МАҚСАТ – БАЙЛАРДЫ ЖОЙЫП, КЕДЕЙЛЕРДІ ҚОЛ ШОҚПАР ЕТУ БОЛҒАН
1928 жылы Сырдария губерниясын аудандарға бөлу басталғаны тарихтан белгілі. Сырдария губерниясы Қызылорда және Сырдария округіне бөлініп, Сырдария окургінің құрамына Әулие-Ата, Жуалы, Меркі, Бостандық сияқты 21 аудан кірді.
Осы аудандарда жүргізілген кәмпеске науқанына қатысты құжаттар архивтегі «Сырдаринский окружной исполнительный комитет» деп аталатын қорда сақталған. Ол құжаттарда КСРО, АССР қаулылары, жиналыс хаттамалары, бай-феодалдарды кәмпескелеу жөніндегі тың құжаттар кездеседі.
Архивтегі кәмпескеге қатысты құжаттар орыс тілінде және төте-араб әліпбиімен қазақ тілінде жазылған. Машинкамен терілген және қолжазба түріндегі құжаттардың арасында оқылуы қиын мәтіндер де ұшырасады.
Өз заманында көптеген деректер бұрмаланып билікке тиімді жақтары ғана құжатқа түскені анық. Осындай құжаттардан шындықты аршып алып, ой қорыту оңай емес. Кәмпескелеу кезінде байларды жойып, кедейлерді өздеріне қол шоқпар етуге күш салынды. 1928-1930 жылдары болған байларды, кулактарды тәркілеу жер-жердегі көтерілістерге, 1932-1933 жылдардағы ашаршылыққа әкеп соқты.
Өкіметтің өктем билігі мен жүргізген солақай саясаты нәтижесінде ел арасынан «шаш ал десе, бас алатын», ар мен ұяттан безген шолақбелсенділердің қатары көбейді. Солардың кесірінен кәмпескелеу науқанында байлар, болыс, би, молда, ишандармен қоса азын-аулақ малы барлар қуғын-сүргінге ұшырады.
Кәмпескелеу тек малды тартып алумен ғана шектелмей, жылжымайтын мүліктерді, шаруашылыққа қажетті құрал-саймандарын да қамтыды. Ел жұртынан безіп, басқа өлкелерге де тоз-тозы шығып, жөңкігендер аз болмады.
Тарихи құжаттарға көз салсаңыз 1928-1929 жылдар аралығында жүргізілген байлардың мал-мүлкін кәмпескелеу науқаны 30 жылдары жүргізілген жаппай саяси қуғын-сүргіннің бастамасы болғандығы анық.
Байларды кәмпескелеуге қатысты құжаттардың көпшілігі тергеу істері, акт, рапорт, сипаттама қағазы т.б. болып сақталған. Актілерде байлардан алынған малдар, жасырып қалғаннан табылған малдардың тізімдері де кездеседі.
Мысалы, 1928 жылы 15 қазанда акт толтырушы 3-ші ауылды кәмпескелеуге шыққан уәкілдер ауыл азаматы Қ.Әділбекұлының үйінің төбесіне жиып қойған шөбінің арасын ақтарып, 1 мылтықты 32 оғымен, 4 оғы бар алтыатарды тауып, басында тұрып акті толтырған. Ірі байлардың мал-мүлкін кәмпескелеу туралы өкімет қаулысына сәйкес кәмпескелеуге ілінген №3 ауыл азаматы Қарабайдың үй мүлкін тізімдегенде төмендегілер анықталған: «Алты қанатты 2 ақ үй, уығымен және туырлығымен 4 үзік, 2 ақ киіз, 1 есік, 1 қоңыр түңлік, 2 үйдің 4 ірге киізі, одан басқа 1 үйге ескі қызыл бау және шаңырақ бау, 4 ши, осы үйге ауыстырып ұстап жүрген 2 қоңыр үзік, 2 қоңыр туырлық, 1 кілем, қоңыр киіз» – деген сияқты тексеру акт жазба қағаздары көп кездеседі.
Мұндай тінту жұмыстарын іске асырмас бұрын жиналыс жасап, хаттамалап отырған. Онда:
— 1928 жылы 10 қыркүйекте №16-шы ауылда жиналыс болды, жиналысқа қатысқандар саны 26 адам, басқа кедейлердің саны 16 адам, барлығы 42 адам. Уақытша жиналысты басқарған К. Батырбекұлы, хатшысы Р.Байсейітұлы. Жиналыс күндізгі сағат 10-да ашылды. Күн тәртібіндегі қаралатын мәселелер: Ірі байлардың малын алу туралы түсінік баяндама.Тыңдалды: Ірі байлардың малын алу туралы түсінік баяндама. Баяндамашы жолдас: К.Батырбекұлы. Қаулы етті: «Ірі байлардың малын алу туралы жолдас К.Батырбекұлының баяндамасын тыңдап, біздер жалпы мынадай қарар қабылдаймыз: Кеңес өкіметінің қолға алып, құлдыққа езіліп, жаншылып жүрген біздерді датқа байлардың қанауынан құтқаруға шығарған қаулысына қосыламыз. Осы жүргізіліп отырған жұмыстың жемісті болуына аянбай ат салысып қызмет етеміз. Мәжіліс төрағасы: К.Батырбекұлы. хатшы: Р.Байсейітұлы, – деп жазылған.
Осы мәжіліс төрағасының жоғары жаққа жолдаған тағы бір анықтамасында былай делінген: «№16-шы ауылдың байы Ш.Медерұлының жасырған малдарынан 40 қой, 16 жылқы таптық. Мал жасырған жоқпын дейді. Қойған қолына қарағанда жоғарыдағы малдардың рас екендігі анық болып отыр. Сондықтан, бұған сот процесі кезінде үлкен жаза беру керек екендігін сіздерге аудандық уәкіл ретінде ұсынамын. 16-шы ауыл уәкілі: К.Батырбекұлы».
Мінеки, осындай әр құжаттың артында адам тағдыры тұр. Мұндай құжаттар мыңдап кездесетіндіктен зерделеуді, саралауды қажет етеді. Қалай дегенмен де, қазақ тарихындағы осындай қасіреттерді санамыздан ешқашан өшірмеуіміз керек. Осындай ащы тарихымызды зерделей келе Тәуелсіздік қадірін тереңірек түсіне білетініміз ақиқат.
Нұрхат СЕРІКБАЕВ
«Тараз қаласы мемлекеттік архиві» мемлекеттік мекемесінің директоры,
Жамбыл облысы бойынша «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық
ақтау жөніндегі» мемлекеттік комиссия мүшесі.
Обсудить
Блок в статье:
БӨЛТІРІКТІҢ БЕДЕРЛІ БЕЛЕСІ
28 ноябрь 2024, Четверг
СТАЛИНГЕ ХАТ ЖАЗҒАН ҚАРИЯ
20 ноябрь 2024, Среда
КӘСІБІ – ТРАКТОРШЫ
18 ноябрь 2024, Понедельник
Похожие материалы:
Комментарии (0)