Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11

Ойталқы

29 апрель 2020, Среда
359
0
«Әже, ақ кимешек көрінсе, Сені көрем,
Ақ кимешек жоғалса, нені көрем?!»
Мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың «Әже» деген өлеңінде осындай жолдар бар. Сәбилік сағыныштан,  ұлттық иісті аңсаған ұлы жүректен туған жыр. Қазір қарап отырсам, көрегендік жатыр екен-ау осы жолдарда. 
Қазақ кейуаналарына ерекше сән беріп, әже мәртебесін айқындап тұратын сол кимешек көзден бұл-бұл ұшқалы қай заман! Ол түгілі орамалдың өзін сирек көреміз әйелдердің басынан. Соның салдарынан қызы қайсы, қатыны қайсы ажырату қиын. 
Біздің халықтың салтында қыз баласы келін болып, босаға аттағаннан кейін басынан орамалын тастамаған. Одан әрі ана болып, апаға айналған тұста орамалдың орнын жаулық алмастырушы еді. Соған қарап әйелдердің жасы мен жасамысын ажырата алатынбыз. Ал, ауыл анасы болған абыз әжелерге кимешек қана жараспай ма?!  
Еліміз егемендік алып, ұлттық Наурыз мерекесімен бірге кимешек те ортамызға оралған сыңайлы. Бірақ,  мереке күндері ғана. Сонсоң жер-жерлерде құрылып жатқан әжелер ансамбльдері концерт қойғанда көреміз. Сол кезде ұлттық жәдігерлерді көріп, көңіл марқайып қалатыны бар. Оған да шүкіршілік! 
Дегенмен, сол кимешекеті алпыстан асқан әйелдер киіп жүрсе, қандай жарасымды! Оның жүріп-тұруға да, қандай да бір іс-әрекеттерге кедергісі де жоқ. Көзіміз көрді, әжелеріміз сол кимешектерімен-ақ үй тірлігінен қалған емес. Тамағын пісіріп, қазанын қайнатып, қатығын ұйытып, айранын пісіп майын алып, құртын жайып, жүнін сабап киізін басып, тіпті, малын жайғап... бәрі-бәріне үлгеретін. 
Оны қойшы, осы күні әйелдердің басындағы орамалы да жоғалып барады. Осы күні кейбір жас келіндердің басынан орамал көріп шүкіршілік етеміз. Әдепті келінге рахмет! Бірақ, солардың кешегі кеңестік кезеңнің тәрбиесін көрген енелерін Құдай ұрып жүргені өкінішті.! Олар көбінесе, той-томалақ, ұлттық ойын-сауықтарда да шаштары жалбырап, тайраңдап билеп жүреді. Кешегі кеңестік дәуірден қалған ауру. Олар орамал тақса, өздерін қартайып қалатындай сезінетін болуы керек. Керісінше, шашы жалбыраған кәрі сайтан кейпіне енетінін сезінсе ғой, шіркін!
Қыздардың басы жалаңбас жүргенін ешкім сөкет көрмейді. Қазақта оң жақта отырған қыздың  еркіне ешкім шектеу қойған емес. Дегенмен, олар шаштарын қосөрім немесе бірөрім етіп өріп, жинақы ұстайтын. Қазір қыздарымыздың шаштары иығын жауып шашылып жатады. Ілгеріде апаларымыз шашы жайылған әйел баласын көргенде «байы өлген қатын сияқты» деп сынап тастайтын. Қазір өзге емес, өз қызыңа немесе келініңе айтып көрші, арс етіп бетіңнен қауып алсын. Бұл неден? Бұл – «тәрбие – тал бесіктен» екенін ескермеген өз қателігіміз. 
Ендеше ұлттық дәстүрімізді ұлықтауды өзімізден бастайықшы, егде тартқан ер-азаматтар, замандастар, әпке-жеңгелер! Алдымен өзімізді, сонан соң жастарды тәрбиелейік. Тәрбие қолға алынса, түзелмейтін түк те жоқ. Абай хәкім «Адамның мінезін түзетуге болмайды» деген кісінің тілін кескісі келетінін» айтқан ғой кешегі ұлттық құндылықтарымыз салтанат құрып тұрған заманда-ақ! 
Тілімізді кескізбей-ақ, тірлігімізді ұлттық дәстүрге сай түзетіп жатсақ, бізге кім кедергі?! 
Ардагерлердің төл басылымы «Ғұмыр-Дарияның» бетінде осы бір ортақ мәселені ойталқыға салып көрейікші бәріміз болып. Ұсыныс жасау, пікір айту жас-кәріге қарамайды. «Ақыл жастан» деген бар, осы ойталқыға жастарымыз белсене атсалысса, нұр үстіне нұр! 

Пернебек ҚОЙШЫҒАРАҰЛЫ,  
еңбек ардагері  
Обсудить

Похожие материалы:

Қазақ бол!
19 март 2020, Четверг
Қазақ бол!
Тәрбие басы - талбесік
19 март 2020, Четверг
Тәрбие басы - талбесік
Ізгілік – иманнан
20 март 2020, Пятница
Ізгілік – иманнан
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры