ТҮЛЕКТЕР АУЫЛДЫ ТҮЛЕТУДЕ
Ойық ауылы дегенде осы елге аянбай еңбек еткен Әнуарбек Тәжімбетов және Жамаубай Айтқұлов сияқты ел ағалары ойға оралады. Олар елдің ауызбірлігін сақтай отырып, адамдарды еңбекқорлыққа тәрбиеледі, ауылдың мәдениетін көтерді, гүлдендірді, көркейтті. Қазір біздің қуанатынымыз – сол әкелеріміз, ағаларымыз салып кеткен сара жолды жалғастыратын жастардың жаңа легінің өсіп келе жатқандығы. Олардың ұлағатты тіршілігіне қарап отырып, біздер ардагерлер қауымы жастардың жақсы құлшынысына қуанып қана қоймай қолдау білдіреміз, қол ұшымызды береміз.
Қараңызшы, бірер жылдың көлемі болды ауылымызда қауым болып асарлатып үй салу дәстүрі жалғасын тауып жатыр. Ұрлық-қарлықты, бет жоқ арақ ішуді тоқтату үшін жастарымыз бас болып біраз тіршілік жасауда. Әрине, жақсы істер туралы айта берсек әңгіме көп. Бұл жолы әр жылдарда мектеп бітіріп кеткен түлектердің жыл сайын жиналып келіп, елге жасап жатқан жақсылығы туралы баяндамақпын.
Расы керек, сонау тоқырау жылдарында жайнап тұрған ауылымыздың тоз-тозы шығып, күйреп қалғандығын көзіміз көрді. Үйлер бұзылды, жолдардан сән, тірліктен мән кетті.
Қоғамымыз өзгеріп жатыр, санамыз өзгеріп жатыр. Біреу келіп, істеп береді деген ниеттен арылатын уақыт та жетті. Осы арада жастарымыздың туған ауылын қалпына келтіріп, көркейтуге деген ниеті бізді қуантады. Ойық ауылындағы орта мектепті бітіріп кеткен, бүгінде еліміздің, облысымыздың әр түрлі аймақтарында еңбек етіп, несібесін тауып жүрген түлектеріміздің жиналып келіп, туған ауылдарын гүлдендіруге қол ұшын берулері құптауға, қолдауға тұрарлық. Мектеп бітіргендеріне бес, он, жиырма, отыз, қырық жыл болған түлектер елге жиналып келіп, ауыл ақсақалдарымен ақылдаса отырып, игілікті шаруа жасауда. Олардың мұндай игілікті істерін қалай мадақтаса да болады.
Сол мектеп бітіруші түлектердің соңғы жылдары атқарған жұмыстарын санамалап отырсам, қыруар тіршілік атқарылыпты. Ауылдың 1959 жылы туылған ұл-қыздары Ойық орта мектібінің алдына Дінмұхамед Қонаевтің кеуде мүсінін, ал 1974 жылы туылған ұл-қыздар ауылдың кіре-берісіне «Ойық ауылы» деп жазылған үлкен қақпа орнатты. Тағы бір топ түлектеріміз «Ауылым – алтын бесігім» ескерткіш белгісін жасады. Сондай-ақ, әр жылдарда мектеп бітірген түлектердің тікелей атсалысуымен Әнуарбек Тәжімбетов атындағы мәдениет үйі қоршалды, қақпа орнатылды, маңайына гүл егілді, кіші футбол алаңы қоршалып, шым төселді.
Д.Қонаев атындағы Ойық орта мектебін көркейту бағытында бірқатар жұмыстар атқарылды. Ауылға кіре-берістегі қыр басындағы алаңқайға киіз үй пішіндес нысан орнатылып, жолаушылар бір мезгіл аялдап демалатын орын жасақталды. Д.Қонаевтың Талас ауданына сапары кезінде тоқтаған қыр басына ұлы тұлғаның 110 жылдық мерейтойына байланысты құлпытас және бастырма орнатылды. Бұл жерге қазіргі кезде ары өткен, бері өткен жолаушылар тоқтамай өтпейтін болды.
Бұл тізімді одан ары қарай жалғастыра беруге болады. Айналайын, ауылдың балалары осындай-осындай тіршіліктерімен елдің алғысына бөленуде. «Көп түкірсе – көл» деген, сол мектеп бітірген түлектер өздері ұйымдасып, бас қосып, ауыл адамдарымен, ақсалдарымен ақылдасып, жыл сайын ауылға бір шыбық болса да қадап, бір нысан болса да қолдарымен тұрғызып өздерінің перзенттік борыштарын атқаруда.
Біз жастарымыздың бастамаларына қашан да қолдау білдіріп отырамыз. Олардың өкілдері жиналып, бізбен – ақсақалдармен жастар кеңеседі, қай жерге қандай нысан тұрғызу керек, қандай әлеуметтік нысанға қосымша тіршілік атқару керек, ол мәселелерді ақылдасып аламыз. Жастарға ақыл-кеңесімізді береміз, олардың жұмыстарына, бастайтын шаруаларына сәттілік тілейміз. Осылайша ауылымызды бірлесіп, қауым болып көркейтуге атсалысудамыз.
Пана РАХМАНБЕРДІҰЛЫ,
Ойық ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы,
Талас ауданының Құрметті азаматы.
Обсудить
Блок в статье:
БӨЛТІРІКТІҢ БЕДЕРЛІ БЕЛЕСІ
28 ноябрь 2024, Четверг
СТАЛИНГЕ ХАТ ЖАЗҒАН ҚАРИЯ
20 ноябрь 2024, Среда
КӘСІБІ – ТРАКТОРШЫ
18 ноябрь 2024, Понедельник
Похожие материалы:
Комментарии (0)