Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11

Ашық әңгіме

29 июль 2020, Среда
146
0
Ел болғаннан кейін тіршіліктің бәрі біз ойлағандай тақтайдай тегіс бола бермейді. Десек те бірлігі, тірлігі жарасқан әлденеше ондаған этностардың басын біріктіріп отырған кеңпейіл, еңбекқор қазақ елінде соңғы кезде бірде анда, бірде мұнда дегендей, келеңсіз оқиғалардың орын алып жатуы, әсіресе біздерді, ел ақсақалдарын ойлантпай қоймайды. Тереңге бармай-ақ қояйын, ақпан айында Қордайда болған төтенше оқиға біздің барлығымызды ойлантудай ойлантып тастады. Әрине, бұл жағдайға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қордай ауданына арнайы келіп өз бағасын берді. Болар іс болды, оған кінәлілерді іздеп, бір-бірімізге сұстанып, сұқ саусағымызды көрсету әдебімізге де, әдетімізге де жатпас. Қалай дегенмен де жүз елу жылдай бірге өмір сүріп, қатар тұрмыс құрып, ағайындай араласып кеткен екі халықтың арасында жылдар бойы тоңы жібімеген мұз қатып келгенін, сол мұздың сәті келгенде еріп, ағып суға айналатынын үлкендеріміз бен кішілеріміздің, биліктегілеріміз бен құқық қорғаушыларымыздың білсе де білмегендей, сезсе де сезбегендей қалып танытып келгендігі біздің бәрімізге сабақ болуы керек. Ең бастысы, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың жанжал орын алған ауылдарға сапары кезінде дүнген ақсақалдары өздері мойындағанындай, жастармен тәрбие жұмысындағы орын алған олқылықтардың себеп-салдарына тереңірек үңілуіміз керек. 
Біз кім болмайық, ең алдымен өзіміз өмір сүріп отырған мемлекеттің Туына, Елтаңбасына, Әнұранына құрметпен қарауымыз керек, мемлекеттік тілде сөйлегеніміз жөн, заңдарын орындауға, сақтауға міндеттіміз. Жастарға осы мәселелерді күнделікті ұғындырып отырсақ, ісіміз нәтижесіз болмайды. Жалпы өскелең ұрпаққа тәрбие берудегі орын алып келген олқылықтар мен орынсыздықтар пісіп-жетіле келе ел арасындағы жөнсіздіктерге, келеңсіз жағдайларға әкеп соғуда. Соның нақты мысалы ретінде Қордайдағы, Ұйғыр ауданындағы, бұдан біраз бұрынырақтағы Сарыағаштағы, Байзақ ауданындағы орын алған оқиғаларды айтуға болады. Осы орайда көзіміз жеткен тағы бір шындық, әншейінде салтанатты шараларда орден-медальдарын тақтырып төрге отырғызып қоятын қариялардың еліріп алған көпшілікке аталы, баталы басу сөз айтқанда тоқтамға, ақылға келуі, халқымыздың бойынан әлі де болса үлкенге құрмет, кішіге ізет сияқты киелі қасиеттердің кете қоймағандығын көрсетеді. 
Бұдан шығатын қорытынды не, біз осы ұрпақ тәрбиесінде қазақ ақсақалдардың өнегелі өмірін, еселі еңбек жолын жүйелі пайдалана алып жүрміз бе? Енді өзімнің өткен өмір жолымнан мысалдар келтіре отырып, көкірегіме көптен ұялап жүрген ұсыныс-пікірлерімді көппен бөлісіп көрейін.  
Мен 1995-2001 жылдары Меркі ауданының шалғайдағы Кеңес ауылдық округінде әкім болып қызмет атқардым. Сол жылдардағы қиын жағдайға қарамастан, ауылдағы тәрбие саласында қолға алған жұмыс тәжірибеммен бөлісуді жөн көрдім. 
Ауылда жарық, газ болмады, елдің көңіл-күйі мәз емес еді. Жалақыны, зейнетақыны айлап күтетін заман. Қиын екен деп қарап отыруға бола ма, тырбанып жұмыс жасадық. Ең бірінші қолға алғаным ауылдағы көзі ашық, көкірегі ояу деген азаматтарды, ақсақалдарды, жастардың арасынан көзінің оты барларын жинап, кездесу өткіздік. Әр көше бойынша көше комитеттерін құрып, төрағалығына ел арасында беделі бар ақсақалдарды, орынбасарлығына жігерлі жасты белгіледік. Сондай-ақ, ауылдан ақсақалдар алқасын, жастар комитеттерін құрдық, олардың төңірегіне белсенділіктері жоғары, ел тіршілігіне жаны ашитын қариялар мен жастарды топтастырдық. Нәтижесінде олар ауылдық округ әкімінің жұмысына көп көмегін жасады, елдің тіршілігіне, ынтымақ-бірлігіне, жастар тәрбиесіне қолқабысын тигізді. 
Қазіргі кезде бізде ардагерлер ұйымдарының біртұтас жүйесі қалыптасқан, өзіміздің тол қоғамдық қозғалысымыз үлкен әлеуетке ие. Оның үстіне соңғы екі жылда ардагерлер ұйымдарының жанынан билер кеңестері құрылып, жұмыстарын бастап жатыр. Дегенмен, ардагерлер ұйымдарының барлығы бірдей жастар тәрбиесінде, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуде және орнықтыруда өздерінің мүмкіндіктерін пайдаланып отырған жоқ. Ұлттық салт-дәстүр дегеннен шығады, ұлы Абайдың 175 жылдығына орай Президентіміздің өзі биылғы жылды "Абай жылы" деп жариялады. Мемлекет басшысы атап көрсеткендей әр қазақтың шаңырағының төрінде Абай өлеңдері мен қара сөздері, Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясы және қазақтың қара домбырасы тұрса, қандай ғанибет! Әр ақсақал төрге озғанда «Ой, қарақтарым, Абайды оқи отырайық, қане, не кітабың бар, домбыраңды әкел, шертіп көрейік» деп игілікті іске қозғау салып жатса, жараспай ма? Мұның бәрінің қозғаушысы, әрине, ардагерлер кеңесі болуы керек. Кешегі Одақ кезінде  біздің ұрпақ Ленинді қалай пір тұтты, дәл бүгінгі күні ұлы Абайдың өлмес мұраларын біздің жастарымыз жастанып жатып оқып өсуі керек, қарияларымыз сөзінің біссіміләсін Абайдың нақыл сөздерінен бастап жатса, қандай ғанибет! 
Енді тәжірибелі өндірісші ретінде ауылдағы шаруаны өркендетуге байланысты бірер ұсынысымды көптің назарына салуды жөн көрдім. 
Сонау, тоқсаныншы жылдары Меркідегі орталық базардың аумағында қызылды-жасылды орамдағы «Дюшес» конфетін шығаратын цех жұмыс жасады. Адамдар сол тәттіні кезекке тұрып таласып-тармасып алып жататын. Ұмытпасам, сол конфетімізді сататын арнайы дүкен Жамбылда да болатын. Кейінірек өндіріс тарап жабылып қалды. Қазір, Құдайға шүкір, іскер азаматтар бар, бұрынғы цех басшысы Советбек Әлімбеков зейнеткер, ақыл-кеңестерін беруге дайын. Сол атақты меркілік конфет өндірісін мемлекет қолдауымен жолға қойса, нұр үстіне нұр болар еді.
Біздің ауданымыз – көкөніс, жеміс-жидекті молынан өсіретін өңір. Олай болса көкөністерден тұздалған консервілер, жеміс-жидек шырынын өндіретін өндірістер ұйымдастырса, аса қиын шаруа емес қой. Бұрынғы жұмыс істеген цех жабдықтары әлі де бар екен. Барып көзіммен көрдім. 
Әрине, айта берсек ақыл-кеңес аз емес, біз қазір қолы бос, еңбегіміздің зейнетін көріп жатқан зейнеткерміз. Тәрбие мәселесінде біраз білгенімізді айттық, өндірісті өркендету бағытында көргенімізді ортаға салдық. Біздікі ой салу, іске қозғау келтіру. Аллаға шүкір, мемлекетіміз күш алып келеді, құрылымдық жаңарулар болып жатыр. Бұл күнде көптеген игілікті істерге бастамашы болып жүрген облыстық ардагерлер кеңесі алдағы уақытта да белсенділігінен таймайтындығына сенімдімін. 
Нұрсұлтан ЖӘНІБЕКОВ,
еңбек ардагері.
Меркі ауданы.

Обсудить
Блок в статье:
"Ана тілің-арың бұл" 20 сентябрь 2024, Пятница
БАТАМЕНЕН ЕЛ КӨГЕРЕР 19 сентябрь 2024, Четверг

Похожие материалы:

Ұлттық салт
29 июль 2020, Среда
Ұлттық салт
Бірлік – біздің туымыз
29 апрель 2020, Среда
Бірлік – біздің туымыз
Бейбітшілік пен келісім
20 март 2020, Пятница
Бейбітшілік пен келісім
Ауылымыз көркейіп келеді
13 март 2020, Пятница
Ауылымыз көркейіп келеді
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры