АДАЛДЫҚ ЖОЛЫ – АДАСТЫРМАЙДЫ
Әр тауы мен тасында тағылым тұнған ауданның бірі – Талас. Ол жақта кеудесін күмістей сақалы жапқан, тұла бойы сабырдан жаралғандай сыйлы қариялар қай кезде де аз болмаған. Солардың бірі – Бейсеу қария десек қателесе қоймаймыз. Жас күнінде ұжымшар басқарған ақсақалды Ойық, Кеңес, С.Шәкіров, Бостандық, Аққұм ауылдары тегіс танып, құрметтейтін. Ауданның жартысына сыйлы болған Бейсекең қарттың балалары да мақтаулы болды. «Әке көрген оқ жонар» дегендей, Бейсеу қарияның перзенттері Сайдалы, Байдалы, Есенаман үшеуі де жоғары білім алып, кеңшарларда қызметке ерте араласты. «Ойық» кеңшарында Сайдалы – бас экономист, Байдалы – бас агроном болса, кенжесі Есенаман «Ильич» кеңшарында бас есепші қызметін атқарды. Үш баласы үш жерде әлгіндей жауапты қызметтерде жүрсе де Бейсеу ақсақал асып-тасыған жоқ, «Мұныңа тәуба» деп, іштей Жаратқанға алғысын қарша жаудырып, сабыр сақтады. Сол баяғы қарапайым күйінде қалды. Сол ұстамдылық қасиеттер балаларына да дарыған. Асқар тау әкенің тәубасын қабыл етті ме, Жаратушы бұл әулетке берер жақсылығын шектеп қалған жоқ. Облысқа есімі белгілі, аймақтың ауыл шаруашылығы саласына еңбегі сіңген Сейфолла Қожаханов деген кісінің ықыласы басқаға емес, осы ақсақалдың перзенті Есенаман Бейсеуовке ауады. Қожахановтың Жамбыл аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланған кезі екен. Ал, Есенаман ол кезде Алматы халық шаруашылығы институтын есепші - экономист мамандығы бойынша қызыл дипломмен бітіріп, Талас ауданының «Ильич» кеңшарында (қазіргі Қызыләуіт ауылы) әуелі 8 ай есепші, бас есепшінің орынбасары, кейін 4 жыл бойы бас есепші болып жүрген уақыты. 26 жаста үлкен кеңшарға бас есепші болу дегеніңіз де – ол кезде оңай шаруа емес. Сонымен орда бұзар 30 жасында жастардың қамқоршысы Қожахановтың шақыруымен Жамбыл ауданыннан бірақ шықты. Аудандық ауыл шаруашылығы басқармасында экономикалық жоспарлау бөлімінің басшысы болды. Астында жүгізушісімен бірге қызметтік көлік. Іске кірісті. Еңбегі жанды. Облыс аумағында есімі жақсы жағынан аталды. Ауданның кез келген кеңшар, ұжымшар басшылары Есенаманды сыйлады, санасты. Көп ұзамай Жамбыл аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып Тұрсынхан Мүсіралиев келді. Мүсіралиев те мұны бауырына тартып, жылы қабақ танытты. «Есенаман, қалаған кеңшарың мен ұжымшарыңды айт. Қазір директор етіп жіберемін», – дейді екен. Бұл да – үлкен сенім. 1980 жыл. Ол кезде Рахыжан Ерсейітов – Талас аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы. Ал, Талас аудандық ауылшаруашылығы басқармасы экономикалық жоспарлау бөлімінің басшысы болып жүрген Күмісбек Үрістенов деген кісі Жданов (қазіргі С.Шәкіров ауылы) кеңшарына директорлыққа үміткер екен. Аудан басшысы сонда: «Өз орныңа Есенаман Бейсеуовты әкеле алсаң, мен сені кеңшар директоры етіп жіберемін», –деп талап қойыпты. Содан Күмісбек ағасы Есенаманды апта бойы үгіттеп жүріп, Талас ауданына қайтуға көндірген. Былай қарап отырсаңыз, дәл сондай қызмет, ұтылып жатқан ештеңесі жоқ. Бірақ, Мүсірәлиев секілді мейірімін төгіп тұрған басшыны қимағаны рас. Кішілікпен алдынан өтіп, жағдайды түсіндіріп жатып, ретін тапты ғой. Жаратушы нәсіп беріп тұрса, пенде баласы одан қашып құтыла алмайтын секілді. Өзі туып өскен ауданға ауысқаны да жаман болған жоқ. Арада бір жылдан аса уақыт өткенде аудандық ауылшаруашылығы басқармасын ұзақ жыл басқарып келген Қошқарбай Шилібеков құрметті еңбек демалысына шығады да, орнына Есенаман Бейсеуұлы отырады. Сонда қарап тұрсаңыз, 36 жасында бір ауданның ауыл шаруашылығы басқармасына басшы болды. Ал, 1984 жылдың желтоқсан айында Есенаман Бейсеуов Талас аудандық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары, ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы қызметіне Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіне бекітілуге барады. Қазақтың дана ақсақалы Дінмұхамед Қонаевпен алғаш рет осы жолы бетпе-бет жүздесті. Ол туралы өзі: «Орталық Комитетте бізді қабылдауға тиіс кісіні күтіп тұрғанбыз. Дінмұхамед Ахметұлы келе қалғаны. Сол кезде бәріміз қырық жастың төңірегіндегі жігіттер едік. Әр аймақ, әр облыстан келіп тұрмыз. Үлкен кісі бәрімізге қол беріп амандасты. Орталық Комитетінің жауапты қызметкерлерінен: «Бұл жігіттердің бәрі қызметке бекуге келгендер ғой», – деп сұрап жатыр. Менің Талас ауданынан екенімді естігенде жанымда біраз аялдап, елдің, жердің жағдайын іш тарта сұрады. Жүрегім бір жақсылықты сезгендей болды. Содан бізді ешкім де қабылдаған жоқ. Бәріміз қызметтерімізге бекіп шықтық. Бұны мен Димекең сияқты асыл адамның шапағаты деп түсіндім. Қонаевтың батасымен жаңа жауапты қызметке келген Бейсеуов көп ұзамай іскерлігімен танылады. Талас ауданында Асадуллиннан бастап, Батырбек Құлекеевке дейінгі барлық бірінші басшылармен қызметтес болды. Аудандық атқару комитетінің төрағасы болған Әбілқайыр Сатыбалдин, Тынысбек Сейдуанов, төрағаның бірінші орынбасары болған Тамабек Қартабаевпен бірге сыйласып қызмет атқарды. Одан бөлек Әнуарбек Тәжімбетов, Әбдір Сағынтаев, кейіннен Дүйсенбин, Керімбек Оязбеков, Рысбай Дәулетов секілді беделді кеңшар басшыларымен бірге еңбек етті. Сол кездегі облыс басшылары Амалбек Тшанов, Серік Үмбетовтердің қолдауын сезініп жүрді. Себебі, 13 жыл бойы аудандық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары, аудан әкімінің бірінші орынбасары қызметінде болды. Талас ауданының экономикалық , ауыл шаруашылық жағдайын өте жақсы білді. Есенаман Бейсеуовтен тәлім алған шәкірттері өте көп. Солардың ішінде Талас ауданы әкімінің орынбасары, кеңшар директоры болған Қибат Асқарбеков, аудандық мәслихаттың аппарат басшысы болған Сабыр Рысбаевты атап өтуге болады. Кейіннен 1997 жылы аудан орталығы Қаратау қаласына көшті. Сол кезде бірқатар ауыс-түйістер болды. Есенаман Бейсеуов Ақкөл ауылдық округінің әкімі болып тағайындалды. Ақкөлден аудан көшсе де, Бейсеуов көшкен жоқ. Қайта ауыл әкімі болып, сонда құлазып қалған елдің еңсесін көтеруге күш салды. Екі жылдан соң, аудандық ауылшарушылығы басқармасын Ақкөл ауылында отырып басқарды. Ал, 2000 жылы «Көктал» өндірістік кооперативіне төраға болып сайланды. Бар күш жігерін мал басын өз төлінен көбейтуге жұмсады. Мал басы өсті. Осы қызметте жүріп мемлекеттік награда «Құрмет» орденімен марапатталуы – Есенаманның адал еңбегінің бағасы болса керек. Аталған шарушалықты табаны күректей 10 жыл басқарып, 66 жасында зейнетке шықты. Ол – Талас ауданының Құрметті азаматы. Асыл жары , білікті ұстаз Айткүл апа екеуі 5 ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Қазір ұл-қыздарынан 16 немере сүйіп отыр. Есенаман – қазір жақсы қария. Облыстық ардагерлер кеңесіне оқта -текте соғып тұрғаны болмаса, ешқандай есікке ентелеп кірмейді. Марапат сұрап, жөнсіз ақыл айтып, қадірін кетірмейді Оны бүкіл Талас, Жамбыл аудандары құрметтейді. Көпжылдық еңбегі бағаланып алған марапаттары да – бір төбе. Оны міндет етпейді. Қарапайым. Осы күні ағайын туыстың арасында, балаларының, ұрпақтарының тілеуін тілеп отыр. Бейсеу ақсақалдан қалған тәрбие осы. Бабаларының ұлағат жолынан жаңылмай келеді. Ол – адастырмайтын адалдық жолы. Есет ДОСАЛЫ, журналист
Обсудить
Блок в статье:
СТАЛИНГЕ ХАТ ЖАЗҒАН ҚАРИЯ
20 ноябрь 2024, Среда
КӘСІБІ – ТРАКТОРШЫ
18 ноябрь 2024, Понедельник
Сейітхан ЖҰМАШЕВ, Жуалы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы: ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫС ІСІМІЗГЕ СЕРПІН БЕРЕДІ
18 ноябрь 2024, Понедельник
Похожие материалы:
Комментарии (0)