ЖУРНАЛИСТ ЖҮНІСОВТЫҢ ЖАЗЫЛБЕККЕ ТАРТУЫ
Мойынқұм – еңбек адамдарының құт қонған мекені. Мойынқұм – даңқты шопан Жазылбектің ізі қалған, қасиетті, киелі топырақ. Мұндағы айтылатын әңгіменің көбі кеудесіне екі жұлдыз қадаған Жазылбек Қуанышбаевқа қатысты болатынына бұл жолы тағы бір рет көз жеткізгендей болдым.
Жуырда осы ауданға барған сапарымызда Еңбек Ерінің баласы Бейбіт Қуанышбаевтың шаңырағында болғаным бар. Сол басқосуда Жаз - Атаны жақсы білетін Мархабек Райымбеков бастаған бірқатар ауыл адамдарымен әңгіме - дүкен құрудың сәті түсті. Атаның көп жақсы қасиеттері айтылды.
Менің, әсіресе, назарымды аударған Зал Жүнісов деген кісінің Жаз - Атаға осыдан 63 жыл бұрын тарту еткен естелік суреті болды. Бұл енді – тарих. Осы сурет несімен ерекше? Енді осыған тоқталмақшымын. Мұнда Жазылбек Қуанышбаев атамыздың бейнесін Зал Жүнісов өз қолымен салып шыққан. Салынған суреттің әр бояуында даланың батыр еңбеккеріне деген құрмет жатқаны анық. Зал суретші маңдай терін тамшылатып салған суретпен шектеліп қалмай, малшылардың маршалына төрт шумақ тамаша өлең арнап, оны суретте өз қолымен жазып шыққан екен. Зал Жүнісовтің жүрегін жарып шыққан төмендегі жыр жолдарын араға 63 жыл өткенде, оқырмандар назарына ұсынып отырмын:
Бір кезде қайғы – қасірет, азап шеккен,
Мал соңында сарылып күні өткен.
Жалбыр тонды жалшының бірі едің,
Еленбей маңдай терің байға төккен.
Бұл кезде Ұлы Октябрь таңы атып,
Қарасы зар заманның кетті батып.
Еңбегіңді ел танып Ер атандың,
«Бейнет түбі – зейнеттің» дәмін татып.
Ерліктің айғағы боп өр кеудеңде,
Нұр шашады қос Жұлдыз байтақ елге.
Табысы тау суындай тасқындайды,
Еңбекке партия ұран сап, дем бергенде.
Самғаған даңқ шыңына қанат қаға,
Қыран бүркіт бейнелес, абзал аға.
Қабыл ал қарапайым тартуымды,
Арнайы ұсынғаным Жаңа жылға!, - деп ағынан жарылыпты. Әрине, өлең жолдарында: «Октябрь таңы атып», «Еңбекке партия ұран сап, дем бергенде» тіркестерге түсіністікпен қараған жөн. Өлеңнің коммунистік партияның саясаты қайнап тұрған жылдарда жазылғанын ұмытуға болмайды.
Зал Жүнісов деген суретші, ақын кісі дәл сол алпысыншы жылдары Жамбыл ауылындағы Абай жетіжылдық мектебінде мұғалім болып еңбек еткен екен. Ол кездің мұғалімдері бірнеше пәннен сабақ бере береді ғой. Зал ағай да қазақ тілі мен әдебиеті, сурет, еңбек пәндерінен дәріс берген болуы керек. Кейіннен аудандық «Мойынқұм таңы» газетінде журналист болып қызмет атқарыпты.
Менің айтайын дегенім, Зал Жүнісов деген азаматтың Жазылбек Қуанышбаевқа тамаша сыйлық тарту ете білгенінде болып отыр. Сол сыйлықтың 63 жылдан бері көненің көзі болып сақталып тұруы. Бұл сурет сыйға тартылғанда Бейбіт Жазылбекұлы 4 жасар сәби екен. Қазір сыйлық портреттің тарихымен бірге жасап, 67 жасқа жетіпті. Ал, сыйлық портрет Бейбіт ақсақалдың шаңырағында әлі ұзақ жылдар сақтала беретіні анық!
Есет ДОСАЛЫ,
журналист.
Мойынқұм ауданы.
Обсудить
Блок в статье:
БӨЛТІРІКТІҢ БЕДЕРЛІ БЕЛЕСІ
28 ноябрь 2024, Четверг
СТАЛИНГЕ ХАТ ЖАЗҒАН ҚАРИЯ
20 ноябрь 2024, Среда
КӘСІБІ – ТРАКТОРШЫ
18 ноябрь 2024, Понедельник
Похожие материалы:
Комментарии (0)