Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11

Қазақ бол!

19 март 2021, Пятница
203
0
"Ұлыстың ұлы күні" атанған Наурыз мерекесі ортамызға қайта оралып, бүкілхалықтық мереке ретінде тойлана бастағалы отыз жылдан асыпты. Тәуелсіздігімізді жариялаудан үш жыл бұрын елімізде Жылбасы сипатында тойлана бастаған бұл мерекеде ұмытылып бара жатқан ұлттық құндылықтарымыздың «алтын көмбесі» ашылып, қазақи қасиеттеріміз айқын айшықтана түскен шақ еді бұл. 
Біз бала кезімізде қазақ ауылдарында наурызкөже беру, тіптен, тоқталып қалған емес. Сол күні бар жақсымызды үстімізге іліп, үй аралап наурызкөже ішетініміз есімде. Адамдар бір-бірімен «Наурыз құтты болсын! Іс оң болсын, ақ мол болсын!» деп құттықтасып жататын. 
Бірақ, бүкілхалықтық мереке ретінде сипат алған жоқ. Сөйтсек, кейін білдік, кеңестік солақай саясат «ескіліктің қалдығы, феодализмнің сарқыты» деп Наурызды тойлауды тоқтатып тастаған екен ғой. Тіпті, оған «діни мереке» деген сипат та беріпті. Ал, анығында, біздің ата-бабаларымыз Наурызды «Ұлыстың ұлы күні» деп еңбек мерекесі ретінде тойлаған. Және ай бойына тойлаған. Наурызда тал егіліп, егін себілген. Арық-атыздар аршылып тазаланып, ауылдар абаттандырылған. Ақсақалдар батасымен жүзеге асырылатын осы жұмыстарды жұмыла атқарып жатқан адамдарға берілетін асты «наурызкөже» деп атаған. Ол көженің құрамында қыстан қалған соғымның сүрінен бастап тағамның бірнеше түрі қосылады. Ол тақ санды және кемінде жеті түрлі болуы керек. Одан көп болса, тіптен жақсы. Өйткені, бұл – «азық-түлік, тағамның түрлері көп әрі мол болсын» деген  ниеттен туған ырым. 
Қазақстан егемендік алып, тәуелсіздігін жариялағаннан кейін Наурыз мемлекеттік мереке мәртебесіне ие болып айшықтана түсті. Бұл ұлттық құндылықтарымызды ұлықтауға, қазақ халқының мәртебесін арттыруға игі ықпалын тигізіп отыр. 
Ұлтымыздың мерейін өсіретін бұл мерекеде қазақ халқының салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарын насихаттауға ден қойылуы керек. Мереке ұлттық сипат алып тұрса, қандай ғанибет! Әйтпесе, әлем-жәлем дүниені араластырып жіберетін әдетіміз бар ғой. Бұл жерде мереке күні Қазақстанда тұратын басқа ұлттардың да салт-дәстүрін көрсетіп сапырылыстырып жіберетін жалпақшешейлігімізді меңзеп отырмын. Одан гөрі оларды қазақ тілін, қазақтың ұлттық салт-дәстүрлерін құрметтеуге үндегеніміз дұрыс қой.  Мерекеде қазақылықтың иісі аңқып тұрғаны дұрыс  емес пе! Бұл ұлы Мұхтар Әуезовтің «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген қағидасының қарапайым көрінісі болуға тиіс. Қазақ мемлекетінің іргетасының нығая түсуіне мұның да ықпалы зор. Мұны өзгелер ұлтшылдық десе де, ұлтжандылық десе де өздері білсін! Менің айтарым – осы! 
Елімізде тұратын өзге этнос өкілдерінің тілін, салт-дәстүрін насихаттайтын Қазақстан халықтарының бірлігі мерекесі бар. Сексеннің ауылына ат басын бұрған жасымда айтқан бұл ұсыныс-пікірімді ешкім ерсі көре қоймас. 
Мереке береке әкелсін! 

Асқар Тойшыманов,
еңбек ардагері.

Обсудить

Похожие материалы:

Нұр тараған Наурыз тойы
19 март 2021, Пятница
Нұр тараған Наурыз тойы
Ізгілік – иманнан
20 март 2020, Пятница
Ізгілік – иманнан
Ойталқы
29 апрель 2020, Среда
Ойталқы
Баспасөз
29 июль 2020, Среда
Баспасөз
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры