Ауылымыз көркейіп келеді
Ауылымыз көркейіп келеді
Жыл сайын көкмайсалы мамыр айы келіп, мектептерде оқу жылы аяқталар тұста ұшқан ұясын бұдан 5, 10, 20, 25, 30 жыл бұрын бітіріп кеткен түлектер жан-жақтан бас қосып, гүжілдесіп той тойлап жатады. Бас қосқаннан кейін мал сойылады, аста-төк дастархан жайылады, ұстаздарға сый-сыяпат жасалады, қалып жатса мектебіне бірер компьютер немесе теледидар, болмаса картина сыйлап кетеді. Мол дастархан басында ащы су араласып, отырыстың аяғы шатақпен бітетін жағдайлар да аз кездеспейді.
Біздің ауылдың ақсақалдары, біздің ауылдың ғана емес-ау ауданның бірқатар елді мекендерінің үлкендері, оның ішінде Ақкөл ауылының белсенділері бас болып, мектеп бітірушілердің осынау кездесулерін пайдалы іске, туған ауылды көркейтуге бағыттау жөнінде біраз игілікті шаруаға мұрындық болдық.
Әрине, мемлекет тарапынан ауылдарды көркейтуге бағытталған бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. Десек те, шартарапта жүрген өз түлектеріміз елге қолұшын беріп, туған ауылдарын көркейтіп, көріктендіруге үлес қосып жатса несі айып?! Осы біздің Ойық ауылында алғаш рет Ойық орта мектебін бітіргендеріне 10 жыл толған Қанжан Әбдиев бастаған бір топ азаматтар осыдан біраз жыл бұрын игі бастама көтерді.
Тоқсаныншы жылдардағы тоқырау заманының салқыны ауылдарға көбірек тигенін жақсы білеміз. Көрікті жерлеріміз тозып, көшелеріміздің реңі кетіп еді. Қазір бірнеше жыл болды, жыл сайын оқу жылы аяқталар тұста жан-жақта жүрген түлектеріміз ұйымдасып, мектептеріне келіп, кездесу өткізіп, құр қол келмей шамалары келгенше ауылдарының көркеюіне жақсы бір үлестерін қосып кетіп жүр. Атап айтар болсақ, әр жылдарда Ойық ауылына кіреберіс қыратқа еңселі қақпа, Ойық белгісі, көше қиылысындағы айналмаға "Ауылым – алтын бесігім" стеласы, кіреберіске Ойық ауылының айшықты төлқұжаты орнатылып, ауылға кіші, үлкен футбол алаңдары салынып, мәдениет үйі қоршалды, орталық мешіттің іші-сыртын, орталық саябақты ретке келтіріп берді.
Осынау игілікті жұмыстардың бастамашысы болып жүрген азаматтардың атын атап, түсін түстеп беруге болар еді. Олар перзенттік парыздарын туған жерлеріне жасауда. Қаратау қаласында тұратын кәсіпкер Марат Еркінәлиев алғашқылардың бірі болып осы жұмыстарға мұрындық болды. Марат бастаған мектеп түлектері ауылдың кіреберісіне айшықты қақпа орнатты.
Ойық ауылы – тарихы терең, елінің ынтымақ-бірлігі жарасқан қасиетті мекен. Осы ауылдың төңірегінде жиырмасыншы ғасырдың басында Қарақожа мешіті бой көтерген, кейінірек атақты Бөлтірік шешеннің кесенесі салынды. Біздің ауылдан онша қашық емес жерде қазақтың ұлы қайраткері Тұрар Рысқұловтың әкесі Рысқұлдың мәңгілік мекені орын тепкен. Ұлтымыздың ұлы тұлғасы Дінмұхамед Қонаев Ойық аулына атбасын бұрып, осынау тарихи орындарды көзімен көрген. Осы ауылдан шыққан Таразда тұратын ағайындар туған жерлерін көркейтуге әркез қол ұшын беріп жүр. Соңғы екі жылда Бөлтірік шешен мен Қарақожа мешітінің маңайын көріктендіруге сол азаматтар көп күш жұмсады. Құдық қазылып суландырылды, екі мыңға тарта түрлі тал-дарақтардың көшеті отырғызылды. Электр желісі тартылып жарықтандырылды. Екі жыл болды сәуір айында тараздық жерлестер арнайы сенбілік ұйымдастырып, ауылды көркейтуге өз үлестерін қосып жүр.
Шыны керек, біздің қарияларымыз балшық илеп, құрылыс салмайды, бірақ өзінен кейінгілердің игілікті істеріне батасын беріп, жақсы тілектерін арнайды, игілікті істерге бастамашы болады.
Ойық ауылдық округтік ардагерлер ұйымында бүгінде жүз елуден астам қарт адам есепте тұрады.
Ардагер деген атты алып жүру оңай шаруа емес. Үлкендердің сөйлеген сөзі де, жүріс-тұрысы да, мінезі де басқаларға үлгі болып тұруы керек. Жақсы қартаю деген, міне осы.
Жаңағы атап өтілген атқарылып жатқан жұмыстарда біздің ақсақалдарымыздың үлесі бар деп есептеймін. Біткен іске сыншы көп. Ақсақалдарымыз әрбір басталып жатқан игі шаруаның басы-қасында болып, ақыл-кеңесін айтады. Жұмыс істеп жатқан жастарға қолдау сөздерін арнап, алғысын жеткізеді. Жақсы сөз – жарым ырыс. Қарттардың баталы, аталы сөздері жастарды қанаттандырады, жігерлендіреді.
Үлкендер жағының кейде өзінен кейінгі-лерге риза болмай жататын әдеті бар. Ол рас. Бір жағы жасы үлғайған кісілер сыншыл, міншіл келеді. Ал сөздің шындығына келсек, біздер, ауыл қариялары өзімізден кейінгілерге дән ризамыз. Жасалып жатқан игілікті істер елдің қажетіне жарауда, ауылымыз көркеюде. Әлі атқарылмай жатқан, көзге қораш көрінетін жұмыстарымыз жетіп артылады. Біздің мақсатымыз – ауыл әкімдігімен, ауылдық округтегі мектептермен, басқа да мекемелермен бірлесе отырып, елді мекендерімізді көркейте беру.
Пана РАХМАНБЕРДІҰЛЫ,
Ойық ауылдық округі ардагерлер
кеңесінің төрағасы,
Талас ауданының Құрметті азаматы
СУРЕТТЕРДЕ: Бөлтірік шешен кесенесі және "ЕлАна" орталығының ашылу салтанаты
Ойық ауылдық округі ардагерлер
кеңесінің төрағасы,
Талас ауданының Құрметті азаматы
СУРЕТТЕРДЕ: Бөлтірік шешен кесенесі және "ЕлАна" орталығының ашылу салтанаты
Обсудить
Блок в статье:
СТАЛИНГЕ ХАТ ЖАЗҒАН ҚАРИЯ
20 ноябрь 2024, Среда
КӘСІБІ – ТРАКТОРШЫ
18 ноябрь 2024, Понедельник
Сейітхан ЖҰМАШЕВ, Жуалы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы: ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫС ІСІМІЗГЕ СЕРПІН БЕРЕДІ
18 ноябрь 2024, Понедельник
Похожие материалы:
Комментарии (1)