Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » Қоғам » Жағымды жаңалық

Жағымды жаңалық

29 апрель 2022, Пятница
164
0
Өзені арнасынан тасып, қамбасы кемерінен асып, түгін тартсаң майы шығып, тіршілік қазаны қайнаған Шу өңірінің өткен ғасырда кеңестік кеңістіктегі табыстарына тарих куә. 90 жылдық тарихы бар өлкеміздің ел болып еңсерген қиын шақтарында дүниеге келген балалар – бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан ел ағалары. 
Қазыналы қарттыққа қадам басса да, қоғамнан қалыс қалмай, ел игілігі үшін аттан түспей жүрген алды ақжайлау ағаларымыздың бірі – Қуанышбек Қарғабаев. Өмірге келген кезі – екінші дүниежүзілік соғыстың өрті шарпыған шақпен тұспа-тұс,  1942 жылдың 15 сәуірі. Өткен ғасырдың қырқыншы жылдары дүниеге келген арда азаматтарымыздың алаңсыз балалық шағы болмағанын өткен тарихымыздан білеміз. Төле би ауылында дүниеге келген ол 1959 жылы қазақ орта мектебін ойдағыдай тәмамдап, Жамбыл қант зауытына жұмысшы болып орналасады. Абыройлы атамыздың  тәтті  түбірден тау үйген балтамыршылар шыққан әрі  қант өндірумен аты дүркіреген Шу өңірінде еңбек жолын қант зауытынан бастауы әлбетте заңдылық. Осы бір қиындығы мен қызығы қатар жүретін іске ауыз салғаны сол еді, мамандығын да ұштастыруды жөн көреді. Сөйтіп 1959-1965 жылдар аралығында Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтын қант технологиясы мамандығы бойынша оқып, бітіріп шығады. Қолына дипломын алғаннан кейін өзі ұнатқан ісіне білек сыбана кіріседі. Қуанышбек Сейітұлы 1965-1973 жылдар аралығында Шу қант зауытында инженер, бас инженердің орынбасары қызметтерін қалтқысыз атқарып, көзге түседі. 1980 жылдан біліктілігінің арқасында басшылық баспалдақтардан сатылап көтеріліп, бірнеше рет қалалық  кеңестің депутаты әрі қалалық партия комитетінің бюро мүшесі болады. 1989 жылы Шу қант зауытының директоры, кейін “Шекер” АҚ-ның президенті, 2006 жылға дейін Жамбыл облыстық “Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы” АҚ Шу бөлімінің бастығы қызметтерін атқарып, зейнет демалысына шығады. 
Тегінде жақсы үрдістің жұрнағы бар елдер қашанда алға озады. Көктемнің ақ жауынындай көпке шапағаты тиер осындай ағаңның болғаны қандай жақсы. Өсем-өнем деген үміттің жетегінде жүрген кез-келген жан өзіне үлгі боларлық азаматтардың алдынан өтеді. Ақылы мен айбаты, сыны мен сымбаты келіскен, сексенге адымдап аяқ басқан ағамызды үлгі етпес бұрын оған үлгі болған жандарды да атап өткен жөн деп білемін. Өнегелі өмірінің бір өткелі, яғни 1970-1990 жылдары Жамбыл облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары Сәлімгерей Тоқтамысов, облыстық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары Жапар Түйебеков, облыстық атқару комитетінің төрағасы Сейілхан Аққозиев сынды болмысы бөлек тұлғалардан тәлім-тәрбие алған Қуанышбек ағамыз арда азаматтарды әр кез құрметпен еске алып отырады. Жаға болуға жарарлық ағамыздың жанында жүрген жақсы адамдарына қарап зады асыл демеске болмайды. “Үлкеннен үлгі алған кіші адаспас” демекші, текті азаматтардан тәлім алған алдыңғы толқын ағаларымыздан кейінгі толқын бата алса, әр істің қайырлы болмағы сөзсіз. 
Туған жерін түлетуге барын салып, аянып қалмаған Қуанышбек Қарғабаевтың еткен еңбегі мен төккен тері елеусіз қалған емес. Ордабұзар отыз жасқа толмастан-ақ “В.И.Лениннің 100 жылдығы құрметіне” мерекелік медалін кеудесіне таққан атпал азаматқа “Еңбек ардагері” медалін тағу да бұйырыпты. Бұдан бөлек мерекелік медальдар мен төсбелгілер де өңіріне қадалып, Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хаты мен облыстық мәслихаттың Құрмет грамоталарымен марапатталғаны тағы бар. Бұл күндері Жамбыл облысының Құрметті ардагері, Шу қаласының, Шу ауданының Құрметті азаматы. “Ерен еңбегі үшін” медалімен де наградталған. Қуанышбек Қарғабаев абырой-атақ, сый-құрметтің қай-қайсысына болса да лайықты азамат. 
“Жалғыз ұлы бардың шығар-шықпас жаны бар” демекші, жалғыз ұлы болса да үйлендіруге асықпай, білім қууына жол ашқан әкесі Сейіт ақсақал мен анасы Мәжімкүлдің үміті ақталғаны Қуанышбек ағамыздың өмірден өз жолын тапқаны деп білеміз. 
Ауданға сыйлы азаматты, әсіресе, өзінің өскен өңірінің жұршылығы аса қадірлейді. Ардақты азамат әлі де қоғамның бел ортасынан табылып, ақыл-кеңесін кейінгілерге айтудан жалыққан емес. Саналы адамның салмақты ой айта білуіне өмір белесінде жүріп  өткен айшықты жолы да әсер етсе керек. Иә, диірмендей дөңгеленген дүние тек сайдың тасындай іріктелген тұлғаларды ғана тарих сахнасына шығарады. Мейлі ол ақын болсын, мейлі жазушы болсын, тіпті, қарапайым еңбек адамы болса да, қоғамға қосқан үлесіне сай белгілі бір биікке көтеріліп, құрмет төрінен табылып жатады. Міне, біз әңгімемізге арқау еткен Қуанышбек Сейітұлы қатардағы қызметкерден бастап, басшылық сатыға өз еңбегімен, қызметіне деген  адалдығының арқасында көтерілді. Қоғамда өз қолтаңбасын қалдыра білген арда азамат отбасылық өмірде де үлгі боларлық биіктен көріне білген жан. Алла қосқан өмірлік серігі Сәуле Шарапатқызымен бес перзентті өмірге әкеліп, тектен нәр алдыра тәрбиелеп, өз орындарын табуға үлкен үлес қосты. Бес елі бағына балаған бес перзенті ата-ана үмітін ақтады да. Шаңырағы биік, керегесі кең, іргесі берік отбасының ақылы  асқан қариясы Қуанышбек атамыз бұл күнде немере-шөберенің сүйікті атасы болып отыр. 

Айғаным Асқарбек,
журналист. 
Шу қаласы.

Обсудить
Блок в статье:
БӨЛТІРІКТІҢ БЕДЕРЛІ БЕЛЕСІ 28 ноябрь 2024, Четверг
СТАЛИНГЕ ХАТ ЖАЗҒАН ҚАРИЯ 20 ноябрь 2024, Среда
КӘСІБІ – ТРАКТОРШЫ 18 ноябрь 2024, Понедельник

Похожие материалы:

Біздің белсенділер
29 апрель 2022, Пятница
Біздің белсенділер
Білгенге-маржан
29 июль 2020, Среда
Білгенге-маржан
Өнердің өз адамы
28 май 2021, Пятница
Өнердің өз адамы
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры