Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » Қоғам » Қасіретті күндер қайталанбаса екен

Қасіретті күндер қайталанбаса екен

28 май 2025, Среда
24
0

Бұл күн – шын мәнінде бүкіл елдің көкірегі қарс айырылып, бір сәт күрсінетін күн. Өлгенге иман, өткенге салауат тілейтін сәт. 
Жамбыл облысының Сарысу ауданы 1928 жылы 3 қыркүйекте Қазақ АКСР Халық Комиссарлар Кеңесінің «Қазақстанда көшпелі, жартылай көшпелі және отырықшы аудандарды белгілеу туралы» қаулысына сәйкес құрылған болатын. 
1928 жылғы Қазақстанда өткізілген ірі байларды тәркілеу және 1932-1933 жылдардағы қолдан жасалынған ашаршылық салдарынан Сарысу өзенінің бойында отырған ел Қаратауды бетке алып үдере көшті.  Тарихи деректер бойынша Жаңаарқа ауданындағы Сарысу өзенінің бойынан ағылған алты мыңнан аса шаңырақтан екі-ақ мыңдайы арып-ашып, Қаратаудың күнгейіндегі тарихи Саудакент қалашығының төңірегінен жаңа мекен тапты.  

 Осы нәубетті, тәркілеу мен жаппай қуғын-сүргінді өз көзімен көрген, жас болса да сол бір зұлмат заман көкірек көзінде жатталып қалған, көзі тірісінде Ақтоғай ауылының «Әнтә апасы» атанған Алтынсары Жексенқызы шешемнің айтқан әңгімелері күні бүгінгідей есімде сақталып қалды. 
«Байларды тәркілеп, малдарын тартып алып, өздерін қуғын-сүргінге ұшыратып жатқан кез болатын, деп бастайтын әңгімесін апам, – Тәркілеудің арты ашаршылыққа ұласты. Мен – сол кезде 10-11 шамасындағы бала едім. Күнін көре алмай қиналып, аштан қырылып жатқан үйлердің балаларын интернаттарға алып кетіп жатты. Қуғын-сүргінде ұсталып кетсек босқа өліп қалады деп ойлаған болуы керек ағам Алтай мені және ағайын болып келетін немере туысқандарымыздың балаларын Әулиеатадағы интернат үйіне бір ағайынға «орналастырып кел» деп қосып жіберді. Арбаға мінгелі жатқанда ағам «Ол жақта да жағдай оңып тұрған жоқ деп естідім, бара көрерсің, жүрген жолыңды бағдарлап отыр, қиналсаңдар интернаттан қашып шығып кетуге тырыс» – деді. Әкеліп орналастырған жерден адам шошиды. Интернаттың дәлізінен адам аяқ алып жүре алмайды. Әр-әр жерде ыңырсып, құлап жатқан, әбден аштық өтіп кеткен балалар. Балаларға берілетін тамақта мардымсыз. Қара суға ұн салып қайнатқан атала. Оның өзі жетпейді. Көбісі ауырып өліп жатыр. Аш балаларға іш ауру (тырысқақ) араласқан. Мына сұмдықтан кейін қашуды ойладық. Біз елден кеткелі де біраз уақыт болған. Бір күні екі немере інімді ертіп интернаттан қашып шықтым. Біраз жүріп бір арбаға ілестік. Бірде отырамыз, бірде жаяу жүреміз. Бір ауылдың қасынан қалдырып кетті. Арба басқа жаққа қарай бұрылатын болды. Кейіннен білсек ол ауыл қазіргі Қаракемердің жаны екен. Қарнымыз аш. Жолда кездескен үйлерден нан, тамақ сұраймыз. Ешкім бермейді. Кейбір жаны ашығандар жеуге бірдеңе береді. Әбден аштық пен жолды көтере алмай ер баланың біреуі жолда өлді. Жолай бір аттылы, түйелі, арбалы кісілерге ілесіп, Шу бойына да жеттік. Бастан өткерген азапты күндер мен түндерді сөзбен айтып жеткізу оңай емес. Жолда кездескен біраз адам менің Алтайдың қарындасы екенімді білді. Арқаға жүріп бара жатқан кісілерден Алтайға сәлем жолдап, менің тірі екендігімді және бізді алдағы күндердің бірінде жүретін кісілерге қосып жіберетіндігін айтты. Жолға да шықтық. Бетпақдаланың ұшы-қиыры жоқ. Жаяу жалпылап, біресе түйе үстіндегі күрке тәрізді қомдалған кигізге отырып жүріп келеміз. Қанша жүргеніміз белгісіз, бізге кездескен бір кісілер Арқадағы Алтайға хабардың жеткенін және бері қарай жолға шыққанын айтты. Біраз күндерден кейін оларға да жолықтық. Ағам мені көре салып «Бауырым-ай, тірі екенсің ғой, енді қасымнан тастамаспын» деп еңкілдеп жылап кеп құшақтады. Бізден еш хабар болмағаннан кейін күдер үзген болуы керек. 
Біз интернатқа өткізгеннен бері жылға жуық уақыт өткен екен. Арқаға келгеннен кейін аштық одан сайын үдеді. Жағдай тіпті қиындап кетті. Өкімет орта шаруаларға дейін малын тартып алып жатыр. Ел нағыз аштыққа енді ұрынды. Аштан өліп жатқандарда сан жоқ. Қолында мүмкіндігі барлар үй-жайларын тастап басы ауған жаққа кетіп жатты.
Біздер жиналып, Бетпақдалаға қарай жолға шықтық. Негізгі бағытымыз Бетпақдала арқылы, Шуға жету. Біз шұбырған адамдарға жақындамай жүріп отыруға тырыстық. Кешке қонған жерімізде жүк артқан түйе мен аттарды, қойларды қоршап, ұйықтамай жатамыз. Жолды торып жүрген аш адамдар көп. Біз көбінесе ешкімнің көзіне көрінбей, түнде жүруге тырыстық. Сол кезде Құрақбай емшекте. (Құрақбай Алтайдың баласы). Біресе арбаның үстінде жеңешем ұстайды, шаршаған кезде мен ұстаймын. Бала қарыны ашып жылайды. Емгісі келеді. Тоймайды. Өзі аш адамнан қайбір сүт шығады. Баланың жылаған дауысын қатты шығармауға тырысамыз. «Мал ашуы – жан ашуы» деген, Құрақбай жылағанда, өзі сақтықпен әрең дегенде Бетпақтың азабын тартып келе жатқан Алтай «Баланы жылатпаңдар!» деп айқайлайды. Жеңешем екеуміз Құрақбай жылаған кезде шапанымен орап, басып, дауысын шығартпауға тырысумен болдық. Сөйтіп, Бетпақтан да өтіп, Шу бойына да жеттік. 
Бізден басқа бірін-бірі жетелеп, балаларын арқалап келе жатқандар қаншама. Аш-жалаңаш, жаяу-жалпылап келе жатқандардың көбі шөлден, аштан қырылып жатты. Көбінің үй-мүліктері, төсек-орындары, киім-кешектері Сарысу өзенінің бойында, Бетпақдаланың үстінде қалды. 
Шу бойында тұрақтап тұру оңай болмады. Ендігі бағытымыз Жалдың құмынан өтіп, қазіргі Аса ауылының жанындағы Көлқайнарға жету. Ол – жеңешемнің ауылы. Алтайдың қайын жұрты. Ол жерде біздегідей зобалаң жоқ, әзірге тыныш деп естігенбіз.
Сөйтіп, Жалдың құмы арқылы қиын күндерді бастап өткеріп Көлқайнарға да жеттік. 
Ашаршылықтан кейін, жаппай қуғын-сүргін басталды. Адамдар жеке пікір айтқаны үшін «халық жауы» атанып, қудалауға түсті. «Халық жаулары» ұсталып жатты. Адамдар бір-бірінен қорқып, бірінің үйіне бірі кірмейтін болды. Бірінші кезекте байдың тұқымдары қудаланып, қашқандары іздестіріле бастады. Ұсталғаны айдалып, кетіп жатты.
Ағаларым Әлі, Нұрқан,  Исаларды байдың тұқымы, "халық жауы" деп,  айдап алып кетті. Хабар ошарсыз кеткен олардың сүйектерінің қайда қалғаны да белгісіз. 
Кейіннен белгілі болғаны, үштіктің үкімімен сотталып, итжекенге айдалып кеткен екен.
Біз болсақ қашып,  Бетпақдалада көрмегенді көріп, Көлқайнарға келіп паналадық...  
Бұдан өткен қасірет, бұдан өткен зұлымдық бола ма? Құдай мұндай зұлматты енді көрсетпесін» – деп отыратын апам. 
Әрине бұл әңгіме апамның жүрегіне жазылып қалған кітаптың үзіндісі.
 Кешегі зобалаң заманның шерлі шежіресінен сыр шерткен бұл естелік кейінгі ұрпаққа сабақ, тағылым, тарихқа мінәжат болсын!

Асан ТІЛЕМІСОВ, 
Қазақстан Журналистер
Одағының мүшесі

Сарысу ауданы

Обсудить
Блок в статье:
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры