Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » ЖАЗ - АТА МАЛЫН ӨЗІ БАҚҚАН БА?

ЖАЗ - АТА МАЛЫН ӨЗІ БАҚҚАН БА?

13 ноябрь 2023, Понедельник
98
0
Өткен күннің бәрі тарих. Әкем Жазылбек Қуанышбаев атақты шопан болды, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атанды. Мұндай абырой әкемізге маңдай термен келді. Ол кісі малдың жағдайын терең білетін, соның нәтижесінде, бағы жанды, нәсібі артты. Әкеміз шын мәнісінде қаршадайынан еңбекпен өсіп, қара жұмыста шыңдалды. 

Қазіргі таңда әкем жайлы неше түрлі аңыз әңгімелер айтылады. Оның ішінде: «Екі мәрте Еңбек ері атанды, жиналыстарда жүрді, елдің құрмет- қошеметтерінен қолы босамады. Осы Жазылбек Қуанышбаевтың мал бағуға қолы тиді ме екен?», - деген де сөздер айтылады. Бірақ, оның жауабы – Жазылбек ата өзінің отарын өзі баққан. Мысалы, есептеп қарасаңыз, алғашқы Социалистік Еңбек Ері атағын 1948 жылы 52 жасында алған екен, екінші Алтын Жұлдызын араға 10 жыл салып, 1958 жылы иеленген. Ол кезде әкемнің жасы 62-де болды. Малшы адамға бұл тұғырынан тая қоятын жас емес. Дегенмен, ол кісі аға шопан кезінде оның жанына бірнеше көмекшісі болды. Сол көмекші шопанның бірі менің анам – Жайшыбала. Жаз ата екі әйел алған кісі. Жайшыбала – біріншісі. Ерді төрге де сүйрейтін әйел, жерге де қарататын әйел. Әкемнің атағының дүркіреп шығуына Жайшыбала анамның қосқан үлесі өте үлкен. Ол кісі Жаз - Атаның жастайынан жары болып, өмірдің де, еңбектің де ыстық - суығын бірге көрді. Жазылбек әкем отарын өріске жайып кеткенде,  малды ауылда қаншама тірлік қалады. Қораның астын тазалау, астауға тұз салу, құрттаған, ақсаған малдарға жем-шөп, суын беру, дәрісін себу, қораны жылылау. Шопанның ауласында көзге көрінбейтін, бірақ таусылмайтын жұмыстар толып жатыр. Міне, осындай жұмыстың барлығын Жайшыбала апам қабақ шытпай, бірге атқарды. Бұл жағдайға әйел адамның күніне 3 мезгіл ас дайындайтынын, кешке міндетті түрде ыстық ас әзірлейтінін, үйдің тазалығын реттеп, кір - қоңды жуатынын, үйге от жағатынын қосыңыз. Қаншама ауыр бейнет. Міне, осы бейнетке төзген адам – Жайшыбала ана. 
Ал, енді Жаз - Ата туралы айтқанда тағы бір кісіні айтпай кетсек қиянат болар еді. Ол – әкем өзі бір сапарында, Өзбекстан жағынан тауып әкелген Жасұзақ деген жігіт. Жасұзақты әкем 1931-32 жылдардағы ашаршылық кезінде тауып әкеліпті. Ол, әрине, жан үшін жанталасқан қиын жылдар. Жасұзақ жетім бала екен. Әкем оны өзінің бір інісіндей көріп, жанында ұстайды. Міне, осы Жасұзақ ағам әкеме қолғабыс етті. Әкеме адал болды. Жанынан табылды. Еңбек дегенде еш аянған жоқ. Шаршауды білмейтін, еңбеккеш кісі еді. Біз есейгенде сол кісінің жанында жүрдік. Шаруаның қыр-сырын әкеммен бірге сол Жасұзақ ағам да үйретті. Жасұзақ әкем мен Жайшыбала анамды құрметтеді. Біз де Жасұзақты жақсы көрдік. өкініштісі ол 1960 жылы біраз ай бойы ауырып, өмірден озды. 
Жайшыбала апамның бір қолқанаты мен болдым. Мен 1951 жылғымын. Екінші анамыз Қойшыбек пен Тойшыбек атты егіз ұлды дүниеге алып келгенше 26 жыл Жаз әкемнің жалғыз еркесі болдым. Қойшыбай мен Тойшыбай 1967 жылғы. Ол кезде мектептің жоғары сыныбында оқитын оқушымын. Бірақ, малды ауылға асығып тұратынбыз. Даланың кең табиғаты бізді сағындыратын. Мектептің партасына сыймай, малды ауылға барғанда асыр салып ойнаушы едік. Табиғаттың сұлулығына той-маушы едік. 1936 жылы «СЖК» деген малға салынатын екпе пайда болды. Сол «СЖК» екпесі салынған мал 2-3 қозыдан туа бастады. Бірақ, бұл аналық малға зиян. 4-5 төлдегеннен артық төлдей алмайды. Оның үстіне «СЖК» – мен туылған қозы кішкентай болады. Ол жетілгенше бірталай уақыт өтеді. Әкем Еңбек Ері болса да, «СЖК» дегенді аса қолдамаушы еді. Барлық шопанға талап бірдей болған соң, амалсыз қолданды. Әйтпесе, әкем малдың аналығына, амандығына, саулық отарлардың табиғи қалпына ерекше мән беретін. 
Әкем малды ауылда болса, өз отарын өзі бағатын. Мал баққанды ұнататын. Кейінгі жылдары өрісте жас малшыларға шеберлік сағатын өткізіп, мал бағудың қыр-сырын айтып жүрді ғой. Малдың бабын жасаудың жағдайын жас ұрпаққа айтудан әкем жалыққан емес. Әкемнің шопан шәкірттері көп. Соның бірі – Бөгенбай Бидасбаев.   Бөгенбай Бидасбаев әкемнің ақ таяғын 18 жасында ұстап, анасымен бірге малшы болып кеткен кісі. Оның да Жаз - Атаға айтары алғыс. 
Қазір жасым 67 - де. Өзім де ақсақал болдым. Кейінгі жастарға Жаз - атам жайлы өзім куә болған естеліктерді айтып кетсем деймін. Мынау сол естеліктердің алғашқысы деп қабылдаңыздар.
Жаз - Атаның өмірінің бір үзігі осындай. Жаз - Атаның өмірі баршаға үлгі болары анық.

Бейбіт ҚУАНЫШБАЕВ,
еңбек ардагері.

Мойынқұм ауданы.
Обсудить
Блок в статье:
БӨЛТІРІКТІҢ БЕДЕРЛІ БЕЛЕСІ 28 ноябрь 2024, Четверг
СТАЛИНГЕ ХАТ ЖАЗҒАН ҚАРИЯ 20 ноябрь 2024, Среда
КӘСІБІ – ТРАКТОРШЫ 18 ноябрь 2024, Понедельник
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры