Аманмның соңғы аманаты

– Қолыңды жүрегіңе қой да «Мен жалғыз емеспін, Құдіретті Жаратушымен біргемін» деп айт, – деп отырушы еді жарықтық анам.
Гүлсара анам 83 жыл өмір сүрді. Ол кісі Құдайқұл руынан шыққан Төреқұлдың және Жарас руынан шыққан Анаркүлдің қызы болатын...
Екі ағайындының киіз үйлері бір-біріне қарама-қарсы, бірақ әжептәуір қашықта тұратын. Екі үйдің ортасында мал жайылатын. Өкіметтен малдарын алып қашқан жоқ, асу асып көшкен емес. Төреқұл Қазан төңкерісін және Кеңес өкіметін дұрыс қабылдады. 20-шы жылдары жаңаша сауатын ашты және бар ынтасымен оқыды. Латын әрпімен жазылған «Stalin» деген үлкен қоңыр кітапты дауыстап, үзіп-созып және қайталап оқитын. Осымен қатар Құран кітабын араб тілінде оқып, кейінірек майдандағы ұлынан келген хаттарды кириллицада оқитын. Жарас руынан шыққан бұрынғы бай Қожағұлдың қызы Анаркүлге үйленді. 1918 жылы байлар қыздарын қарапайым жігіттерге беретін болып еді...
Ең бірінші қиын ашаршылық 1919-1922 жылдары болды. Ол оңтүстік өлкені көбірек қамтыды. Азық-түлік салығы қайта енгізілді. 20-шы жылдардың аяғына қарай жергілікті халықтың малын тартып алуға үлкен екпін берілді. Жас жұбайларда 1919 жылы ұл, ал 1921 жылы Гүлсара қыз дүниеге келді. Босанғаннан кейін Анаркүл төсек тартып жатып қалды. Қарап шыққан жергілікті емші үміт жоқ екенін айтты. Осы кезде Анаркүл өзінің соңғы өтініші ретінде, Төреқұлға жасаумен бірге келген Сары қызға үйлен деп айтты. Абыржып қалған Төреқұл соңғы үмітін арқалап, аналар мен балаларды қорғау мекемесі ашылып жатқан аудан орталығына бүкіл отбасын алып келеді. Анаркүлді дәрігерлер емдеп жазды, бірақ ол нәрестелі болу мүмкіндігінен айрылған еді.
Ұжымдастыру жылдары Төреқұл колхозға кірді. 1932-1933 жылдардағы ашаршылықты бастан өткерді. Балалары Сәрінжи 13 жасында, Гүлсара 11 жасында Меркі ауылындағы балалар үйіне қабылданды. Анам: «... Ағам екеумізді түйеге отырғызды. Түйе жол жағасында өскен тікенектерге мойнын созып үзіп жейді. Біз ағам екеуіміз арық әрі жеңілміз, түйенің мойнынан ұстап алсақ та, ол еңкейгенде мойнымен төмен қарай сырғып кетеміз. Түйе шөбін шайнау үшін басын көтергенде қайта сырғып орнымызға келеміз. Ақыр аяғында біз, керуен сарайдай үлкен үйге келіп жеттік. Осы ғимаратта балалар үйі орналасқан екен.
Балалар үйінде бізге оқуды үйретті. Мұғалім әйел мені тақтаға шақырды да «Вытри нос» деді. Мен «Вытри нос» деп қайталадым. Ол тағы «Вытри доску» деді, мен тағы қайталап «Вытри доску» дедім. Сыныптағылар түгел күлді. Сол сәтте мен өзіме "Менің балаларым болған кезде, олардың бәрі орысша білетін болады" деп серт бердім", – деп еске алып отыратын.
Анам балалар үйіндегі өмірін ең жақсы пікірлермен еске алатын. "Біздің көп ұлтты балалар ұжымының тыныс-тіршілігі ерекше еді – біз бар ынтамызбен білім алатынбыз, оқитынбыз, ойнайтынбыз, бос уақытымызды көңілді өткізетінбіз, достығымыз берік әрі адал болатын,– деп отырушы еді жарықтық. Анамның құрбы қызы Асямен қарым-қатынасының беріктігі сонша, ата-анамыз 1958 жылы туылған қызын еврей қызының атымен Ася деп атады. Ася тәтейдің қонаққа келуі біз үшін әрқашан ерекше мейрам болатын. Өзі сұлу, күлегеш, жарқыратып бояп алған еріндері бізге біртүрлі көрінсе де, онымен бірге болу өте жеңіл және көңілді болатын.
14 жасында Гүлсара комсомолға өтті. Балалар үйі Түркістан педагогикалық училищесіне оқуға жолдама берді. 1941 жылы Гүлсараның еңбек кітапшасында «Меркі ауданы Калинин атындағы орта мектептің бастауыш қазақ сыныптарының мұғалімі болып тағайындалды» деген жазба орын алды. Көп уақыт өтпей ол кісі Ойтал мектебінің директоры болып тағайындалды. 1943 жылдың қаңтар айында СОКП мүшелігіне қабылданып, Меркі аудандық кеңесі атқару комитетінде көп балалы және жалғыз басты әйелдер бөлімінің аға инспекторы болып жұмыс істей бастады. Кең шалбардың балақтарын етіктің ішіне сұғып алып, қарапайым пенжекті көйлектің сыртынан киіп алған Гүлсара атқа мініп ауданның барлық ауылдарын аралайтын. Анам әңгіме арасында «...Ол кездерде тауларда және ойпаттарда соғыстан қашқандар және мал ұрлайтындар аз болмайтын. Тастардың және бұталардың артына жасырынып алып, менің артымнан үнсіз бақылап тұратын. Қорқынышты ма, қорқынышты! Осындай сәттерде мен үнімдегі дірілді білдірмеу үшін бар дауысыммен қазақ және орыс тілдерінде әндер айта бастайтынмын. Қорқыныш күшейген сайын қаттырақ әндететінмін... Ән айтып емес, айқайға басатынмын десе де болады. Ал жеңешем (анам) менің киімімнің ішіне жамандықтан сақтайды деп адыраспанның дәнін тігіп қояды екен. Ол қатыгез жандар мен қара ниетті адамдарды адыраспан аластайды деп сенетін.
Мұқтаж адамдардың тізімі бар. Балаларға және жүкті әйелдерге рахитке қарсы дәрумендер және сиса, сәтен, бөз маталарды бөліп тарататынмын. Өкіметтің саяси бағыттары туралы түсіндірмелер, майдандағы жағдай жөнінде әңгімелер өткізетінмін, ауылдардың және жеке адамдардың қиындықтарын жазып алатынмын, еңсесі түскендерді жігерлендіретінмін, болашаққа сенімділігін арттыратынмын" – деп сол жылдардың суреттерін көз алдымызға әкелетін.
Соғыс жылдары Мемлекеттік Қорғаныс Комитеті қыздарды еңбек колонияларына шақыру туралы жариялады. Меркілік қыздарды Қарағанды шахталарына алып кетті. Олар шахтадан шыққан кендерді тазалайтын көмекші жұмысшылардың ісін атқарып, көмір салынған арбаларды сүйреді. Қыздарын қара жұмысқа жібермеу үшін оларды ересек адамдарға екінші, үшінші әйел етіп ұзатып жатты. Осының салдарынан Елубай, Алпысбай, Жетпісбай деген есімдер пайда болды. Осы есімдердегі сандар (елу, алпыс, жетпіс) егде азаматтардың мықтылығын көрсететін.
Ата-аналары: «Гүлсара, сені жалғыздық күтіп тұр. Жасың 29-ға келді» деп ескертетін. Бірде, Меркінің базарында ол бірінші рет әскери адамды көрді. Шашы қалың, етігі жалтырап тұр, ұзын бойлы, реңді. Түрі біздің ұлтқа ұқсаңқырамайды. Бұл Беделбай еді. Беделбай 1942 жылдан бастап Ленинград майданында шайқасты, 1945 жылдан бастап басшылықтың бұйрығы бойынша Қызыл Тулы Мәскеу қылмысты іздестіру органдарында, атақты да аңызға айналған МУР-да, Петровка, 38 мекен-жайында қызмет атқарды.
1949 жылы Беделбай өзінің туған ауылы «Қызылсайға» әкесінің жаназасына келді. Анасы әкесінен бұрын қайтыс болған еді. Ақсақалдар оған Рысқұлбектің жалғыз ұлы болған соң туған елге келіп, бос қалған шаңырақтың отын өшірмей осында қалуға кеңес береді. Беделбай ақсақалдардың ақылы қабыл алып, Меркі аудандық милиция бөліміне ауысты.
Осылай, алғашқы кезде уақытша, екі жалғыз жан – ағасы қайтыс болған Гүлсара мен Беделбай бас қосқан еді. Біздер, балалар да, тегіміз ретінде уақытша атамыздың атын алған болатынбыз. Әкеміздің әйелі Анютамен бірге түскен суреті ылғи да жатын бөлмедегі терезе алдында тұратын. Біз өмірдің күрделі кезеңдері мен тағдырдың бұралаң сәттерін дұрыс түсініп, қабылдай білдік. Ата-анамыздың альбомындағы Анютаның суретіне сүйсінуші едік, оның мәскеулік қызы Ларисаның суреттеріне таңдана көз салатынбыз. Кейінірек Лариса бізбен өте тығыз араласып, Меркіге келіп-кетіп тұрды.
Анамыз өмір бойы бізді зайырлылыққа және білімге тартумен болды.
Анық есімде, мен 6 жасқа келгенде анам әкемді кешкі мектепке барып, орта білім алуға көндірді. Осылайша әкем 32 жасында ауыл жастарының кешкі орта мектебіне оқуға барды, 33 жасында Меркі ауданы Кеңес ауылының депутаттығына сайланып, 34 жасында орта білім алды. Алған бағалары да адал еді – алгебра мен геометрия- үш, КСРО тарихы, Жалпы тарих, КСРО Конституциясы – төрт.
Анам 43 жасында Қазақ педагогикалық институтының «тарих және география мамандығы бойынша сырттай оқуға түсіп, осы пәндерден жоғарғы сыныптарға сабақ бере бастады. Институтта сырттай оқу қиынға түсті. Есімде, мен өзімнің балаң жазуларыммен оның конспектілерін көшіретінмін. Анам жұмыстан келе салып, залдағы үлкен үстел үстінде кешкі асқа қамыр илей бастайтын, пешті жағатын, шулап жатқан ұлдарын жұбататын, сосын қайтадан қамыр илеуді жалғастыратын. Оның қолынан бәрі келетін. Осылай жүгіріп жүріп қазақша сөздерден қате жіберіп қоймасын деп мен жазып жатқан қалың дәптерге де көз салып қоятын.
Анамның бізге – балаларына берген басты ұлағаты: «Әрдайым қолдарыңда өз нандарың болсын. Алда қандай тағдыр күтіп тұр, қандай өмірге тап боласыңдар, ол белгісіз. Ал білімді ешкім тартып та, ұрлап та ала алмайды. Әрқашан халықпен бірге болыңдар, өмірді белсенді сүріңдер, қоғамдық жұмыстан уақыттарыңды да, білімдеріңді де аямаңдар», болатын.
Әр адамның өмірдегі қиындықтарға, келеңсіздіктерге және тапшылыққа қарамай өмір сүруді жалғай беруге көмектесетін естеліктері болады. Жасың ұлғайған сайын өткен өмірдің қарапайым сәттерінің өзін бақыттың бір бөлшегіндей етіп айқын және сезімталдықпен еске аласың. Өмірден өтіп кеткен жақын адамдарыңмен түскен суреттерге көз салғанда жымиып отырып жылайсың.
Раиса РЫСҚҰЛБЕКОВА,
«Невада-Семей» Халықаралық ядролық қаруға қарсы қозғалыс» облыстық қоғамдық бірлестігі филиалының директоры.
Обсудить
Блок в статье:
МОМЫШҰЛЫ ӘЛЕМІ-- Б.МОМЫНҚҰЛ- 70 ЖАС.
28 май 2025, Среда
Жақсы бата – жарты бақыт
28 май 2025, Среда
Жақсы бата – жарты бақыт
28 май 2025, Среда
Похожие материалы:
Комментарии (0)