Асыл әже әлдиімен өскенбіз

Әркімнің әжесі өзіне асыл. Бүгін мен әжем – Рауилия Құсайынқызы Жаманқұлова туралы ой толғамақпын. Тілім жеткенше перзенттік махаббатымды білдірмекпін. өйткені Ол кісінің бойынан адамдарда болуға тиісті асыл қасиеттерді байқауға болады.
Әрине, ол кісінің жастық шағын біз көрген жоқпыз. Әжемнің әңгімелерінен түйгенім, ол кісі 1940 жылы 30 тамыз күні сонау Батыс Қазақстан облысындағы Шыңғырлау ауданына қарасты Шыңғырлау ауылында дүниеге келген екен. Тарихтан білетініміз ол жылдар қиыншылығымен елдің есінде қалды. Көп ұзамай соғыс басталды, сәбилік кезеңі сол бір қиын шақпен тұспа-тұс келді.
Қарап отырсам, көп қиындық көріп өскен менің асыл әжем бүгінде сеңгірлі 85 жасқа толып отыр екен. Қиындық әбден шыңдаған болуы керек, әжеміз бұл салиқалы жасқа жақсы, сергек келді.
Менің атам Лесбек Шолпанқұловқа кездескенде бұл кісі тұлымшағы желбіреген 20 жастағы қыз екен. 1960 жылы киелі Әулиеата жеріне келін болып түсіпті. Содан Лесбек атамыз екеуінің бақытты, қызықты өмір жолы басталыпты. Әрине, тағдырға ешкім шек келтіре алмайды. Атамыз ерте қайтыс болыпты. Екеуінің артында екі қыз, бір ұл қалыпты.
Қиыншылық көріп өсті деп көп айтамыз. Міне, екі қызды, бір ұлды әкесіз өсіру қайсар анаға оңай болды дейсіз бе? Айтуға оңай, біздің сәбилік жүрегіміз сезеді және әжеміздің әлдиімен, естелік әңгімелерімен өсіп келеміз. Ол кісінің айтуына қарағанда енесі Асханнан көп тәрбие көріпті. Ұлағатын тыңдапты.
Үлкендер көп айтып отырады ғой "Еңбек – бәрін жеңбек" деп. Әжеміздің өмір жолына қарап отырып, осы бір даналықтың шынайылығына сәби болсақ та көз жеткізгендей болады.
Рауилия әжем еңбек жолын облыстық "Еңбек туы" (қазіргі "Ақ жол") газетінде машинистка болып бастапты. Ол кезде қазіргідей компьютер деген жоқ. Мақаланың бәрі машинкада қолымен теріледі, журналистер жазып береді немесе терімшінің қасында отырып мақалаларын айтады. Журналистер демекші әжем айтып отырады, сол жылдары редакцияда ылғи ығай мен сығай қаламгерлер еңбек етіпті. Бүгінде аттары аңыз болып айтылатын Баттал Жаңабайұлы, Арғынбай Бекбосынұлы, Әлдихан Қалдыбайұлы сияқты жампоз журналистермен бірге қызмет атқарыпты. Әжем сол жылдарын сағынады, бірге қызмет атқарған азаматтарын еске алып айтып отырады. Айтуына қарағанда қатардағы техникалық қызметкер болуына қарамастан сол шығармашылық ұжымның белді, беделді әрі белсенді мүшесі болған сияқты.
Әжем – қарапайым еңбектің жемісін де, жеңісін де көрген адам. Облыс руханиятының қарашаңырағы болған "Еңбек туы" газетінде еңбек ете жүріп сол газеттің ыстығына күйді, суығана тоңды. Мақалалардың сауатты жазылуына өзінің үлесін қосты. Көптеген терімші қыз-келіншектерді осы кәсіпке тәрбиеледі.
Бүгінде алтын әжем өзінен тараған ұрпақтарының қызығын көруде. Қыздары Гүлнар мен Динарасы әр салада өздері қалаған мамандықтары бойынша жемісті еңбек етуде, ұрпағының қызығын көруде. Әрине, "Тұяғы бүтін тұлпар болмас..." дегендей ұлы Мұратбек ертерек дүние салды. Мұратбектен ұрпақтары өсіп, әжеме немере, шөбере сүйдіруде.
"Елу жылда ел жаңа..." дейді қазақ. Әжем айтып отырады. Өзімен бірге істегендердің көбі қазір өмірде жоқ. Олар туралы артында жақсы әңгімелер қалды.
Әжем туралы көптен толғанып жүруші едім. Өзімнің перзенттік сүйіспеншілігімді, асыл анаға деген, ардақты әжеге деген құрметімді осылайша көпке арнағым келді.
Жасай беріңіз, әже! Ұрпағыңыздың қызығына тоймаңыз.
Нұрай ЕСМАҒАНБЕТОВА,
Қ.Тұрысов атындағы
мектеп-гимназиның оқушысы.
Тараз қаласы
Обсудить
Блок в статье:
Жасампаздық жаршылары
01 июль 2026, Среда
СЕЙТҚАЗЫ ҚАЖЫ – ЖЕҢІМПА3!
30 июнь 2026, Вторник
Тәрбие жұмысына бәріміз жауаптымыз
30 июнь 2026, Вторник
Похожие материалы:
Комментарии (0)






