Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » Қоғам » Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан

Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан

20 март 2020, Пятница
159
0

Ел бұзылса, құрады шайтан өрмек,

Періште төменшіктеп, қайғы жемек.

Өзімнің иттігімнен болды демей,

Жеңді ғой деп шайтанға болар көмек.

Абай болашақ ұрпаққа сөзін осылай арнады. Бұл өткеннің құлазыған ғасырларынан өзіне бейтаныс, басқа, бірақ жарқын болашаққа сенімді жол салған ақынның айтқан сөзі еді. Даланы торлаған надандық, білімсіздік, ашкөздік, өтірік, өсек, мақтаншақтық түнегіне ол шамшырақтай сәуле төкті және таңы атып, күні шығатын жаққа апаратын жолды өз халқына талмастан көрсетті. Ол – өз дәуірінің өмір шындығын, рухани болмысын танып біліп, өлеңінде, қара сөздерінде өрнектеген ақын.

Асан қайғы желмаясымен жеті түнде де тоқтамай қазақ үшін «жерұйық» іздесе, Абай – қазақ үшін қолынан қаламын тастамай күндіз-түн ой үстінде толғатып, «ұлт бақытын» іздеуден еш шаршамаған, өз қиялындағы кемел қазақты аңсаған аңыз тұлға. Абай құба шөлден су тауып қаталаған туыстарын, өз қазағын сол «бақыт суына» шақырған. Алайда айналасы, сол қамқор жүректі түсінуге шамасы жетпейді... Абайдың «Мыңмен жалғыз алыстым...», «Қайран сөзім қор болды-ау...», «Қараңғы қазақ даласы...», «Мен бір жұмбақ адаммын...», «Ішім толған у мен өрт...», «Мұңдасарға кісі жоқ сөзді ұғарлық...», «Саудасы – ар мен иманы» деп ұлтының бақыты үшін өзін қоярға жер таппайды. Қандай адам бақытты болады? Ойшыл қиялдан кемел адам жасайды, сол кемелдікке қазақты, тіпті адамзатты шықырады.... Ұлы кемеңгер «Мінездерін көргенде қайнайды қаның, ашиды жаның», деп туған халқына күйінеді. «Бұл қазақты түзету үшін не асқан бай болып ата-анасын паралап балаларын оқуға беру, не қолыңда билік болып, күшпен балаларын ғылымға беру»  деп келешек білімді қазақты көз алдына елестетеді.  «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деп елді бірлікке шақырады. 

Абайдың қара сөздеріне зер салсаң  жас ұрпақты, жалпы қазақты ғылым-білімге шақырады, соның жолын үйретеді. Надандық – адамзаттың қас жауы екенін айтады. «Өзің білме, білгеннің тілін алма»  дегеннен сақтандырады. Бұл Абайдың ағартушылық, ойшылдық қыры, ол өз алдына үлкен әңгіме. Абай өз ұлтына бақыттың жолын нұсқады. Өз ортасынан жанды мысалдар беріп, көз алдында жүрген адамдарды өз тілімен суреттеді. Жамандықты соқырға таяқ ұстатқандай көрсетті. Қазақ үшін Абайдың Абайлығы осы.

Ақын дәуір биігінде тұрып, өз замандастарынан бастап, заман ақырда келетін ең соңғы қазаққа дейін бақытқа шақырды. Қазақты жанынан артық жақсы көрді. Өз ұлтының кемістігін термешелей отырып, ашына жазғанына қарап ол қазақты сонша жек көрген бе деп ойласақ қатты қателесеміз. Абай атамыз 29-шы қара сөзінің бәрінде дерлік, қазақ мінезіне, психологиясына, ұлт болмысына,  қазақ өмір-салтына, қоғамына зерттеу жүргізеді. Өзі айтқандай "алыс-жақын қазақтың бәрін көрдім" деп тақырыпқа дендеп кіреді, қазақтану ғылымын жасайды. Ұлтының ауруын көрсетеді және оны емдеудің жолын нұсқап,  түзеуге шақырады.

Ұлы ақын елді ел, адамды адам ететін тек еңбек деп біледі. «Теп-тегіс жұрттың бәрі болды аларман», «Ант ішіп күнде берген жаны құрсын, арын сатып тіленген малы құрсын», «Еңбек – қуаныш, жалқаулық арылмас азап», «Еңбексіз мал дәметкен – қайыршылық» деп ақын заман шерін ақтарған. Абай еңбек ете алмаған елдің бүгіні бүтін, ертеңі берік емес деп үйретеді. Оның ойынша, еңбектен қашып, жұмысты жек көрген адамның өмірі бір-бірін аңдумен, бір-бірін тонаумен өтеді.

"Ұрлық қылар, тентіреп тамақ асырар

Болмаған соң жұмыс қып, мал табарлық…", немесе 

"Тамағы тоқтық,

Жұмысы жоқтық

Аздырар адам баласын", немесе 

"Арын сатып, ант ұрып іздегені

Бір семіз ат, аяғы бір табақ ас" немесе 

"Жалға жүр, жат жерге кет,

мал тауып кел" дей отырып данышпан ары мен иманын сатып, ұрлық қылып, ел аралап мал тапқан, тамағын асыраған адамды мүлде кісі қатарына қоспайды.

Абай егер еңбегің елдің қажетіне, жердің қамына жұмсалмаса, ол еңбек те шын еңбек болмақ емес деп білген. Ол сондықтан да «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың. Адамшылықтың қарызына еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың» дейді.

Абай   халықтың болашағы жастардың қолында деп білді. Өз өлеңдерін де көбіне соларға арнады. «Талапты ерге нұр жауар», «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей», «Әуелі өнер ізделік қолдан келсе, ең болмаса еңбекпен мал табалық» деп өнер іздеуге, адал еңбек етуге шақырады. Мұны:

Адал жүріп, адал тұр,

Есебің тура келуге.

Жаның жақса, соңынан,

Жалқауланба еруге…

Бес нәрседен қашық бол.

Бес нәрсеге асық бол,

Адам болам десеңіз.

Өсек, өтірік, мақтаншақ,

Еріншек, бекер мал шашпақ –

Бес дұшпаның білсеңіз,

Талап, еңбек, терең ой,

Қанағат, рақым ойлап қой,

Бес асыл іс, көнсеңіз…

…Жамандықтан жиренсең,

Ашыларсың жылма-жыл, – деген өлең жолдары адал еңбек еткен адамның жолы болатынын, алдына мақсат қою керектігін түсінуге жетелейді. Қоғамда араны ашылған пайдакүнемдік, баюға деген құштарлық тойымсыздыққа әкеліп соғатынын Абай сол кездің өзінде аса қауіпті құбылыс деп көрсеткен.

Ұлтымыздың ұлы тұлғасы, қазақтың бас ақыны Абайдың ойы мен сөзі, өнегесі қай заманда да маңыздылығын жоя қоймайтындығы даусыз. Қандай  да  қиындық пен содан алып шығар жолды нұсқаған Абай: «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Ақылың мен қайратың екі жақтап»  деп бүкіл пенде атаулыға күш-жігер беріп, жол көрсеткен. Осы жол – ақын өсиеті туған халқы үшін өркениеттің өріне жүргізетін, маңдай түзер темірқазығы болды. Бірақ біз еріншектік, пайдақұмарлық, көрсеқызарлық, байлаусыздықты жеңе алдық па? Елдің ел болуы халықтың өзін-өзі тәрбиелеуіне, қоғамның кертартпа әдеттерден арылуына байланысты деп білген кемеңгердің сөзіне құлақ асып жүрміз бе? Меніңше осы сұрақты әрбір қазақ өз-өзіне қоя білуі қажет. Кінәні өзгеден емес әуелі  өзінен іздеуі қажет. 

 

Сейсекүл ИСМАТОВА,

Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің доценті,

филология ғылымдарының докторы,

Жуалы ауданының Құрметті азаматы.

Обсудить
Блок в статье:
"Ана тілің-арың бұл" 20 сентябрь 2024, Пятница
БАТАМЕНЕН ЕЛ КӨГЕРЕР 19 сентябрь 2024, Четверг

Похожие материалы:

Ұлы даланың өнер саңлақтары
20 март 2020, Пятница
Ұлы даланың өнер саңлақтары
Күретамыр
19 март 2020, Четверг
Күретамыр
Қазақтың даңқты әйелдері
19 март 2020, Четверг
Қазақтың даңқты әйелдері
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры