ТҰЛПАРЛАРЫ ТҮЛЕГЕН, СӘЙГҮЛІКТЕРІ САП ТҮЗЕГЕН
Біздің туған жеріміз - ол біздің алтын бесігіміз, кіндік қанымыз тамған топырағымыз. Біз үшін туған жер, ел, атамекен, атажұрт, Отан деген ұғымдар жүрегімізге сонша жақын. Біздің болашағымыз да, өткеніміз де туған жермен тығыз байланысты. Балалық шақты айтпағанда, ес біліп еңбекке араласқаныма да 50 жылдан асыпты. Әр адам өз туған жерін мақтаныш етеді, қадір тұтады. Еңбек жолымды 17 жасымда «Путь коммунизма» колхозында бастаппын, әр жылдарда, әр ауылда түрлі жұмыстар атқардық. Айтайын дегенім кеңес кезеңінде ауданда 14 шаруашылық, Луговой теміржол станциясы, Луговой жөндеу - механикалық зауыты, аудандық тұтынушылар одағы, тоқыма фабрикасы сияқты іргелі ұжымдар, ірі құрылыс ұйымдары, денсаулық сақтау, білім беру мекемелері сол заманның талабына сай жұмыс істеп тұрды.
Аудандағы озат шаруашылық-тардың бірі сөз жоқ, Луговой жылқы зауытты болды. 1945 жылы 24 маусым күні Мәскеуде Қызыл алаңда болған ең алғашқы Жеңіс шеруін қабылдаған төрт мәрте Кеңес Одағының Батыры, Маршал Георгий Константинович Жуков мінген ақбоз ат Араб – әлемге әйгілі Абсенттің әкесі болатын. Бұны біреу білсе, біреу біле білмес, әсіресе өткенімізді жас ұрпақтың біліп жүргені дұрыс болар еді деп ойлаймын. Сондықтан, осы шаруашылық тарихы туралы қысқаша тоқталсам деймін.
Луговой жылқы зауыты 1934 жылы желтоқсан айында КСРО Қорғаныс комиссариатының бұйры-ғымен құрылды. Осы мақаладағы ақпараттардың аудандық мұрағаттан алынып беріліп отырғанын ескерте кеткім келеді. Сонымен бірге Луговой жылқы зауытында 1939 жылдан бастап зейнетке шыққанша абыройлы еңбек еткен, қазыналы қариямыз, Ұлы Отан соғысының ардагері Әлібек Баялиев атамыздың ұсынған құжаттары бүгінгі жазбаларыма пайдаланылғанын ескерте кеткім келеді. Мен Әлібек атамызбен көп әңгімелестім, ақыл - кеңесін алдым, көптеген мағлұматтарын пайдаландым, ол кісімен өмірден өткенше сыйластықта болдым. Ол кезде жылқы зауыттары Қорғаныс комиссариатына қарасты болған.
Луговой жылқы зауытының тұңғыш директоры болып әскери кісі Андрей Яковлевич Янулянцев тағайындалады, ол кісі 1935 жылдың қаңтар айынан бастап қызметке кіріседі. Демек, Луговой жылқы зауытының тарихы сонау 1935 жылдан басталады. А.Янулянцев 1938 жылдың 31 наурызына дейін директор болды. 1938 жылдың 1 сәуірінен 1940 жылдың қаңтарына дейін жылқы зауыты директоры қызметін Шүленбай Жанғозин деген қазақ кісі атқарыпты. Жылқы зауыты әскери мақсатта құрылғандықтан, Қызыл Армияға аттар дайындады. 1940 жылы қаңтардан 1943 жылдың наурызына дейін Андрей Яковлевич Толстунов, одан кейін үш ай көлемінде Ефим Ильич Нищета уақытша директор міндетін атқарды 1943 жылдың маусымынан 1945 жылдың шілдесіне дейін Михаил Алексеевич Потапов директор болды.
Ел басына күн туған 1941 – 1945 жылдары Луговой жылқы зауытынан 112 жұмысшы майданға аттанды. Оның ішінде осы Әлібек Баялиев атамыз да болды. Жап-жас қарулы жігіттердің орнына қарт кісілер, әйелдер, жасөспірімдер қалды. Ұлы Отан соғысы жылдарында Кеңес әскерінің бөлімдеріне Луговой жылқы зауытынан 1941 жылы 390, 1942 жылы 420, 1943 жылы 370, 1944 жылы 350, 1945 жылы 287 жылқы берілді. Сол қиын қыстау жылдарда тұрғын үйлер, жылқы қоралары салына бастады. 1945 жылдың шілде айынан 1949 жылдың қыркүйегіне дейін Абдулла Жұбанышев деген азамат Луговой жылқы зауытының директоры қызметін атқарды. Федор Федорович Иванов, Вениамин Вениаминович Иванов шаруашылыққа басшылық жасап, шаруашылықтың өрлеу, өркендеуіне елеулі еңбек етті. Егістік көлемі ұлғайды, ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайы жақсара түсті. Шаруашылықтың экономикасы өрге басты. Жылқы шаруашылығында асылдандыру жұмыстары жоғары қарқынмен жүргізілді. Вениамин Вениаминович Ивановтің іскерлігі, зор ұйымдастырушылық қабілеті, жұмысшылардың тұрмыс жағдайын жақсартуға жасаған ерекше қамқорлығы туралы ардагерлердің әңгімелерін талай естігенім бар. Зауыт директоры Вениамин Иванов Москвадағы (ЦСКА) Орталық армия спорт клубынан Жамбылдағы №49 жылқы зауытына әкелінген Араб айғырын Луговой жылқы зауытына шұғыл түрде тез жеткізілуіне тапсырма береді. Осы Араб айғыры мен асыл тұқымды Баққара атты биеден 1952 жылы әйгілі Абсент дүниеге келеді.
Шаруашылықтың өсіп өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан ата-ағаларымыз, апаларымыз аз болған жоқ. Сол еңбеккерлердің бірі – Ұлы Отан соғысының ардагері, Еңбек Қызыл Ту, Еңбек Даңқы мен және басқа да бірқатар орден - медальдармен марапатталған Молдаш Әміреев атамыз Абсентті жаңа туған құлын кезінен бастап күтіп баптады. Атақты жылқышының еңбегі зая кетпеді.1960 жылы өткен Рим олимпиадасында Абсент алтыннан алқа тағып, олимпиада чемпионы болды. 1964 және 1968 жылдары өткен Токио, Мехико олимпиадаларында жүлделі үштіктен көрінді. Иә, Абсент туралы көп айтуға болады, ол туралы деректі фильм түсірілді, көптеген мақалалар жарияланды. Жазушы Абай Ескендіров Абсент туралы кітап жазып жатыр. Жылқы шаруашылығы егін шарушылығымен қатар қарқынды дамыды. Озат шопандар Еңбек Ері Нәдір Биғазиев, Ленин орденді Сүйінтбек Тәуірқұлов, Сопы Есенов, механизаторлар Михаил Шматко, Мырзахан Зауірбеков, жылқышылар Октябр революциясы, бірінші, екінші дәрежелі Еңбек Даңқы ордендерінің иегері Таңат Құдайбергенов, ағайынды Әбітхан Оразалиев, Планбек Оразалиев, Ұлы Отан соғысының ардагерлері Айтбай Ақтоқалов, Сейтқазы Зауірбеков, Шығанбай Рысқұлов, Дүйсен Оралбаев, Жұмантай Сатыбалдиев, Орынбек Қуатбеков, Григорий Славский, Оразалы Баегизов, Нұралы Шералиев, Иван Наумович Пушкарев, Әсем Батырбасов, Петр Батаев, Иван Бондаренко, Михаил Васильцов, Петр Грицук, Орынтай Ертаев, Өмірзақ Еселбаев, Шәріпхан Жаппасов, Қасым Құраметов, Қораласбай Тоқбаев, Қали Қуантаев, Ульяна Киз, София Егоровна. шаруашылық мамандары Нұрқасым Макишев, Артур Роккель Кондратьевич, Зауірбек Алибеков, Накен Даубаев, Молдахан Ахметов, Герасим Хан, Сәбит Садықов, Абжапар Акимов, Қинаят Қалиакпаров және басқалар Луговой жылқы зауытының өсіп - өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты.1962 жылдан 1988 жылдың қазан айына дейін абыройлы еңбек еткен совхоз директоры Иван Афанасьевич Финьконың ерен еңбегін атап өткеніміз жөн. Ол кісі білікті маман, іскер басшы, дана ұйымдастырушы болды. Шаруашылықтың экономикасы өрге басты: автогараж, МТМ, құрылыс бөлімі, барлық бөлімшелер жоғары қарқынмен еңбек етіп ел байлығын еселеді. Тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жоғары деңгейге көтерді. Облыс, аудан көлемінде ең алғаш табиғи газ берілген ауыл Луговой жылқы зауыты болды. Иван Афанасьевич Финько ауыл және аудан халқының құрметіне бөленді. Екі рет Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. Жаңа тұрғын үйлер, типтік үлгідегі 3 қабатты мектеп, жаңа аурухана, Мәдениет үйі, сауда орындары, типтік үлгідегі жаңа жылқы қоралары, мал қоралары салынды. Ауыл халқының саны 3 мыңнан асты.
1988 - 1992 жылдары Луговой жылқы зауытын Георгий Мстиславович Кобылянский өте білгірлікпен, іскерлікпен басқарды. 1992-2001 жылдары Александр Сергеевич Шаповалов басшылық еткен жылқы зауыты нарықтық қатынас талаптарына сай «Көгершін» акционерлік қоғамы болып қайта құрылды. Одақ тараған соң кәсіпкер-басшы Халит Базарбайұлы Базаралиев шаруашылықты «Луговой жылқы зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі етіп құрды. Негізгі шаруашылық ғимараттары сақталып қалды. Х.Б.Базаралиев зейнетке кеткен соң, бүгінгі күнге дейін «Луговой жылқы зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне Әсемгүл Маликовна Аксамбиева, Еркін Ерлікұлы Уразаков басшылық жасауда. Еліміз егемендік алған соң, Көгершін ауылы тұрғындарының 60 пайыздан астамын құрап отырған өзге этнос өкілдері тарихи Отандарына көшті. Олардың орнына Иран,Түркменстан, Өзбекстан елдерінен қандас бауырларымыз келді. «Елге ел қосылса құт келеді» деп халқымыз бекер айтпаған. Көгершін ауылы – бүгінде ауданымыздағы түтіні түзу шығып отырған құтты мекендердің бірі. Ауданымыз өсіп өркендей берсін. Тұлпарлар түлеген, сәйгүліктер сап түзеген ауылымыздың болашағына біз сенеміз.
Серік ӨТЕГЕНОВ,
аудандық билер кеңесінің төрағасы.
Т. Рысқұлов ауданы.
Обсудить
Блок в статье:
СТАЛИНГЕ ХАТ ЖАЗҒАН ҚАРИЯ
20 ноябрь 2024, Среда
КӘСІБІ – ТРАКТОРШЫ
18 ноябрь 2024, Понедельник
Сейітхан ЖҰМАШЕВ, Жуалы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы: ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫС ІСІМІЗГЕ СЕРПІН БЕРЕДІ
18 ноябрь 2024, Понедельник
Похожие материалы:
Комментарии (0)