Сұхбат
Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты, "Білім беру ісінің үздігі", "Ы.Алтынсарин" атындағы төсбелгінің, "Эконимика мақтанышы" ордені мен "Ерен еңбегі үшін", "Батыр шапағаты" медальдарының иегері, тараз қалалық мәслихатының депутаты, Тараз қаласының құрметті азаматы Жанар Орынбаева бізбен әңгімесін осылай бастады.
ТЛШІ: Мерекеңізбен, Жанар Рымбекқызы! С Жалпы Сіздердің колледждеріңіз бүгінгі таңда қандай мамандық иелерін даярлайды?
Жанар ОРЫНБАЕВА: Халық шаруашылығының жаңа саласы болып саналған химия өнеркәсібі үшін орта буынды мамандар даярлау мақсатында 1954 жылы іргетасы кешкі Жамбыл химия-механикалық техникумы болып қаланған оқу орны 66 жыл бойы осы салаға үздіксіз мамандар даярлап келеді. 1995 жылы бұрынғы техникумға «колледж» мәртебесі берілді. 2017 жылы облыс әкімінің қаулысымен оқу орнына «жоғары колледж» мәртебесі берілді. Сол жылы Тараз химия-технологиялық колледжін қосу жолымен оқу орнымыз қайта ұйымдастырылды.
2016 жылы Жамбыл политехникалық колледжі республика бойынша айқындалған 10 үздік колледждер қатарына енді.
Қазақстан Республикасы «Білім туралы» Заңына сәйкес мамандар даярлаудың көпсатылы жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік алдық. Соның нәтижесінде техникалық, технологиялық, құрылыс, дизайн, жеңіл өнеркәсіп, туризм, қызмет көрсету бейіндері бойынша 31 түрлі кәсіп иесін даярлаймыз.
Оқу орнының материалдық-техникалық базасы мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаудың нәтижесінде үнемі жаңартылып, дамып келеді.
2018 жылы облыстық бюджеттен 250 миллион теңге бөлініп, 8 мамандық бойынша автоматтандырылған қондырғылармен жасақталған ресурстық орталық ашылды. 2020 жылы «Жас маман» жобасына қатысып, «Механикалық өңдеу, өлшеу-бақылау аспаптары және өнеркәсіптегі автоматика», «Автокөліктерге техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» мамандықтары бөлімдерінің материалдық-техникалық базасын жаңғыртуға республикалық бюджеттен 380 миллион теңге бөлінді.
ТІЛШІ: Оқу орнының ардагерлермен байланысы қандай? Өздеріңіздің ардагерлеріңіз, оқу орнын бітіргендер арасынан шыққан ардагерлер туралы айтсаңыз да болады?
Жанар ОРЫНБАЕВА: Ұстаз-ардагерлермен және зейнет демалысындағы қызметкерлермен тұрақты байланыста болу мақсатында колледж жанынан ардагерлер бастауыш ұйымы құрылған. Ұйымның есебінде 82 мүшесі бар. 2016 жылдан бері ардагерлердің үйлеріне барып, олардың хал-жағдайларын біліп отыру үшін жауапты мамандар белгіленген. Ардагерлер ұйымына арнайы кабинет бөлінген. Бұл кабинетте «Ардагерлерді ардақтайық!» патриоттық акциясы ұйымдастырылды. Колледж фойесінде «Өнегелі білім ордасы – тарих толқынында» атты музей ашылған. Музейде оқу орнының тарихы, жетістіктері, білім ордасының басшылары мен ұстаздық еткен ардагерлері жайлы материалдар жинақталды. Сонымен қатар, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында және Жамбыл облысының 80 жылдығы мерекесінің қарсаңында Тараз қаласы әкімдігінің қолдауымен, қалалық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен «Мен әжемін – ұрпағын әлдилеген» атты әжелер сайысына колледж ұжымы да атсалысып ,демеушілік көрсетті. Алғыс айту күні, Қарттар күні, Жаңа жыл, Халықаралық әйелдер күні, Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекелеріне орай колледждің ардагер ұстаздары мен қызметкерлері арнайы шақырылып, сый-сияпаттар жасалып, құрмет көрсетілді. Ү. Андақұлова, Т.Абсаматов, К.Оспанова, сияқты ардагерлеріміз үнемі колледждің іс-шараларына қатысып отырады.
ТІЛШІ: Сұхбатымыз Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында жүргізіліп отырғандықтан, колледждегі ұжымның негізін құрайтын қыз-келіншектер туралы айтсаңыз. Олардың ішінде еңбек озаттары мен белсенділердің есімдерін ерекше бөліп атауыңызға да болады.
Жанар ОРЫНБАЕВА: Колледж ұжымының негізін қыз-келіншектер құрайтыны рас. Ұжымда 545 адам жұмыс істейді, оның 360 сы әйелдер. Мамандар даярлау ісінде қомақты үлес қосқан педагогтар мен тәжірибелі ұстаздардың арасында әйелдер қауымының еңбектері орасан зор. Атап айтқанда, 2012 жылдан бері өткізіліп келе жатқан республикалық «Үздік педагог» конкурсына Жамбыл политехникалық жоғары колледжінен қатысқан ұстаздарымыз Махаббат Айтбаева, Қарлығаш Бекмолдаева, Райхан Шүленбаева жеңімпаз атанып, «Үздік педагог» медалімен, Ы.Алтынсарин төсбелгісімен марапатталды. Қазақстан Республикасы «Білім беру ісінің үздігі», Қазақстан Республикасы «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» атағын алғандардың 80 пайызын әйелдер құрайды. Жауапкершілігі жоғары, ұстаздық қызметіне адал мамандар білім мекемесінің абыройын арттыратыны ақиқат.
ТІЛШІ: Қазақстан кеңестік кезеңде «халықтар достығының лаборатариясы» атанған ел. Қазір де сол сипатында. Елімізде 130-ға жуық ұлттар мен ұлыстар өкілдері тату-тәтті өмір сүріп, еңбек етіп жатыр. Сіздердің ынтымағы жарасқан ұжымдарыңызда, қызметкерлер мен білімгерлер арасында қанша этностың өкілдері бар?
Жанар ОРЫНБАЕВА: Білім ордасында 7 этнос өкілдерін құрайтын ұстаздар ұжымы еңбек етеді, 21 этнос өкілдерінен тұратын студенттер қауымы білім алуда. Сабақтар қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жүргізіледі. «Ең асыл қазына – бірлік» демекші, біздің ұжымдағы жастарымыз бірлігі жарасқан ортада тәрбиеленіп, кәсіби білім алуда.
ТІЛШІ: Сіз әйелдердің негізгі міндеті не деп санайсыз. Ана болуды еңбекпен ұштастыру, қоғамдық жұмыстармен айналысу әйелдер үшін ауыр соқпай ма? Мысалы, өзіңізді алсақ... Жанар ханымның «Әйел – ана, еңбеккер, қайраткер» түсінігіне көзқарасы қандай екен? Ол өзіне осындай сипатқа ие кімді үлгі тұтады жеке өмірінде?
Жанар ОРЫНБАЕВА: Жалпы әйел адамның қоғамдық өмірде алатын орны ерекше. Әсіресе, халқымыз бала тәрбиесіндегі ананың рөлін өте жоғары бағалаған. Ана-барлық өмірдің бастауы. Аналардың демографияны дамытуға қосып жатқан үлесі зор. Қазақ әйелдерінің арасында үлгі тұтатын тұлғалар көп қой. Тәуелсіз еліміздің тарихын, мәдениетін дамытуға қомақты үлесін қосып жүрген көрнекті ақын, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Күләш Ахметова, орта және шағын бизнесті өркендетуде табысқа жеткен белгілі кәсіпкер Сәуле Рыспаева сынды әпкелеріміздің өмір жолы, еңбек жолы жастарға үлгі.Тікелей оқу орнының басшысы міндетіммен қатар мен де өңіріміздің саяси-қоғамдық , әлеуметтік-экономикалық өміріне белсене араласып келемін.
ТІЛШІ: Халық қалаулысы Жанар Орынбаева қоғамға, елге, тіпті, жеке бір адамға пайдасы тигендей қандай іс атқарғанын білгісі келеді оқырмандар.
Жанар ОРЫНБАЕВА: Мен өз сайлаушыларыма қолдан келгенше қолдау көрсетемін. өзім сайланған округке қарасты «Көктем» тұрғын үй алқабы, "Мыңбұлақ", "Аса" мөлтек аудандары тұрғындарының өтініш – тілектерін іске асыруда қалалық мәслихат, қала әкімдігі, «Нұр Отан» партиясымен бірлесе нақты жұмыстар атқарудамын.
2016-2017 жылдары «Көктем» тұрғын үй алқабы тұрғындарының жеке өтініштері бойынша Фресно, Әбішев көшелерін жөндеу, жарықтандыру жұмыстарының жүргізілуіне депутаттық сауалдар жолдау нәтижесінде қалалық бюджеттен қажетті қаражат бөлінуіне қол жеткіздім.
2018 жылы «Аса» мөлтек ауданындағы №27,28,29,30 көпқабатты үйлер тұрғындарының аулаларға кәсіпкерлердің монша құрылысын салуына наразылық білдірген арыздары бойынша депутаттық сауалдар жолдау арқылы аталған мәселе заң аясында оң шешімін тапты. 2019 жылы Ы.Алтынсарин атындағы №49 мектеп-гимназияның терезелерін ауыстыруға қажетті қаражат бөлінуіне ықпал еттім.
Қаланың қоғамдық – мәдени, спорттық түрлі іс – шараларына, қайырымдылық істеріне тұрақты түрде қатысып келемін.«Біздің депутат» қоғамдық – саяси газетінің республика бойынша мәслихат депутаттары арасында жүргізген талдау қорытындысы бойынша «ҮЗДІК ДЕПУТАТ» атанып, медальға ие болдым.
ТІЛШІ: Отан отбасынан басталады, өзіңіз, отбасыңыз туралы қысқаша айтып берсеңіз.
Жанар ОРЫНБАЕВА: Мен ұстаздар отбасында тәрбиелендім. Ата-анамның жолын жалғастырып, ұстаздық мамандықты таңдадым. Отбасымда екі балам бар. Жолдасым Қаныбек Кенжебекұлы – инженер-механик, қызым Лаура – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің аға оқытушысы, ұлым Олжас – заңгер, келінім Рабиға – экономист. Немерем Асылжан – 8 жаста.
ТІЛШІ: Біз Сізді «Ғұмыр-Дария» газетінің жанашыры, белсенді оқырманы ретінде жақсы білеміз.
Сіз арқылы ұжымдағы барлық қыз-келіншектерді көгілдір көктемнің алғашқы мерекесі – Халықаралық әйелдер күні мерекесімен құттықтаймыз! Әңгімеңізге рахмет!
Болат ЖАППАРҰЛЫ,