ТЕКТЕН НӘР АЛҒАН ТОЗБАЙДЫ
Көптен ойда жүрген мәселе еді. Бүгінде жасымыз да, жасамысымыз да теледидар қараймыз, әлеуметтік желілерге де көз жүгіртеміз. Менің ойымша, ақпараттар ағыны тосқауыл бермей тұрған мына заманда абай болмасақ, арты жақсы болмайтындай көрінеді маған. Ілгеріректе қазақтың дана тұлғасы – Дінмұхамед Қонаев жарықтық: «Алыпқашпа сөздерде ауыздық болмайды. Сондықтан, көрпе астынан ши жүгіртіп отыратын өсекшілер мен асыңды ішіп, бөстегіңді тіліп кететін арызқойларды суқаным сүймеді. Арқасынан аяз өткен кісілер түсінеді. Ондайларға кешіріммен қарауға болмайды» деген екен. Ол кезде ғой интернет деген болған жоқ. Қазақта ауызекі өсек сөздің өзі елді бүлдіруге жетіп жататын.
Әлеуметтік желілерді қарап отырсам, айтылмайтын әңгіме жоқ, болып жатқан оқиғаларға сабаздарын өздерінше баға береді, кіріспейтін мәселелері жоқ. Ел басқарып отырған Президентімізден бастап, берідегі министрлер, әкімқараларға дейін жерден алып , жерге салып жатады. Кемшіліктерді айтқандары дұрыс шығар, бірақ шектен шықпауы керек қой. Сонда солар ғана ақылды ма? Пиғылдарына қарасаң, тыныш жатқан елімізді алатайдай бүлдіруге құмар. Әрине, қоғамда болып жатқан жолсыздықтар, жөнсіздіктерді жоққа шығаруға болмас. Бірақ, айдың, күннің аманында қара түнек орнатудың қандай қажеті бар. Елімізде болып жатқанның бәрі жақсы деп айта алмаспыз, бірақ ілгері жылжып жатырмыз, заманымыз жақсыға қарай бетбұрыс жасап жатыр. Бетімен кетушілікке біраз тосқауылдар қойылуда. Барды бағалай білген дұрыс. Мұндайда сынға ілініп жатқан билік өкілдері тарапынан да қарын аштыратын жолсыздықтардың бар екендігін жасыруға болмайды. Аудандық деңгейдегі басшылардан бастап Астанадағы министрлерге дейін халықпен кездесулерде ашық, іскерлік әңгіме болмайды. Өтірік араласып кетеді. Үәде көп. Министрлер, әкімдер халықтың өз тілінде сөйлесе алмайды. Содан барып жоғарыда айтқанымыздай жалған әңгімелер шығып, әлеуметтік желіде құрғақ әңгіме желдей еседі.
Жалпы, біз өзгерісті әрқайсымыз өзімізден бастауымыз керек. Өзіміз дұрысталуға тиістіміз. Үйдегі күйбең тіршіліктен бастап, қоғамдағы жүріс-тұрысымызға, іс-әрекетімізге дейін жөндеуіміз керек. Өзімізді де, сөзімізді дұрыстағанымыз жөн. Әлеуметтік желі арқылы қара түнекті орнатқаннан гөрі, әрқайысымыз іс-әрекетімізге, жұмыс орнындағы нәтижемізге, отбасындағы бала тәрбиесіне, көшедегі жүріс-тұрыс мәдениетімізге талап қоя алсақ, қоғамның жаңаруына лайықты ықпал ете алған болар едік.
Қоғамның жаңаруына біздер – қариялар қалай үлес қоса аламыз? Ең бастысы, жақсы қартаюымыз керек. Жақсы қартаю деген, меніңше біздің жақсы бата-тілегіміз, жақсы әңгімеміз, ел жиналған жердегі орнықты ақыл-кеңесіміз, мәдениетті жүріс-тұрысымыз. Міне, осылай еткенде ғана біздерге төрден орын беріледі, елдің құрмет-ілтипаты көрсетіледі. Біздің әрбір есті әңгімеміз өзімізден кейінгілердің құлағына жетіп жатса, одан артық қандай мәртебе керек. Бүгінгі менің айтпағым осы еді.
Доқтырхан Байбатшаев,
Шу аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Обсудить
Блок в статье:
Адамгершілігі бар адам –арлы адам
25 октябрь 2024, Пятница
ІСТІҢ АДАМЫ
25 октябрь 2024, Пятница
Әке аманаты
25 октябрь 2024, Пятница
Похожие материалы:
Комментарии (0)