Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11

Зерде. Таным

16 август 2021, Понедельник
119
0
1980 жылдың басында «Тастүлек» құсбегілік фильмін түсіру үшін Фурманов (қазіргі Мойынқұм) ауылына көшіп бардым. Үй беріп, есік алдынан «Табиғат бұрышын» жасайтын орынды да дайындап берді. Осы тірі табиғат бұрышы оқушылардың табиғатты тануға көп пайдасын тигізгенін айта кеткен жөн.
Мойынқұм ауданына көшіп барғаннан кейін көп уақыт болмай онда малшылар кеңесі өтті. Жаспын. Домбыра шертетінім бар. Оны білген аудандық комсомол комитетінің  хатшысы Мұсахан Бейімбетов малшылар мерекесінде арнау айтуды тапсырды.
– Хан тауы өзгелерден дара «қонған»,
Қазағым хандарыма пана болған, – деп оншақты шумақтан тұратын арнау айттым. Алайда сол кездегі шолақ белсенділер «Ханды дәріптегенің қалай?» деп жақтырмады. Осы басқосуда даңқты Жазылбек Қуанышбаев та болған. Сол жылы «Тастүлек» құсбегілік фильмін түсіруге режиссер екеуміз Жаз-атаның малды ауылына барғанбыз. Мені таныған Жаз-ата: «Әй, сен бала әлгі жиында арнау айтқан бүркітші Жапарсың ғой? Дұрыс айттың, Хан тауы хандардың мекені болған. Оны жасыруға болмайды. Қасиетті, киелі Хан тауында «Керейдің қыстауы» атты жер бар. Соған неге бармадыңдар?»-деді.
– Бізге сіз, сіздің мал өрісіңіз керек, – деді режиссер А.Карабалин.
Жаз-ата бізді жақтырмағандай кейіпте Хан тауына қарап тұрып:
– Бұл Хан тауының бір ені ішінде, – деді.
Біз аң-таң болған күйде кері қайттық.
Содан 30 жылдай уақыт өткенде М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің сол кездегі ректоры Махметғали Сарыбеков пен археолог М.Елеуовтің бастауымен Хан тауын зерттеу, Керей хан мен Жәнібек сұлтанға қатысты қыстауды іздеу экспедициясы басталды. Оған мен де шақырылдым. Жеті көлікпен Хан тауын бірнеше күн шарлап, ақыры түк таппадық. Жаңбырдан қашып, көлікте отырғанымда ойыма әйгілі шопанның «Хан тауының бір ені ішінде. Керей қыстауына неге бармайсындар» деген сөзі түсе кетті. Жолбасшыға:
– Керей есімімен байланысты жер бар ма бұл маңда? – дедім жерден жеті қоян тапқандай. 
– Иә, бар.
– Ол қайда, оған неге бармадық?
– Тым алыс, шетте қалды ғой.
– Жоқ, сонда баруымыз керек, – дегеніме көбі қарсы болды. Арасынан ренжігендер де табылды.
Менің білуімше, Жаз-ата айтқан «Керей» деген атау бұл өлкеде өте сирек кездеседі. Мен осыны алға тартып, қарсы шыққандарды көндіріп, Керей қыстауына бет алдық.
Жол ауыр, тау арасы екен. Жаңбыр құйып тұр. Абырой болғанда, біздің экспедиция Керей қыстауына жеткенде жаңбыр тоқтап, күн ашылды. Белгілі ғалым, археолог Мадияр Елеуов екеуміз көліктен тез түсе сала тау кезіп кеттік. Көп жүрген жоқпыз. Әлден соң Мадияр аға бір беткейден қол бұлғап шақырды. Жүгіріп барсам:
– Міне, хан Керейдің қыстауы, – деп Мадияр Елеуов зор қуанышта тұр.
Тік жартасты пышақпен кескендей түп-түзу бөліп, етегіне 9 бөлме үй салған екен. Қыстаудың іргетастары әлі жатыр. Тапқан қыстауымызды археолог Мадияр Елеуов кейіннен Махметғали Сарыбековтің қолдауымен зерттеп, талай тарихи құндылықтарымызды жарыққа шығарды. Бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен таратты.
Ал, мен "осы тарихи құнды орынның табылуына Жазылбек Қуанышбаев атаның айтқан сөзі, аруағы демеу болды" деп білемін.
Жапар САТЫЛҒАНОВ,
этнограф-құсбегі,
Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы.

Обсудить
Блок в статье:
"Ана тілің-арың бұл" 20 сентябрь 2024, Пятница
БАТАМЕНЕН ЕЛ КӨГЕРЕР 19 сентябрь 2024, Четверг

Похожие материалы:

Жызылбек Қуанышбаев туралы сыр
30 апрель 2021, Пятница
Жызылбек Қуанышбаев туралы сыр
Парасат
25 август 2021, Среда
Парасат
Таным
08 апрель 2020, Среда
Таным
Ұлы даланың өнер саңлақтары
20 март 2020, Пятница
Ұлы даланың өнер саңлақтары
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры