Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » Қоғам » Қарияны төрге оздыру – дәстүр, ал оның мәселесін шешу – жауапкершілік!

Қарияны төрге оздыру – дәстүр, ал оның мәселесін шешу – жауапкершілік!

30 сентябрь 2026, Среда
5 464
0
Қазақ «Қарты бар үйдің – қазынасы бар» деп бекер айтпаған. Қария – кешегі күннің куәсі ғана емес, бүгінгі қоғамның да тірегі. Оның өмірден көргені, түйгені, ұрпаққа айтары бар. Сондықтан үлкенге құрмет көрсету – халқымыздың ежелден қалыптасқан құндылығы.
Бірақ осы құндылықты біз бүгінде қалай сақтап жүрміз?
Жыл сайын 1 қазан – Халықаралық Қарттар күні келгенде қарияларға гүл ұсынып, сыйлық беріп, түрлі мерекелік шаралар ұйымдастырамыз. Әлеуметтік желіде ақсақалдарға құрмет көрсетілген суреттер жарияланады. Ресми жиындарда ізгі тілектер айтылады. Мұның бәрі, әрине керек. Бірақ қарияға деген құрметтің шынайы өлшемі мерекелік дастарқан мен бір күндік марапатта емес.
Қарт адамның күнделікті тұрмысына, өміріне қарасақ, мәселенің басқа қыры көрінеді.

Көмек бар.
Бірақ оған Қол жеткізу қиын

Ресми дерекке сүйенсек, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда ең төменгі зейнетақы 69 049 теңге болып белгіленді. Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері – 35 596 теңге. Ең төменгі күнкөріс деңгейі – 50 851 теңге. Жасына байланысты және еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдері 10 пайызға арттырылды.
Бұл – әлеуметтік қолдаудың сандық көрсеткіші.
Алайда қарт адамның қажеттілігін тек ай сайынғы төлем көлемімен өлшеу жеткіліксіз. Жыл өткен сайын денсаулыққа байланысты шығын көбейеді. Дәрі-дәрмек, медициналық тексеру, оңалту, санаторийлік ем – мұның бәрі зейнеткердің қалтасына салмақ түсіреді және ол аз десеңіз жыл сайын қымбаттап жатады. 
Осы тұста жергілікті әлеуметтік қолдаудың уақыт өткен сайын маңызы артып келе жатқандығын айтуға тиістіміз.  Жамбыл облысында қарттарға көрсетілетін көмектің бір бағыты – санаторийлік-курорттық емделуге жұмсалған шығынды өтеу. Облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Самат Болатұлының айтуынша, бұл көмекке отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің үш еселенген мөлшерінен, яғни 152 553 теңгеден аспайтын азаматтар үміткер бола алады. Өтемақы көлемі – 45 айлық есептік көрсеткіш, яғни 194 625 теңге. Бұл шекті жеңілдіктер Қазақстан Республикасы Үкіметінің №523 қаулысымен реттелген. 
2026 жылғы 1 қыркүйектегі мәлімет бойынша облыста санаторийлік-курорттық емделуге жұмсалған шығынды өтеу үшін 220 адамға 36,4 миллион теңге төленген. Оның ішінде Тараз қаласында 36 зейнеткерге 5549,1 мың теңге, Жуалы ауданында 14 зейнеткерге 2 673,5 мың теңге, 6 ардагерге 167,8 мың теңге берілген.
Қаражат бөлінген. Көмек көрсетілген. Бірақ осы жерде тағы бір сұрақ туындайды: әлеуметтік қолдау шынымен мұқтаж адамға барынша жеңіл жолмен жетіп отыр ма?
Жуалы ауданындағы Мыңбұлақ ауылдық округі бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Мұхтар Тұрғынбековтің айтуынша, зейнеткерлердің сауықтыру орындарына баруына қойылатын талаптар мен рәсімдер кей жағдайда қарт адамға қиындық келтіреді.
– Зейнеткерлердің сауықтыру шипажайларына барып, денсаулығын түзеп қайтуына жыл сайын бюджеттен қаржы бөлінетіні жақсы. Алайда жолдама алу үшін қойылатын талаптар мен жиналатын құжаттар өте көп. Кейбір қарттар қажетті құжаттарды қайдан алатынын, қалай рәсімдейтінін түсіне бермейді. Бұл – бір, екіншіден шипажайларға мұндай жеңілдіктер бар екендігін көп адам білмейді, тиісті облыстық, қалалық, аудандық әлеуметтік салаға қатысты мемлекеттік мекемелер тарапынан ақпараттандыру жағы жеткілікті емес. Сондықтан сауықтыру орталықтарына бару талаптарын мүмкіндігінше жеңілдетсе деген ұсынысымыз бар, – дейді ардагер.
Мәселе осында.
Қағаз жүзінде көмек бар болғанымен, оны алу механизмі қарапайым болмаса, мемлекеттік әлеуметтік саясаттың тиімділігіне сұрақ туындайды. Әсіресе ауылда тұратын, жасы келген, цифрлық қызметтерді жетік меңгермеген қария үшін құжат жинаудың өзі үлкен әуреге айналуы мүмкін.
Әлеуметтік көмек адамға арналған болса, оны алу жолы да адамға ыңғайлы болуы керек емес пе?
Жалғыз қалған қарияның жағдайына кім жауапты?

Қарттықтың тағы бір елеулі мәселесі – жалғыздық.
Жуалылық белсенді ақсақал Мұхтар Тұрғынбековты ауылда жалғыз тұратын, жанында қарайласатын адамы жоқ қариялардың жағдайы толғандырады. 
– Ауылда жалғыз тұратын, жанында қарайласатын адамы жоқ қарттар бар. Кейде бір қарағанда ұсақ болып көрінетін шаруаның өзі жасы келген адам үшін үлкен мәселеге айналады. Сондықтан әлеуметтік қызмет қарттың нақты қажеттілігіне қарай көрсетілгені маңызды, – дейді ол кісі.
Бұл – назардан тыс қалмауы тиіс мәселе. Бір қартқа дәрігердің кеңесі керек болуы мүмкін. Екіншісіне үй шаруасына көмектесетін адам қажет. Үшіншісі дүкенге немесе емханаға өзі бара алмауы мүмкін. Ал кейбірінің ең үлкен қажеттілігі – жай ғана сөйлесетін, халін сұрайтын адамның болуы.
Демек, қарттарға көрсетілетін әлеуметтік қызметтің өлшемі «қанша адамға көмек берілді?» деген статистикамен ғана шектелмеуі керек. «Көмек нақты қандай қажеттілікті өтеді?» деген сұрақ та қатар қойылуы қажет.

Қарияның қоғамдағы орны төрде отырумен ғана өлшенбейді

Қарт адамды үйде төрге шығару – қазақы тәрбиенің көрінісі. Бірақ қоғамдағы мәртебесі тек төрдегі орнымен шектелмеуі керек.
Тараздық белсенді ақсақал Сәрсенбай Мыңбаев қарттардың қоғамдық өмірге көбірек араласуына жағдай жасау қажеттігін алға тартады. Оның пікірінше, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан, қоғамдық жұмыстарға белсенді араласқан қариялардың тәжірибесін тиімді пайдалану маңызды.
Ол ардагерлер ұйымдарында басшылық қызмет атқарып жүрген қарияларды қолдау, сауықтыру орталықтарын көбейту, зейнеткерлерге қоғамдық көлікте жеңілдіктер қарастыру, театр, кино және мәдени-спорттық шараларға билеттерді қолжетімді ету мәселелерін көтереді. Сондай-ақ қарттардың шығармашылық топтарына музыкалық аспаптар мен сахналық киімдер алуға қолдау көрсетудің маңызына тоқталады.
Мұның бәрі бір қарағанда ұсақ-түйек көрінуі мүмкін.
Бірақ қарт адамды қоғамнан шеттетпеудің өзі осындай қарапайым қолдаулардан басталады.
Зейнетке шыққан адам – қоғамға қажетсіз болып қалған адам емес. Керісінше, оның өмірлік тәжірибесі, кәсіби біліктілігі, көргені мен түйгені – кейінгі буын үшін дайын мектеп.
Сондықтан қарияны тек әлеуметтік көмек алушы ретінде қарастырудың өзі біржақты түсінік болар еді.

Қаражат бөлінді.
Ал нәтиже қандай?

Жамбыл облысында ардагерлерге де бір реттік әлеуметтік көмек көрсетіледі. 2026 жылы Жеңіс күні қарсаңында облыста жалпы 3 965 адамға 471 273 мың теңге көлемінде әлеуметтік көмек берілген.
Әрине, бұл – жалпы алғанда аз қаржы емес.
Бірақ мемлекеттің әлеуметтік саясатының нәтижесін тек бөлінген қаржы көлемімен бағалау жеткіліксіз. Миллиондаған теңгенің жұмсалғанын айту бір бөлек те, сол қаражат қарт адамның тұрмысын нақты қаншалықты жақсарта алды, бұл бөлек әңгіме.
Мәселен, санаторийге барған зейнеткердің денсаулығы жақсарды ма? Жалғыз тұратын қарияның тұрмыстық мәселесі шешілді ме? Әлеуметтік қызмет оған уақытында жетті ме? Көмек алған азамат бұл қолдауға қаншалықты риза?
Мұндай сұрақтардың жауабы да статистикамен бірге айтылуы керек.
Өйткені әлеуметтік жұмыстың басты нәтижесі – есептегі сан емес, адамның өміріндегі өзгерісте.

қариялар газет оқудан
қол үзген жоқ 

Қарттардың өміріндегі тағы бір назар аударарлық мәселе – ақпаратқа қолжетімділік.
Мұхтар Тұрғынбековтің айтуынша, ауылдағы қариялар үшін мерзімді басылымдардың орны ерекше.
– Біз газетке жақсы жазыламыз, оқимыз. Газет – біздің тұрақты ақпарат көзіміз. Бірақ пошта арқылы жаздырған басылымдарымыз кешігіп келеді. Газет уақытында қолға тимеген соң, оның жаңалығы да өзектілігін жоғалтады, – дейді ардагер.
Бүгінде жастар ақпаратты телефоннан бір сәтте алады. Ал үлкен буынның бір бөлігі үшін газет әлі де маңызды ақпарат көзі болып отыр.
Сондықтан мерзімді басылымның уақытында жеткізілуі де қарияның қоғаммен байланысының бір бөлігі екенін ескерген жөн.
Бір қарағанда бұл – ұсақ мәселе.
Ал қарт адамның күнделікті өміріне жақыннан қарасақ, оның да өзіндік салмағы бар.
Тілші түйіні

Қарттар күні – күнтізбедегі тағы бір атаулы датаға айналып кетпеуі керек.
Қарияға бір күн гүл сыйлап, келесі күні оның мәселесін ұмытып кетсек, онда біздің құрметіміздің мәні қанша?
Қартты қадірлеу – мерекелік шара өткізумен, сыйлық табыстаумен немесе есепке бірнеше әлеуметтік көрсеткіш енгізумен бітпейді. Шынайы қамқорлық адамның күнделікті өмірінен көрінеді.
Әлеуметтік көмекті алу оңай ма? Жалғыз тұратын қарияның жағдайын біреу тұрақты бақылап отыр ма? Сауықтыруға жеңілдетілген жолдама алудан мұқтаж зейнеткер құжаттың көптігінен бас тартып қалмай ма? Ауылдағы қария ақпараттан тыс қалмай ма? Қоғам оның тәжірибесін пайдаланып жүр ме?
Міне, қарттарға қатысты саясаттың шынайы өлшемі – осы сұрақтарға берілетін жауапта.
Мәселен, ардагерлерді құжат жинау мәселесінде әрлі-берлі сандалтпай, әуре-сарсаңға салмай «Отбасылық цифрлық карта» әзірленіп, құжаттар сонда сақталса. Сонда өзі әрең жүріп жүрген қарт кісілер құжат жинап сабылмас еді. 
Қарияны төрге отырғызу – дәстүр. Ал оның мәселесін тыңдап, шешуге тырысу – жауапкершілік!
«Қариясы бар ел – қазыналы ел» дейміз. Ендеше сол қазынаны жылына бір рет іздеп, қалған уақытта ұмыт қалдырмайық. Қартқа құрмет сөзбен емес, күнделікті жасалған нақты жағдаймен өлшенгенде ғана оның мәні артады.

Мақпал Сүйінбай, 
журналист 

Тараз қаласы 

Обсудить
Блок в статье:
Ұстаз. Қайраткер. Шежіреші 30 сентябрь 2026, Среда
Ұстаз. Қайраткер. Шежіреші 30 сентябрь 2026, Среда

Похожие материалы:

Құрмет – қарияларға
07 август 2024, Среда
Құрмет – қарияларға
Болашақтың иесі - жас буын!
08 июнь 2026, Понедельник
Болашақтың иесі - жас буын!
Дәстүрдің озығы бар...
14 октябрь 2020, Среда
Дәстүрдің озығы бар...
ТЕКТЕН НӘР АЛҒАН ТОЗБАЙДЫ
25 август 2022, Четверг
ТЕКТЕН НӘР АЛҒАН ТОЗБАЙДЫ
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры