Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » ҚҰЖАТТАРДА ХАТТАЛҒАН ҚАСІРЕТ

ҚҰЖАТТАРДА ХАТТАЛҒАН ҚАСІРЕТ

26 май 2023, Пятница
97
0
Қанша ғасыр өтседе халықтың жадынан өшпейтін қасіретті ұрпақтар еш уақытта ұмытпақ емес. Кеңес заманы кезінде сондай қанды қырғынға ұласқан бірнеше оқиғалар толқынын қазақ халқы бастан өткерді. Саяси қуғын-сүргін зобалаңын біздің халқымыз көрудей-ақ көрді. Бүгінде сол қасіретті оқиғаларға қатысты деректер архивтердің сарғайған қағаздарында, құжаттарында сақтаулы. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында журналист Есет Досалы Тараз қалалық мемлекеттік архиві мекемесінің директоры Нұрхан Серікбаевпен кездесіп, кешегі өткен тарихымыздың қаралы беттері туралы әңгіме-сұхбат құрған еді. Соны Сіздердің назарларыңызға ұсынуды жөн көріп отырмыз. 

ТІЛШІ: – Әңгімеміздің әл-қиссасын мынадан бастасақ. Шыны керек, облыс аумағында саяси қуғын-сүргін құрбандары түгелге жуық ақталды деп айта алмаймыз. Бұл бағытта Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен кешенді жұмыстар жүріп жатқанынан да хабардармыз. Міне, осылар жөнінде кеңірек әңгімелесеңіз.  
Нұрхан Серікбаев: – Жөн айтасыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылы 24 қарашада "Саяси қуғын сүргін құрбандарын толық ақтау жөнінде" арнайы Жарлығы болды. Президенттің сол Жарлығымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөнінде мемлекеттік комиссия құрылды.  Содан бері қарай мемлекеттік комиссия, жергілікті жерлерде құрылған кіші жұмысшы топтар саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық анықтау, жаппай ұжымдастыру, тәркілеу, ашаршылық науқандары кезінде жүйелі түрде жүргізілген жолсыздықтардың зар-даптары жайлы құжаттарды терең  зерделенуде. Қазақ жерінде, оның ішінде Әулиеата өңірінде кеңес өкіметін күштеп орнықтыру, түрлі зорлық-зомбылықтарды қолдана отырып, халыққа қарсы саяси науқандары ұйымдастыру, халықтың бас көтерулерін, наразылықтарын аяусыз жаншып басу жөніндегі партиялық-кеңестік органдардың шешімдерін іске асыру бағатында қабылданған шаралар  туралы көптеген мәлімметтер жинақталды. Шыны керек, бұндай құжаттардың көпшілігі 1939 жылға дейін Түркістан облысының мемлекеттік архивтерінің қорында сақталып келіпті. Көрші облыстың архив мекемелерімен әріптестік қарым-қатынас орнықтыру арқылы көптеген құнды құжаттарға қол жеткіздік. 
Сол кездегі солақай саясат бірінші кезекте қолдап, зорлап ұжымдастыруға, кәмпескелеуге қатысты болды.  Бұл саяси науқандарға көнбегендер тергелді, қуғынға  ұшырады, сотталды, ату жазасына кесілді. 1927-1928 жылдарда болған ашаршылық кезінде жергілікті халық үйлерін тастап, беттері ауған жаққа үдере көшті. Архивтің №29 қорындағы №600 істе Меркі, Сарысу аудандарында байлардың қарсылық көрсетіп, бас көтерулеріне байланысты 200 адамнан тұратын әскери отряд жіберіліп жазалу шаралары жүргізілгендігі айтылған. Архив деректерде Әулиеата уезіне қарасты Аса, Талас, Шу, Меркі болыстарында 200-300 малы бар байлардың аты-жөні, мал-мүлкінің саны, тұрғылықты ауылы, иелігіндегі жерлері, малшылары мен жұмысшыларының, ұсақ және ірі қара малдарының бөлек-бөлек сандары көрсетіліп, жоғарыға жолданылып отырғандығы жөнінде мәліметтер бар. Архив құжаттарынан небір сұмдық жағдайларды көруге болады. Бастапқыда тәркілеу туралы декретте байлардың санатына көшпелі аудандарда 400, жартылай көшпелі аудандарда 300 ірі қарасы бар шарулар жатқызылса, 1930 жылға қарай көшпелі ауылдардағы 40-50 ірі қарасы бар орта шаруалар байлардың қатарына жатқызылып, тәркілеуге ұшырады. 
Мұндай жолсыздықтар, сөз жоқ халықтың наразылығын тудырды. 1929  жылдан бастап күштеп ұжымдастыруларға қарсы халықтың наразылығы әр жерден бой көтерді. Наразылыққа шыққандарды большевиктік-сталиндік билік "банды" деп атап, олардың ішіндегі Қазақстанды Жапония, Түркия елдерінің жолымен дамытуға шақырған білімді адамдарды "тыңшылар", "Отанын сатқандар" деп жариялады. 
Мемлекеттік комиссия мен жергілікті жерлердегі кіші жұмысшы топтардың міндеті – құрбандар мен зардап шеккендердің барлық санаттарын толық заңдық тұрғыдан саяси ақтауды аяқтау және саяси қуғын сүргі салдарынан Қазақстаннан кетуге мәжбүр болған қазақстандық босқындардың мәселесімен айналысу болып табылады. Жалпы бүгінгі ұрпақ әр кезеңде саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болған ата-бабаларына қатысты тарихи әділеттілікті қалпына келтіру жөнінде жұмыстың жүріп жақанын білуге құқылы. 
ТІЛШІ: – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау, өткен тарихымыздағы келеңсіздіктер туралы шындықты зерделеу бағытында атқарылып жатқан біршама жұмыстардан хабардар болдық. Қалалық мемлекеттік архив мекемесінің жұмысына нақтырақ тоқталсаңыз.
Нұрхан Серікбаев: – Архив қызметі күнделікті өмірімізбен бірге өзгеруде, жұмыстар жаңаша ұйымдастырылуда. Біздің жұмысымыздың маңыздылығы өлшеусіз. Мәселен, қызметіміздің  негізі бағыты – қор жинақтау, құжаттардың сақталуын қамтамасыз ету, қор құрамын зерттеп, жүйелеу, ғылыми анықтамалар мен көрсеткіштер жасау, құжаттарды пайдалануды ұйымдастыру және жария ету. Архивте сақталатын мемлекеттік, экономикалық, саяси-идеологиялық құжаттар ұлттың рухани байлығының бір бөлігі болып табылады. 
Біздің архив қызметінде халықаралық байланыстардың артып келе жатқандығы айтуға тиістімін. Тәуелсіздік жылдарында Қытай, АҚШ, Ресей, Маңғолия, Түркия, тағы басқа да көптеген мемлекеттерден қазақ тарихына қатысты бес мыңға жуық маңызды деректерге қол жеткіздік. 2007 жылдан бері Тараз қалалық мемлекеттік архивінде ұлттық архив қорын қалыптастыру, мемлекеттік қызмет көрсету бөлімдері жұмыс істейді. Біздің қызметіміз замануи техника құралдарымен қаматамасыз етілген, құжаттар электронды сандық форматқа көшірілген. Нақтылап айтар болсақ, біздің архивімізде 222 қор, 40 мыңнан аса сақтау бірлігі бар. Осынау сансыз құжаттардың әрбір парақ беттері, өшуге айналған  мәтіндер қалпына келтіріліп отырады. Біздегі ең көне құжаттар 1925 жылдан басталады. 
Біздегі барлық деректердің болашағымыз үшін зор маңызы бар екендігін атап айтуым керек. Олардың сақталуы – біздің қызметтік борышымыз. 
Мемлекеттік "Архив – 2025" бағдарламасының қабыл-данғандығын сіздер жақсы білетін шығарсыздар. Осы бағдарлама бойынша архивтердің материалдық-техникалық базасы нығайтылуда, қызметкерлеріміздің жалақысы да көтеріліп жатыр, оның үстіне 22 желтоқсан архив қызметкерлерінің кәсіби мерекесі болып белгіленді. 
ТІЛШІ: Нұрхан Тірібосынұлы, Сізге маңызды әңгімеңіз үшін алғысымызды білдіреміз.

Сұхбаттасқан Есет ДОСАЛЫ, 
журналист,
Тараз қаласы.
Обсудить

Похожие материалы:

Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры