Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » «ҚАЗАВТОЖОЛдан» ҚАЙЫР БОЛАР КҮН ҚАШАН?

«ҚАЗАВТОЖОЛдан» ҚАЙЫР БОЛАР КҮН ҚАШАН?

06 апрель 2023, Четверг
115
0
«Жол қадірін жүрген біледі» деп  дана халқымыз бекер айтпаса керек. Бүгінде әр елдің экономикалық  жағдайы, сауда-саттық хал-ахуалы да оның транзиттік әлеуетімен арқылы өлшенеді. Осы бағытта қазіргі таңда талай ауқымды істер атқарылып жатқанын көз көріп, құлақ естіп отыр. Солардың ішіндегі ауқымдысы – Батыс Еуропа-Батыс Қытай транзиттік автотрассасы. Бұның игілігін Қазақстанның оңтүстік, оңтүстік-шығыс аумағындағы халық көріп отыр. Десек те, осы ауқымды жобада кезінде құлақ басты, көз қысты әрекеттерге жол берілгенін, оның зардабын күні бүгінге дейін Т.Рысқұлов ауданына  қарасты Ақыртөбе ауылының тұрғындары тартып келе жатқандығын қалай жасыра аламыз. Редакцияға  шағым айта келген ауыл ақсақалы Мейрамбек Оспановтың өтініші бойынша біз де мәселенің мән-жайымен танысу үшін Ақыртөбе ауылына барып қайттық.



Ақыртөбе ауылы – облыс орталығынан 60 шақырым қашықтықта орналасқан елді мекен. Ежелден ата кәсіппен айналысып, өз ризығын егін салып, мал бағып, еткен еңбектерінен айырып отырған халықтың бүгінде мұң-мұқтажы аз емес. Үш мыңға жуық тұрғыны бар елді мекеннің жайылымы мен жұмыс орнының басым бөлігі Алматы-Ташкент  бағытындағы автомагистральдің  келесі бетінде. Ал төрт түліктің  жайылымға шығуы үшін бір ғана мал өткелі қарастырылған екен. Бұл  ірілі- ұсақты 20 шақты шаруа қожалығы және жүздеген ірі қарасы, мыңдаған қой-ешкісі бар ауыл үшін тым аздық етеді дейді ауыл тұрғындары.
— Бүгінде ауылымызда қой-ешкіні санамағанда 250-ден астам ірі қара мал басы бар екен. Ал жайылымымыз трассаның  келесі бетінде. Осыншама төрт түлік малға қарап отырған  ауылда кезінде бір ғана мал өтетін орын салынған. Оның өзі қазір суға толып кетті. Жылда көретініміз осы, мал өтетін орын тек жаз айларында ғана құрғайды. Үнемі суға толып кететіндіктен де қазір қорамызда уақ мал ұстауды қойдық. Амалсыздан шаруа-лар кейде өздерінің сиыр-қойын жол үстімен айдап өтеді. Талай жігіттер жол апатына ұшырап , талай малымызды көлік қағып кетіп жатыр, – дейді ауыл ақсақалы Әли  Көкімбаев.
Бүгінде автомагистраль кесіп өтіп жатқан Ақыртөбе ауылының төңірегінде жап-сарлас жеті елді мекен тағы бар. Олардағы төрт түлік мал санында тіптен есеп жоқ. Сонымен қатар  елді мекеннің егістік жері мен  қоқыс полигоны, тіпті, Топағаш, Сұмқайтты сынды тарихи мекендер де тас жолдың арғы бетінде орнасқан. Көктемгі, күзгі егіс науқаны мен көгалдандыру жұмыстары кезінде мұнда ауыр техника-лардың да қажеттілігі артатыны сөзсіз. Мұндайда комбайндар мен тіркемелі тракторларға арналған  жер асты өткелінің болмауына байланысты жүргізушілердің көп жағдайда жол ережесін бұзуларына тура келді. 
— Ауылымыздың екі басындағы айналма жол арасы тым қашық. 2 шақырымға жуық аралықта бір ғана жер асты көпірі бар. Оның өзі мал өтетін жер болғандықтан, ауыр техника құралдары өте алмайды. Қоқыс тастайтын орынымыз да жолдың арғы бетінде. Амалсыздан автобанға шығып жол ережесін бұзуымызға тура келеді. Қысқасы, біздің ауылға төрт түлік пен ауыр техника құралдары өте алатын кем дегенде тағы бір  жер асты өткелі керек, – дейді ауыл тұрғыны Виль Баязитов.
Бұдан бөлек ауыл тұрғындары жаяу жүргіншілер жолағы керектігін айтып шағымданғандарына да көп болыпты. Осыдан біршама жылдар бұрын «Қазавтожол» ұлттық компаниясының  Жамбыл облыстық филиалына ауыл тұрғыны  Мейрамбек Оспанов қария бас болып бір қауым ел  хат  жолдаған. Бұқара  базынасына құлақ түрген компания басшылығы жаяу жүргіншілерге арналған  жол үсті көпірін салып берген. Бүгінде бұл көпір еш пайдаға жарамай қалқиып қаңқасы тұр. Тұрғындардың айтуынша, көпірдің қауіпсіздігі  талапқа сай емес. Егде жастағы кісілердің мініп-түсуі тіптен қиын көрінеді. Міне, сондықтан  да қалаға жолаушылап шыққан адамдардың басым бөлігі басын қатерге тігіп, автотрасса жиегіндегі темір қоршаулардан аттап өтуге мәжбүр болып отыр (суретте).
— Мен өзім студент болғандықтан демалысымда ауылға жиі келемін. Осы көпірдің маңынан көлік  тосып, қалаға қатынаймын. Жалпы, біз ғана емес, көп тұрғын  бұл көпірді пайдаланбайды. Себебі, жүріп-тұруға ыңғайсыз, қауіпті. Әсіресе, қариялар мен мүмкіндігі шектеулі жандар үшін аса қиын, – дейді студент Аяжан Рахметова.  
О бастан олқылығы білінген іске наразы жұртшылықтың  талабы қазіргі таңға  дейін орындалмауда. Жол бойынан салынған екі жаяу жүргіншілер жолағының арасы тым қашық болуына байланысты тұрғындар Сейталы көшесінің маңынан жол белгілерімен қамтамасыз етілген жаяу жүргіншілер жолағы керек екендігін айтуда.Өткен жылдың басында  «Қазавтожол»  ҰҚ Жамбыл облыстық филиалына жолдаған жұршылықтың өтінішіне компания басшылығының жауабында :
—  Сейталы көшесінің бойынан жаяу жүргіншілерге арналған жолақ жасау мүмкіндігі жоқ, өйткені жаяу жүргіншілердің автобан үстінен жүріп өтуі үшін бөлу жолағында орналасқан қисық сызықты брустарды ашу қажет және белгіленбеген  жерден жүріп өту жол қозғалысының қауіпсіздігіне кері әсерін тигізеді, – делінген. 
«Қазавтожолдың» шорт кескен осы жауабына қарап отырып, неше жылдан бері шағымданып келе жатқан Ақыртөбе мен тау баурайындағы басқа да талай ауылдың тұрғындары үшін шындап күйінетіндей жағдайда болдық. Бар тіршілігінің бір ұшы тас жолдың сол жақ бетінде, ал өздері күре жолдың оң қапталында қалып қойған қалың бұқараның жан айқайын кім түсінер екен, кім қолы ұшін берер екен деген екіұдай пікірде болғанымыз да рас. 
Неше жылдан бері осы мәселені көтеріп, ауылдан ауданға, ауданнан облыс орталығына шағым айтып шапқылап жүрген Мейрамбек Оспанов ақсақал неге екенін қайдам  біздің ардагерлер басылымы «Ғұмыр-Дария» газетінің редакциясына да бас сұғыпты. Оның алдында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаевпен сұхбат құрып, ақыртөбеліктердің  жан айқайын жеткізіпті. 
— Былай қарап отырсаң, миллиардтап қаржыны күреп жұмсап жатқан «Қазавтожол» сияқты ұлттық компания түкке тұрмайтын шаруа сияқты болып та көрінеді.  Осыдан біраз бұрын ауданның жаңа тағайындалған әкімі Ернар Есіркепов осындағы ел-жұртпен кездесуге келгенде өткел мәселесі тұрғындар тарапынан тағы да көтеріліп еді. Обалы не керек, аудан әкімі көп ұзамай «Қазавтожолдың»  облыстық филиалының басшыларын шақыртып, тұрғындардың арыз-шағымы бойынша кездесу ұйымдастырды. Облыстық филиал басшысының орынбасары – Дәурен Төлтаев өзі келді. Уәдені үйіп төкті. Бір хабарын береміз деп үміттендіріп кетті, – дейді арызданушы ауыл ақсақалы Мейрамбек Оспанов қария. 
Содан күні бүгінге дейін «Қазавтожол» ұлттық компаниясы Жамбыл облыстық филиалының басшылығынан хабар болмапты. Бұл ұлттық компания соңғы бір жылдың көлемінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сынына қайта-қайта ұрынып жүрген алпауыттың бірі екендігі бүгін еске түсіп отыр. 

«Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні» болуға тиіс. Халықтың сұранысы, тұрғындардың шағымы, егер әділетті болса, «буынсыз жерге пышақ ұрғандай» қисынсыз болмаса, ол орындалуға тиісті. Біздің ойымызша, әрине, күніне, сағат сайын ары-бері жүздеген, мыңдаған автокөліктер ағылып жатқан күре жолды қырқып тастап, өткел жасау бір сәттік оңай шаруа да емес шығар. Дегенмен о баста кеткен жобалаудағы, құрылыс жүргізудегі қателіктің орнын түзететін уақыт әлдеқашан келді. Он жылдан бері халық бекерден бекер зар илеп, шағым айтпас болар. Сондықтан, «Қазавтожолдағылар»  осы шаруаның бір орайын келтіріп, тұрғындардың талап-тілегіне құлақ асса деген базынамыз орындалар деген сенімдеміз. 


Нұрболат АМАНБЕК, 
«Ғұмыр-Дария».
Т.Рысқұлов ауданы.

Обсудить

Похожие материалы:

Үлгілі ауыл жобасы
29 июль 2020, Среда
Үлгілі ауыл жобасы
ЖЕТПІС ПАЙЫЗҒА ЖЕТІППІЗ
06 апрель 2023, Четверг
ЖЕТПІС ПАЙЫЗҒА ЖЕТІППІЗ
Өнердің өз адамы
28 май 2021, Пятница
Өнердің өз адамы
Билік және бастауыш ұйым
30 май 2022, Понедельник
Билік және бастауыш ұйым
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры