Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » Қоғам » Асарлатқан ауылдар

Асарлатқан ауылдар

29 июль 2020, Среда
130
0
Қайырымдылық жасау, жоқ-жітікке көмектесу, шамасына қарай қол ұшын беру қай халықта да бар. Десек те, «жесірін тентіретпеу, жетімін жылатпау» қағидасы қазаққа ғана тән. Тіпті, мұндай жағдай орын алып жатса сүйекке таңба, бетке салық саналған. Қазір осы бір қасиетті қағида ұмытылып бара жатқандай еді. Байзақ ауданында жағдайы нашар, күнкөрісі төмен жандарға үй салып беру жөнінде қолға алынып жатқан іс қазақы қалпымыздың, ұлттық салтымыздың жоғалмағанын көрсетіп отыр. 
–Шындығын айтар болсам, тұрмысы төмен, жағдайы жоқ отбасыларына асарлатып баспана салып беру жөнінде бастама көтерген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев мырза,-деді осы бір игілікті іс туралы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кемелбек Беспаев. – Ел ішінде жақсы адамдар жоқ емес, бар ғой. Бұрындары жекелеген азаматтардың қайырымдылық көмек көрсеткендерін көріп, ризашылық білдіріп жататынбыз. Ал, мынадай көп болып көмектесу жөніндегі бастама баршамыздың тарапымыздан қолдау тапты. 
Кемелбек аға айтса айтқандай, облыс басшысының бастамасына орай әр ауылдық округ бойынша баспанаға мұқтаж отбасыларын анықтап, зерттеп-зерделеу үшін арнайы комиссия құрылды. Оның құрамына аудандық ардагерлер кеңесі төралқасының алқа мүшесі, аудандық орталық мешіттің имамы, аудандық әкімдіктің жауапты қызметкері, аудандық мәслихат депутаты, жастар орталығының өкілі және сол округтің әкімі енгізілген. 
– Қазір асарлатып жұмыс істеу төрт жерде жүріп жатыр. Екеуі Ынтымақ, бір-бірден Бәйтерек, Қызыл жұлдыз ауылдық округтерінде, – дейді осы комиссия мүшесі, аудандық ардагерлер кеңесі  әлеуметтік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Серік Балабеков. – Зерделеу жұмыстарын барлық округтерде жүргізуге мына бүкіл әлемді дендеген дерт кедергі болып тұр. Ел аман болсын, бұл дерттің де дауасы табылып, індеттің беті қайтар-ау. Сонда бұл игі іс жалғасын табатын болады. Әзірге Мәдімарда, Сарыкемердің шығыс бөлігінде, Қызыл жұлдызда айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. Мәдімардағы тірлік туралы Ынтымақ округіндегі ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Болат мырза өзі айта жатар, мен қалғандарындағы жайдан хабардар етейін. 
Осылай сөз сабақтаған Серік қария Бәйтерек ауылдық округінде екі баласы бар жалғызбасты ана Насипа Юлдашеваның екі бөлмелі шағын үйіне қосымша үш бөлме қосып жатқанын айтты. Бұл іске Нұрсерік Бақтыбеков, Ертай Әзімов, Әмір Ибрагимов сынды азаматтар қаржылай, материалдық та көмектерін көрсетіп жатыр. Айдар Құрманәлиевтің жетекшілігімен Мәдімарда салынып жатқан үйдің төбесіне лай құйып қайтқан аудандағы жастар орталығының жігіттері өздерін атамай-ақ қоюын өтінді. «Оң қолыңның бергенін сол қолың білмей-ақ қойғаны дұрыс» деген қағида бар Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадисінде. Жастар сол қасиетті ұстанғылары келетін сияқты. Жөн-ақ! 
Әйтсе де, Серік өзгеге өнеге болуы үшін қашанда қайырымдылық іс-шараларға белсене атсалысып жүретін «Бегей» сауда орталығының басшысы Қайырғали Еламанов, аудандық мешіттің бас имамы Рамиз Асимұлы, аудандық мәслихат депутаты Сәния Алтаева, колледж директоры Мұхит Нысанбаев, жеке кәсіпкер Жиенғали Жұмағаұловтар туралы жақсы пікір білдірді. 
– Қызыл жұлдыз ауылында жалғызбасты әйел Алма Шәркееваға баспана салып беруді осындағы ауылдық округ ардагерлер кеңесінің төрағасы Тұрсынхан Нұрбаев азаматтардың көмек-қолдауымен өзі жүзеге асырып жатыр,– деп қосып қойды ол тағы да. 
– Біздің Мәдімар ауылында көпбалалы ана Ғалия Құрмановаға асарлатып үй салынып жатыр, – деді Ынтымақ ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Болат Шоқайбаев. – Бұл іске «Ынтымақ-2004», «Рахымбек», «Қанағат» шаруа қожалықтарының жетекшілері Еркін Сандыбаев, Рахымбек Кәрібаев, Ақыл Сыдықов қаржылай қолдау білдірсе, Нұрым Ерболатов, Ерғали Базарбеков, Пернеқұл Тыныштықбаев сынды жігіттер құрылыс жұмысында белсенділік танытуда. Шебердің қолы ортақ.Олар істі білгірлікпен жүргізіп отыр. 
Мәдімарда Ш.Уалиханов атындағы орта мектеп ғимаратына күрделі  жөндеу жүргізілуде. Осыдан шыққан жарамды құрылыс материалдары салынып жатқан үйге пайдаланылуда. Бұған ақыл қосқан аудан әкімі екен. 
Айтпақшы, Бәйтерек ауылдық округінде асарлатып салынып жатқан үй құрылысының жұмысында Бекберді Тотаев, Жамбыл Тұралиев, Қуанышбек Әбдуғалиев, Базаркүл Серікбаева белсенділік танытып жүргенін де айта кеткен жөн. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген ғой. Бұл, әрі, басқаларға үлгі болсын! «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» деген де қасиетті қағида бар қазақта.  Осы орайда Байзақ ауданында асарлату дәстүрімен жүзеге асырылып жатқан үлгі болар үрдісті арнайы барып көрген облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев «еңбек рәтті болсын» айтып, «орамал тон болмайды, жол болады» жоралғысымен болашақ үй иелеріне қаржылай сый-сияпат ұсынғанын осы сапарда жүздескен, әңгімелескен азаматтардан естіп, риза болған жайымыз бар. 
«Ерекең жұмыс істеп жатқандарға бата беріп кетті» дейді Кемелбек Беспаев «Батаменен ел көгерер» деген, істеген істеріне қарай олар бата алуға лайық.
Лайым істері ілгері баса берсін.!
Болат ЖАППАРҰЛЫ,
«Ғұмыр-Дария».
Тараз-Сарыкемер-Тараз

Обсудить
Блок в статье:
"Ана тілің-арың бұл" 20 сентябрь 2024, Пятница
БАТАМЕНЕН ЕЛ КӨГЕРЕР 19 сентябрь 2024, Четверг

Похожие материалы:

Ауылымыз көркейіп келеді
13 март 2020, Пятница
Ауылымыз көркейіп келеді
Бейбітшілік пен келісім
20 март 2020, Пятница
Бейбітшілік пен келісім
Қайырымдылық
29 июль 2020, Среда
Қайырымдылық
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры