Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » Қоғам » Әр үйде жеке кітапхана болса

Әр үйде жеке кітапхана болса

08 апрель 2026, Среда
14
0
Оқыған кітабы немесе көркем шығармасы арқылы оқырман бір-неше адамның тағдырын басынан өткергендей кейіпте болады. Ол оның білім қоржынын тың деректермен толықтырады. Әр кейіпкері арқылы өмірдің жаңа мәнін ұғады. Сол арқылы жантану ғылымын игереді. Адам жанын ұға отырып, қоғамдық даму негіздерін зерделейді. Кеңес кезеңінде өмір сүргендердің басым көпшілігі оқуға құштар болғаны жиі айтылып, сол бағытта жүйелі жұмыстың жүргенін ақын-жазушыларымыздың жинақтарының таралым деңгейінен, өзге тілдерге молынан аударылуынан аңғарамыз.
Бұл – үлкен көрсеткіш. Сол кездегі адамдардың арасында жеке кітапханасын қалыптастыру үрдісі болғанын ата-әжелеріміздің жиған «байлығынан» байқаймыз. Бұл ұрпаққа, қоғамға пайдалы әдет, жақсы үрдіс екеніне көзім анық жетеді. Себебі өзімнің ата-анам да жеке кітапханасын жасағандардың қатарынан. Ол кітаптарды, кітап оқыған адамды көріп, қызықпау, еліктемеу мүмкін емес. Мәселе, тек талғамда. Оқыған әр кітабыңыздың жан дүниеңізді байытуға қосар үлесі әрқилы. Пайдасыз деген кітаптың өзінен қажетіңізге жаратар бір сөйлем табатыныңыз анық. Өйткені кітап жазу үшін алдымен қандайда бір білім қажет. Тек ол білімді түсіне алатын оқырман болса.
ХХ ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген ақын-жазушылардың барлығының дерлік жеке кітапханасы болды. Соның ішінде өзіме мәлім, кітап қоры өте бай үш тұлғаның жеке кітапханаларын ерекше атап өткім келеді. Қазақ қаламгерлері арасында аты аңызға айналған жеке кітапхана иесі – Қадыр Мырза-Әлидікі екен. Бүгінде Орал қаласында орналасқан ақынның атындағы орталық мамандарының айтуынша, ақынның жеке кітапханасында 7000-ға жуық кітап болған екен. Әлем әдебиеті, қазақ әдебиетінің ең үздік туындылары, қолға түсе бермейтін сирек басылымдар да сақталған. Ақын көзі тірісінде Алматының «барахолкасынан» сирек кітаптарды жиі іздеп, саудасы келмесе, кейбірін өзі оқып болған кітабымен де алмастырып отырған деседі. Яғни, қоры бай кітапхананың бірі Қадыр ақындыкі десек, қателеспейміз. Одан кейінгісі – 6000-ға жуық кітап жиған Ақселеу Сейдімбековтікі. Ал ұлт көсемі болған Дінмұхамед Қонаевтың Алматыдағы музейіндегі жеке кітапханасында 3000 кітап қоры бары айтылады. 
Этнограф-жазушы Ақселеу ағамыздың жиған қорынан саны жағынан аз ғана қалыс қалғаны – жерлесіміз Шерхан Мұртазанікі екен. Жазушының қорында 5000-ға жуық кітап сақталыпты. Оның ішінде ең көнесі 1949 жылы Мәскеудің баспасынан жарық көрген ақын Александр Пушкиннің қалың жинағы. Бүгінде өзі балалық шақта оқыған, жалғыз мұра болып сақталған кітап жазушының Жуалыдағы әдеби-мемориалды үйінің көрмесінде жарқырап тұр. Жазушының қорында бұдан да ерте жылдары жарық көрген кітаптардың болғанын 1950 жылы Мәскеуден анасына жазған хаттарынан анық білеміз. Туған жерді, елді, тілді сағынған Мәскеудегі студент Шерхан анасына өтініш айтып, ауылда қалған заттарының арасынан қазақ тіліндегі «Ботагөз» романын поштамен салуын сұраған. Өкінішке қарай, бұл кітап сақталмаған-ау, қолымызға түспеді. Дегенмен, Талаптыдағы Шерхан Мұртазаның жеке кітапханасы одан да бағалы, құнды кітаптарға толы. Олардың арасында өзге тілдегі кітаптар да бар. Кітаптардың басым көпшілігінде жазушының қойған белгілері де сол қалпында. Құдды бір жазушы оқыған кітабын сөресіне қойып, қазір ғана кітапханасынан шыққандай. 
Жазушының сұхбаттарынан бала кезден кітап оқуға құштар болғанын, студент кезде шәкіртақысының бір бөлігін жаңа кітаптар алуға бөлгенін де білеміз. Яғни, ішер ас пен киерге киім алуға қаржы табу қиын болған шақтың өзінде жазушы жан азығы болар кітаптарды сатып алуды әдетке айналдырған. Бұл әдет жазушының бай кітапханасының жасақталуына негіз болды десек, қателеспейміз. 
Мұндай мысалдарды кеңес өкіметі кезеңінде қарапайым адамдарда да кездестіруге болады. Әрине олардың қоры жоғарыдағыдай болмағанымен, 500-1000-ға жетерлік кітабы бар үйлер аз болмаған. Бір-біріне қарап, еліктеп болса да, ортадан қалмайын деген оймен ел оқуға, білуге құмартты. Қоғамдық ортада білімді адамның беделі жоғары болған соң, басшылық қауым да, қарапайым жұмысшы да жоқ дегенде үйіне кітаптарды сатып алып жинап қоятын болған. Бұрынғының сөзімен айтқанда «Далада мал баққан әр шопанның саптама етігінің қонышында бір кітап, журнал немесе газет жүретін». Қарап тұрсақ сол заманның инстаграмы да, тик-тогі де, фейсбугі де сол баспасөз өнімдері болды. Бір-бірімен жарыса өлең жаттап, әсерлі әсем сөйлеуге құштар болды. Ондай адамдарға еліктеп, сөз де түзелуші еді. Біздің қазақ тілінің мол мұрасы сол тілді дамытушы, әдебиетті ауыздан ауызға жеткізуші адамдардың септігімен бүгінгі күнге жетті деуге болар. Ал біз кейінгі ұрпаққа ондай мұра қалдыра аламыз ба?! Олар оны қабылдайды ма?!
Кейінгі он-он бес жылдықта кітап базарларында кітаптардың көбеюін байқауға болады. Сатушылардың сөзінше контейнерлерде он мыңдаған кітап бар. Қай жылды айтсаң, сол жылы жарық көрген кітапты тауып бере алады. Орыс тіліндегі барлық кітапты оқыпты (сатушы орыс тілді азамат). Әр кітабының тарихын айтып, оны таныстыруға дайын. Саудасының қызып тұрғаны шамалы. Бірақ өздері іздеп келетін тұрақты сатып алушылары да бар. Ара-тұра жүздеп кітап алып кететін жомарттардың да барын айтады. Бірақ олар кітапты оқуға емес, декорация құралы ретінде пайдаланатын көрінеді.
Одан кітаптардың қайдан келгенін де білгім келді. Бір бөлігі өзінікі болса, басым бөлігі әке-шешеден, ата-әжеден қалған «мұрасын» өткізген азаматтардікі. Кейбірі түрлі себеппен тегін де тастап кететін көрінеді. Оқылғаны да, оқылмағаны да бар. Бірақ кітаптың парқын білетін ол сатушы үшін бұдан асқан байлық жоқ. Досы да, сырласы да сөредегі кітаптары.
Енді бірде жасы егде тартқан ер адамның кітапханаға қапшықпен кітап өткізбек болғанын да көрдік. Сұрастыра келе, өзінің ұстаз екенін, сол кітаптардың білімін жетілдіруге көп пайдасы болғанын айтты. Ал қазір  кітап оқуға онша әуесі жоқ бала-шағасы үйді артық заттан босатуын сұрап, қоқысқа тастамақ болған. Өзі жиған дүниесін кім қияды?! Ең болмаса іздеген адамға пайдасы тисін деген ниетпен кітапханаға алып келген екен. Мұндай оқиғалар аз емес. Кейбірі оқылмаған күйі өртеніп, не макулатураға кетіп те жатады. Оқылмауының бір себебі – жоғарыда айтқандай, еліктеуден туған әдетпен кітап жинау. Ондай әдетке қатысты жапондықтардың ирониямен айтатын «цундоку» деген сөзі де бар. Оны әдетте оқымасада, кітапты сатып алып, сөрелерге жинай беретіндерге айтады. Бұл ұғым жапондарда ХІХ ғасырда пайда болған. Ал әдет жалпы қоғамда сол кезеңде көп таралса керек. 
Мұндай әдеті барлар кітап «ұрлауға» бүйірі бұрып тұратын кітапқұмарлардың нағыз досы болған шығар. Өйткені кітапты оқитындардан гөрі, кітапты жинайтындардың үйінде қызықты, сирек кітаптар көп кездесетін. Оны талай «кітап ұрыларынан» да естідік. Қалай дегенде де, дүкен сөрелеріндегі кітаптар өз оқырманын таппай қоймайды екен.
Өткен ғасырда кітаптың сатылым көрсеткіші де өте жоғары болғанын сол кездегі есеп-қисап құжаттарынан білуге болады. Ал қазір кітаптардың өтімі қалай?! Біздің елде бұрынғымен салыстыруға келмегенімен, талғамы жоғары оқырман өз қажетіне керегін тауып оқитынын, кейбір сұранысы жоғары кітаптардың тез таусылатынын кітап дүкендерінің мамандарынан білеміз. Өкінішке қарай, олардың қатарында қазақ әдебиеті аз. Бұл ретте кітап саудасы жақсы жүретін елдер бар ма деген сауалмен түрлі ақпарат іздей бастадым. Қызық ақпаратты Исландия елі туралы жазбадан кезіктірдім. Оларда Рождество қарсаңында кітап саудасы қыза түседі. Өйткені, екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі экономикалық тоқырау кезеңінде исландиялықтарда Рождество қарсаңында бір-біріне кітап сыйлау дәстүрі пайда болған. Христиан дінін ұстанушылардың арасында Рождество ерекше мейрам болып саналады. Сондықтан да оған жасалатын дайындық та ерекше. Оны бала кезден көріп өскен «Один дома» фильмінен немесе Уолт Диснейдің мультфильмдерінен аңғару қиын емес. Бұл күнді атап өтетіндер арасында мейрам қарсаңында, не мейрам күні адамдар дәстүрге сай бір-біріне сый жасайды. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі тоқырауда исландиялықтарға мереке қарсаңында сый жасау қиынға соғады. Дегенмен, елде қағаздың ғана бағасы өспеуіне байланысты кітаптар тақыр кедейлерге де қолжетімді бағада болғанының бір пайдасы – кітап сыйлау дәстүрін қалыптастырған. Яғни, тоқыраудың оң әсерінен ақылына ақы сұрамайтын асыл қазына барша халықтың ең бағалы сыйына айналады. Сол кезеңнен бастап Исландияда жаңа жыл қарсаңында жаңа кітаптар көптеп басылып, оқырман қауымға жол тартады. Ол кітаптар тек кітап дүкендерінде ғана емес, сондай-ақ азық-түлік сататын супермаркеттерде де көпшілікке қолжетімді бола бастаған. Экономикалық тоқыраудың рухани баюға қосқан әдемі дәстүрі бүгінгі күнге дейін өз мәнін жоғалтпай, жалғасын тауып келеді. Біз танитын қазақ жастарының арасында да осындай әдемі үрдіс барын білеміз. Дегенмен, Исландиядағыдай жалпыхалықтық сипат алса, әр үйдің жеке кітапханасы қалыптасса, нұр үстіне нұр болатыны сөзсіз.  


Назым ҚОЖАМАР,
Ш.Мұртаза атындағы руханият және 
тарихтану орталығының бөлім меңгерушісі. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Обсудить
Блок в статье:
Тектіліктің тамыры 09 апрель 2026, Четверг
Күн туды ескі жұртқа жаңаратын 09 апрель 2026, Четверг

Похожие материалы:

Айтамыз!
14 октябрь 2020, Среда
Айтамыз!
Кітап фестивалі
17 апрель 2025, Четверг
Кітап фестивалі
ОТБАСЫ БІРЛІГІ БӘРІНЕН ҚЫМБАТ
30 январь 2024, Вторник
ОТБАСЫ БІРЛІГІ БӘРІНЕН ҚЫМБАТ
БЕРЕКЕНІҢ БАСЫ – БІРІГУДЕ
15 апрель 2024, Понедельник
БЕРЕКЕНІҢ БАСЫ – БІРІГУДЕ
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры