Еңбекпен өрілген өмір
Жаны жайсаң жақсы кісі жайлы қалам тербеу де бір ғанибет. Көңілдің көк дөнені жүйрік. Жақсының жақсылығын айтқанда толқынды ойдың ырғағымен жаның жадырайды. Бүгінгі желісін тартқалы отырған мақаламыздың кейіпкері анадан арда туған азаматтың бірі Дабыл Дүйсенұлы Қажеков болмақшы. Бәрі де айтуға оңай. Жетпіс жастың жотасына өмір өзеннің өткелін кешіп сергек жеткен Дабыл қарияның азаматтық ажарын, кісілік келбетін аша білу де оңай шағылатын жаңғақтай шаруа емес.
Көңіліміз жақын, сәлеміміз түзу Дабылды жақсы танимын. Бойында адамгершілік қасиеттің қыры көп Дабылдың әсіресе маған қарапайым мінезі қатты ұнайды. Жуырда үлкенге құрметі, кішіге ізеті үзілмейтін, бар болғаны бір жас қана кішілігі бар, өкшемізді басып жүрген Дабылмен сырлы сұхбат құрудың сабақты инедей сәті түскені бар. Кейіпкеріміз әсерлі әңгімесін ұшқан ұясынан, балалық шағынан бастады. Боямасыз өмірдің шынайы шындығын тілге тиек етіп, көпті көргендігін танытты.
– Асқар таудай атанған Дүйсен әкеміз 20 жасында ел шетіне жау тигенде бес қаруын асынып, майдан даласының алғы шебіне аттаныпты. 1944 жылдың қоңыр күзінде қиян-кескі, жан алып, жан беріскен сұрапыл ұрыстың бірінде басынан қатты жарақат алады. Ұрыс толастаған сәтте отан үшін опат болған сарбаздарды жерлеу басталады. Ес-түссіз жатқан әкемізді қаза болғандармен бірге жер қойнына бергелі жатқанда кірпіктерінің діріл қаққанын байқап қалған жауынгерлер тездетіп дала госпиталіне жеткізеді. Көретін жарығы, тататын дәм-тұзы таусылмаса керек. Өте қатты контузия алған әкеміз сол жатқаннан үш жарым ай өткенде есін жинайды. Бұдан әрі соғысқа қатысуға денсаулығы жарамсыз болған соң госпитал дәрігерлері уақытша мүгедектік қағазын реттейді. Жанына екі жауынгер қосып, елге жөнелтеді.
Әкеміз Шымкент қаласындағы педагогикалық училищені тамамдаған соң еңбек жолын мұғалім болудан бастайды. Өкінішке орай қан майданда басынан алған ауыр жарақаттың зардабы жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беруге мүмкіндік бермейді. Амал жоқ денсаулығына орай кеңшарда кассир, фермада есепші, аға шопанға көмекші болып еңбектен қол үзген емес.
Отау үй тігеді. Анамыз Айнаштан әпкем Алтынай 1952 жылы, мен 1955 жылы, қарындасым Сәнтай 1957 жылы, інім Мұрат 1965 жылы дүниеге келіппіз. Анамыз тым аурушаң еді. Үйде жүргенінен ауруханада емделіп жатқан күндері көп болатын. Ажалды ауру ақыры алып тынды. Өмірдің жарығын сыйлаған ардақты анамыз дүниеден озғанда Алтынай әпкем 16 жаста, мен 14 жаста, Сәнтай 12 жаста, Мұрат 4 жасқа толған еді. Анасыз жетімдер атандық. Мезгілсіз қаза әкемізге өте ауыр тиді. Үй шаруасының қат-қабат тауқыметі Алтынай әпкем екеумізге қарап қалды. Ағайын-туыстармен ақылдасқан әкеміз отбасы жағдайына орай тағы да тұрмыс құруды жөн көрді. Екінші анамызбен ілесе екі қыз бала келді. Әкеміздің тапқан табысы күнкөрісімізге жетпейтін жағдайда еді. Жасым 14-те болса да әкеме көмектесуді, қаражат табуды ойластыра бастадым. Жазғы демалыста кеңшардың науқандық жұмыстарына қатыстым. Еткен еңбегіме қарай айлық жалақы алып, әкемнің қолына ұстаттым. Бұл әрекетіме, қолғанат болғаныма әкем қатты қуанды. «Жігіт болды деген осы» деп бір Аллаға шүкіршілік етіп жүрді.
Ұйым сегізжылдық (қазіргі Ы.Сүлейменов атындағы) мектебін тәмәмдаған соң одан әрі оқуымды Байқадам Қашқынбаев атындағы орта мектепте жалғастырдым. Екінші анамыздан 5 қыз, 1 ұл бала дүниеге келді. Ағайынды 12 ұл мен қыз болдық. Мен онжылдықты аяқтайтын көктемде әкем ақылын айтты.
– Балам, сұрапыл соғысқа қатыстым. Алла жар болып, аруақ жебеп аман-сау елге оралдым. Құдайдың бергені шығар. Балалы-шағалы болдым. Мектеп бітіріп азамат болғалы жатырсың. Тракторшының оқуын оқы. Іні-қарындастарыңа қарайлап, еңбек еткенің дұрыс болар, – деп салмақты өзіме салды.
Сонымен мектеп бітірген бетте сол жылдары ауданымыздағы іргелі оқу орны болған №124 Байқадам кәсіптік техникалық училищеге қабылдандым. Мақсатым – әкем айтқандай тракторшы мамандығын алу болды. Үй мен училище ортасын жалғызаяқ жол қылған көп күндердің бірінде етжақын туыс болып келетін Сержанов Апрел ағам қызмет бөлмесіне шақырып алды. Ол кісі осы оқу орнында автомобиль құрылымынан дәріс беретін.
– Дабыл бауырым, сен өмір бойы трактор айдамайтын шығарсың. Болашағың алда, әлі жассың, жақсы мамандық алатын оқуға барғаның жөн. Біздің училищеде оқитын жастарға Түркістан қаласындағы техникумға жолдама берілгелі жатыр. 4 пәннен емтихан тапсырасың. Жолың болып оқуға түсіп кетсең жатақхана мен тамағы тегін. 9 сом стипендия беріледі. Қалай қарайсың? Келісесің бе? Құжаттарыңды реттеуім керек, – деді.
Іркілмей жауап қаттым.
– Дұрыс қой, аға. Бірақ мен трактор жүргізіп әкеме қолғанат болғалы жүрмін. Бара алмайтын шығармын.
– Отбасылық жағдайды ойлағаның да жігіт болғаныңның белгісі. Бірақ мүмкіндікті жіберіп алмау керек. Келешекте осы техникумда алған мамандықтың нанын жейтін боласың. Әкең менің ағам ғой. Ол кісімен өзім сөйлесемін,-деп Апрел ағам екеуара әңгімеге нүкте қойды.
Апрел ағаның айтуымен әкем де келешегімді ойласа керек.
– Оқысын, ел іші, ағайынның ортасындамыз. Алаң болар ештеңе жоқ, – деп қуана келісіпті.
Сонымен училищеде оқып жүрген үш бозбала техникумда оқуға ниет еттік. Ол екеуінің де әкелері жоқ еді. Үшеумізді де қолтығымыздан демеп жүрген Апрел ағай ғой. Енді үшеуміз үшін ең маңызды мәселе – жол қаражатын табу болды. Тізе қосып, білек түріп ала жаздай еңбек еттік. Елдің құдығын қазып, суын шығардық. Шөбін шауып, маялап бердік. Қорасының қиын ойып, әулісіне дейін тазарттық.
Техникумға оқуға түсу үшін емтихан тапсыратын уақыт та келді. Апрел аға үшеумізді Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласына алып барды. Алғашқы үш пәннен мүдірмей өттік. Ең соңғы емтихан орыс тілі болды. Емтихан алған ұлты орыс апай қаталдық танытты. Үшеуміз де орыс тілі пәнінен өтпей қалдық. Емтиханнан үшеуміздің бірдей сүрінгеніміз Апрел ағамызға өте ауыр тиді.
– Сендер, осында күте тұрыңдар. Мен базарға барып келейін,-деді ұнжырғысы түсіп кеткенін сездірмегендей болып.
Ағайымыздың баруынан келуі тез болды. Қолында көлемі үлкен сөмкесі бар. Кідірмей емтихан бөлмесіне кіріп кетті. Іштен жаны жаздай жадырап көңілді шықты.
– Құтты болсын. Үшеуің де оқуға түстіңдер,-деді бұлт арасынан шыққан күндей күлімдеп.
Сөйтсек, Апрел ағайымыз орыс апайға лайықты сый-сияпат жасапты. Біз Апрел ағаның тығырықтан жол тауып шыққан тапқырлығына тәнті болдық. Әрі туған әкеміздей зыр жүгіріп жасаған жақсылығына ризашылығымызды білдіріп, алғыс айттық.
Алтын бесік ауылдан алғаш рет ұзақ жолға шықтым. Түркістан қаласына жеткен соң жатақханаға орналастым. Қолыма дәптер мен қалам алып білім алуға ден қойдым. Дәріс беретін ұстаздар мен курстас жігіттермен таныс-білістік басталды. Сабақ мерзімі түске дейін. Сабақ үстінде отырып ауылды, үйдің тұрмыс жағдайын көп ойлаймын. Түс қайтқан соң орталық базарды жағалаймын. Автокөліктерге тиеліп немесе түсіріліп жатқан жүктерді алысып, салысамын. Алған бұйырған еңбек ақымды жинақтап, стипендияға қосып, әкеме жіберіп тұрдым. Сабаққа түн мезгілінде дайындаламын. Қоғамдық жұмыстарға белсене қатыстым. Техникумдағы вокалдық ансамблдің белсенді мүшелерінің бірі болдым. Оркестрде қазақтың қасиетті қара домбырасын күмбірлете шерттім. Осылайша азды-көпті абырой мен бедел жинап, ұстаздарыммен жақсы қарым-қатынаста болдым. Талай студенттерге достық көмегім тиді. Ауылдың біраз жастарының осы оқу орнына түсуіне себепкер болдым. Мен зейнет демалысына шыққанға дейін осы техникумнан алған мамандықтың нанын жедім.
1978 жылы техникумды тамамдап ауылға оралдым. Диплом алып келгенімде әкем мен Апрел ағамның қуаныштарында шек болмады. Апрел ағам арқамнан қағып:
– Жарайсың, Дабыл, енді тракторшы емес, қызметкер боласың. Өзіңе техникумға жолдама берген училищеге жұмысқа кел,-деді.
Училище директоры ауданымызға танымал тұлғаның бірі болған Бозжігітов Жақсылық аға еді. Жылы шырай танытып қарсы алды.
– Басқа жаққа ат басын бұрмай дұрыс келдің, Дабыл. Бізге өзіңдей жас кадр өте қажет. Шебер боп іске кірісесің. Бұйрықты бүгін беремін. Қызметіңе сәттілік тілеймін, – деді.
Ардақты ағаға алғысымды айттым. Түс ауа жұмысқа кірістім. Менің техникумда алған теориялық білімімді іс тәжірибемен ұштастыра білуде білімді де білікті ұстаздар Ақмолдаев Досмахан, Ертуғанов Төлен, Сержанов Апрел, Жолдасов Мұхамедия, Мақашев Алдаберді секілді ағаларымның көрсеткен көмектері мен жасаған жақсылықтары көп болды. Үміт күткен сенімдерін, еткен еңбектерін ақтауға күш салдым. Қызығы мен шыжығы таусылмайтын өмірде жақсы адамдар көп қой. Сондай жақсы адамның бірі емес бірегейі училище директоры Жақсылық аға болатын. 1983 жылдың көктемінде қызмет бөлмесіне шақыртты.
– Дабыл қарағым, атқарып жүрген қызметіңе сыртыңнан сүйсініп жүрмін. Сен енді шебер емес мұғалім боласың. Педагогикалық кеңесте солай шешім қабылдадық. Бұйрықты бүгін беріп қойдым,-деді.
Осылайша жақсы адамның шарапаты арқасында арнайы пәндер мұғалімі болдым. Жақаңның үлкен сенімін ақтадым деп ойлаймын. Облыс бойынша үздік мұғалімдер сапында болдым. Жақаң директор ретінде мұғалімдер сабағына кіріп отыратын. Менің сабағыма кірген емес. «Мен Дабылға сенемін» деуші еді.
Уақыт озды. Күндер сырғыды, айлар алмасты, жылдар жылжыды. Ел-жұрттың есін алып, берекесін кетірген өтпелі кезең келді. Нарық қыспағына шыдас бермеген кәсіптік-техникалық училище жабылып тынды. Бұдан кейінгі еңбек жолым техникалық шығармашылық орталығы мекемесінде жалғасты. 46 жыл еңбек өтіліммен 2018 жылы зейнет демалысына шықтым. Соңымнан ерген іні-қарындастарымның бәріне де ағалық қамқорлығымды жасадым. Әсіресе Мұрат пен Қожантайдың үйлі-жайлы, жақсы отбасы болуларына ерекше көңіл бөлдім.
Өнегелі өмірі еңбекпен өрілген Дабыл әңгімесін аяқтады. Жоғары санатты педагогтің еселі еңбектері елеусіз қалмапты. Атап айтқанда Қазақстан Республикасы Білім министрлігінің Құрмет грамотасымен, «Қазақстан ұстаздары» қоғамымен ұйымдастырылған мұғалімдерге арналған республикалық қашықтық олимпиадаға қатысып I дәрежелі дипломмен, «Үздік заманауи сабақ» атты халықаралық дәрежеде өткізілетін шығармашылық конкурсқа қатысып I дәрежелі дипломмен марапатталған. Д.Қажековтың жетек-шілігімен жасалған шығармашылық жұмыстар облыстық I, II, III жас техниктер мен өнертапқыштардың байқауында бас жүлде, I, II орындардың жеңімпазы және «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі аясында өткізілген облыстық IV жас техниктер мен өнертапқыштардың шығармашылық байқауында I-ші орынды иеленіп, облыстық білім басқармасының дипломымен марапатталды. Кейіпкеріміз «Облысқа сіңірген еңбегі үшін», «Сарысу ауданының Құрметті ардагері» төсбелгілерінің де иесі атаныпты.
Еңбек дүбірінің бәсекелі додасында топ жарып, бағы жанған Дабыл Дүйсенұлы шаңырағы шаттыққа толы отбасының жапырағы жайқалған бәйтерегіне айналды. Құдай қосқан қосағы Боранқұлқызы Зағира екеуі 3 қыз, 2 ұлды үкілеп өсіріп, мақсаттарына жеткізді. Бәрі де жоғары білім алды. Ұя мен қияға қонған ұл-қыздардан 11 немере сүйіп бақытты ата-әже атанды. Орта мектепті алтын медальмен, институтты үздік дипломмен тамамдаған Зағира да ұстаздық етіп, жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беріп, зейнет демалысына биыл ғана шығыпты. Бүгінде бір әулеттің көшбасшысы атанған Дабыл қария және ол кісінің отбасы жайлы бір үзік сырымыз осындай.
Темірлан Әбілдаев,
ардагер журналист
Сарысу ауданы

Обсудить
Блок в статье:
Жасампаздық жаршылары
01 июль 2026, Среда
СЕЙТҚАЗЫ ҚАЖЫ – ЖЕҢІМПА3!
30 июнь 2026, Вторник
Тәрбие жұмысына бәріміз жауаптымыз
30 июнь 2026, Вторник
Похожие материалы:
Комментарии (1)