ҚОНАЕВТЫҢ ҚОЛЫНАН КӨЛІК АЛҒАН

1979 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев облысымызға жұмыс сапарымен келгенде үлкен кісінің жолы Жамбыл ауданына да түскен болатын. Сол сапарда Димекең бір топ еңбек озаттарына «Жигули» автокөлігінің кілтін тапсырған екен. Республиканың бірінші басшының қолынан кілт алғандардың қатарында Бекзатхан Жүнісұлы болған екен. Бекең бұл тарихи күнді бүгінге дейін ұмытқан емес. Қатардағы еңбек адамына көрсетілген жоғары құрмет қалай ұмытылсын! Жасаған ісінің бұлай бағалануы Бекзатханға үлкен жігер беріп қанаттандырғаны анық. Содан кейін де жыл сайын тәтті түбір өсіруден жоспарын асыра орындап жүрді. Әрқашан сенім мен құрметтің үдесінен шықты.
Құдай қосқан қосағы екеуі 4 ұл - қыз тәрбиелеп өсіріп, немере, шөбере сүйіп отыр. «Би бол, би болмасаң, би түсетін үй бол» демекші, балалары да қарапайым еңбек жолын қалады. Ол жолда әділдік пен ізгілік, адалдық барын түсінді. Қызы Әуескүл – тігінші болса, үлкен ұлы Талғат – малшы. Мезгілсіз өмірден өткен Әділханы да адал еңбектің нағыз майталманы болды. Әділханынан 5 ұл –қыз өсіп жетіліп жатқанына Бекзатхан қария шүкіршілік етеді. Қолындағы баласы Ербол – тракторшы. Кемпірі екеуінің жағдайын жасап отырған келіні Гүлнар балабақшада тәрбиеші. Былай қарасаңыз, барлығы жақсы. Ақсақал осы күндеріне, ұрпағының жалғасып жатқанына шүкіршілік етеді.
Бекзатхан Қожабеков Ақбастау ауылдық округінің биі. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» дегендей, әділдігін айтып, қара қылды қақ жарып келеді. Ауылда қазіргі таңда жас отаулардың ажырасуы жоқтың қасы, бұзақылық азайды. Бейберекет ішімдік ішу де кеміп келеді. Ол туралы ауылдық округтің бас биі Бекзатхан Жүнісұлы: « Округте 3 мыңға жуық тұрғын бар. Округтің аумағы үлкен. Үлкен жердің мәселелері де үлкен. Дегенмен, біздер ақсақалдар тәрбие жұмысына араласып, елдің бірлігіне, бүлінгенін бүтіндеуге, қисайғанын түзетуге жұмыс жасаудамыз. Осы жолда ауылдық округ ардагерлер кеңесінің төрағасы Елеусіз Атамбаевпен бірге көптеген жұмыстарды жолға қойып жатырмыз», – дейді.
Бекзатхан қария шынымен де тыным таппайтын кісі. Аталған ауылдық округтің әкімі Нұрсұлу Дүзеевамен де ақсақалдардың жұмысы, жастар тәрбиесі бағытында жиі сөйлесіп, мәселе көтеріп отырады. Соның нәтижесінде, округ әкімі ауылдың көптеген мәселелерін оңтайлы шешіп жүр.
Ауылдың осындай сыйлы ақсақалына ауыл жастары, мектеп оқушылары үнемі сәлем беріп, мектепке жиынға шақырып құрметтеуден жалыққан емес.
Есет ДОСАЛЫ,
журналист
Жамбыл ауданы
Обсудить
Блок в статье:
Мойынқұмның елге сыйлы Балжаны.
08 март 2025, Суббота
Ұл мен келін қабағыңды жүр бағып.
08 март 2025, Суббота
Ұл мен келін қабағыңды жүр бағып.
08 март 2025, Суббота
Похожие материалы:
Комментарии (0)