Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » ШЕЖІРЕЛІ ӨҢІРДІҢ БОЛАШАҒЫ БАҒДАРЛЫ

ШЕЖІРЕЛІ ӨҢІРДІҢ БОЛАШАҒЫ БАҒДАРЛЫ

29 август 2024, Четверг
77
0
Қазақтың Қаратауы мен Алатауы астасқан қасиетті өңірінде орын тепкен Жамбыл облысы – ел тарихында да, экономикасында да өзіндік орны бар өлке. Суы бар жердің нуы бар деп жатамыз ғой. Таудан басталатын өзендер мен жылғажылғадан жылжып аққан бұлақтар жер емген диқанға да, төрт түлік мал өсірген шаруаға да шұрайлы мекен. Ұшақтан көз салған кезде шахматтың шаршы тақтасындай ойдым-ойдым, бөлек-бөлек егін алқаптары, алаңсыз жайылып жатқан төрт түлік мал көзге түседі. Бұл облыстың азық-түлік өндіруде республикада өзіндік орны бар. Бұған біз биылғы жылдың шілде айының соңғы күндерінде облыста болған кезімізде көз жеткіздік. Облыс әкімі Ербол Шырақбайұлы Қарашөкеевпен болған кездесу барысында бұл бағытта облыс көлемінде атқарылып жатқан жұмыстар туралы біраз ақпаратқа қанықтық. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халық қалауымен Президент болып сайланғаннан кейін алғаш қабылдаған тарихи шешімі – Қазақ халқының алтын бесігі ауылды көтеру жөнінде Жарлыққа қол қойған болатын. Бұл жай сөз емес, нақты іске айналған бастама болды. Осы бесжылдық мерзімде ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін екі есе ұлғайту міндеті алға қойылып, шаруаларға жеңіл шарттармен несие беру көлемі тұңғыш рет 580 миллиард теңгеге жетті. Және алдағы уақытта әлеуметтік кәсіпкерлік коорпорациялары арқылы диқандарды жеңілдетілген қаржыландырумен қамтуды 100 пайызға жеткізу мәселесі қолға алынып отыр. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев мырза бізбен әңгіме барысында осы шараларға және ауыл шаруашылығын өркендетудің басқа да мәселелеріне кеңінен тоқталып, бізді ауыл адамдарының өмірін жақсартудың қолға алынып жатқан бірқатар бағдарлы жұмыстарынан хабардар етті. Осы сапар барысында облыстың Жамбыл, Жуалы, Талас, Сарысу аудандарын аралаудың, осы өңірлер еңбеккерлерінің ауылды өркендету жолында атқарып жатқан толымды жұмыстарымен танысудың сәті түсті. Соның ішінде Сарысу ауданының орталығы Жаңатас қаласында болғанымызда шағын шаһардың алдағы айларда 55 жылдығы аталып өтетінін естіп білдік. Жұртшылық тәуелсіздік жылдарында Сарысу ауданы мен Жаңатас қаласының біріктіріліп, қаланың аудан орталығы мәртебесіне ие болуына оң баға береді. Өйткені ауданның ауыл шаруашылығы қаланың өндірістік әлеуетімен ұштастырылуы нәтижесінде аудан дамудың жаңа белесіне көтерілді деген ойда. Бұл пікірдің дұрыстығына аудан орталығы атанған қаламен, жалпы ауданмен жақынырақ танысу барысында көз жеткізгендей болдық. Бүгінгі Жаңатас негізінен «Қазфосфат» ЖШС құрамына кіретін Тараз қаласындағы сары фосфор, аммофос, күкірт қышқылын өндіретін Жаңа Жамбыл фосфор зауыты мен суперфосфат зауытына фосфор шикізат дайындауда. Қалада бірлескен кәсіпорындар салуды қолға алу да халық әлеуетін жақсарта түсуге септігін тигізуде. Мысалы, Ресейлік «ЕуроХим» компаниясы фосфор шикізатын өңдіруде және фосфорды өңдейтін жаңа кәсіпорын салуда, Түріктер Саудакентке жете берістегі «Сарбұлақ» аймағынан кольцилендірілген сода өндіретін зауытының ірге тасын қалауда. Бұлар өз кезегінде ауданда көптеген жұмыс орындарының ашылып, әлеуметтік мәселелердің шешілуіне оң ықпалын тигізуде. Қаратаудың биік шоқыларының басында жел күшімен жұмыс істейтін қозғалтқыштарға қарасаң көзің тояды. Жаңатас маңындағы қыраттарда қытайлықтар екі жел электр станциясын салып тастаған. Нәтижесінде жаңатастықтар дүниежүзі ғалымдарының басын ауыртып жүрген көмірден, газдан алынатын энергетикадан кетіп, таусылмайтын жел энергетикасына өту жөнінде алғашқы қадамдар жасап жатыр екен. Қаланың іргесі ірі фосфорит кенін игеруге байланысты 1964 жылы қалана бастапты. Қала 1969 жылы кентке, 1971 жылы қалаға айналыпты. Жаңатастың фосфор байлығы 1939 жылы айқындалса да, оны игеру 1964 жылы ғана басталған. Сол жылы іргетасы қаланған кент Бүркітті деп аталыпты. Жаңатас қаласының қайта түлеуіне моноқалаларды дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған бағдарламасының тигізген пайдасы зор болыпты. Мұнда да шағын және орта кәсіпкерлік саласын мықтап дамытуға баса көңіл бөлінген. Шаһарда білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет салаларының материалдықтехникалық базасы күн өткен сайын нығайып келе жатқан көрінеді. Жаңатас фосфор кенімен аты шыққан қала. Бүгінде мұнда «Қазфосфат» ЖШС филиалы – «Қаратау» тау-кен өңдеу кешені мен «ЕвроХим» компаниясы тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Аталған өндіріс ошақтары жылына мыңдаған тонна фосфор өнімдерін өндіреді. Соңғы жылдары «ЕвроХим-Қаратау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Жаңатас қаласында фосфарит шикізатын қайта өңдеу арқылы химиялық кешеннің жұмысын жандандыра түсуде. Сөйтіп аудан халқының әл-ауқатын арттыруға өзінің қомақты үлесін қосуда. Облыс орталығынан 180 шақырым қашықтықта жатқан Жаңатас қаласында 155 төсекке арналған орталық аурухана, 500 адамға арналған орталық емхана, Мәдениет үйі, кітапханалар, Халық театры, неміс, славян орталықтары жұмыс істейді. Көпсалалы техникалық колледж, 2 кәсіптік-техникалық лицей, жалпы білім беру мектептері, балабақшалар мен спорт мектептері, демалыс саябақтары бар. «ЕуроХим» компаниясы Түркістан облысының Шаян өңірінен Жаңатас қаласына дейін көгілдір газ тартуды қолға алыпты. Компания жобасы бойынша алдағы уақытта Жаңатасты «Ақылды қалаға» айналдыру жоспарланған. Кезінде қала атағы алысқа кетіп, оның тұрғындары үлкен жазушымыз Шерхан Мұртазаның «Қара маржан» романының көркем кейіпкерлеріне айналып, ол шығарма республиканың көркем әдебиет саласындағы Мемлекеттік сыйлыққа ие болған еді. Тәуелсіз еліміз тұсында қайта түлеген бұл қаланың болашағы зор. Жаңатас сияқты өндірісті қаланы аудан орталығына айналдырып, қала мен дала тірлігін ұштастырып, істің көзін тауып отырған Сарысу ауданының бүгінгі тыныс-тіршілігі жөнінде әңгімелегенде аудан тарихына аз-кем тоқталып өткеннің артықтығы жоқ болар. Сарысу ауданы 1928 жылы 3 қыркүйекте Қазақ АКСР Халық Комиссарлар Кеңесінің «Қазақстанда көшпелі, жартылай көшпелі және отырықшы аудандарды белгілеу туралы» қаулысына сәйкес құрылған. Осы қаулыға сәйкес Сарысу ауданы Қызылқұм, Созақ, Шу аудандарымен бірге Сырдария округінің құрамына кірген. Қазақстанда 1928 жылы өткізілген ірі байларды тәркілеу науқанының көшпелі халыққа тигізген зардабы шексіз ауыр болды. Бұдан өзге 1932-1933 жылдары ғасырлар бойы көшпелі тірлікпен күн кешіп, егіншілікпен, мал өсірумен айналысқан халықты күштеп ұжымдастыру салдарынан болған нәубет Сарысу халқын аяусыз қырғынға ұшыратты. Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданындағы Сарысу өзенінің бойынан 6000-дай шаңырақ үдере көшіп, Қаратау бойына шұбырды. Голощекиннің солақай саясаты салдарынан сол алты мың шаңырақтан екіақ мыңдайы арып-ашып Қаратау алқабына тұяқ іліктірді. Арқадан арып-ашып жеткен адамдар Қаратау бойындағы шұрайлы жерлерге, өзендер мен көлдердің бойына қоныс тепті. Бұл жақтағы байырғы ел-жұрт та солақай саясаттың зәбірін тартқан екен. Сан түрлі салықтар бұл жақтағы ағайындарға да оңай тимеген. Десек те, отырықшылық дәстүрден қол үзбей, диқаншылық кәсіпті серік еткен қаратаулықтар ұзақ көштен шаршапшалдыққан, әбден әлсіреген ағайындарға қолдан келген қамқорлықтарын аяған жоқ. Сол кездегі Қазақстан Үкіметінің өкілдері, қоғам қайраткерлері Ораз Жандосов, Жанайдар Сәдуақасовтар нәубетке ұшыраған сарысулықтардың алдынан шығып, халықтың аман қалған бөлігінің осы өңірге аман-есен орналасуына көп күш салды. Әсіресе Ораз Жандосовтың сіңірген еңбегі зор болды. Кейін Қаратау алабына қоныс тепкен халықтың басым көпшілігінің ұсыныс-талаптарын зор түсіністікпен қабылдап, ауданның тарихи «Сарысу» атының сақталып қалуына қолдау көрсетті. Есін жиып, етегін жапқан халық төрт түлік мал өсіруге ден қойды. Мысалы, 1934 жылғы шілде айындағы санақта ауданда ұсақ мал саны 7651 бас болса, 1935 жылы 18875-ке жетті. Сол жылы Сарысу ауданында 12 ауылдық кеңеске біріктірілген 47 артель болған. Сарысу ауданының тарихы да Қазақстан тарихының кішігірім құрамдас бөлігі екендігін ешкім жоққа шығара алмайды. Еліміздің басынан кешкен тарихының жаңғырығы жаңа құрылған ауданды да айналып өткен жоқ. Отыз жетіншіотыз сегізінші жылдардағы қанқасапта да Сарысудың талай боздақтары қуғынсүргінге ұшырады, атылды, айдалды. Ұлы Отан соғысынан 2700-ден астам сарысулықтар туған топырағына қайта оралмады. Амантай Дәулетбеков, Берген Исаханов секілді Кеңес Одағының Батырларының, даңқты мерген, батыр Ыбырайым Сүлейменовтің кіндік қаны сонау Сарысу өзенінің бойында тамғандығын ұрпақтары мақтан етеді. 1950 жылы Сарысу ауданында қойешкі саны 183320 басқа, мүйізді ірі қара 11355-ке, жылқы 4130 басқа жетті. Мал шаруашылығын өркендетудегі үздік табыстары үшін ауданның 15 малшысы 1949 жылы Социалистік Еңбек Ері атағын иеленді. 1957 жылы аудандағы ұжымшарлар ірілендіріліп, 7 кеңшар құрылды. Осы кезде ұсақ мал саны 280 мыңға жеткен болатын. 1962 жылы Сарысу ауданының Талас ауданына қосылуының тиімді болмағандығын өмірдің өзі дәлелдеді. 1967 жылы Сарысу ауданы қайта құрылды. Бұрын Мойынқұм ауданына қарап келген «Сарысу», «Шығанақ», «Қамқалы» совхоздары Сарысу ауданына қосылды. 1990 жылы ауданда қой-ешкі саны 300 мың басқа, мүйізді ірі қара 10500, жылқы 10000, түйе 1800 басқа жетті. Ауданның әлеуметтік-мәдени саласы жылдан жылға жақсарды. Мектептер, мәдени үйлері көбейді. Қазақстанның егемендік алуымен аудан тарихының жаңа парақтары ашылды. Қоғам дамуының осы бір күрделі кезеңінде тәуелсіздіктің, егемендіктің, дербес дамудың дәмі қанша тәтті болғанмен де, осы сара жолға түсудің халық үшін қиындығы мен шырғалаңы аз болған жоқ. 1997 жылы Сарысу ауданы мен Жаңатас қаласы біріктіріліп, аудан орталығы Жаңатас қаласы болып белгіленді.

Өмірзақ ОЗҒАНБАЕВ, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі орталық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары, тарих ғылымдарының докторы, профессор

(Басы. Жалғасы газетіміздің келесі санында)
Обсудить

Похожие материалы:

Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры