Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » Қоғам » ЖУРНАЛИСТИКА – таңғажайып ӘЛЕМ ЖӘНЕ ТЫНЫМСЫЗ ЕҢБЕК

ЖУРНАЛИСТИКА – таңғажайып ӘЛЕМ ЖӘНЕ ТЫНЫМСЫЗ ЕҢБЕК

30 июнь 2026, Вторник
31
0
ТІЛШІ: – Байтанағали Төлентайұлы, Сіз ардагер журналиссіз, өміріңіздің саналы кезеңін баспасөзде қызмет атқаруға арнадыңыз. Журналистер мерекесі қарсаңында өзіңізбен кең-мол отырып әңгімелессек деген ниетіміз болды. 
Байтанағали ТӨЛЕНТАЙҰЛЫ:  Мен, өзім, әрбір дүйсенбіні – әр аптаның басын жақсы көңілкүймен бастауды ұнатамын. Оның үстіне кәсіби мерекеміз келе жатыр. Журналистер мерекесіне келсек, оған деген ықыласым, тіпті, бөлек. Оны асыға күтетіндердің бірімін. Бір жақын танысыммен кездесетіндей сезімде боламын. 
ТІЛШІ: – Туып-өскен жеріңіз туралы айта отырсаңыз?
Байтанағали Т Ө Л Е Н Т А Й Ұ Л Ы:  – Ауылым  – Жуалылдағы әулиелі Шақпақата туралы әбден айтуға болады. Бұрын Кременевка селосы деп аталатын. Алатау мен Қаратаудың түйісетін тұсындағы құс ұясындай көркем жерге орналасқан. Тау шыңдары жақын жерден қарап тұрғандай болады. Ауылымыздың көшелері тіп-тік, асфальтталған. Ауылдың ортасымен екі республика астаналарын жалғап жататын Алматы-Ташкент трассасы өтетін. Қазір Батыс Еуропа – Батыс Қытай автожолы ауылдың шетінен айналып өтеді. Қоршаған таулы беткейлер өте сұлу болып көрінеді. «Ақсу-Жабағылы» қорығы осы ауылдың тау жақ беткейіне дейін созылады. 
Қыс кезінде Шақпақтың ақ жорғасы ақырын басталып, оның соңы кейде бірнеше күндік ақ боранға ұласатын. Қар күреу дене шынықтырудың бір түрі секілді көрінеді маған. Қыста мұз қатқан өзен үстінде конькимен жарысып, тау беткейінен шана, шаңғымен төмен қарай құлдилап, мәре-сәре болатынбыз. 
Ауыл туралы әңгіме таусылмайды. Осында орта мектепті бітіріп, үлкен өмір жолына аттандым. Алғашқы өлеңдер кітабымды «Боран» деп атадым. 
ТІЛШІ: – Журналист мамандығына қалай келдіңіз? Қиын да мехнаты мол мамандықты өзіңіз таңдадыңыз ба?
Байтанағали ТӨЛЕНТАЙҰЛЫ:  – Иә, өзім таңдадым. Мектепте өте жақсы оқыдым. Математик, философ, тарихшы да болғым келді. Маған мамандық таңдауда мына бір жағдай түрткі болды-ау деп ойлаймын. Мектепте 7-8-кластарда оқып жүрген кезімде мынадай оқиға болды. Физика пәнінен сабақ беретін мұғаліміміз Айып Қаражігітов сыныпқа күлімдей кірді. Мұғалім сыныпқа күлімдеп кірсе, оқушылардың қуанатын әдеті ғой. 
– «Қазақстан пионері» газетін оқыдың ба? – деді Айып ағай менің атымды атап.
Соңғы санын оқымаған екенмін. Әйтпесе, үйге «Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жас», «Қазақстан пионері» газеттері, «Мәдениет және тұрмыс», «Қазақстан әйелдері», «Балдырған» секілді журналдар келетін. Облыстық, аудандық газеттерді де алып тұратынбыз. 
– «Қазақстан пионері» газетінде ер Төстік туралы мақалаң жарық көріпті. Мақалаңда достық жайлы айтқан екенсің. Маған ұнады. Жаза бер. Сен түбі журналист боласың, – деп ағай бастырмалата сөйледі.
Қуанып отырмын. Ер Төстік туралы мақаламда оның Желаяқ, Көлтауысар, тағы басқа достарының көмегі жайлы жазып едім.
– Саған бес қоямын, – деп Айып ағай сынып журналына шұқшиды. 
Сабақ сұрамай бестік баға қойғанына сәл қобалжып қалғаным да рас. Ұстазымның «Сен журналист боласың» деген сөзі қанат бітіргендей болды. Менің журналист болуыма осы жағдай әсер етті-ау деймін. 
Есіме түседі, осындай жағдай менің басымнан университетке түсерде де өткен. Онда алғашқы емтихан жазбаша болып, маған жоғары баға қойылыпты. Екінші емтихан қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша еді. Ауызша емтихан.
Емтиханды екі адам: денелі, келбетті кісі мен бір жас жігіт алды. Ішке кіріп, әркім бір-бір билет алып, дайындалуға кірістік.
Біраз уақыт өтті.
– Емтиханымызды бастаймыз, кім дайын? – деді әлгі келбетті кісі.
Абитуренттерден ешкім қозғала қоймады. 
– Мен жауап берейін, – дедім қағаздарымды қолыма алып.
Билеттегі бірінші сұрақ Абайдың «Он тоғызыншы қара сөзі» еді. Жауап бердім. Сол кезде емтихан алушы кісі:
– Абайдың басқа қара сөздерін білесің бе? – деп сұрады.
– Сұраңыз, – дедім.
Көздерінен жылылық сәулелері сезіліп тұрған әлгі келбетті, денелі адам сол екпінмен Абайдың тағы да бірнеше қара сөзін сұрады. Үйде Абайдың қалың сары кітабы бар еді. Ақынның өлеңдерімен де, қара сөздерімен де тым ерте танысқан едім. Әрине, жауаптарымда жаңылысу болған жоқ.
Қызығы, емтихан алушы кісі алдындағы жуан қаламсабын алды да, әлі де көз алдымда, сәл де ойланбастан, менің қағазыма бес деген бағаны қоя салды.
Бестік баға қойған кісі, кейін білдім, ұлы Мұхтар Әуезовтің жалынды, жүректі, терең білімді шәкірті Зейнолла Қабдолов екен. Бірінші курста бізге «Әдебиет теориясынан» лекция оқыды. Ол кісінің бұл пәнінен де жақсы оқыдым.
ТІЛШІ: – Университетте оқу қиын болды ма?
Байтанағали ТӨЛЕНТАЙҰЛЫ:  – Бұл да орынды сұрақ. Ол кезде республикада бір ғана университет болды ғой. Журналистерді осы жоғары оқу орны ғана дайындайтын. Шынын айтқанда, оқуға түсуден оқудың қиындау болғаны рас. Ал, менің оқуға құштарлығым барлық уақытта да жоғары болды. Қоғамдық жұмыстарға да атсалыстым. Топ старостасы, факультетімізде тәрбие жұмысы комиссиясы төрағасының орынбасары болдым. Бірнеше рет «Озат оқығаны үшін» төсбелгісін алдым. Жоғары стипендиямен оқыдым.
ТІЛШІ: – Студенттік шақтың да есте қаларлық қуанышты сәттері болған шығар?
Байтанағали ТӨЛЕНТАЙҰЛЫ:   – Әрине, болды. Сабақ үлгерімің жақсы болса, онда әрбір күнің қуанышты болғаны. Есте қаларлықтай бір қуанышым – «Социалистік Қазақстан» газетінде тәжірибеден өтіп жүрген кезімде (жетекшім Ақселеу Сейдімбеков аға еді) сол басылымда Абсент деген жылқы туралы мақалам шыққаны болды.
– Олимпиада чемпионы болған Абсент туралы жазып бере аласың ба? – деді жетекшім.
– Әрине, – дедім мен.
– Онда сені Жамбыл облысына іссапарға жібереміз. Әрі қарай үйіңе барып, екі-үш күн демалып қайтасың, – деп редакция есебінен іссапарға жіберді.
Абсент туралы көлемді мақалам «Социалистік Қазақстан» газетінде солай жарқ ете қалған. Кураторым да, бірге оқитын жолдастарым да риза болып жатыр. Сол мақалам «Социалистік Қазақстан» газетінің апта ішіндегі ең үздігі саналып, газеттің көрсеткіш тақтасында бір апта ілулі тұрды. Оны сол күні-ақ арнайы барып көрдім. Мақалаға ең жоғары гонорар – 50 сом қойылғаны да әлі есімде. 
«Еңбек туы» газетінде өндірістік тәжірибеден өтіп жүрген кезімде де осындай қуанышты сәтім болды. Луговой тоқыма комбинатынан жазған «Еңбек қуанышы» очеркім сол кездегі «Қазақстан коммунисі» журналының шолу мақаласында мақталды. Алматы облысы Жамбыл аудандық «Екпінді еңбек» газетінде «Анама» деген өлеңіме жақсы пікір жазылды. 
ТІЛШІ:  – Әрине, журналисті шығармашылық орта тәрбиелейді. Сіздің де мектебіңіз осал болмаған шығар?
Байтанағали ТӨЛЕНТАЙҰЛЫ – Өзім ұзақ жыл қызмет істеген Жамбыл аудандық «Шұғыла-Радуга» газетінде де мықты, зерделі журналистер болды. Газеттің бас редакторы Базар Қилыбаев жақсы редактор болумен бірге, талғамды журналист еді. 
Ақын Совет Әлімқұловпен бірге қызмет еткен жылдарымды бүгінде қанағат сезіммен еске аламын.
Әріптесім болған журналист Маханбетәлі Дүйсебаевтың «Талдыөзектен Қозыбасыға дейін» кітабын сүйсіне оқыдым. Туған жер топырағын білу де, ондағы өмірге құштарлық та – бәрі осы кітапта бар. Осындай қарымды журналистермен бірге еңбек ету бақыты бұйырды маған. 
Жалпы, 1978 жылы университетті бітіріп, жолдамамен Талдықорған облысы Кербұлақ аудандық «Кербұлақ жұлдызы» – «Звезда Кербулака» газетінде біраз жыл еңбек еттім, Жамбыл облыстық «Еңбек туы» газетінде де тәжірибе жинадым. «Шұғыла-Радуга» газетінде отыз жылдан астам уақыт тер төгіппін. Газет жұмысының ауыр да салмақты екенін жақсы білемін.
ТІЛШІ: – Тәжирибелі қаламгер ретінде, әрине журналистика туралы өз пайым-түсінігіңіз бар болар?
Байтанағали ТӨЛЕНТАЙҰЛЫ: – Әңгіме журналистика жайлы болған соң, бұл туралы да өз ойымды айта кетуге әзірмін. Меніңше, әр журналистің өз ойы, ерекшелігі болуға тиіс. Шыңғыс Айтматов, Әнуар Әлімжанов секілді ірі жазушылар да журналистік жолдан өткен адамдар. Әрбір журналистің өзінің ішкі қозғаушы күші – тірек нүктесі болуға тиіс. Сонда ғана ол алға батыл қадам баса алады.
Журналистикада ұзақ жылдар тер төгу журналист мінезін ашпай қоймайды. Мен үшін де солай болған шығар. Іске деген құштарлығым жоғары болды. Әрбір жақсы жаңалықты оқырманға тез жеткізуге асықтым. Еңбек озаттары жайлы, Отан қорғаған ағалар жайлы, халқымыздың салт-дәстүрлері жайлы жиі жазғым келді. Солай болды да.
КСРО кезінде «Журналист» деген журнал шығып тұратын. Мен де жаздырып алатынмын. Солардың бірінде финляндиялық журналист Мартти Ларнидің «Ни дня без строчки» деген мақаласы жарық көрген. Онда автор өзінің күн сайын жазатыны жайлы айтыпты. Маған оның осы мақаласы қатты әсер етті десем болады. Мен де күн сайын жазуды үйрендім.
Өмірімдегі тағы бір қызықты жағдайды айта кетейін. 1972 жылы көктемде Отан алдындағы әскери борышымды өтеп, ауылға оралдым. Екі жыл бойы мені көрмеген туыс-ауылдастар сәлем бере келіп, жай сұрастық. Әскердегі екі жылды аз уақыт деуге келмейді.
Келесі күні анам мені бір бөлмеге шақырып, алдыма бір бума кітап қойды.
– Бұл не? – дедім.
– Серікхан ағаң әкеліп, қалдырып кетті. Келген соң саған беруімді өтінді. Бұл кітаптарды сен оқиды дейді. Ақшасын беріп едім, алмады, – деді ақ жүзі толқып.
Серікхан аға Шымкент технологиялық институтын бітірген. Жамбылда (Таразда) тұратын, жас болса да, үлкен қызметте екенін білетінмін. Қапелімде, ол кісінің мына қамқорлығы мені өте таң қалдырды. Оқушы кезімізде «Білім және Еңбек» журналына жазылыңдар, пайдалы деп жүретін. «Жақсы кино болса, бару керек, 1-1,5 сағатта бір кітап оқып шыққандай боласың», – дейтін. Оқыған кітаптарымыз туралы ерінбей әңгімелесуші еді.
Ағаның мына бір тосын ісі тағы да қайран қалдырды. ГДР-де әскери борышымды өтеп жүрген мені де ойлаған болып тұр ғой. Қуанып қалдым. Мамам да (анамды солай атайтынмын) қуанып тұр.
– Енді бұл кітаптарды оқып шық? – деді анам маған күлімдей қарап.
– Әрине, оқимын, мама. Мұнан басқа да көп-көп кітаптарды оқимын, – дедім.
ТІЛШІ:  – Кейін бұл ағаңызбен кездестіңіз бе?
Байтанағали ТӨЛЕНТАЙҰЛЫ – Кездестім. Ауылдан шыққан бір кәсіпкер жігіттің баласының үйлену тойына барып, сонда көрдім. Ол кісі де мені алыстан көріп қалып, атымды атап:
– Бері кел, бері кел, – деп қасына шақырды.
Бардым, сәлем бердім. «Бірге отырайық», – деп қасына шақырды.
Сонан соң маған бұрылып:
– Университеттің журналистика факультетін бітіргеніңді естідім. Жағдайың қалай? – деп сұрады.
Менен «Жағдайың қалай?» деп шын пейілмен ешкім сұраған емес. Жағдайымды шын ниетпен сұраған кім десе, сол кісіні  айтар едім. Шүкір, білімім бар, қызметім бар, денсаулығым бар ғой. Ол кісіге өз жағдайымды айтып өттім.
– Дұрыс, – деді аға ойланып, – адамды еңбегі ғана көркейтеді. Уақытыңды бос жібермеуге тырыс. Еңбегіңнің өрлей беруіне тілектеспін, – деді риза болып.
– Сізге бір қызық айтайын, – дедім сол жерде батылданып.
– Айт?..
Мен әскерде жүргенде үйге Мұхтар Әуезовтің 12 томдығын әкелгенін, анамның берейін деген ақшасын алмағанын есіне түсірдім.
– Оп-поу, – деді Серікхан аға сәл ойланған кейіппен. – Сол жылы Мұхтар Әуезовтің 12 томдық шығармалар жинағы жарық көріпті. Бес бумасын алдым. Ауылға әкеліп, осы оқиды ғой деген бес үйдің баласына қалдырып кетіп едім. Соның біреуі саған тиген болды ғой?..
– Иә. Ол кітаптар әкемнің үйінде әлі де тұр, – дедім.
ТІЛШІ:  – Бірыңғай журналистика саласында еңбек етіпсіз, арманыңызға қол жеткіздіңіз бе?
Байтанағали ТӨЛЕНТАЙҰЛЫ – Иә, мен тек журналистика саласында ғана қызмет істедім. Тек, газетімізде қысқарту болған кезде, Хаби Биболов деген ағаның (аудандық Кеңесте қызмет істеген) «Сен сияқты білімді жігіт біздің ауданға керек» деп, аудандық Кеңеске қызметке алғаны болмаса. Өкінгенім жоқ. Өз ортама келдім. Орыстың белгілі жазушысы К.Фединнің: «Жазушы суреткерлік жолға түсер алдында біраз уақыт газетте жұмыс істегені жөн», – деп айтқаны бар.
Меніңше, арман – өте кең ұғым. Адам бірде қуанады, кейде ренжиді. Бәрінің де себебі болады. Бұл – өмір заңы.
Менің ойыма тағы бір қызық жайды түсірдіңіз. Мектепті бітіретін жылы, басқа да оқушылар секілді, мен де бір жуан альбомды сыныптастарыма тілек жазуға ұсынған едім. Тәжібай деген сыныптасым: «Адам жақсыны арман етсе, өмірде бәрі де жақсы болмақ», – деп жазыпты. Соны оқып, өте таңқалғаным бар. Сондай ақылды сөздерді мен де жазсам деген ой келді. Солай істедім де. Қазір сондай сөздерім үлкен-үлкен төрт том болды.
ТІЛШІ:  – Жас журналистерге жақсы қаламгер болу үшін не істеу қажет деп ойлайсыз?
Байтанағали ТӨЛЕНТАЙҰЛЫ – Бұл сұрақ журналист болсам деген әрбір жасты ойландырып жүретін сұрақ, сірә? Журналистика – таңғажайып әлем және тынымсыз еңбек. Көп ізденіп, көп еңбек ету қажет болады.
Жақсы журналист болу үшін, ұлы Абай айтқандай, адам ең алдымен талапты (44-қарасөз) болуы қажет-ақ. Халқымыз «Талаптыға – нұр жауар» деп бекер айтпаған ғой. Журналист болғысы келетін жастар еңбексүйгіш, тәртіпті, жан-жақты білімді болуы және, ең бастысы, Отанды сүюі керек. Жақсы журналист болудың мен білетін қағидасы – осы.
Өзім «Шұғыла» газетінде қызметтің барлық сатысынан өттім десем болады: жауапты хатшының орынбасары, бөлім меңгерушісі, бас редактордың міндетін уақытша атқарушы болдым, бас редактордың орынбасары қызметінен 2015 жылы зейнетке шықтым.
Айта кетуге болар, әдеби шығармалар жазумен оқушы кезімнен айналысып келемін. Қазір өлеңдерім 19 томды құрайды. Оның ішінде, 2 томы – шахмат туралы өлеңдер. Сондай-ақ, шахмат прозасын да (деректі шығармалар емес, таза әдеби туынды ) жаздым. Шахмат туралы өлеңдер бір бет болып алғаш рет «Шұғыла» газетінде жарық көргенін айтуыма болады. Шахмат туралы жұмбақтар, жаңылтпаштар, мақал-мәтелдер шығарып, сөзжұмбақ құрастырдым. 
Жақсы журналист өмірге қызығушылығы мол адамнан шығады. Бірде теледидардан сөйлеген болгариялық журналист: «Журналист не может быть нелюбопытным», – деді. Басқа да салалардағы секілді, жақсы журналист болу да көп ізденісті, биік жауапкершілікті талап етеді. 
Эпикур айтыпты: «Су ағады, бәрі өзгереді», – деп. Уақыт бір орында тұрмайды. Журналистер барлық уақытта да халықтың ішінде, уақыттың жалында жүруі маңызды. 
ТІЛШІ: – Әңгімеңізге рахмет. 

Сұхбаттасқан: Жаңабай Миллионов,
Қазақстанның Құрметті журналисті


 "ҒҰМЫР-ДАРИЯ"
Обсудить
Блок в статье:
Жасампаздық жаршылары 01 июль 2026, Среда
СЕЙТҚАЗЫ ҚАЖЫ – ЖЕҢІМПА3! 30 июнь 2026, Вторник

Похожие материалы:

сын қайда, шын қайда?
30 июнь 2025, Понедельник
сын қайда, шын қайда?
ТҮЛЕКТЕР АУЫЛДЫ ТҮЛЕТУДЕ
08 июнь 2023, Четверг
ТҮЛЕКТЕР АУЫЛДЫ ТҮЛЕТУДЕ
Асыл әже әлдиімен өскенбіз
28 август 2025, Четверг
Асыл әже әлдиімен өскенбіз
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры