Қайраткер апамыздың Есімі ескерілсе

Әлима Сахиева апамыздың өмір жолының бұралаңы мол болған екен. Апамызды жерлестері Алуа деп те атаған. Меркідегі Сұрат ауылында дүниеге келген Әлима шешесінен 1 жаста, әкесінен 4 жасында жетім қалыпты. 14 жасқа толғанша Әбен деген ағасының қолында тәрбиеленіпті.
Ғасыр басында өмірге келген апамыз 1929 жылы Сұрат ауылындағы орта мектепті бітіреді, 14 жасында тұрмыс құрады. Жастайынан сауатты, талапшыл, ізденімпаз болған ол кісі 1932 жылдан бастап еңбек жолын бастайды. Алғашында тәрбиеші болып жұмыс атқарды, кейінірек Қостоған ауылында интернаттың меңгерушісі болады. Ал, 1937 жылы "Қызыл отау" меңгеруші қызметіне ауысады. Сол жылы шілде айында Әлима Сахиеваның ұйымдастырушылық қасиетін байқаған аудан басшылығы оны Жаңатоған ауылдық кеңесінің төрағалығына ұсынады. Ол ауылдық кеңеске сол жылдары 7 ұжымшар қарағанын ескеретін болсақ, ауылдық кеңес төрағасына артылар жүк пен жауапкершіліктің қандай деңгейде екендігін түсінуге болады.
Әлима апамыздың ерлікке пара-пар бір еңбегін жерлестрі осы уақытқа дейін ертегідей айтып отырады.
1939 жылы ауылдық кеңестің төра-ғасы Алуа Сахиеваға аудандық НКВД-ден телефон шалып, Мәскеуден қазақтың қайраткер перзенті Тұрар Рысқұловтың жиені келетіндігін ескертіп, 2 атты ерттеп дайындап қоюды тапсырады. Сондағы мақсаттары – Т.Рысқұловтың жиенін ұстап, абақтыға қамау. Әлима апамыз басын бәйгеге тігіп, қараңғы түсе жиен түскен үйге барып, оның қашып кетуін өтінеді. Және "Сені мен, мен сені көрген жоқпын" деп ескертеді. Мұны ерлік демей көріңіз?!
Әлима Сахиева апамыздың Қазақстандағы алғашқы аудандық партия комитетінің хатшысы болған кісі екендігін көп адам біле бермейді. Ол кісі 1939-1946 жылдары Меркі аудандық партия комитетінің хатшысы, екінші хатшысы қызметтерін абыроймен атқарады.
Ол кісі Ұлы Отан соғысы жылдарында тылда аянбай еңбек етті. Ұлы Жеңіске тамшыдай болса да үлесін қосты. 1940 жылы аудан бойынша қант қызылшасының әр гектарынан 458,5 центнерден өнім жинап, Мәскеуге Бүкілодақтық Халық Шаруашылығы Жетістіктерінің көрмесіне қатысып, Михаил Калининмен бірге суретке түседі. 1947-1949 жылдары "Линин жолы" ұжымшарының төрағасы болып қызмет атқарды, одан кейінгі жылдарда ауданның қоғамдық жұмыстарына белсене қатысты. Қайраткер апамыз 1957 жылы 49 жасында қайтыс болды. Аз жасаса да еліне елеулі болды, халқына қалаулы болды.
Қайраткер апамыздың есімі ауданның тарихынан ойып тұрып орын алуы керек. Рас, аудандық музейде ол кісінің өмір жолына арнайы бұрыш бөлінген. Дегенмен, аудан ардагерлері қайраткер әйел, еңбеккер әйел Әлима Сахиева апамыздың есімін мәңгі есте қалдыру үшін Меркі ауылындағы бір үлкен көшеге ол кісінің атын берсе әбден жөн болар еді, деп есептейді. Бұл ел тілегін тиісті орындар ескерер деген сенімдеміз.
Сәрсен ӘБЕНОВ,
Меркі ауылдық округі
билер кеңесінің төрағасы,
Жамбыл облысының
Құрметті ардагері
Обсудить
Блок в статье:
Тектіліктің тамыры
09 апрель 2026, Четверг
Көкпарға құмарлық бізге әкемізден дарыған
09 апрель 2026, Четверг
Күн туды ескі жұртқа жаңаратын
09 апрель 2026, Четверг
Похожие материалы:
Комментарии (0)







