Көрші тату болса – берекең молаяды

Билер алқасы бұл істі ушықтармай дереу қолға алып, төмендегідейжұмыстарды атқарды.
– ауыл әкімдігінің жер бөлу құжаттары зерттелді;
– аудандық жер қатынастары бөлімінің картографиялық деректері қарастырылды;
– Тұрғындардың куәліктері тыңдалды (көршілер мен ақсақалдары);
– нәтижесінде дау өз шешімін тапты.
Жер телімінің ресми құжаттарына сәйкес, Н.С мырзаның жер телімі бастапқы шекарасына қайтарылу тиіс, заңсыз иемденген 2 соттық жерді босатып, ортақ пайдаланылатын аймаққа қайта өткізуі керек, – деген ұйғарым жасалып, екі тарап татуласу туралы келісімге қол қойды.
Ортақ пайдаланылатын жерлерге қатысты болашақта осындай даулар туындамас үшін, арнайы белгілер орнату тапсырылды.
Билер кеңесінің төрағасы ретінде:
– Қадірменді ағайын, ардақты ауылдастар!
Бүгін біз ауылдың тыныштығы мен ынтымағын сақтау үшін жиналдық. "Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ" дейді дана халқымыз. Біздің міндетіміз – әділ төрелік айтып, ағайынның арасын жарастыру. Сендер көрші ғана емес, ауылдас азаматсыңдар. "Көрші ақысы – Тәңір ақысы" деп бекер айтылмаған. Көршімен тату тұрған адамның шаңырағы шайқалмайды, ырысы кемімейді. Бірақ бүгінгі дауларың – ортақ шекараға қатысты. жер – ата-бабамыздан қалған қастерлі мұра. "Жер дауы – ел дауы" деген, сондықтан бұл мәселені әділетті түрде шешу – біздің парызымыз.
Құжаттарға көз жүгірттік, куәларды тыңдадық, ақиқатқа көз жеткіздік. Шындықтың жүзі – суық, бірақ әділдік салтанат құруы керек. Көршінің жеріне заңсыз кіру орын алғаны анықталды. Бұл – көршіге жасалған әділетсіздік. Алайда, біз арсыздықтың отын емес, татулықтың дәнін себуге тиіспіз.
Б.А. мырза, сізден өтініш – ортақ жерге қол сұқпай, бауырлық пен көршілік сыйластықты сақтаңыз. "Қазық қағылған жер даулы болмайды" дейді. Бүгін осы шекара белгіленді, бұдан былай оған талас болмасын. Ағайындық кеңдік танытып, кешірімді болайық. "Ағайын – араз болса, ауыздағы кетеді, тату болса, табақтағы жетеді".
Екеуіңнің бірлігің – ауылдың берекесі. Ынтымақты сақтау – баршамызға сын. Сондықтан осы шешімге келісіп, татулықпен тарқасайық. Ертеңгі күні бір-біріңнің есігіңді қағасыңдар, қуанышыңды бөлісерсіңдер. "Ағайын тату болса – ат көп, абысын тату болса – ас көп". Сол себепті, елдігімізді жоғалтпай, бүгінгі даудан кейін бір-біріңе ағайындық көңілмен қараңдар.
Ал енді, осымен бұл даудың нүктесі қойылды. Ауылдың ауызбіршілігін бұзбай, тату-тәтті өмір сүрейік!, – деп алақандай ауылымыздағы екі көршінің арасында бұрқ ете қалған дауды ақылмен шешіп, аталы сөзімді айттым. Билер кеңесінің бұл туралы шешімін ауылдастарым бірауыздан қолдады.
Билер кеңесінің шешімі ауыл тұрғындарының алдында әділ деп танылып, екі тарап мәмілеге келді. Кеңес мүшелері осындай дауларды болдырмау үшін тұрғындарды жер құжаттарын уақытылы рәсімдеуге және заңға сай әрекет етуге шақырды.
Жексембек БАХТИЯРОВ,
Қонаев ауылдық
билер кеңесінің төрағасы
Шу ауданы
Обсудить
Блок в статье:
Руханият
13 июнь 2025, Пятница
Ұлағат
13 июнь 2025, Пятница
Өнеге
13 июнь 2025, Пятница
Похожие материалы:
Комментарии (22)