ЖАҚСЫ АДАМДАР МЕКЕН ЕТКЕН МОЙЫНҚҰМ
Мойынқұм ауданы десе көпшіліктің көз алдына шөлді - шөлейтті, құм суырған желінен басқа тіршілігі жоқ аймақ елестейтіні рас. Бірақ, мүлдем олай емес. Мойынқұмның сырын барған адам, тұрмыс - тіршілігіне қанған адам біледі. Онда елдің құрметіне бөленген еңбекқор жандар тұрады, өмір белестері өнегеге толы қазыналы қарттар мекен етеді. Олардың жүрек тебірентер әсерлі әңгімелері таңға дейін таусылмайды. Бұл жолғы ауданға сапарымда елдің құрметіне бөленген қариялармен сырласып, әңгіме - дүкен құрып, бір марқайып қайттым. Сол ақылдың кені болған Мойынқұм ауылының қарттары жөнінде алда келе жатқан халықаралық қарттар күні қарсаңында сыр шертпекпіз.
МҰҚАЛМАЙТЫН МҰХАНБЕТҚҰЛ
Мойынқұмда үйіне арнайы сәлем бере барған алғашқы ақсақалым – Мұханбетқұл Сабыров болды. Ол кісінің тағылымға толы сөздерін ести бергің келеді. Әңгімесі өз алдына, ол кісі әлі де аттан түспей, ауыл ардагерлеріне көшбасшылық жасауда. Дәлірек айтқанда, ауылдық округ ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Әңгімелесу барысында Мұхаң ақсақал Кеңес Одағы тұсында өткен жастық шағына біраз шолу жасады. Заман басқа, заң басқа дегенімен, қайталанбас жастық шақтың жөні бөлек. Өзге кісілер секілді жалындаған жастық кезеңді Сабыров та сағынатын секілді. Алматыдан жоғары оқу орнын бітіріп, зоотехник мамандығын алған соң, 1976 жылы «Байтал» кеңшарында мал шаруашылығы бағытындағы бөлімшенің зоотехнигі болып еңбек жолын бастапты. Бірден - малшылардың қалың ортасына топ ете түсті. Қиындығы көп болды, десе де былайғы өміріне жақсы мектеп болғаны да рас бұл кездің. Ол кейіннен әртүрлі қызмет атқара жүріп, алғашқы еңбек жылында алған тағылымының көп көмегі болғандығын күні бүгінге дейін ризашылықпен еске алып отырады. Жастығына қарамай дауыл мен боранды күндері малшылардың арасынан табылды, қиын күндерде ысылды, шыңдалды. Кеңшар басшылары мұның іскерлігін байқап, бөлімше басшысы, кеңшардың бас зоотехнигі қызметтеріне көтерді. Бас зоотехник – кеңшардағы бүкіл мал шаруашылығына жауапты адам. Малдың амандығы, жем - шөптің жеткілікті болуы, бәрі –бәрі аталған қызметтегі кісінің бақылауында. Мұханбетқұл бұл жұмыстың да үдесінен шықты.
Мұнан соң Қазақ ұлттық мал шаруашылығы ғылыми - зерттеу институтының аға зоотехнигі бола жүріп, «Жамбыл» кеңшарында қызмет атқарыпты. Сол кезде аталған кеңшардың директоры Қожахмет Төлегеновпен ақылдаса отырып, Ростовтан 200 бас қалмақ сиырын (тана) алдырып, асыл тұқымды мүйізді ірі қара фермасын ашқан. Асыл тұқымды қалмақ сиырларын Мойынқұм даласында жерсіндіру біраз жаңалық болғаны анық. Бұл жұмыстардың сәтті ұйымдастырылуы Мәкеңнің жұмыстың көзін тапқанын білдіреді. Мұндай іскер жас маманға аудандық партия комитетінің көзі түспей тұра ма? 1982 жылы аудан басшылары М.Сабыровты аудандық партия комитетіне нұсқаушылыққа шақырған. Ол кездің бір жақсы жері – өзін көрсете білген мамандарды партия түрлі қызметтерге жіберіп шыңдап отыратын. Қысқасы, жақсы маман жерде қалмайтын. 1987 жылы Мойынқұм ауылдық кеңесінің төрағалығына сайланды. Ол кезде де тұрғындардың көкейінде жүрген бірнеше өзекті мәселелерді шешкенін көпшілік ұмытқан жоқ. Ол уақытта атаулардың көбісі ешкім танымайтын (көбінесе орысша) кісілердің атында еді. Бұл кісі сабырмен қимылдап, құжаттарды реттей жүріп, бірқатар көшенің атын қазақшалап үлгерді. Сол көшелердің біріне даңқты шопан, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевтың есімі берілген еді. Қазір осындай жұмыстар көзге көрінбейтін шығар. Одақ мызғымай, Коммунистік парияның пәрмені жүріп тұрған заманда мұндай қадамға бару басыңды бәйгеге тігумен бірдей еді.
Мұханбетқұл Сабыров 1990 жылы «Хантау» кеңшарына партия комитетінің хатшысы болып сайланды. Сол кездегі аудан басшысы Мұрат Сейдалиевке кіріп, Коминтерн ауылдық кеңесін бөлек құру, ол ауылға Биназар батырдың атын беру туралы ұсыныс айтады. Бірінші басшы бұл ұсынысты қабыл алып, аталған ауылдық кеңес өз алдына бөлек ту тігіп, аудандық кеңестің қаулысымен Биназар ауылдық кеңесі атанды. Осылайша, бір-ақ күнде Биназар батырға ауыл атауы беріліп, Биназар ауылдық кеңесінің тұңғыш төрағасы болып Мұханбетқұл Сабыров сайланады.
Мұхаң кейіннен Карл Маркс селолық кеңесіне Қылышбай ақынның атын бергізуге де көп еңбек сіңіріпті.
– Бір жолы Алматыда (ол кезде республиканың астанасы) барлық деңгейдегі әкімдердің республикалық жиыны өтті. Мен К.Маркс ауылдық округінің әкімі едім. Әлгі жиынға бардық. Жиыннан соң мен Парламенті Мәжілісінің депутаты Арғынбай Бекбосынға бардым. Арекең мені өте жылы, жайдары қабылдады. Келген мәселемді айттым. Арекең Қылышбай Ержанұлын жақсы біледі екен. Дереу облысқа қоңырау шалып, құжаттарды сұратты. Ал маған бір ай көлемінде бұл мәселе шешілетінін айтып, шығарып салды.
Арада бір ай уақыт өткенде Арғынбай Бекбосын ауданға телефон шалып маған «Мұхан, мен уәдемде тұрдым. Бүгін республикалық ономастикалық комиссияның қаулысымен сіздердің аудандағы К.Маркс ауылы Қылышбай ауылы болып өзгерді. Сенің де жүгірген еңбегің ақталды. Құтты болсын.» деді. Бұл – 1996 жылы болған оқиға еді» деді ақсақал.
М. Сабыров кейіннен ауыл шаруашылығы қызметкерлері кәсіподағы аудандық ұйымының төрағасы, аудандық инспекцияның бас маманы, Мойынқұм ауылдық округі әкімінің орынбасары қызметтерін атқарып, зейнетке шықты. Қазіргі таңда Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы. Асыл жары Разамен бірге ұл – қыздарын жеткізіп, немере мен шөберенің қызығын көріп отыр. Еңбектің еленгені осы болар
ЖҮРГІЗУШІНІҢ ЖҮГІ ЖЕҢІЛ ЕМЕС
Ауылдың тағы бір сыйлы адамы – Сапарғали Темірбеков. Бұл кісі қарапайым еңбек адамы. Үлкен кабинеттерде отырып, басшы болмаған. Бірақ, сол көпшіліктің ішінде еңбек ете жүріп, өзін жақсы қырынан көрсете білген.
Сапекең әуелі 1974 жылы Қарабөгетте орта мектепті бітіреді. Ол уақытта жастарды мал бағуға үгіттеу үрдісі жүріп жатқан. Сапарғали да сол ақылды тыңдап, екі жыл мал бақты. Қой шаруашылығының қиындықтарын жастай өз көзімен көрді. Бірақ, жас жігіттің қалауы техника тілін меңгеру болатын. Осы мақсат оны аудан орталығындағы кәсіптік –техникалық училищеге әкелді. Оқу орынын Сапарғали ойдағыдай бітіріп, көлік жүргізушісі куәлігін алды. Содан, 5 жыл «Қарабөгет» кеңшарында жүргізуші болып еңбек етті. 1981 жылы «Құмөзек» кеңшарына ауысып, осы кәсібін жалғастырыпты. Жалғастырғанда анау - мынау емес, кеңшар директорларына жүргізуші болды. Әр жылдары аталған кеңшарды Әбжаппар Досымбеков, Несіпбай Есілбаев, Әшім Сатыбалдиев басқарса, Сапекең көлік жүргізушісі болып, осы кісілерге қалтқысыз қызмет етті. Ол кезде кеңшар директоры деген – жарты әлемнің қожайыны іспетті үлкен лауазым. Кеңшардағы бүкіл игілік, шаруашылық, қажеттіліктердің бәрі сол кісінің қолында. Жеке дара басқарады. Ондай кісілердің көлік жүргізушісі болу да оңай емес. Бір сөзбен айтқанда, директордың көмекшісі деген сөз. «Құмөзекте» Сапекең табаны күректей 15 жыл еңбек етіпті.
Кейіннен жол жөндеу саласында, аудандық орман шаруашылығында еңбек еткен. 2003 -2010 жылдары аудан орталығындағы Т.Рысқұлов орта мектебінде шаруашылық меңгерушісі болып істепті. Соңғы 9 жылға жуық уақыт аудандық білім бөлімі ғимаратында күзетші болып, зейнетке шықты.
Жұбайы Рая аспазшы болып еңбек еткен. Асыл жары екеуі төрт ұл-қызды тәрбиелеп өсірді. Бұл күнде қарапайым еңбек адамы немерелерінің қызығын көруде.
Ауылда Сапарғалиды сыйлайтындар да көп.
БЕЛСЕНДІ ҚАРИЯ БЕКМҰРАТ
Бекмұрат Жамбыловтың есімін мойынқұмдықтар тегіс біледі. 22 жасында аудандық комсомол комитетінің екінші хатшысы болды. Сол кездегі өлшеммен қарағанда – бұл үлкен қызмет. Оның үстіне аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы атағы алысқа кеткен Айтбай Назарбеков болса. Назарбековтің жас шәкірті болып еңбек ету білгенге үлкен бақыт болса керек. Бекең осы лауазымда табаны күректей 8 жыл қызмет етіпті. Бұл дегеніңіз - 8 жылдық үлкен өмір университетінен өтті деген сөз. Ол уақытта Айтбай Назарбековтің абыройы өте биік. Барша ел жақсылары, еліміздің қаймақтары Айтекеңді таниды. Жазушы, ғалым, қоғам қайраткерлері де Айтекең басқарған, жаңарған ауданды көреміз деп келіп - кетіп жатады. Келген қонақтарды қарсы алу, шығарып салу, құрметтеу – аудан активіндегі қызметкерлердің міндеті. Жап –жас комсомол басшысы Бекмұрат та сол жауаптылардың қатарында болған. Демек, Мойынқұмға келген көп қонақтарды күту, құрметтеу кезінде бұл кісіге де бірқатар жауапкершілік жүктелген. Оның барлығын Бәкең уақытында абыройлы атқарғаны анық.
Осы қызметінен «Қарабөгет» кеңшарына әуелі кәсіподақ комитетінің төрағасы, артынша партия комитетінің хатшысы болып сайланады. Партия комитетінің хатшысы болу – жауапкершілігі үлкен жұмыс. Сол «Қарабөгетте» 13 жыл, әртүрлі жұмыстарда 7 жыл, кейіннен аудандық мәслихатта 13 жыл кызмет істеп Бекмұрат Жамбылов зейнетке шыққан.
Ол кісі зейнетке шықса да қарап отырған жоқ. Қоғамдық жұмыста қашанда белсенді. Аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары және аудандық әкелер кеңесінің төрағасы. Әкелер кеңесінің жұмысын басқару – үлкен іс. Әкелердің қоғамдық ұйымын басқармақ түгілі, өзі лайықты әке бола алмай жүрген қаншама кісілер бар. Әке ретінде жауапкершілігін жоғалтқан, сеніммен айырылған қаншама отағасы кездеседі өмірде. Ондайлар Мойынқұмда да жоқ емес. Бекмұрат ақсақал бұл күнде сондай кісілердің бетін бері қаратуға күш жұмсап, қоғамдық жұмыста жүр. Бекеңнің тілімен айтқанда, мұның шешуі қиын күрделі жұмыстар. Ал, аудандық ардагерлер кеңесі төрағасымен бірлесіп атқарып жүрген жұмыстары да аз емес.
Бекболат Жамбыловтың тағы ерекше қыры бар. Газет –журнал оқуға, телеарналарды көруге өте сергек. Сергектігі сол, таңнан тұрып, «Таңшолпанға» телефон шалып хабарласады. «Таңшолпан» - «Қазақстан» Ұлттық арнасының таңертеңгілік бағдарламасы. Облыстық «Jambyl» телеарнасының «Рауан» бағдарламасына да белсене қатысады. Облыстық телеарнаның қызметкерлері де Бекмұрат аталарын танып алған. «Бекмұрат ата, қайырлы таң!» деп қуана сөйлесіп жатады. Бекеңнің осындай да қыры бар.
Сондықтан, Бекеңді құрметтейіндер көп. Ол құрметке лайық кісі.
Арнайы бетті әзірлеген
Есет ДОСАЛЫ,
журналист.
Мойынқұм ауданы.
Обсудить
Блок в статье:
АРДАГЕРЛЕР АРАСЫНДАҒЫ ДОДА
16 декабрь 2024, Понедельник
Баталы елге - бақ қонар
16 декабрь 2024, Понедельник
«Елім деп соғады жүрегім» атты кездесу өтті
16 декабрь 2024, Понедельник
Похожие материалы:
Комментарии (0)