Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11

Күретамыр

19 март 2020, Четверг
222
0
Тұңғыш ана аяғы ауырлаған жас келіншек ана болатынын білгенімен, шынайы мәніндегі жүрек елжіретер аналық сезімді әлі түсінбейді. Бірақ, оның бүкіл болмысында өзгерістер жүріп жатады. Бойына бала бітпей тұрғандағы қалпы, айналаны қабылдауы енді басқаша ағысқа түседі. Өзінен-өзі мазасызданып, сәл нәрсеге кейіп, болар-болмасқа тарылып, әр нәрседен секемденіп, бұрын өзіне тән емес күй таңдау пайда болады. Әлгі ақын-жазушылардың асқақтатып суреттейтін алып-ұшқан жүрек қуанышы, ана болардағы мақтаныш, шынын айтқанда, алғаш бала көтерген әйелде бола бермейді. Неге десеңіз, алдында не күтіп тұрғанын шамалап болжаса да, болмай қоймайтын шындықтан бетпе-бет келгенде қал-жағдайының қандай күн кешерін білмейді. Белгісіз бір бұлыңғыр дүние. Ал, белгісіздік қашанда құпиялы, тіпті, қорқынышты. Өйткені өмірге адам әкелу – әлемдегі ең ауыр, ең қасиетті құбылыс. 
«Көңілсізден көзсіз бала туады» депті бұрынғы  әжелеріміз. "Аяғы ауыр келіншек ашық-жарқын жайдары болса, көңіл-күйі көтеріңкі жүрсе, толғағы жеңіл, аман-сау босанады, бала ерте күліп, жақсы ширайды" дейді. Ұрпағының қамын нәресте өмірге келмей жатып ойлаған ақылды ене ауыл жастарын шақырып, «келін көңілі» деп аталатын әдемі басқосуды жасап береді. Жастар жүрген жер көңілсіз болушы ма еді, күмбірлетін күй шертіп, ән шырқап, қызық ойындар ойнап, жарасымды әзіл-қалжыңмен болашақ ананың көңілін көтереді, жандүниесін сергітеді. 
Ененің баса назар аударып қадағалайтын бір қамқор ісі – келіннің уақытымен дұрыс тамақтануы. Асты аз ішсе, баланың өсуі тежеледі, көп қабылдаса бала тым толып, кейін босанарда қиындық туындайды, бұл ана мен баланың өміріне қауіпті. Сондықтан, сиырдың, қойдың майлы еттерін шектеп, есесіне, нәрлі, дәмді тағамдарды, әсіресе, сүт қосылған астарды, сүт өнімдерін молынан ішкізеді.  
Баланың сүйегі шымыр, мықты болсын деп қызыл ірімшік жегізіп, аракідік сағыз шайнатады екен. Ертедегі сағыздардың ешқандай химиялық қоспасы жоқ, таза өсімдіктерден алынатын қарағайсағыз, құмсағыз, жерсағыз секілді табиғи түрлері болған. 
Үлкен кісілер немере көруді аңсап күтумен бірге нәрестенің аман-есен өмірге келуіне өздерін де міндетті санаған. Қамқор ене келінге ауыр зат көтертпей, шаң-тозаңы, күл-қоқыстары бар жұмысқа жолатпаған. Әлденеден шошып, түсік тастау қаупі болмасын деп түнде далаға жалғыз шығармаған. Ұрыс-керіс, у-шу болып жатқан бейәдеп көріністерден аулақ ұстаған. Аяғы ауыр келіннің көзінше кімде-кім өрескел сөйлеуге, айғайлап арындауға тыйым салған әрі келіншектің өзіне: «Шырағым, даурығып дауысыңды көтермей, биязы, сыпайы сөйле, әйтпесе, бөпеңнің мінезі шәлкем-шалыс, салдыр-күлдір содыр болып қалады» деп жағымсыз әдеттерден сақтандырған. Сол секілді «Үйге келген кісіні есіктен қайтарма», «Қырықтың бірі – Қыдыр» деген, қолыңнан дәм татқызып, ықыласын ал, шарапаты тиеді. Жас балаға зекіме, олар періштедей пәк, күнәсіз, баланың мейірімі түссе, бойың жеңілдейді..." деген секілді қарапайым  ұлағатты тәлім беріп, келінді келеңсіз әрекеттерден тежеп, әдептілікке, ізеттілікке жетелеген.  
Көңіліне түйгені мол көргенді енелер келіннің айы-күні жақындап келе жатқанда далаға алып шығып, жалаңаяқ таза жермен жүргізеді екен. «О, кеудесі түкті қасиетті Жер-ана, өзің медет бере көр! Перзентіңді пәле-кесірден сақтап, бойын жеңілдете көр!» деп тілек тілейді екен. 
Қолында екіқабат келіні бар саналы ене Ай сүттей жарық түнде келінді ай сәулесі астында жүргізіп серуендетіп, ғарыш қуатының әсерін дарытқан. 
Келін күтіміне, оның киім-кешегіне де зор мән берген. Бой тазалығымен қоса, киім-кешектің кірсіз әрі денеге ыңғайлы болуын қадағалған. Келінге қара, қоңыр, сұр түсті киім кигізбеген. 
Қазір, Құдайға шүкір, сонау алпысыншы жылдардағыдай емес, дайын киімнің де, матаның да алуан түрі іздемей-ақ табылады. Әсіресе, маталардың арзаны да, ортаңқолдысы да, асыл құндылары да көздің жауын алып, дүкен сөрелерінде жайнап тұр. Бірақ, амал қанша, бір кездегі қолға түспейтін мата көбейгенімен көйлек киетін әйел заты көбейген жоқ. Кәрі-жас демей, арық-семізіне қарамай, үйлескен-үйлеспегеніне пысқырмай, шалбарланып шауып жүр. Әсіресе, үстіндегі киімнің тігісі жыртылардай тырситып, төңкерілген тегенедей ішін алға шермитіп келе жатқан аяғы ауыр келіншектерді көргенде: «Әттеген-ай, бұл байқұстардың ақыл айтар анасы, қамқор боп үлгі көрсетер енесі жоқ па?» деп жаным ашып қынжыламын 

Зейнеп Ахметованың "Күретамыр" кітабынан
Обсудить
Блок в статье:
БӨЛТІРІКТІҢ БЕДЕРЛІ БЕЛЕСІ 28 ноябрь 2024, Четверг
СТАЛИНГЕ ХАТ ЖАЗҒАН ҚАРИЯ 20 ноябрь 2024, Среда
КӘСІБІ – ТРАКТОРШЫ 18 ноябрь 2024, Понедельник

Похожие материалы:

Ауылымыз көркейіп келеді
13 март 2020, Пятница
Ауылымыз көркейіп келеді
Ұлы даланың өнер саңлақтары
20 март 2020, Пятница
Ұлы даланың өнер саңлақтары
Бесіктен безгеніміз бе?
19 март 2020, Четверг
Бесіктен безгеніміз бе?
Қазақтың даңқты әйелдері
19 март 2020, Четверг
Қазақтың даңқты әйелдері
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры