Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » ӨЗІ СОТ, ӨЗІ АДВОКАТ ӘЖЕ

ӨЗІ СОТ, ӨЗІ АДВОКАТ ӘЖЕ

14 июль 2023, Пятница
106
0
Біз Билікөл ауылдық округіне мақала жазу үшін отбасының ұйытқысы, өмір жолы өнегелі, өзінің ғана емес, бүкіл ауыл келіндерінің енесіндей болып отырған сөзі өтімді, әдемі қартайған аналар, үлгілі отбасылар туралы әлеуметтік желі арқылы сұрау салғанымызда, ауылда WhatsApp желісіндегі чатта кәдімгідей қызу пікір - талас болыпты. Билікөлдіктердің ұсынысымызға бей-жай қарамай бір-бірін лайықты бағалап, шын жақсыға бірге таңдау жасағандары бізді қуантты.
Сұрау салудың нәтижесінде тұрғындардың басым көпшілігінің таңдауы Қарабастау ауылындағы Әсия Әлмембетова әжеге түсіпті.
Әсия әжеміздің шаңырағында бізді келіні күтіп алды. Үлкен шаңырақтың мәдениеті мен тәртібі қақпадан кіргенде-ақ сезіліп тұрды. Жүрегі таза, тазалықты жаны сүйетін, еңбекқор жандар тұратын отбасы екені бірден байқалды. Үйге кірсек, қонақ бөлмеде екі әжеміз бізді күтіп отыр екен. Әдемі қартайған, сөзі де, жүзі де келіскен әдемі жандар бір-біріне қатты ұқсағандықтан, апалы - сіңілілер болар деп ойладық. Сөйтсек, бірі жеңгесі, бірі қайын сіңілісі екен. Қайынсіңілі - жеңге, әрі сырлас жандардың сыйластықтары жарасып тұр.
Дастарқан басында әдемі әңгіменің тиегі ағы-тылды.
Әсия Жарылқасынқызы (суретте ортада) 1947 жылы Қарабастау ауылында өмірге келген. Ата-анасы кеңшарда малшы болып жұмыс істеген. Анасы үш ұл, бір қызды өмірге әкеліпті.
Әсия әже Еңбек Ері Аягүл Миразовамен бірге оқығанын мақтанышпен жеткізді.
Кейіпкеріміз кітапты көп оқитын жан екен. Журналист болуды армандапты. Мектеп бітірген соң алғашында Алматыдағы Қыздар педагогикалық институтына оқуға барып, неміс тілінен сынақтан өте алмай, ауылға қайтқанын естелік ретінде айтып берді.
1967 жылы тұрмысқа шығады. Жолдасы Сатылған Молдашұлы ол кезде әскер қатарынан келіп, дәнекерлеуші болып жұмыс істеп жүрген кезі көрінеді.
– Ағам математикадан өте жақсы еді,- деп әңгімеге араласты қарындасы Сәуле әжей. – Әкемізден ерте айырылып, ағамыз Сатылған анамызға сүйеніш болып барлығымызды аяқтандыруға күш салды. Барлығымызды оқытып, қолымызға дипломымызды алып, жұмысқа тұруымызға көмектесті.
Сатылған ағам жастайынан білімге құштар болды. Жоғары оқу орында оқығысы келді. Бірақ бізді тастап кете алмай, оқуға бармады. Кейін Луговойдағы техникумда оқып, кеңшарда ферма меңгерушісі, зоотехник, директордың орынбасары болып қызмет етті. Сатылған кең жүректі халыққа мейірімі мол, жан-жағына үнемі қамқор бола білетін, елмен тіл табысқыш, қабілетті, еңбекқор, ортасына сыйлы кісі болды.
Жеңгем балабақшада 30 жылдай аспаз болып істеді. Бұл кісі бізге анамыздай қамқор бола білді. Әсия- құрдасым әрі құрбым. "Жақсыны жатқа жіберме" демекші, кейін жеңгем болды. Жеңгем ақкөңіл, кішіпейіл жан. Бұл шаңыраққа келсек, көңіліміз көтеріліп қалады. Себебі, кісіге деген құрметі ерекше әрі қонақжай жандар,- дейді қайынсіңілісі Сәуле әже.
Сәуле әже бүгінде Меркі ауданында тұрады. Ол кісі де ұзақ жыл география пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеген, бүгінде зейнет демалысында. Екі ұл, үш қызды өмірге алып келіп, ұрпақтарынан тоғыз немере, үш шөбере сүйіп отырған жайы бар.
Әсия әжеміздің екі қызы - Анар мен Шынар екеуі де мұғалім, үлкен ұлы Ғанидың да мамандығы мұғалім, бірақ бүгінгі таңда жеке кәсіпкерлікпен айналысуда.
Қолындағы кенже ұлы Ғалым шағын шаруа қожалығының жұмысымен айналысады. Келіні Дария бастауыш сынып мұғалімі. Ғалым мен Дария да ауылға сыйлы, үлгілі отбасы.
Отбасының ұйытқысы болып отырған әжеміз ұл-қыздарынан он немере, бес шөбере сүйіп отыр.
–Енемді жеңеше деймін. Себебі, жолдасым анасын солай атайды. Сонымен мен де солай атап кеткенмін. Ол кісі еңбекқор, мейірімді жан, – дейді келіні Дария. – Сөзге шешен әрі әділ. Бұл кісіні көше тұрғындары "әрі сот, әрі адвокат" дейді. Олай айту себебі - көше тұрғындарының отбасында дау-жанжал болып жатса, барлығына анамызды шақырады. Бұл кісі барлығына барып, ақыл-кеңесін айтып, татуластырып жүреді.
Үйіміздің де берекесі, ұйытқысы осы кісі. Себебі, анам ұлттық құндылықтарымызды, салт-дәстүрлерімізді бойына әбден сіңірген, өмірден көргені, көңілге түйгені көп жан. Үйде немерелерінің барлығының уақытын тиімді ұйымдастыруға, еңбек етуіне үлкен мән береді. Барлығына жұмыс беріп, бақылап отырады. Әжелері бір жаққа қыдырып кетсе, келгенше асығамыз. Немерелері әжелерін ешқайда жібергілері келмейді,– дейді келіні.
Әже деген қандай әдемі, жылы сөз. Аузынан «айналайыны» түспей, жылылықтың, мейірім мен шуақтың, құт-берекенің, ынтымақ пен бірліктің, тағылымды тәрбиенің бастауы, шаңырақтың ұйытқысы болып отырған әжелеріміз, қарттарымыз аман болсын! Әдемі қартайған, дана қарттың тәрбиесі- әрбір ұрпақ үшін үлкен өмір мектебі. Сондықтан әр ауылда дана, ақылман қарттарымыз көп болсын!


Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ
журналистӨЗІ СОТ, ӨЗІ АДВОКАТ ӘЖЕ
Обсудить

Похожие материалы:

Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры