінше қамқорлық жасалуда, олар жеңілдетілген жолдама-лармен сауықтыру орындарына жіберіледі. Еліміздің тарихи орын-дарына, Астана, Түркістан қалаларына, басқа да киелі орындарға саяхаттап барып жүр.
Мен 1971 жылы оқу орнын бітіргеннен кейін жолдамамен Сарысу ауданына келдім. Сол кездегі №124 Байқадам селолық кәсіптік-техникалық училищесіне оқытушы болып орналастым. Жанат Жұмаділдаұлымен аудан орталығындағы түрлі жиындарда жиі кездесіп қалып жүрдік. Кездескен сайын ойымыздың ортақ, ниетіміздің бір екенін сезініп, етене араласып кеттік. Аға мен бауыр сыйластығы болып басталған байланыс бірте-бірте қылаусыз достыққа ұласты.
Аға-досқа айналған азаматпен таныстық-білістікте болғаныма жарты ғасырдан асса да, ашуын сыртқа шығарғанын, кісі баласына дауыс көтеріп ренжігенін көрген емеспін. Қауесет қаузап, өсек-аяң өршіту сияқты жұғымсыз тірліктен бойын аулақ ұстап, айналасына жақсы сөзбен жылу шашып отырады ағамыз.
Оның тағы бір керемет қасиеті-достыққа адалдығы. Оның достарының бір біріне деген сенімдерінің берік, көңілдерінің де кіршіксіз болатынын көзіміз көрді. Олар бір-бірін қолдай білетін, бір-бірін қорғай жүретін. Қиналса демейтін, жабырқаса жебейтін. Кез келген сәтте жанынан табылатын әзиз достары Рсан Есенбеков, Оңғарбек (Оқаш) Ысқақов, Аманбай Ахметов дүниеден өткенде жапанда жалғыз қалғандай жаны күйзеле, құлази қайғырған сәттеріне куә болған едім.
Өмірден көрген, оқығаны мен көңіліне тоқығаны мол Жанатпен сұхбаттасудың өзі бір ғанибет.
— Шүкір, өмір жолыма өкінішім жоқ. Өмірде жақсы адамдармен сыйластым. Бүгінгі таңда қолдайтын, құрмет тұтатын достарым, заман-дастарым бар. Мен ауылдан шықсам да Ресейде оқыдым. Басқа қалаларды, шет мемлекеттерді көрдім. Бірақ, солардың бәрі өзім өскен туған жеріме жетпейді. Туған жерімді түлетуге, оның өсіп-өркендеуіне бір адамдай үлес қоса білдім деп ойлаймын. Өмірден көргені мол қария ретінде жастарға, өзімнен кейінгілерге ақыл-кеңес айтуға әрқашанда дайынмын, – дейді еңбегімен елге еленген ардақты азамат.
Туған жерін түлетуге барын салып, аянып қалмаған Жанат Жұмаділдаұлының еткен еңбегі мен төккен тері елеусіз қалған емес. Бірнеше мемлекеттік, мерекелік медальдармен, облыстық ардагерлер кеңесінің және облыстық мәслихаттың Құрмет грамоталарымен марапатталды. “Қазақстан Республикасының Құрметті құрлысшысы”, “Еңбек ардагері”, “Сарысу ауданының Құрметті азаматы” атақтарына ие болды.
Жұмаділда қариядан өрбіген ұрпақ–өсіп-өнген, бүгінде жапырағын кеңге жайған мәуелі бәйтерек. Ағайынға бауырмал, шуағын шаша білген, құшағы ашық, пейілі таза, ниеті түзу Жанаттың бауырлары Бибіғайша, Мұрат, Болат, Самат бір-біріне сүйеу, демеу. Барлығы да облыс, аудан көлемінде жауапты қызметтер атқарып, ел ықыласына бөленген жандар. Ардақты аналары Айша апа ұрпақтарының ортасында қуаныштарына ортақтаса жүріп, 101 жасқа келген шағында, жас ұрпаққа ақ батасын беріп жүріп, дүниеден озды.
Бір сүйсінерлігі – Жаңкең сексеннің сеңгіріне шықса да әлі тың. Құдайға шүкір, ақыл-парасаты мол, өзіндік ой-пікірі бар, көңіл көкжиегі кең, сезімі мөлдір, жаны жайсаң жан.
Әйел парасаты, әйел көрегендігі-бір отбасының ғана емес, бүкіл Отанның ортақ игілігі. Бұл ретте Жаңкеңнің өмірлік жары Мажыра замандасымыз да Құдай деген жан, данагөй әйел. Дәмдес-тұздас болған сыралғы дос-жаран Жаңкеңнің осындай қадір-құрметіне бөленуінде отбасының берекесін келтіріп отырған сүйікті жары, адал өмірлік серігі Мажыраның де өзіндік үлесі бар екенін, оның қонақжайлығы мен көңілінің дархандығын, кісіге қайырымы мен биік парасатын, адамгершілік ізгілігі мен ілтипатын ризашылықпен айтып отырады. Өзі де ұзақ жылдар ұстаздық қызмет атқарды. Бірнеше буын ұрпақ өкілдерін тәрбиелеп шығарды.
Өмір бақытын бағалай білетін сабырлы да салмақты, өнегелі де қарапайым Жанат пен Мажыра бұл күндері қызы Жанардан өрбіген сүйкімді немерелерінің сүйікті ата-әжелері.
Қарттардың көшбасшысы, бағалы бастамалардың қолдаушысы бола білген Жанат Жұмаділдаев туралы айтар ой осылай өрнектелді.
Алдаберді МАҚАШЕВ.
Сарысу ауданы және Тараз қаласының
Құрметті ардагері
Обсудить
Блок в статье:
СТАЛИНГЕ ХАТ ЖАЗҒАН ҚАРИЯ
20 ноябрь 2024, Среда
КӘСІБІ – ТРАКТОРШЫ
18 ноябрь 2024, Понедельник
Сейітхан ЖҰМАШЕВ, Жуалы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы: ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫС ІСІМІЗГЕ СЕРПІН БЕРЕДІ
18 ноябрь 2024, Понедельник
Похожие материалы:
Комментарии (0)