Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » Қоғам » Президенттің назары ауған ауыл

Президенттің назары ауған ауыл

11 июль 2025, Пятница
6
0


Бірлік пен ынтымақтың, жарасым мен татулықтың тек жеңіс пен оң нәтижеге бастайтыны белгілі.  Оны бақ-берекесі сақталған, ізгілік жолындағы табыстары мол ауылдардан көріп, байқап жүрміз. Сондай көпке үлгі, абыройы асқақ ауылдың бірі – Шу ауданындағы Балуан Шолақ ауылы  Таяуда  ауылдың қоғамдық тәртібін нығайтуға қосқан үлесі үшін ауылдық округ ардагерлер кеңесінің төрағасы Есенгелді Текебаев Қазақстан Республикасы Президентінің қолынан Алғыс хат алып қайтқанын күллі ел біледі. Бұл ауылдық округте соңғы үш жылда ешқандай қылмыс түрі, бұзақылық тіркелмеген.  Бұл, әрине басқа ауылдарға  үлгі болатын көрсеткіш.  «Жақсыны көрмек үшін», «Жүз рет естігеннен бір рет көрген артық» дегендей, біз жақында аталған ауылға барып, округ  әкімі  Данияр Сандыбаевпен бірге жүріп, ардақты ақсақалдар мен ақ жаулықты әжелермен жүздесіп, әңгімелестік. Көп жақсы тағылымдарды көңілге түйдік. 
ТОҚАЕВТАН АЛҒЫС АЛҒАН ТӨРАҒА ТЕКЕБАЕВ 

Мемлекет басшының алыстағы ауылға назары бекерден бекерге ауа ма? Бұл ауылдық округ ардагерлер ұйымының ынтымақты жұмысы көрініп тұр ғой. Есенгелді Текебаевтың аталған ауылдық округ ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметін қолға алғанына үш жылға жуықтапты. Осы мерзімнің ішінде ол жетекшілік ететін ауылдық ардагерлер кеңесі барлық көрсеткіштер бойынша ауданда алдыңғы қатардан көрінуде. Ардагерлер ұйымының жұмысын бұлай ширақ жүргізуіне Есенгелді Мұқатайұлының осы кезге дейінгі ел басқару ісіндегі жинақталған мол тәжірибенің үлкен әсері болды деп айта аламыз. Бұл кісі аталған ауылдағы Мәлік Ғабдуллин атындағы орта мектепте 6 жыл директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, 15 жыл мектеп директоры болып қызмет атқарып, көпшілікпен жұмыс істеуде әбден шыңдаған екен.  Біз төраға Текебаевтан «Мұндай көрсеткішке аз уақытта қол жеткізулеріңіздің себебі неде?» деп сұрадық. 
– Оның айрықша себебі жоқ. Өзге ауылдағыдай біз де қоғамдық ұйымбыз. Біздегі құрылған аналар, әкелер, билер кеңестері басқа ауылдың бәрінде де бар. Біз жетістікке, жақсы нәтиже мен абыройға – бірлесіп жұмыс істеу арқылы қол жеткізудеміз. Ауылдық округ әкімі Данияр Сандыбаевпен бірлесіп, ақылдасып отырмыз.  Даниярдың әкім болып сайланғанына да үш жылдан асып барады. Жұмыс нәтижесі жаман емес. Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара білдік. Себебі, бұл ауыл бәріміздің – өз мекеніміз. Жақсы жұмыс істесек, өз ауылымыздың аты шығады. Осы ауылда 14 пен 35 жастың арасында 430 жас тіркелген. Міне, осы жастар санатындағы азаматтармен жиі кездесіп, түсіндіру, тәрбие бағытындағы жұмыстарды көп жүргіземіз. Бүгінге осы жұмыс жетеді деп қарап отырмаймыз. Жастармен жұмыс істеу керек пе, күндіз-түні, уақытпен санаспай атқаруға дайынбыз. Біздің ауылда шектен шыққан бұзақы жастар жоқ. Барлығы еңбекке ұмтылып, тірліктерін жасап жатыр. Келешекте дүкендерде ішімдік саттырмауға, ішімдіксіз ауыл санатына өтуге ниеттеніп жатырмыз. Дені сау ұрпақ – ел болашағы. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың аз ғана еңбегімізді елеп, Алғыс жариялағанына ерекше қуандық. Марапатты Президенттің қолынан алғанымда ерекше қуанышта, ерекше әсерде болдым. Оны тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Еліміз аман болсын! Абыройлы болсын! Баспасөзді бала күнімнен құрметтеймін. Өзіміздің сүйсініп оқитын облыстық «Ғұмыр-Дария» газетіне ауыл бойынша 32 кісі жазылды.  
Біз – отбасымызбен ұстаздар  әулетіміз. Жарым Күлзизар Рахымбекова бастауыш пәнінің мұғалімі болып ұзақ жыл еңбек етті, мен тарих пәнінен дәріс бердім. Қазір қолымдағы ұлым Ғабит тарих пәнінің мұғалімі, келінім Жібек Әбдіғұлқызы – бастауыш сыныпқа сабақ береді. Жастар тәрбиесімен үй-іші мүшелері болып айналысамыз. Сондықтан маған көш басында жүрмеуге негіз жоқ, – деп сөздің аяғын әзілмен түйіндеді төраға. 

ӨМІРГЕ ЫНТАЛЫ ӘЖЕЛЕР

 Біздің  ең алдымен жүздескеніміз ауылдың ардақты анасы Шымшық Мадалиева апай болды.   
Ардақты ана орта мектепті бітірген соң, ұжымшарда еңбек етіпті. Мал шаруашылығында он жыл, кейінен зертханада, дүкенде, балабақша да істеді. Еңбек десе аянып қалған жері жоқ. Жұбайы – Нұрмаханбет Мадалиев екеуі бақытты ғұмыр кешті. Үлгілі отбасына айналып, он перзентті тәрбиелеп өсірді. Бұл күнде сол перзенттер ұядан аққанат армандармен ұшып, үлкен қалаларда елдің дамуына елеулі үлестерін қосып жүр. «Шүкір» дейді Шымшық апа. 
Үлкені Құрманғазы – кардиохирург дәрігер, академик. Осы кезге дейін 3 мыңнан астам ота жасап, бәрі  сәтті шыққан. Бұл дегеніңіз  – Жаратушының қалауымен 3 мың адамға өмір сыйлау деген сөз. Қанаты да республикалық  деңгейде бірінші дәрежелі тіс дәрігері, Салтанаты – математика ғылымдарының кандидаты.  Данасы – «Жайсаң» мейрамханасының қожайыны болса, Әдемі – Алматыдағы  «Іңкәр» фирмасының директоры. Бірнеше перзенті құқық саласын таңдаған. Атап айтқанда, Құрманәлі – жол көлік полициясының инспекторы болса,  Бағдат – қаржы полициясының қызметкері. Дана да ішкі істер саласында еңбек етеді, полиция майоры шені бар. Жанат – кәсіпкер, Сағдат Шу аудандық мәслихатының депутаты ретінде танылған,  тасы өрге домалап тұрған «Қалқа» шаруа қожалығының төрағасы.  Осы Сағдаттың 3 миллион теңге қаржылай демеушілігімен ауылдың 4-5 шақырым болатын үлкен қорымы қоршалған. Бұл әулет көмекке мұқтаж үш отбасына баспана алып берген. Ауылды көркейту жұмыстарына белсене араласады. Бір шаңырақтан шыққан он бауырдың жеткен жестістіктері осындай. Көңіл қуантады. «Бұл әулет – біздің округтегі ең сыйлы шаңырақ. Мадалиевтер ауылымыздың барлық игі істеріне белсене араласады. Осы кісілердің бастамасымен талай шаруамыз алға басты. Шымшық апа өсиетімен, жақсы сөзімен де – көпке үлгі»  дейді Балуан Шолақ ауылдық округінің әкімі Д.Сандыбаев
Шымшық апа бұл күнде немере, шөбере сүйіп отырған бақытты әже. Балалары аналарының айтқан сөзін екі етпейді.  Ондайда Шымшық апаның мерейі өсіп сала береді. Ол кісінің ауылдық аналар кеңесіне де қосып отырған үлесі зор. 87 жасқа қараған бұл әжеміз әлі де жастар тәрбиесінен еш аянып қалмай, үлгі көрсетуде. 
Бір ауылдың ардақты анасына айналған  Шымшық Уәлиқызы ауыл мешітінің жанынан ашылған «Жеті қазына» әжелер клубының белсенді мүшесі. Бүкіл ауыл ол кісіні  құрмет тұтады. 
Ауылдың тағы бір сыйлысы – Күлән Анарбаева. Жұбайы – Әбдіғұл Таңатбаев ұжымшарда 40 жыл озат тракторшы болған. Нағыз еңбектің адамы. Басшылар қандай жұмысқа жұмсаса да қарсы келмей, тракторымен шаба жөнеледі екен. Бұл күнде ол кісі арамызда жоқ. Ал, Күлән Жұлдызханқызы апамыз да 76 жасында ауылдың қоғамдық жұмысынан бас тартып көрген емес. Өзі 40 жыл осы ауылда ұстаздық етіп, орыс тілі пәнінен сабақ берген. Әлі де жас ұрпаққа айтары көп. Ауылық аналар кеңесінің мүшесі. Әсем қоңыр дауысымен осы жаста ән шырқайтыны бар. Ауылдағы «Шуақ шашқан әжелер» ансамблінің белсенді мүшесі. Осы ансамбль құрамында «Хабар» арнасындағы «Кел, шырқайық!» бағдарламасына қатысып қайтуды жоспарлап отыр. Несі бар, ауылдың атын өнерлерімен де шығаруға болады. Күлән Жұлдызханқызы әжеміз ауылдағы  «Жеті қазына» тәрбие мектебінің де мүшесі. Өзінің бір немересі Мейірім Әбдіғұл Алматыда ҚазМУ-ді биыл бітірмекші. Арасында шет мемлекетте де білімін жетілдіріп қайтты. Ақындығы бір төбе Мейірім де – ауыл мақтанышы. Күлән әже 5 ұл-қызынан 12 немере, 13 шөбере сүйіп отыр. 
– Біз бейнеттен қашқан жоқпыз. Ерінбей еңбек еттік. Біздің ұғымда пайда табу емес, жастарға тәрбие беру бірінші орында. Өзімнің де көсегем көгеріп, ұл-қызым, немерелерім көпке үлгі болып жатқаны осы пейілім шығар. Осы ауылда тудым, осы ауылда өстім. Осы ауылға келін болдым, осы ауылға мұғалім болып қызмет еттім. Енді осы ауылдың әжесімін. Сондықтан, бар күш жігерімді жастар тәрбиесіне жұмсай беремін, –  дейді әже. 

Ағаштан түйін түйген Сабыр ата

Ауылға есімі танымал ұста –  Сабыр Сүлейманов. 19 жасынан ұжымшарда  құрылысшы, әрі ұста болып еңбек еткен. Содан бері еңбектен қол үзбей келеді. Әуелі ұжымшарға не қажет соны жасап жүрді. Мәселен, ұжымшарға ағаш орындықтар, ер-тұрман, жүген, шкаф, ағаш төсек, терезе, есік  бәрі керек. Сабыр Амангелдіұлы осы бұйымдарды жасаудың нағыз шеберіне айналған. Тіпті, шопандарға арнап тұрғын үй салуда да Сабыр атаның үлкен қолтаңбасы жатыр. Кейіннен мектепке ауысып, ұзақ жыл еңбек технологиясы пәнінен сабақ берген. Өзі он саусағынан өнер тамған ұста. Балаларға үйретпеген ұсталығы жоқ. Бәрін үйретті. Бәлкім бұл ауыл жастарының бұзақылықтан алшақ болуына Сабыр ұстаз үйреткен ұсталықтың, адал еңбектің де әсері бар шығар. Қазіргі таңда ұлы Нұрхат әке жолын жалғап ұстаз болып жүр. Келіні Гүлжанат – тәлімгер. Ақсақал ұсталық пен қолөнерден әлі де алыстаған жоқ. 12 өрім қамшы өріп, жүген жасай береді. Онысын ауылдастар қалаған бағасына алып жатыр. Көңілі қалаған адамға тегін де жасап береді. Ауылда сауда деп қатып қалған нәрсе жоқ. Бастысы Сабыр Сүлейманов – ауыл мойындаған жақсы ағаш ұстасы.

ЕГІЗДЕР ДЕ БАР, 
ҮШЕМДЕР ДЕ БАР

Бұл ауылдың ерекшеліктері мен қызықтары көп. Осы ауылдың ерекше қасиетке ие ақсақалының бірі – Тілеужан Сүлейменов. Жоғарыдағы Сүлеймановқа қатысы жоқ. Өмір деген  –  сан тарау. Тілеужан қария алғашқы некелі жарынан ұзақ жыл перзент сүйе алмапты. Ұзақ жылда бір қыз бала сүйеді. Арада біраз уақыт салып өзінен жиырма жасқа жуық кіші Жанат Серікбаева екеуі көңілдері жарасып, шаңырақ көтереді. Құдай берем десе қиын ба? Жанаттың құрсағы құтты болып,  Жалғас пен Олжас атты егіз ұлы өмірге әкеледі. Бұл – 2003 жылы болатын. Қазір ол егіздер әскерде Отан алдындағы борыштарын өтеп жүр. Онан соң 2008 жылы Алмат, Арнат деген егіз ұл тағы да өмірге келеді. Сонымен Тілеужан ата 1 қыз, 4 ұлға әке болып, ұзақ жылдар зарыға күткен арманына жетеді. Қазір Тілеужан ақсақал 78 жаста. 
Тілеужан Сүлейменов – 16 жасынан бастап он жыл  трактор жүргізген. Онан соң партия комитетінің хатшысының көлігіне жүгізуші болыпты. Соңында ұзақ жыл мектепте күзетші болып, зейнетке шыққан. Яғни, өмірін қарапайым адал еңбекке арнап, қазір бейнетінің зейнетін көріп отыр. «Тағдырыма ризамын. Жанат Серікбаева өміріме шамшырақ болды, маған екінші өмір сыйлады. Егіздерді көргенде мен 20 жылға жасарып кеткендей болдым. Аллаға сансыз шүкір» – дейді қария. 
 Ал, 73 жастағы Марат Күсепов осы  ұжымшарда трактор, автокөлік жүргізіп, техника тізгіндеген кісі. Жұбайы Хамила Күсепова екеуі 8  ұл –қыз өсіріп, немере шөбере сүйіп отыр. Әуелі үш перзенттері жалқыдан туылған соң, 1984 жылы бұл шаңырақта үшем дүниеге келіпті. Фархат, Нұрхат, Күлшат деген. Қазір үшемдер 41 жаста. Бәрі үйлі жайлы. Фархат пен Күлшат Шу қаласында тұрады екен. Фархат теміржолшы. Осы кісілердің қолындағы Нұрхат та теміржолшы. Бізбен әңгіме барысында   үшемнің анасы Хамила Күсепова,   «Балаларды өмірге әкелсек, өзіміз үшін әкелдік. Ұрпағымыз көбейсін дедік. Дегенмен, үшем  тәрбиелеп өсіру, оларды жеткізу оңай емес екен. Жас кезімізде талай қиналдық. Қинала жүріп жеткіздік. Ол күндер артта қалды. Енді  бір Алладан олардың амандығын тілеп отырмыз, – деді.  
Біз бұл ауылдан кілең үлгілі аталар мен әжелерді көрдік. Ауылдағы озат шаруа қожалық жетекшілері Марат Сағындықов пен Сағынтай Уәлиев те осы ақсақалдарды қолдаудан, оларға қаржылай  көмектесуден қашқан емес. Үнемі қолдау білдіреді екен. Ауылдық округ  әкімі Данияр Сандыбаев та  оң пікірін білдірді. 
– Бұрын аудан орталығында мемелекеттік жұмыстарда болдым. Осы ауылдық округке әкім болып сайланар кезде ойланып, қалай болар екен деп қобалжығанымды жасырмаймын. Шүкір. Үш жылдан асты. Ауыл ақсақалдарымен де, әжелерімен де тіл табысып, табысты жұмыс атқарудамыз. Ауылға  жаңа саябақ, кіре беріске арка орнаттық. Көшелерге жаңадан асфальт төселді. Ауылға бар күшімізді арнап жатырмыз. Ақсақалдар демеу беріп жатыр. Қарияларды  біз де қолдап отырамыз. Есенгелді Текебаев ақсақалдың Президенттен алған Алғыс хатына ауыл болып қуанып жатырмыз. Алдағы  уақытта да жұмысымыз осы Алғысқа сай болады, – деді ол.
 Бір байқағанымыз, Балуан Шолақ ауылына баратын жол жөнделіпті. Жап жаңа жол, аудан орталығынан көлікпен 15-20 минутта жетіп барасың. Бұрын осы ауылға ескі жолмен есіміз шығып әрең жетіп едік. Қазіргі тұрғындар жаңа жолдың қызығын көруде. Ауылда еңселі мешіт бар. Ауыл имамы Аян Смайыл да ауылдың тәрбиесі мен тәртібіне ізгілік тарату арқылы өз үлесін қосып жүр.
Ал, ақсақалдары қазыналы,  әжелері ардақты бұл ауыл – нағыз үлгілі ауыл. Өз аяғымызбен арнайы барған кезде осыған көзіміз жетті.

Есет ДОСАЛЫ,
журналист

Шу ауданы

Обсудить
Блок в статье:
Арды ойлаған азамат 11 июль 2025, Пятница
Бағы жанған азамат 11 июль 2025, Пятница

Похожие материалы:

Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры