Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » АУЫЛЫНА СЫЙЛЫ АРДАҚТЫЛАР

АУЫЛЫНА СЫЙЛЫ АРДАҚТЫЛАР

28 сентябрь 2023, Четверг
65
0
Жүзінен шуақ төгілген, жаны ізгі қазына қарттарды қай ауылдан да кездестіруге болады. Олардың өсиетті сөздері, жүріп өткен өнегелі өмір жолдары жас ұрпаққа үлгі. 1 –қазан Халықаралық қарттар күні мерекесі қарсаңында Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылында тұратын көргені көп, қазынакеуде қарттардың бірқатарымен жүздесіп, әңгімелескен едік. Тағылымы мол қариялар өмір жолдарынан сыр шертіп, ағынан жарылды.


«ЕЛІМ – МАНАС, ЖЕРІМ –ТАЛАС» ДЕЙДІ 101 ЖАСТАҒЫ РАБИҒА ӘЖЕ


Сарыкемерде тұратын Рабиға Нұрбаева  әжеміз Қырғыз елінің Талас облысында туылыпты. Ұлты –қырғыз. Біз барғанда «Елім – Манас, жерім –Талас» деп өзінің төркін жағын, балалық күндерін ұмытпағанын аңғартты. Әжеміз қырғыз жерінде туылғанымен, екі жасынан облысымыздың Т.Рысқұлов ауданында тұратын әкесінің қарындасының қамқорлығында өсіпті. Ол кезде қиын - қыстау кезең болғандықтан, жас күнінде көрген қиыншылықтары аз болмаған. Тылда еңбек етті. Тылдың қиындығының қандай болғанын көпшілік жақсы біледі.  Беріректе Әбдіжәділ Нұрбаев деген кісімен көңілі жарасып, шаңырақ көтереді. Әбдіжәділ атамыз екеуі 7 ұл-қыз тәрбиелеп өсірген. 
Үлкен қызы Жұмакүл аудан орталығындағы балабақшада тәрбиеші. Нағыз бала жанының бағбаны деуге болады. Қазір зейнетте. Ғасыр жасаған Рабиға ананың ұл – қыздарының өзі бүгінде зейнетке шығып жатыр. Бұл да талай қартқа бұйырмаған бақыт шығар, кім білсін. 
Рабиға әженің перзенттерінің ішінде арманның алтын қанатын алысқа қаққандар да бар. Жейдекүл Әбдіжәділқызы Қазақ Ұлттық университетінде доцент болып қызмет етеді. Еліміздің түкпір - түкпірінен келген студенттерді білімнің тереңіне жетелеп жүр. Бір қызы Құралай Алматы қаласындағы маңдайалды мектептің есепшісі болып еңбек етеді. 
Үлкен ұлы Өсердің де алға басқан қадамы құтты болды. Аудан деңгейінде талай қызметті абыройлы атқарған ол Сарыкемер, Қызылжұлдыз ауылдық округтерінің әкімі қызметтерінде де іскерлігін танытты. Кейіннен аудандық тарихи - өлкетану музейінің директоры қызметіне тағайындалды. Мемлекеттік қызметте тәжірибесі мол Өсер Әбдіжәділұлы музей жұмысын жолға қоюда табандылық танытып келеді. Өткен шақырылымда аудандық мәслихаттың депутаты ретінде де жақсы қырынан көрінді. Жұбайы Алтынай екеуі 4 ұл-қыз тәрбиелеп отыр.
Бір баласы Өнер облысқа танымал әнші еді. Талай жерге Өнер Нұрбаев болып танылған.  Өнерімен өрге жүзген Өнер бұл күнде бақилық. Жары Бақыт екеуі үш перзент тәрбиелеп өсірген. «Орнында бар оңалар» дегендей, Өнердің ұлдары және немерелерінің арасында да өнерге бейімі аз емес. Соның өзі көңілге медеу. 
Қара шаңырақта отырған перзентке біраз салмақ түсетіні белгілі. Рабиға әженің кенжесі Марат қара шаңырақтың түтінін түтетуде. Ғасыр жасаған анасына жас баладай күтім жасап, ардақтауда. Өмірлік серігі Айгүл екеуі 5 ұл - қыз тәрбиелеуде. Әулеттің кіші келіні Айгүл жүзден асқан енесінің қабағына қараудан жалыққан емес. Жүзден асқан   ақ жаулықты әжеміз перзенттерінен 26 немере, 56 шөбере, 12 шөпшек сүйіп отыр. Ұрпақтарының арасында шетелде білім алып жүргендері де, түрлі деңгейде қызметте жүргендері де бар. «Алланың бұйырған жасын жасадық.  Өмірге өкпем жоқ. Енді жастар аман болсын. Өзің де ұзақ жаса!» - деп батасын берді ғасырдан  асқан Рабиға Смайлқызы. 


БАҚТАЙ ҚАРИЯНЫҢ БАҚЫТЫ


Сарыкемерліктер сый-лайтын қарттың бірі – Бақтай Сәрсенұлы. 1942 жылы Сеңкібай ауылында дүниеге келіп, орта мектепті Жетібай ауылында тәмәмдапты. Ақсақал Жамбыл технологиялық институтын астық сақтау технологиясы мамандығы бойынша бітіріп шықты. Жастайынан спортты серік еткен бұл кісі әскерден сержант шенімен оралып, заң бағыты бойынша арнайы курстан өтті. Онан соң біраз жыл ішкі істер органдарында қызмет еткен. Мұнан соң «Межколхозстрой» құрылыс тресінде құрылыс шебері болып еңбек атқарды. Еңбекте абыройға бөленіп, бірқатар марапаттарға да ие болды.
Ақсақал Бақтай Сәрсенов кейінгі бірнеше жыл Сарыкмемер ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы болды. Ол жылдары аудан орталығында 30 мыңға жуық тұрғын болса, зейнеткерлер саны 1 мыңнан асып кететін. Мың қарттың мың отбасы бар. Осынша ардагерлердің басын біріктіріп, қоғамдық жұмыс атқару нағыз тәжірибелі кісінің қалынан келсе керек. Ауданға сыйлы ақсақал, ауданның Құрметті азаматы, сол кездегі аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Рәш Шәметовпен тізе қосып, еңбек етті. «Шәметов ақсақалдың өмірден түйгені мол еді. Қарттардың мүддесі жолында жасаған істеріміз енді естелікке, тарихқа айналды» дейді ақсақал. 
Бұл үйдегі отанасы Ғалия Закирова 77 жасқа аяқ  басты. Апам медицина саласында рентген - зертханашы болып еңбек еткен. Бұл күнде бақыты бес елі Бақтай ата мен Ғалия әже перзенттерінен 11 немере, 11 шөбере сүйіп отыр.  Өздерінің 3 келіні, 3 немере келін осы әулетке құт болып келген. Босағаны ақ ниетпен аттап, тәрбиелі істерімен танылып жүрген келіндерге үлкен ата –енелері бек риза.
Бақтай қарияның қолында бір баласы Асқар тұрады. Ол - жеке кәсіпкер. Асқар жұбайы Әсия екеуі 4 ұл - қыз тәрбиелеп өсірген. Бұл шаңыраққа немере келін де түскен. Немересі Жасұлан дәнекерлеуші болып еңбек етсе, немере келін Әйгерім – терапевт - дәрігер.  Берекеге кенелген шаңырақта шаттықтың шамы жанып тұр. 
«Бұл ауылда Бақтай қарияны қадірлеп, батасын алғысы келетіндер көп» дейді аудандық билер кеңесінің төрағасы Төле Наржанов

САЯБАҚҚА СӘН БЕРГЕН


Нұртаза атаны іздеп келе жатқаннан - ақ, ол кісінің еңбек десе шаршауды білмейтін кісі екенін шамаладық. Алдымыздан кездескен мектеп жасындағы балалар «Саябақта істейтін атамыз ба? Қай жерде тұратынын білеміз», – деп жолбасшы Төле Наржанов екеумізге жол сілтеп жіберді. 
Біз барғанда бір сәт көз шырымын алып жатқан ақсақалды немересі оятып келді. Нұртаза ақсақал әзілге де, аталы 
сөзге де шебер екен. Әсіресе, бау-бақша, көгеріштендіру - көріктендіру ісіне бейім екені көрініп тұр. 
73 жасқа аяқ басқан ақсақал жас күнінде Жамбыл технология институтын есеп-санақ мамандығы бойынша бітіріпті.  Аудан көлемінде әртүрлі мекемелерде ұзақ жыл жауапты қызмет атқарып, кейіннен аудандық су шаруашылығы мекемесін директорының орынбасары болыпты. Аудандық «Дендросаябақтың» басшысы қызметін қатарынан он жыл атқарғанда  15 гектар жерді алып жатқан саябақты адам танымастай өзгертеді. Жүздеген түп шырша, туя талдар еккен. Қайың мен қарағай да аспанмен таласып бой түзеді. Талдарды уақтылы суару, бұтау жұмыстары бір жүйеге қойылған. Қазір сол талдар көгеріп, саябаққа сән беріп тұр.Нұртаза ақсақал қазіргі Байзақ бабамыздың ескерткішінің айналасына да 50 түп шырша отырғызған. Сол кездегі ауылдық округ әкімінің орынбасары Сәуле Тілеуқұловаға өзі өтініп айтқан. Қазіргі таңда сол 50 түп шыршаның барлығы көгеріп көктеп тұр екен. Шариғатта тал еккеннің сауабы сансыз екен. Сол сауапқа Нұртаза ақсақалдың молынан кенелетініне күмәніміз жоқ. 
Ақсақалды үйінен тапқанымызды жоғарыда  айттық. Нұртаза ата есігінің алдындағы атшаптырым алқаптың әр қадамын тиімді пайдаланған екен. Аулада жүзім, таңқурай, асқабақ, картоп, алма, алмұрт бәрі өсіп тұр. Жерді үнемдеу үшін асқабақты сарайының төбесіне қарай ыңғайлап өсіргенін, қурап қалған жеміс талды да жүзім өсіру үшін пайдаланғанын көзімізбен көрдік. Үш қатарға ғана картоптың пакистандық сұрыпын  еккен екен. Өнімге қарық болыпты. Қария «үш түбінен 10 килограмм картоп алдым» дейді. Сонда үш қатардан 100 килограмм өнім алып отыр ғой. Табиғи болған соң ба, Нұртаза атаның жүзімі, таңқурайы сондай дәмді. «Ұқсатамын деген адамға барлық мүмкіндік бар екен, – деп ойладық. Алыс ауылдарда гектар - гектар жерді тиімді пайдалана алмаған қаншама шаруа қожалықтары бар? Сол кісілер осы Нұртаза ақсақалдан жерді баптауды үйренсе ғой шіркін. 73 жасында жеміс өсірумен айналысқан қария жеңіл көлігін де өзі жүргізіп жүр.
«Жергілікті әкімдер «Дендросаябақ» жұмысына қайтадан мені шақырып алды. Сол жерде 4-5 жұмысшыға бас-көз болып, талдарды күтіп баптаймыз. Көшеттер отырғызу, жеміс талдарын өсіру – менің жүрегімнің қалауы. Сондықтан, қарап отыра алмаймын. Аллаға шүкір, осы жасқа жеттік. Перзенттерім есейді, немере көрдік. Ауыл тұрғындары, жастар сыйлайды. Мұның өзі бір бақыт деп білемін» дейді бағбан ақсақал.
Нұртаза ата жұбайы Бибігүл апам екеуі 3 ұл тәрбиелеп өсіріп, бірнеше немере сүйіп отыр.Ақсақалдың жұмысына көңіліміз толып, марқайдық.



Беттегі материалдарды әзірлеген 
Есет ДОСАЛЫ,
журналист.
Байзақ ауданы.
Обсудить
Блок в статье:
"Ана тілің-арың бұл" 20 сентябрь 2024, Пятница
БАТАМЕНЕН ЕЛ КӨГЕРЕР 19 сентябрь 2024, Четверг

Похожие материалы:

АУЫЛДЫҢ ЕҢ СЫЙЛЫ АДАМЫ
08 август 2023, Вторник
АУЫЛДЫҢ ЕҢ СЫЙЛЫ АДАМЫ
ӨЗІ СОТ, ӨЗІ АДВОКАТ ӘЖЕ
14 июль 2023, Пятница
ӨЗІ СОТ, ӨЗІ АДВОКАТ ӘЖЕ
КӨРКЕМ МІНЕЗДІ ЖАН
01 июль 2022, Пятница
КӨРКЕМ МІНЕЗДІ ЖАН
Көкем мінезді жан
31 май 2022, Вторник
Көкем мінезді жан
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры