Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » Қоғам » Күн туды ескі жұртқа жаңаратын

Күн туды ескі жұртқа жаңаратын

09 апрель 2026, Четверг
18
0
Наурыз – бір күндік мереке емес. Ол – саналы азамат, біртұтас қоғам қалыптастыруға бастайтын жол.
Қоғам бір орында тұрмасы анық.  Дамиды, өзгереді, түрленеді. Қоғам түрлі шырғалаңнан өтіп, бірде құлдыраса, бірде өрлеген өзгеріске ұшырайды. Мұндай құбылыс Ұлыстың ұлы күні – Наурызға да тән. Ұлы мерекенің  дабыралы даңғазалыққа, алаулатқан-жалаулатқан жасанды сән салтанатқа табиғаты келмейтінін уақыт өзі дәлелдеп берді. Солай болған күннің өзінде наурыз тойының бұқаралық сипатын жоғалтпай, сахналық кейіп, фольклорлық қойылым деңгейінде қалып қоймауын үнемі назарда ұстауға тиіспіз. 
    «Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігі Наурызды жаңа мазмұнда тойлауды осыдан екі жыл бүрын қолға алды. Ең бастысы – Наурыз мейрамын азаматтық мерекеге айналдыру екенін түсінген бірлестік толық жүйеленген маңызды «SenBol Nauryz» тұжырымдамасын жасадық. Бұл жерде ешкім көрермен емес, бәрі қатысушы. 
Адамның ұлтына, тіліне, сенім-нанымына қарамастан, Наурыздың тәлімдік әрі тәрбиелік мазмұнын ашып көрсетіп беруге лайықталған «Жаңару» мен «Әдепті өркениет» құндылықтарына сай  мәдени іс-шараның рухани негізі мен ұйымдастырылу жүйесі нақтыланды. Осы арқылы жаңашыл Наурыз мерекесі жалпыұлттық бірегейлік пен азаматтық ұстанымға негізделді. 
31 желтоқсан мен 1 қаңтар күнтізбелік Жаңа жыл мерекесі ретінде өз кезегімен тойлана береді.  
Жаңа жылда Аяз атаның балаларға сыйлық беруі және бұл дәстүрдің берік орнығуы мерекені халыққа барынша жақындатты. Сол секілді Наурызда да, әсіресе жастардың, балалардың есінде қалатындай жаңалықтар, тосынсыйлар болғанын қалаймыз. Демек Наурызды жаңаша тойлау арқылы мерекеде атқарылатын салт-дәстүр, таным-ұғымдарды үлгі-өнеге беретін тәлім-тәрбиелік форматқа негіздей алу керек. Адамды бауырмалдылыққа, мейірімділікке, ізгілікке, парасаттылыққа баурайтын ұлттық мәдениетіміз әрі қарай да өміршең болуы үшін заманауи талаптарға сай насихаттай білу мәселесі күн тәртібінде тұр. 
31 желтоқсанда түнгі сағат 00:00-де күнтізбе бойынша жаңа жыл басталса, Наурыздың 22-сінде ЖАҢА КҮНДІ қарсы алу дәстүрін түлетуге тиістіміз. Атқан таңға, келер күнге үмітпен қараған адамзат тіршілік жаңаратын  Наурызды жақсылыққа ниет етіп бастаса, үлкен де, кіші де риза болары һақ. Жаңа жыл – Наурызды қарсы алу осы қасиетімен де басым болып тұр. 
Таңды қарсы алу – сананың оянуы
Мерекенің таңды қарсы алумен басталуы – кездейсоқ таңдалған рәсім емес. Философиялық тұрғыда бұл – адамның ішкі жаңаруы, қоғамдағы әр азаматтың жауапкершілігін сезіну сәті. Таң – үміттің, адал ниеттің, жауапты таңдаудың уақыты. Таңды қарсы алып тұрып әр адам «Мен қоғамға не бере аламын?» деген ойға келуі керек. 
Отшашудың орнын ШАШУ толықтай алмастыра алады.  Қуаныштың айғағы ретінде жасалатын салтанатты дәстүрдің  ерекшелігі – әр тәттіде (шашуда) ақ  тілектер жазылса құба-құп. 
Таңғы рәсімнен кейін ізгі тілек жазылған тәтті шашу таратылады. Әрбір тілек – бір-біріне деген сенім мен қолдаудың көрінісі. Қоғам үшін бұл – ынтымақ пен ортақ жауапкершілікті нығайтатын маңызды көрініс.
Отбасы құндылығы – қоғам тірегі
Қазақтың таңғы асының ықшамдалған үлгісін әзірлеу бағдарламадағы негізгі басымдықтың бірі. Таңғы ас күні бойы кісіге күш-қуат пен жігер беріп қана қоймай, құнарлылығымен ұзақ уақыт аштықты сезбеуге мүмкіндік береді. Жент, талқан, балқаймақ, кілегей,  сүзбе, уыз, ірімшік сынды құнарлы таңғы ас белсенді қимыл-қозғалыстың кепілі ғана емес ағзаның күні бойы алатын калориялық қуатын тиімді пайдалануға жол ашады.  
Дастархан – қазақ  дүниетанымында  тек  тамақтану орны емес, пікір алмасу, тәрбие беру, ортақ құндылықтарды бекіту кеңістігі. Ата-аналар үшін бұл – бала тәрбиесіндегі ортақ жауапкершілікті ұғындыратын маңызды сәт.
Қазақы таңғы ас – тек күнді бастауға арналған тағам емес, ол халқымыздың өмірге деген көзқарасын бейнелейтін терең философиялық құбылыс. Таң¬ – жаңа күннің, жаңа үміттің бастауы. Сондықтан қазақ халқы таңды құрметтеп, оны асықпай, таза ниетпен қарсы алған.
Қазақы таңғы астың қарапайым болуы қанағат ұғымымен тығыз байланысты. Бауырсақ, май, құрт, қымыз сияқты тағамдар артық сән-салтанатты емес, табиғилық пен жеткіліктілікті дәріптейді. Бұл – «азға қанағат, көпке шүкір» деген өмірлік ұстанымның көрінісі.
Таңғы ас арқылы адам мен табиғат арасындағы үйлесім айқын сезіледі. Барлық тағам табиғи жолмен, маусымға сай дайындалып, көшпелі өмір салтына бейімделген. Қазақ дүниетанымында адам табиғаттан үстем емес, оның бір бөлшегі. Дүниенің дидарына сай әрбір тәжірибемен бұл тұжырымдаманың толығып отыруы да заңдылық. 
Наурыз көктемнің келуімен, табиғаттың жаңаруымен көрініс береді. Көктем– жылы жаққа қайта оралған құстармен де сәнді. Қазақ үшін қарлығаштың өзіндік тарихи орны бар. Ол –берекенің, шаңырақтың, ошақ пен отбасының символы іспеттес. Бесіктегі бөбекті айлакер масадан, аждаһа айдаһардың айбарынан аман алып қалған қарлығаштың ерлігі – киелі ұғымға айналды. Біздің ойымызша биылғы Наурыз дастарқанының басты асы – «Қарлығаш» тәтті тоқашы болса жарасып-ақ тұрар еді.  
Сонымен қатар таңғы ас – отбасы бірлігінің белгісі. Бір дастархан басында жиналу үлкенге құрмет пен ұрпақтар сабақтастығын қалыптастырады. Осылайша қазақы таңғы ас рухани құндылықтарды күнделікті өмірмен байланыстырады.
Қорыта айтқанда, қазақы таңғы ас – еңбекті, қанағатты, табиғатпен үйлесімді және берекелі өмірді дәріптейтін ұлттық философияның айқын көрінісі.
Саналы ата-ана мәдениеті – үлкенге – құрмет, кішіге – ізет көрсету дала философиясының өзегі. Мерекелік дастархан барысында үлкенге сәлем беріліп, ақсақалдан бата алу дәстүрі орындалады. Бұл – отбасы тәрбиесінің, әке мен ананың қоғамдағы рөлін айқындайтын терең мағыналы рәсім. Ұрпақ сабақтастығы, құрмет пен ізет осы сәтте нақты көрініс табады.
Азаматтық жауапкершілік және табиғатқа құрмет
Көктеммен бірге келіп, көңілді көріктендіретін мейрамды жаңаша мерекелеудің жобасына бірлесіп ағаш отырғызу да енгізілді. Бұл сабақтастықтың, жаңа өмірдің, табиғатпен етене жақындықтың және жаһандық экологиялық қозғалысқа қосқан үлестің үлгісі. Одан бөлек астын сызып айтар дүние – Жаңа жылда шыршаларды кесіп, табиғатқа залал келтірсе, Наурызда керісінше, «бір тал кессең, он тал ек» қағидасын берік ұстанып, айналаны, қоршаған ортаны көгалдандыруға үлес қосылады. Ағаш отырғызыңыз – өмір сыйлаңыз.  Азаматтық жауапкершілік – тек сөзбен емес, нақты әрекетпен көрінетін ұстаным. Осы тұрғыда ағаш отырғызу шарасы ерекше мәнге ие. Табиғатқа жасалған әрбір қамқорлық – болашақ ұрпақ алдындағы борыш. Бұл іс-шара ата-аналар мен балаларға экологиялық мәдениетті, ортақ кеңістікке жауапкершілікпен қарауды үйретеді.
Философиялық тұрғыдан алғанда, ағаш отырғызу – уақытпен келісім жасау. Бүгінгі еңбек – ертеңгі игілікке айналады. Бұл – азаматтық сананың ең қарапайым әрі ең терең көрінісі.
Еңбек шеберханасы – тәрбиенің тірі алаңы
Мереке аясындағы еңбек шеберханасы қолөнер арқылы тәрбиелеудің тиімді құралына айналады. Мұнда тек бұйым жасалмайды, мұнда еңбекке құрмет, сабыр, ұқыптылық сияқты қасиеттер қалыптасады. Ата-ана мен бала бірлесе әрекет етіп, тәрбиенің сөзбен емес, іспен берілетінін сезінеді.
Еңбек – адамды материалдық да, моральдық та дамыту құралы. Ұрпаққа еңбек құндылығын дәріптеуде наурыз мейрамы таптырмас құрал. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялауы бекер емес. Жоғары  бағалануы тиіс еңбек адамының қадір-қасиетін арттыру арқылы жастарды еңбек етуге, өмір сүруге, ортаны құрметтеуге тәрбиелеудің кешенді жүйесі қалыптасары даусыз.  
Бір қазан – бір қоғам
Наурыз көжені бірге дайындау және бірге дәм тату – бірлік пен теңдіктің айқын белгісі. Әр түрлі дәмнен құралған көже секілді, қоғам да әртүрлі көзқарастар мен тәжірибелерден тұрады. Алайда ортақ мақсат пен жауапкершілік бәрін бір арнаға тоғыстырады. Бұл – азаматтық қоғам үшін аса маңызды ой. Ұлыстың ұлы күні дайындалатын ас – наурыз көженің адам ағзасына берер қуаты мен нәрі бөлек. Құрамына жеті түрлі дәм қосылып дайындалатын көжені  қазан көтеріп, "Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын" деген ниетпен бірлесе дәм татудың маңызы бөлек. 
Төрт түс – бір мерекенің рухани коды
Наурыз мейрамының жаңа форматтағы тұжырымдамасында мерекенің идеялық өзегін айқындайтын төрт символикалық түс таңдалды: ақ, көк, жасыл және қызыл. Бұл түстер тек эстетикалық шешім емес, олар – адамның ішкі әлемін, қоғамның рухани бағытын және азаматтық ұстанымын бейнелейтін философиялық жүйе.
Ақ түс – тазалық пен сәуленің, жарықтың нышаны. Ол рухани ағаруды, ниеттің тазалығын, әділ ой мен адал әрекетті білдіреді. Ақ түс – жаңа бастаманың белгісі, өмірді «ақ парақтан» бастауға деген дайындық. Бұл – ұрпақ санасына таза құндылықтарды сіңіру, ал қоғам үшін – ашықтық пен сенімге негізделген қарым-қатынас орнату.
Көк түс – аспан мен судың, тыныштық пен тереңдіктің түсі. Ол мемлекеттік тумен үндесе отырып, тектілікті, елдік сананы, бейбітшілік пен рух еркіндігін білдіреді. Көк – кеңістікті ойлау, жауапты шешім қабылдау, азаматтық ұстанымды айқындау түсі. Бұл түс әрбір ата-ананы өз отбасымен қатар, қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінуге жетелейді.
Жасыл түс – даму мен балғындықтың, жаңару мен үміттің символы. Ол табиғаттың оянуын ғана емес, адамның санасының жаңғыруын білдіреді. Жасыл – жаман әдеттен арылу, дұрыс таңдау жасау, экологиялық және рухани тазалыққа ұмтылу. Ағаш отырғызу бастамасы осы түстің мағынасын нақты әрекетпен бекітеді. Бұл – болашақ ұрпаққа жасалған жауапты қадам.
Қызыл түс – энергия мен ішкі оттың, өмірлік күш пен табандылықтың белгісі. Ол сенімнің беріктігін, әрекетке дайындықты, қорқыныштан емес, жауапкершіліктен туындайтын батылдықты білдіреді. Қызыл – аға буынның келешек үшін күресі, қоғамдағы белсенді азаматтың үнсіз қалмау ұстанымы. Бұл – өзгеріс жасауға итермелейтін қуат.
Төрт түстің бір мерекеде тоғысуы – адам болмысының толықтығын көрсетеді: ақ – ниет, көк – сана, жасыл – даму, қызыл – әрекет.
Осы төрттаған арқылы Наурыз мейрамы тек дәстүрлік шара емес, азаматтық жауапкершілікке бастайтын өмірлік бағдар ретінде ұсынылады.
Бұл түстер – ұрпақ тәрбиесіндегі ортақ философия, ал мереке – сол философияны бірге сезініп, бірге іске асыратын кеңістік.
Наурызды жаңаша және заман талабына сәйкес өткізу, яғни бұл мерекені шоу деңгейінде емес, өз болмысында атап өтіп, қоғамдық үрдіске айналдыру баршамызға тән болуы керек.  

Соңғы жылдары бірқалыпты сарынға түсіп бара жатқан Наурыз мерекесін тойлаудың жаңаша үлгісін қалыптастыру жөнінде өз пікірімізді, ұстанымымызды айттық. Мұндағы мақсат – осы бағдарлама арқылы Наурызды ортақ мерекеге айналдыруды көздейді. Десек те, адамдық-адамгершілік құндылықтар заманға емес, адамға тән, соны өз тұғырында ұстай білу әрқайсымызға байланысты. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарып, бірлесе тірлік етсек, біз алмайтын қамал болмайды. Біздің осынау ұстанымымыз қоғамда қолдау тауып, белең алса, қоғамның ұтары мол болар еді.  

Ақерке ЖАҚЫПБАЙ, 
«Сенімен Болашақ» республикалық
қоғамдық бірлестігінің үйлестірушісі

Обсудить
Блок в статье:
Тектіліктің тамыры 09 апрель 2026, Четверг
Күн туды ескі жұртқа жаңаратын 09 апрель 2026, Четверг

Похожие материалы:

Күн туды ескі жұртқа жаңаратын
09 апрель 2026, Четверг
Күн туды ескі жұртқа жаңаратын
23 наурыз – Тазару күні
23 март 2025, Воскресенье
23 наурыз – Тазару күні
Қазақ бол!
19 март 2021, Пятница
Қазақ бол!
Нұр тараған Наурыз тойы
19 март 2021, Пятница
Нұр тараған Наурыз тойы
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры