Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » ҒАСЫР АНА–АСЫЛ АНА

ҒАСЫР АНА–АСЫЛ АНА

10 май 2024, Пятница
95
0
Біздің қазақ халқында «Шөберенің қолынан су ішкен жан – өмірдегі бақытты жан» деген адам жанын жадыратар қасиетті сөз бар. Менің осы мақалама арқау болып отырған кейіпкеріміз – шөбереден шөпшек сүйіп, бүгінде 100 жасқа толып, шөпшектің қолынан май жалаған бақытты әже Дайрабаева Балқия Қуанышқызы. Балқия анамыз бұл бақытты күндерге жету жолында қаншама қиындықтарды бастан өткерді десеңізші. Балқия Қуанышқызы 1924 жылы қазіргі Тұрар Рысқұлов ауданы, Жақсылық ауылында Қуаныш атамыз бен Нақыш апамыздың отбасында дүниеге келді. Балалық шағы, жастық кезеңі оңай болған жоқ, елімізді жайлаған ашаршылық жылдары, одан кейін Ұлы Отан соғысы бұл отбасына да тағдыр тауқыметін аямай тартқызды. Қуаныш атамыз бақуатты, малды кісі болған екен. Аймақтағы Шөңгер болыстығының биі болған. Бүткіл малын жаңа өкімет тәркілеп (конфискалап) тартып алған соң көп ұзамай өзі де қайтыс болыпты. Ол кезде қызы Балқия небәрі жеті жаста екен. Нақыш әжеміз он бір құрсақ көтерген екен. Ашаршылық жылдарында қырғыз еліне Кетпентөбе деген жерге барып паналапты. 
Тағдырдың жазуы солай болған шығар, Балқия анамыздың бауырлары ашаршылық жылдарында өмірден ерте өтіпті, ағасы Татарқұл Ұлы Отан соғысына аттанып майданда қаза тауыпты. Қайыпбай соғыстан елге келген соң қайтыс болған. Сөйтіп Нақыш апамыздың бауырынан өрбіген 11 баладан жалғыз ағасы Қайыпбай пен Балқия анамыз қалыпты. Сол бір ел басына күн туған ауыртпашылық кезде бала - шағадан бастап, еңкейген қарттарға дейін таңның атысы - күн батысы белшешпей қажырлы еңбек етті. Майданда қан төгіліп, тылда тер төгіліп жатқан кезде әйелдер үлкен күшке айналды. Бір топ қыздармен бірге енді бой жете бастаған Балқия да Қарағандыға ФЗО-ға оқуға жіберіледі. Соғыс жүріп жатқан уақыт. Нақыш апа ұлдары Татарқұл мен Қайыпбай соғыста екендігін айтып қызы Балқияны Қарағандыдан қайтаруды сұрап Сталинге хат жаздырады. Соның арқасында Балқия апамыз елге қайтарылады. 1946 жылы Дайрабаев Молдахалық пен Балқия Қуанышқызы үйленеді. Жас отбасы Молдахалық пен Балқия шаруашылықтарда жауапты қызметтер атқарады. Дайрабаев Молдахалық Өрнек, Қаракемер, Калинин, Жалпақсаз, Тасшолақ, Сталин колхоздарында бас есепші, аудандық тұтынушылар одағында қойма меңгерушісі, «Путь коммунизма» колхозында тексеру комиссиясының төрағасы қызметтерін абыроймен атқарды. Ал Балқия анамыз сол шаруашылықтарда қарапайым жұмысшы, қызылшашы болып еңбек етеді. Балқия анамыз жалпы бес құрсақ көтерді. 1947 жылы туған тұңғыш қызы Роза, одан басқа тағы екі ұлы ерте қайтыс болады. Ұлдары Серік пен Жигули аман есен үйлі жайлы тәрбиелі, үлгілі отбасы болады. Молдахалық атамыз бен Балқия анамыз үлкен ұлы Серік пен келіні Орынкүлден екі ұл, үш қыз, кіші ұлы Жигули мен келіні Ұлбикеден төрт ұл, барлығы тоғыз немере сүйді. Балқия анамыз 1949 жылдан 1975 жылға дейін бұрынғы Сталин колхозында, кейін «Путь коммунизма» колхозында алғаш қызылшашы, кейін 25 жыл бойы үздіксіз звено жетекшісі болып аянбай абыройлы еңбек етті. Қант қызылшасынан жыл сайын мол өнім алуға қол жеткізді. Балқия анамыз қарамағындағы 40 қызылшашыны үнемі қажырлы жұмыс атқаруға жұмылдыра білді. Әсіресе қызылша өскінінің сапалы жекеленіп, бірден арам шөптерден тазартылуын қатаң талап етіп отырды. Одан соң түрлі тыңайтқыштардың дұрыс берілуін жіті қадағалайтын. Қарамағындағы қырық әйел әрқайсысы бір-бір үйдің отанасы, сондықтан олардың әлеуметтік - тұрмыстық жағдайларына да үнемі көңіл бөліп, қамқор-шы болды. Звено қарамағындағы 110 гектар қызылшаның әр гектарынан 580 центнерден өнім алып биіктен көрінді. 1962 жылдан бастап, үш рет Москвадағы Бүкілодақтық Халық Шаруашылығы Жемістіктері (ВДНХ) көрмесінің алтын медалін иеленді. «В.И.Лениннің туғанына – 100 жыл», «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен, «Еңбек Қызыл Туы» орденімен, екі рет Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің Құрмет Грамотасымен марапатталды. 1966 жылы Дайрабаева Балқияның звеносына Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамет Қонаевтың арнайы ат басын бұрып келгені күні бүгінге дейін есте. Бірнеше рет аудандық және ауылдық кеңестердің депутаты болып сайланды. Балалары мен немерелерін адалдыққа, адамгершілікке, еңбек сүйгіштікке, отаншылдыққа тәрбиеледі. Үлкен ұлы Серік туған колхозының экономикасының өсіп өркендеуіне мол үлес қосқан азамат. Шаруашылықтағы жұзге жуық автомашиналардың үздіксіз жұмыс атқаруын қамтамасыз етіп, автогараж басшысы болып өмірінің соңына дейін абыройлы еңбек етті. Келіні Орынкүл де өмірінің соңына дейін денсаулық сақтау саласында жемісті жұмыс атқарды. Ұлы Дайрабаев Жигули Молдахалықұлы «Путь коммунизма» колхозында еңбек жолын шопан көмекшісі, жүргізуші болып бастап, колхоз комсомол комитетінің хатшысы, аудандық комсомол комитетінің нұсқаушысы, кәсіподақ ұйымының төрағасы, Каменка селолық советі атқару комитетінің төрағасы, Луговой аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, «Алғабас» совхозының партком хатшысы, Жамбыл колхозының төрағасы, Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің депутаты, элеватор директоры, Жамбыл облыстық фермерлер одағының төрағасы қызметтерін абыроймен атқарып, шаруашылық басқарудың үлкен мектептерінен өтіп, кейінірек Қазақстан Фермерлер Қауымдастығының төрағасы болды, соңғы сайлауда Қазақстан Республикасының Президенттігіне үміткер болды. Қазір Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты. Белсенді мемлекет және қоғам қайраткері. Келіні Ұлбике мемлекеттік мекемелерде түрлі қызметтерді жемісті атқарып зейнетке шыққан. 
Құлан аймағындағы бақ-береке тұрақтаған шаңырақтың иесі де, киесі де Балқия анамыз. Ана бойындағы – ақыл-дылық, еңбексүйгіштік, бауырмалдық, адалдық, қажырлылық сияқты қасиеттер ұрпақтарына дарыған. Бүгінде екі ұлдан тараған тоғыз немереден 23 шөбере, 2 шөпшек Балқия анамызды шексіз қуанышқа бөлеп, киелі шаңырықтың шаттығын еселеп жүр. Балқия әже – балаларын саналы азамат етіп тәрбиелеген, сол еңбегінің жемісін көріп отырған бақытты ана. 
Бүкіл өмірін балаларына, өзі еңбек еткен ұжымдардың, ауданымыздың дамуына, өсіп өркендеуіне арнаған Дайрабаева Балқия Қуанышқызы бұл күндері 100 жасқа толған мерейтойын атап өтуде. Әрбір ана Балқия әже сияқты сүйікті мәуелді ұрпағының ортасында бақыт биігінен түспесе екен дегім келеді.
Серік ӨТЕГЕНОВ,
Қазақстан Халқы Ассамблеясы аудандық 
ақсақалдар кеңесінің төрағасы,
Тұрар Рысқұлов ауданы.
Обсудить

Похожие материалы:

ДӘСТҮРДІ ДӘРІПТЕГЕН ДАНА АНА
09 февраль 2023, Четверг
ДӘСТҮРДІ ДӘРІПТЕГЕН ДАНА АНА
ЖАЗ - АТА МАЛЫН ӨЗІ БАҚҚАН БА?
13 ноябрь 2023, Понедельник
ЖАЗ - АТА МАЛЫН ӨЗІ БАҚҚАН БА?
КІТАППЕН ДОС БОЛҒАН
18 март 2024, Понедельник
КІТАППЕН ДОС БОЛҒАН
БІЗДІҢ ХАЛЫҚ НЕ КӨРМЕДІ
26 май 2023, Пятница
БІЗДІҢ ХАЛЫҚ НЕ КӨРМЕДІ
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры