Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » Қоғам » Ізгілік – иманнан

Ізгілік – иманнан

20 март 2020, Пятница
143
0
Біраз күннен бері жер-жаһанды ерекше жылуға, адамзатты мейірім-шуаққа бөлей келетін  Ұлыс күні – әз-Наурыз мерекесін тойлап жатырмыз. Наурыз – тек қазақ жұртшылығы ғана емес, күллі түркі әлемі үшін айрықша мейрам. Тарихқа жүгінсек, түркі тілдес халықтарында 21-22 Наурыз мейрамы б.з.д. 8 ғасырдан бері Жаңа жыл мерекесі ретінде тойланып келеді екен.
Бүгінгі дәстүріміздегі Наурыз мерекесінің исламға ешқандай бөтендігі жоқ. Бұрынғы Наурыз мерекесіндегі от жағып қарсы алу үрдісі дәстүрімізден әлдеқашан шығып қалған. Наурыз мерекесі қазақ елінің, жалпы түркі жұртының салт-санасымен біте қайнасқан мереке ретінде шариғатымызға қайшы келмейді. Қазіргі таңда Наурыз мейрамы – діни тұрғыда  емес, ұлттық мереке ретінде тойланады. Бұл - қыстан аман-есен шығып, күн нұрына бөленіп жатқан жұрттың Жаңа жылды қарсы алу мерекесі. Наурыз мерекесінде көріскен жандар бір-бірін құшақ жая қарсы алып, игі тілектер айтады. Бұл күндері елдің көңілін көтеру мен қазақи құндылықтарымызды жандандырып, көкпар беріп, ат шаптырып, палуандар күресін өткізіп, айтыс-терме ұйымдастырып, араздасқан адамдар осы күні татуласып, бір-біріне жақсы бата берісіп, «ұлыс оң, ақ мол болсын» деген сияқты ізгі тілектерімен қауышып жатады. Наурыз дастарқандарында құран оқылып, қария ақсақалдар бата беріп, қақаған қыстан елімізді аман шығарған Аллаға шүкіршілік айтып, ел амандығын тілейді. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде «Амалдар ниеттерге байланысты» делінген. Біздің ниетіміз – салт-дәстүрлерімізді жаңғыртып, оны сақтай отырып, келешек ұрпаққа жеткізу. Наурыздың қазіргі бет-бейнесі біздің салтымыз бен діни құндылықтарымызға әбден сіңіскен деуге болады. Наурыз кезіндегі адамдардың татуласуы, ағайындар арасындағы көже ішу арқылы байланыстың нығаюы, ұлттық ерекшеліктеріміздің жаңғыруы, ішімдіктің қолданылмауы, т.б. көптеген элементтер исламның құндылықтарына сай келеді. 
Бұл күн діни мереке ретінде аталып өтілмейді. Ұлтымызда және біздің елімізді мекен еткен көптеген халықтарда аталып өтілетін бұл мерекенің ұлттық бояуы басым. Дегенмен, халықтың жаппай қабылдап, жақсы көңіл-күймен қарсы алатын мерекесінің әлі де орны мен құнын бағалау қажеттілігі бар. Қыстың қатал сынақтарынан көктемге жеткен, әсіресе, малшаруашылығымен айналысқан халықтың көктеммен бірге қуануының, тіршіліктің жандануымен бірге жаңаруға талпынысының астарында терең мән-мағына бар. Сондықтан, Ұлыстың ұлы күні саналған бұл ұлттық мерекеміздің халық өмірі мен бірлігіне тигізер пайдасы орасан.
Дін мен дәстүр үйлесімін тапқан осынау игі мерекеміздің қарсаңында біз көптеген жақсы амалдарды әлі де қалыптастыруымыз керек. Өйткені, адамдардың бір-біріне қайырымды болуы – әу баста Жаратушының адам баласына берген табиғаты. Қасиетті Құранның «Бахара» сүресінің 148-аятында Алла Тағала: «Олай болса, жақсылықта жарысыңдар!» деп бұйырады. Алла елшісінің (с.ғ.с): «Адамдарға рахметі болмағанның Аллаға рахметі болмайды» деген хадисі бар. Қазақ халқы: «Жасаған жақсылығың сатулы болмасын», «Адамға қылған жақсылық өмірінде тозбайды», «Бір-бірімізге қайырымдылық, мейірімділік жоқ жерде бірлік пен ынтымақтастықтың ауылы да алыстай береді», т.б. баталы сөздерімен адамға жақсылық жасау, қайырымдылық көрсетуді халқымыздың мақтан етерлік дәстүрлерінің бірі ретінде ұрпағына аманат еткен.
Адамдардың өмірі, тіршілік етуі өзге жандармен қарым-қатынасынан тұрады. Сол себепті, адамдар бір-біріне қол ұшын беруімен, жанашырлық танытуымен, адамзаттың игілігі үшін пайдалы істерді бірігіп атқаруымен алғысын білдіре алады. Адамның отбасындағы және қоғамдағы ізгілікті әрекеттері басқалар тарапынан қолдау табуы, солардың разылығына бөленуі – Жаратушыны да разы етеді. Алланы разы ету – шүкіршіліктің, рахметтің ең ұлысы. Бұл тұрғыда біздің қазақ қайырымдылықтың өлшеусіз үлгісін қалыптастырып, «жесірін қаңғытып, жетімін жылатпаған» ел. Мәселен, біздің сөздік қорымыздағы «Асар», «Жылу», «Сыбаға», «Бәсіре», «Енші», «Сауын», «Қырық серкеш», «Ерулік», «Ерулікке - қарулық» т.б. көптеген сөздердің астарына үңілсек, тек қайырымдылық пен жақсы істердің ғана көріністері тізбектеліп тұрады. Мұндай дәстүрді ұлтымыз өз тіршілігінде түрліше іске асырып отырған.
Мәселен, көрші-қолаңның, ағайын-туыстың жалғыз аты өлсе, оның етін көпшілік болып бөлісіп, орнына бірігіп ат сатып алып берген. Алыс сапарға аттанғанда кедейлерге ет-май деп майда малымен уақытша болса да қарасқан, мініске деп жылқы берген. Көлік-жай деп көшуге, малға жем-шөп дайындауға түйе беріп көмектескен. Сауынға деп кедей-кепшіктерге жаз кезінде сауын мал берген.
Атаны ардақтау, ананы аялау, досты сүю, жолдасты құрметтеу – бізге бабаларымыздан қалған дәстүр. Бұл – елдігіміздің нышаны. Мұндай дәстүрлер бүгінде «Мектепке жол», «Бауырыңа өмір сыйла!», «Қарекет», «Барыңмен бөліс!», «Ел үлесі - пәтерге!» акцияларымен және тағы басқа көптеген жақсылықтармен толығып жатыр. Ендеше, наурыз айы - барлық дүние жаңаратын, түлеп көктейтін ай болғандықтан осы айдың әр күнін біз бір-бірімізге жақсылық жасаумен өткізсек, құба-құп болар еді. Сондықтан, облысымызға қарасты әрбір мешіт өз шама-шарқына қарай биылғы наурыз айының 8-і күні көпбалалы және жалғызбасты  аналарға азық-түлік, киім-кешекпен көмек көрсетті. Сонымен қатар наурыз айының 14-15-і күндері Екібастұз, Павлодар, Ақсу қалаларында аналарға, мұқтаж отбасыларға, балалар үйіне арналған қайырымдылық науқандары ұйымдастырылды. Наурыз айының 15-інде қалалық мешіттердің «Әйелдер-қыздар бөлімінің» ұйымдастыруымен «Қайырымдылық жәрмеңкелері» өтті, бұл игілікті шара 5 сәуірде өз жалғасын табатын болады, олардан түскен қаражаттар науқас, жедел ота жасалуы тиіс балаларға көмекке беріледі. Алла қаласа, осы қарсаңда «Ел үлесі - пәтерге!» акциясы арқылы көпбалалы бір отбасын баспаналы етуді де көздеп отырмыз. Оның сыртында әркез мешітке жеке келіп өз мәселесін шешіп алатын жолаушылар, мұқтаж жандар да баршылық. Мұның бәрі біздің ата-бабаларымыз салып кеткен сара жолы - дін мен дәстүріміздің біте қайнасқан үйлесімі арқылы жүзеге асуда. Қысқасын айтсақ, жалпы мешіттерде қайырымдылық шаралар дәстүр болып қалыптасып кеткен. Бұл да руханиятқа аттаған тағы бір қадамымыз деп санаймын. Алла Тағала барлығымыздың жүректерімізге қайырымдылық пен мейірімділікті молынан ұялатып, ізгі жандардың қатарынан болуды нәсіп етсін!
Қанат ЖҰМАҒҰЛ,
«һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы.

Обсудить
Блок в статье:
"Ана тілің-арың бұл" 20 сентябрь 2024, Пятница
БАТАМЕНЕН ЕЛ КӨГЕРЕР 19 сентябрь 2024, Четверг

Похожие материалы:

Сұхбат
19 март 2020, Четверг
Сұхбат
Бесіктен безгеніміз бе?
19 март 2020, Четверг
Бесіктен безгеніміз бе?
Даңқ
20 март 2020, Пятница
Даңқ
Ұлы даланың өнер саңлақтары
20 март 2020, Пятница
Ұлы даланың өнер саңлақтары
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры