Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » Қоғам » Үлгілі ауыл жобасы

Үлгілі ауыл жобасы

29 июль 2020, Среда
178
0
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасына орай өткізілгелі отырған «Үлгілі ауыл» байқауына ат қосқан Әбілда ауылында әжептеуір жұмыстар жүзеге асырылып жатыр. Өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен қолға алынып отырған бұл игі іс елді мекендердің заман талабына сай көркейіп гүлденуі мен тұрғындардың жайлы өмір сүрулерін қамтамасыз етуге бағытталған. «Тұрмыс көңілді болса, еңбек - өнімді» екенін ешкімге түсіндіріп жатудың қажеті бола қоймас. 
Ауыл тұрғындары осы байқауға өздері тұрып жатқан елді мекеннің таңдалып алынғанына қуанышты. Түсіне білгенге бұл – үлкен мәртебе. Сондықтан да байқауда бәстері жоғары болуы үшін барларын салып бағуда. Олар «Ауылына қарап азаматын таны» қағидасының үдесінен шығуды көздеп отыр. Шын мәнінде, бұл – ауыл азаматтарына сын. 
–Шағын ауылда жүзеге асырылатын жұмыстар мен өткізілетін іс-шараларды ақсақалдарымыз  Жексенбай Арынов, Баянбек Әбдуәлиевтермен ақылдасып отырамыз. Ақыл-кеңестерін өндіріс білгірі Төленді Еркінов пен ұлағатты ұстаз Қамбар Жайлауов сынды ардагерлер де аяп қалмауда,–дейді осы елді мекен аумағына жататын Тоғызкент ауылдық округінің әкімі Дархан Тобашұлы.  Ауылды абаттандыруға, көріктендеріп-көгеріштендіруге, таза ұстауға әрбір тұрғын мүдделі. Ал, мына байқау олардың белсенділіктерін арттыра түсіп отыр. Қайсыбір істе болмасын, ардагерлер – ақылшымыз. Көп өмір сүргендер мен көпті көргендердің өз айтарлары бар. 
«Әкім бол, халқыңа жақын бол» ұстанымында жұмыс жүргізіп жатқан Дархан Бәйімбетовтің бұл сөзіне ауылда бұрыннан қалыптасқан жақсы жағдайлар дәлел бола алады. 
Жамбыл облысында ауылдарды дамыту – алға қойылған негізгі бағыттардың бірі. Әрбір елді-мекен заман талабына сай өркендеп, тұрғындардың қолайлы өмір сүруіне бейім болуы қажет. Ел үкіметінің де алға қойып отырған басты мақсаты осы.
Осыған орай  облыс  әкімі  Бердібек Сапарбаевтың 2020 жылғы 4 мамыр күнгі Жамбыл облысы аудандарымен бейне-селекторлық кеңестегі тапсырмасына сәйкес, «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасын іске асыру бойынша Сарысу ауданынан «Үлгілі ауыл» жобасына Тоғызкент ауылдық округіне қарасты Әбілда ауылы еніп, бүгінде біршама жұмыстар атқарылуда.
 Аядай ғана Әбілда ауылында көптеген айшықты істер атқарылып келеді. Ондағы халықтың әлеуметтік жағдайы жақсы, көңіл-күйлері көтеріңкі. Ауылға кіреберістен-ақ тазалығы мен тұрғындардың еңбекқорлықтары  бірден көзге ұрып тұр.  
Аталмыш ауылда  соңғы 5 жылда қылмыстық іс атымен тіркелмеген, атаулы әлеуметтік көмек алатындар мен жұмыссыздар жоқ бұл елді мекенде. «Үздік ауыл» жобасы байқауының облыстық кезеңіне таңдалып алынған Әбілда ауылында өтетін іс шаралар жоспары бекітілген.  Жоспар екі кезеңге бөлінген. Бірінші кезеңде-ауылдың инфрақұрылымын дамыту, екінші кезеңде-қазақы құндылықтарымызды жандандыру, ұлттық салт-дәстүрімізді қайта жаңғырту шараларының тізбегі жасалған.
 Еліміздегі карантиндік режим кезіндегі қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, ауылдың ішін абаттандыру, көріктендіру-көгеріштендіру, тазалық жұмыстарын жүргізу тұрғындар тарапынан белсенді атқарылуда.
 Ауыл ішіндегі әлеуметтік нысандар мен көше бойлары және жол қапталдарына санитарлық тазалық жұмыстары жүргізіліп, 5 тоннаға жуық күл-қоқыс шығарылды. Ауыл ішіндегі тал-дарақтардың түбі қопсытылып, әктелді. Ауылды жанай өтетін облыстық маңызы бар Тоғызкент-Үшарал тас жолының бойындағы аялдаманы жаңартып, заманауи үлгіде салу үшін аудандық бюджеттен  815 мың теңге бөлінді. 
 Ауылдың оң жақ қапталындағы тегіс жерден көлемі 1 гектар жер "жасыл белдеу" есебінде белгіленіп, орыны тазаланды. Қазіргі уақытта 7,5 миллион теңге бюджеттен қаржы қаралып қойды. Биылғы жылы жері тегістеліп, суару жүйесі салынатын болады. Сырты қоршалып, тал егетін жүйектер жасау жоспарда.
 Ауыл тұрғындары әр үйдің ауласы мен көше бойына және мектеп пен ауыл клубының аумағына тал көшеттерін отырғызды.
Үшарал орта мектебінің директоры  Жомарт Кәріпбайұлы Сүлейменов: 
- Мектептің ауласына 317 көшет отырғызылған. Оның 90-ы алма, 50-і өрік,  30-ы шие секілді жеміс ағаштары және 12 түп арша көшеті көктеп тұр. Клуб үйінің айналасына 144 түп тал-дарақ отырғызылды. Оның 50-і жеміс, 84-і сәмбітал, тұт, терек және емен  секілді сән ағаштары,–деді.  
Мұндағы әрбір азамат ауылмен мақтанатынын  тұрғындармен кездесуде аңғардық. 
Атап айтар болсақ ауыл тұрғыны Сейдан Жиембетұлының айтуынша, ауыл тұрғындарының баршасы дерлік бау-бақша отырғызып, жайқалтуда. Ауылда ауыз су да, ағын су да бар. Әр отбасы  бақша өсіріп, төрт түлікті көбейтіп отыр. Әр шаңырақта қазан қайнап, дастархан жайнап тұр. 
Ал, зейнеткер, еңбек ардагері Төленді Еркінов болса  үлкендердің игілікті істерін қазіргі уақытта жастар жалғастырып жатқандығын, көптеген мерекелік шараларға ауызбіршілікпен бірігіп, қаражатын қосып, атсалысатынын  айтады.  
Мысалы, мектеп бітіргендеріне 30 жыл, 20 жыл толған түлектердің көбі ауылға түрлі тартулар жасап, мектеп айналасын көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарына көмегін тигізіп жататынын тілге тиек етті.
Әбілда ауылының тұрғыны, «Үшарал-Агро – 2017» ауыл шаруашылығы кооперативінің төрағасы – Марат Омар республикалық «Біз біргеміз!» акциясы аясында Тоғызкент ауылының көпбалалы отбасына қайырымдылық көмегін көрсетіп, өзгелерге үлгі боларлық өнегелі іс жасаған. 
 Жалпы Әбілда ауылында бұрыннан қалыптасқан ізгілікті дәстүр бар. Әбілдалықтар ауылға сырттан көшіп келген отбасына ауыл тұрғындарының көмегі ретінде әр отбасы бір-бір бас мал беруді дәстүрге айналдырған. Бұл– «осы ауылға тастай батып, судай сіңсін» деген ниеттері ауылдықтардың. 
Ел аумағындағы карантин сейілісімен, қазақ халқының ұлттық құндылықтарын жаңғыртуға бағытталған іс-шаралар ұйымдастырып, Ұлы Дала елінің қолөнер бұйымдарын жасау үлгісін көрсету жоспарда бар.
Округ әкімі Дархан Тобашұлы ауылдықтармен жиі басқосып, көкейлеріндегі сауалдары мен ұсыныс-пікірлеріне құлақ асып тұрады.
Аядай ғана ауылдағылардың ауызбіршілігі мен ынтымағының нәтижесінде індеттің алдын алу жұмыстары да ойдағыдай. Бір-бірлеріне қол ұштарын созып, тек бір ғана отбасы емес, бүкіл ауыл болып еңселерін тіктеуде. 
 Сөз соңында облыс әкімінің бастамасымен өткізіліп отырған осы «Үлгілі ауыл» бәсекесінде әбілдалықтардың бәсі жоғары болатынына сенім артып, тілектестігімізді білдіреміз!
Көңілге ондай жоғары сенім орнауына Әбілда ауылындағы әрбір тұрғынның жоғары белсенділігі себеп. 

Дариха ҮМБЕТИЯРОВА,
Сарысу ауданы әкімдігінің
баспасөз хатшысы.

Обсудить
Блок в статье:
АРДАГЕРЛЕР ҚҰРМЕТКЕ БӨЛЕНДІ 04 октябрь 2024, Пятница
СЫЙ СИЯПАТ 01 октябрь 2024, Вторник
АРДАГЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ 01 октябрь 2024, Вторник

Похожие материалы:

Бейбітшілік пен келісім
20 март 2020, Пятница
Бейбітшілік пен келісім
Асарлатқан ауылдар
29 июль 2020, Среда
Асарлатқан ауылдар
Ауылымыз көркейіп келеді
13 март 2020, Пятница
Ауылымыз көркейіп келеді
Ашық әңгіме
29 июль 2020, Среда
Ашық әңгіме
Тағылым
27 май 2020, Среда
Тағылым
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры