Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » Қоғам » Көкпарға құмарлық бізге әкемізден дарыған

Көкпарға құмарлық бізге әкемізден дарыған

09 апрель 2026, Четверг
44
0
Халқымыз “Жылқы – жеті қазынаның бірі”, “Ат – адамның қанаты”, “Жылқы – түліктің төресі” деп, жылқы малын ерекше қастерлеп жатады. 
Ер жігіттің тақымында желдей ескен сәйгүліктер эпостарға, тарихи жырларға, ел аузындағы аңыз-әңгімелерге және жер атауларына арқау болған. Атап айтар болсақ, Қобыландының Тайбурылы, Алпамыстың Байшұбары, Қамбардың Қарақасқасы, Қабанбайдың Құбасы, Бөгенбайдың Қызыл аты, Ақанның Құлагері аңыз болып ұрпақ санасында сақталып келеді. Осы қатарға бүгінгінің хас тұлпары – Нұрлыбектің Тұмарын қоссақ, сірә артықтық етпес деген ойдамыз. Неге? Бүгінгінің Құлагері деп атасақ та болады. Тұмар  Орталық Азияның ең қымбат тұлпары саналады. Бүгінгі әңгімеміз Жамбыл облысының “Әулиеата” көкпар командасын ұйымдастырушылардың бірі, мықты шабандоз, Айша бибі ауылының тұрғыны Нұрлыбек Сейітовтің 250 мың АҚШ долларына бағаланған тұлпары Тұмар жөнінде болмақ.
ТІЛШІ: – Ат ұстап, көкпар шаппаса да қазақтың жылқы дегенде жаны бөлек қой. Сіздің “Тұмар” атты тұлпарыңызды көруге, ол жайлы көбірек білуге құмартып жүргендер аз емес. Тұмар өз түлігіңіз бе, әлде басқа жақтан келді ме?
Нұрлыбек Сейітов: – 2015 жылы “KOKPAR central asia” республикалық ұлттық журналына Тұмар  туралы жазып еді. Ол кезде  тұлпарымыздың аты дүркіреп, көкпардан чемпион болып тұрған кезі. Одан кейін де талай доданы жарып жүрді. 
Тұмардың әкесі “Рембо” атты ағылшын-ның таза қанды айғыры, түсі қара деп естігенбіз. Ал анасы жайлы білмейді екенбіз. Алматыда ат зауыты бар, бір режиссер осы өңірге күйеу екен (есімін ұмытып қалыппын), сол кісі Байзақ ауданындағы қайын жұртына: “Мына жылқылар таза қанды ағылшын тұқымы, осыдан тұқым алыңдар” деп, Тұмардың әкесі мен анасын тай кезінде әкеліпті. Қанша тұяқ тарағанын білмеймін, анығы, Тұмар солардың бел баласы. Бұл – шындық. Тұмар – Әулиеата өңірінің төлі. Мұны мен Байзақ ауданына қарасты Жетібай ауылынан алдым, ал, егелері осы елді мекеннің тұрғыны Тойбеков Тұмар деген ақсақалдан алған екен. Сол бастапқы иесінің аты әдемі екен деп, сол кісінің есімімен “Тұмар” деп атадым. Құнан кезінде алған түлікті мұншалықты танымал болады деп ойламаған едім. 
ТІЛШІ: – Көкпарға неше жасынан баули бастадыңыз, қай жасынан бастап ерекше таныла бастады?
Нұрлыбек Сейітов: – Денесі ірі болғандықтан алған жылы-ақ додаға жанамалап салып жүрдім. Бастамасы жақсы еді. Қуғанға жетіп, салған жерге ұмтылып, тіліп баратын. Ол жаста шабандозға бермейміз, өзім жай ғана үйретіп жүрдім. Сөйтіп жүріп екі жарым жасында ауылдың бір тойында “өгіз өлдіге” салғаным бар. Сол салым – Тұмардың алғашқы бәсекесі болды. Ал үш жасынан Шымкенттегі ірі көкпарларға қатыса  бастады. Ол жақтың тойлары белгілі, жай тойының өзінде мыңға тарта ат болады. Аллаға шүкір, қай көкпар болмасын салымсыз қайтқан емес. 
Өзіңіз айтқандай, еліміз, оған қоса шекара сыртындағылар танып жатқаны оның расында мықтылығынан. Кезінде Тұмарды көру үшін өз елімізді айтпағанда, Қырғызстаннан, Өзбекстаннан келушілер көп болды. Біздің ауыл Айша бибі анамыздың атында. Сол кездері ел “Тұмардың ауылы” деп те айтқан екен.
ТІЛШІ: – Тұмардың тұлғасы, баптауы да ерекше екен дегенді айтады ел...
Нұрлыбек Сейітов: – Денесінің ірілігі рас. Шоқтығына дейінгі биіктік бір метр, жетпіс сантиметр. Баптауда айтарлықтай ерекшелік болған жоқ, жем-шөбін уақтылы беріп отырдық. Жұмыртқа үзілмейтін. Әр жердің ат күтімі әртүрлі, соған ерекше деп айтқан шығар. 
ТІЛШІ: –  Ел аузында түрлі әңгімелер бар, Тұмарды екі жүз елу мың АҚШ долларына да сатпады деген сөз рас па?!
Нұрлыбек Сейітов: – Бұл рас. 2014 жылы күзде Шымкент – Ташкент тас жолы бойында Қуан қария өзбек, қырғыз, тәжік, ауған ағайындарды шақырып, үлкен көкпар берді. Сол жиында Шыршықтың қалталы бір генералы Тұмарға осы бағаны ұсынды.  Өзіміздің елде де қомақты қаржы ұсынғандар болды. Негізі, Тұмарды сату ойымызда болған емес. Оның өзіндік себебі де бар.
ТІЛШІ: – Құпия болмаса, себебін айтсаңыз...
Нұрлыбек Сейітов: – 2009 жылдың 8 наурызында ауыл көкпарында ұлым Арман аттан құлап, жарақат алды. Құйымшақтың ұшы шығып, жамбасы екі жерден сыныпты. Ол кезде ұлым он бестен асқан. Салмағы алпыс тоғыз келі шығатын. Сүйегі ірі еді. Сол кездің өзінде көкпарда біршама танылып үлгерген. Содан баланың зақымданған құйымшағы мен жамбасын емдете бердік. Сол жылы мамырда бала  ауруханадан шықты. Бірақ, аяғының ауыратынын айтатын. Оныншы сыныпқа өткен кезі. Бір күні мектептен аяғын баса алмай келді. Сөйтсек, аттан құлаған кезде тіземен түскен екен. Содан тізеге қан ұйыған. Біз мұны білмегенбіз. Күзде бір-ақ естідік. Балам мектепке бармас бұрын аяғы ісіп кетті. Жергілікті дәрігерлер он күннен екі рет парафин жазып берді. Соның салдарынан бұзылған қан сүйекке өтіпті. Бұл процесс жас ағзада тез өтеді екен. Баланы апармаған жер қалмады.
Бәлкім, парафинді қабылдамағанда бәрі басқаша болар ма еді?! Қысқасы, 2010 жылы қаңтарда ұлымның сол аяғы кесілетін болды. Басқа шара жоқ. Тірі қалғанына тәубе дедік.
Алланың құдыреті, сол кезде бір уақиға болды. Баланы ауруханаға алып кетерде Ақылбек ағам ұлымның көңілін аулайын деген ниетпен жақсы айғыр алып берген еді.
Ота жасаған түні баламның жанында қалдым. Таң атпай малшым қоңырау шалып, өкіріп жылап тұр. Зәрем ұшты. Сөйтсем, Арманыма әперген айғыры өліп қалыпты. Өлетін ат емес еді. Сап-сау болатын. Мұны “Ақылбек атасы шын ниетімен алып берген еді, бәле сонымен кетсін” деп, жақсылыққа жорыдық та қойдық. Бұдан бөлек, баламның көк айғыры да көкпарға мүлдем аяқ баспай қойды. Жасамаған айла қалмады. Сатып та көрдік. Алушыға аттың жағдайын айтып түсіндірдім. Қысқасы, ол ат та жарамады, ақыры пышаққа ілінді.
Содан 2011 жылы Тұмарды құнан кезінде бес жүз мың теңгеге сатып алдық. Ол кезде бұл қомақты ақша еді. Біраз таныстарым “бес жүз мыңға көкпарға жарамды мықты ат алуға болады, мынауың әлі шаба ма, шаппай ма?" деп, көңілі толмаған. Бірақ, сүйегі ірі, үлкен ат болатыны анық. Көкпарға жарасын, мейлі жарамасын, балам биік ат мініп жүрсе болды деген ой болды менде.
Алланың ісіне амал бар ма?.. Арман 2012 жылы 9 шілдеде дүние салды. Тұмар балам аттан құлаған жылы туған. Кейде оны Арманым қ9лаған дәл сегізінші наурыз күні туған шығар деп те ойлаймын. Әдетте сол уақытта биелер құлындайды ғой.  
Тұмарды ұлыма атап алған соң, оны қалай сатамыз?! Арманның “Тұмарды сатпаңыз, әке!” деген сөзі тағы бар. 
Бұл ат – менің бой тұмарым, пырағым!  Тұмар сатылмайды. Бәлкім, бұл тұлпарды Алла қазаның қайыры етіп берген шығар... Үш қызым бар. Тәубе! Алла Арманымнан кейін бір ұл берді. Есімі – Нұркелді. Қазір жасы он екіде. 
ТІЛШІ: – Иә, болған іске берік болғаннан басқа шара жоқ. Енді дүбірі төңірекке түгел жайылған тұлпардан тұқым алуға қызығатындар болатыны рас, осындай ұсыныстар да болған шығар?
Нұрлыбек Сейітов: – Ол сөзсіз ғой. “Үйірге қосып алайын, бағасына келісейік” дегендер болды. Бірақ, мен ондайға барған емеспін. 2014 жылы көктемде қазіргі Түркістан облысы, Сайрам ауданы, Қарабұлақ ауылынан өзбек ағайындар келіп, төрт биеге қоюға ниет білдірген. Әрқайсысына екі жүз елу мың теңгеден төлейік деген еді. Мен келіспедім. Содан “Тұмардың тұқымы миллион теңге” деген сөз тарап кетіпті.
ТІЛШІ: – Негізі, Тұмар сияқты тұлпардың тұқымын көбейту керек-ақ қой.
Нұрлыбек Сейітов: – Көбейтуді өзімізден бастап алсақ деп шештік. Көп жағдайда құдамыздың, жиеніміздің және өзіміздің биелерге қосып, көбейтіп отырамыз. Аса бір мұқтаждық болмағандықтан балаларын да сата бермейміз. Қазірге тұқымды барынша қолда көбейтіп алсақ деген де ниет жоқ емес. Өйтпесек талай жақсы аттардың тұқымы жоқ болып кетіп жатыр.
Көкпар көп күшті қажет етеді. Сондықтан мүмкіндігінше көп биеге қоймауға тырыстық. Жіліктегі май азайса қырық күн шілде қайта толтыруға жетпеуі мүмкін. Ал жілікке май тек шілдеде жиылады.  Оңтүстіктің Мақтарал жағы, Өзбекстан жақта көкпар атын мүлдем үйірге қоймайды. Күші кетпесін дейді. Көкпарға жарамсыз болған кезде ғана, ұрығын алады. Бірақ көбінде кәрі жылқыдан құлын түспейді. Оны да ескереміз.  Бірақ Тұмардың аты қатты шығып кетті. Тәңірім тіл-көзден сақтасын.
2014 жылдан бері алғашқы баласы – Құлагер, Шах, Ақбақай, Снайпер, Құдірет, Нұртұмар Қазақстанның ең атақты аттары болды. 2020 жылы туылған баласы –Нұртұмарға қомақты ақша ұсынып отырса да, сатпай отырмын. Тұмардың бір мықтылығы – балаларының барлығы дерлік өзіне тартып мықты аттар болып өсіп жатыр. Әлі де үйірге қосып жатырмыз. 
Орта Азия бойынша ең қымбат болған 20 күндік құлынын былтыр 12 миллион бес жүз мың теңгеге саттық. 
ТІЛШІ: – Додаға түсетін әрбір тұлпар өзіндік ерекше қасиетке ие. Осы тұрғыдан Тұмар жайлы не айтасыз?
Нұрлыбек Сейітов: – Аллаға шүкір! Атқа мінген әр қазақ сыншы болады, бірі-бірінен өтетін жақсы аттар елімізде өте көп. Бірі екіншісіне ұқсамайды.
Тұмардың додаға кіргендегі, шыққандағы екпіні, күштілігі бәрі бәрі көңілімнен шықты.Еш өкпе айта алмаймын.Өзіме қарағанда сырттан баға берушілер,Тұмардың көкпардағы әр қимылын мүлт жібермей бақылап жүретін сыншылар да жоқ емес.Көбінде солардың сынына құлақ түремін де, ерекшеліктерін байқап отыратынмын.
Тұмар жайбарақатта анау айтқан жылдам емес.Көкпар тисе бітті, қандай хәлде болмасын жануар өзгеше күйге енетін. Жанындағы аттардан қара үзіп шығады. Үстіндегі шабандоз мықты болса болғаны.Тұмардың атап өтер бірден-бір ерекше қасиеті осы.
Тұмар мәре іздейді. Екінші мәрте көкпар тигенде, шабандоз тізгінді жібере салса да, бір көрген мәресін дәл тауып барады.Сонымен қоса өте ақылды әрі жуас. Өз атымды мақтағаным ерсі болар.
 Бұл Тұлпар – Жаратқанның маған берген сыйы. 
ТІЛШІ: – Тұмарға шабандоз таңдайсыздар ма, әлде...
Нұрлыбек Сейітов: – Тұмар 2013-2024 жылдары чемпион болды. Талай аттар шықты бәсекелес болуға, ешқайсысы Тұмардан аса алған жоқ. Бұл өз күшімен шабатын. Шымкент жақта ат иелері мықты шабандоздарға ақша беріп, тіпті, пәтер де алып беріп, атына мінгізеді. Мен Тұмар көкпарда жүрген 11 жылда бірде-бір рет шабандозға ақша беріп көрген емеспін. Көкпарға барғаннан мықты шабандоздардың өзі  Тұмарды сұрап мінетін.
Әр жердің өз мықтылары бар ғой. Шынын айтқанда, Тұмарды көрінген шабаған сұрай бермейтін.Өзіміздің көкпарларда Нұрдәулет бар, Датқа бар. Кейде өзім де құмар тарқатып аламын. Шет жақтың көкпарларында Жұлдызхан, Бағылан Жәрменов бар. Шымкенттің көкпары ірі болады. Онша-мұнша аттар жарамайды. Атақты Құдайберген палуанның жиырма бес мың халық жиылған көкпарында Бағлан Жәрменов осы атпен үш салым  салып, арнайы тұлпарға тағайындалған жүлдені алып берді. Санамалай берсе Тұмардың сырттағы жетістіктері өте көп. 
Тұмар – тек әулеттің емес, бүкіл Әулиеата өңірінің атағын шығарған ат. Қазір екі жыл болды, өз балаларымен таласып шаппасын деп, көкпарға қоспай қойдым. Төрт аяғы бүтін, күтімі жақсы, әлі де бабында. 
ТІЛШІ: – Ат жаратып, көкпар тарту әулеттеріңізде атадан мирас болып келе жатқан дәстүр сыңайлы...
Нұрлыбек Сейітов: – Біз Сейіт атадан тараймыз. Сейіттен Әмір, Әмірқұл және Сияқұл туады. Адам табиғатының өзі қызық, Әмір мен Әмірқұл мықты шабандоз болған, ал менің әкем тек ат баптаған, көкпар шаппаған. Енді Әмір мен Әмірқұлдың балалары көкпар шаппады да, менің әкем Сияқұлдың төрт баласы – Сейсенбек, Райымбек, Ақылбек және мен шабандоз болдық.
Ия, біздің әулет жылқыдан ажыраған емес.Марқұм әкем Сияқұл Кеңес Одағы кезінде-ақ қазақ-қырғыз көкпарын ұйымдастырған кісі.Партбилетінен айырылса да, көкпардан қол үзбеді. Ол кісіде жақсы аттар көп болатын. Жылқыға, көкпарға деген құмарлық бізге әкемізден жетті. Әкем атақты шабандоз Нәби Момыновтың ұстазы болған.
Нәби ағаны бүгінде көкпар сүйер қауымның білмейтіні кемде-кем. Ол кісі 1990 жылдары «Әулиеата» көкпаршылар командасын құрған кісі. Команда құрамында үш ағайынды өнер көрсеттік. Аянбай тер төктік. Жасыратыны жоқ, алғашында ұтылдық. Ендігі нәтиже өздеріңізге белгілі.  
Ал бүгінде ат жаратамыз, көкпарға саламыз. Келер ұрпаққа мирас етіп қалдыру жолында еңбек етіп жатқан жайымыз бар.
ТІЛШІ: – Атсүйер қауымға, Ұлыстың ұлы күнінде айтар тілегіңіз болса ести отырайық. 
Нұрлыбек Сейітов: – Түсінгенге, көкпар – қазақтың намысы! Ал намысты жоғары ұстау кез-келген азаматқа сын. Бір білетінім, қазақ бар жерде көкпар ешқашан өлмейді. Ұлтымыздың осы құндылығын насихаттап жүрген сіздердің мәртебелеріңіз  әрдайым биік болсын! Оқырмандарыңыз көп болғай!
Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Бізден тілек осы.
ТІЛШІ: – Әңгімеңізге рахмет. Қанжығаңыз қашан да майлы болсын!

Арнайы "Ғұмыр-Дария" үшін сұхбаттасқан Маркс ДҮЗЕЛБАЕВ

Обсудить
Блок в статье:
Тектіліктің тамыры 09 апрель 2026, Четверг
Күн туды ескі жұртқа жаңаратын 09 апрель 2026, Четверг
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры