Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » АРҚАБАЙ АСҚАН АСУЛАР

АРҚАБАЙ АСҚАН АСУЛАР

30 январь 2024, Вторник
61
0
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» – дейді дана халқымыз. Олай болса жақсы адам жайлы қалам тербеудің өзі де бір ғанибет. Бүгінгі әңгімеміздің арқауы, саудакенттік қазыналы қариялардың бірі Төлмағанбетов Арқабай қажы жайлы болмақ. 
Көңіліміз жақын, сәлеміміз түзу Арекеңді өте жақсы танимын. Қара сөзден қаймақ қалқыған халқымыздың көңілге қонымды әдемі уәжімен айтқанда үзеңгі жолдас, замандас, бір жылғы туған төл – құрдаспыз. Арқабай құрдастың саналы ғұмыры, өнегелі өмірі, шыққан биігі, алған асулары көз алдымда өтіп келеді. Асқар тау әкеден, ардақты анадан жұғысты болған асыл қасиеттері оның бойында жетерлік. Ең жақсы қасиеті – «Бетегеден биік, жусаннан аласа» демекші өте-мөте қарапайымдылығы. Арекең де үлкен өмірдің өткелін кешті. Соқпақты сүрлеуін жүріп өтті. Керуенін тоқтатпаған үлкен өмірдің ұлы көшінде еткен еңбек, төккен тер шалғының жүзіндей шыңдады. 
Арқабай Төлмағанбетов Бай-қадам Қашқынбаев атындағы орта мектепті 1971 жылы тамамдап, еңбек жолын №2009 жылжымалы механикаландырылған колоннада қарапайым жұмысшы болып бастады. Еңбектен қол үзбей жүріп көлік жүргізушілердің курсын оқып бітірді. Жүргізуші куәлігін алған соң аудандық санитарлық эпидемиологиялық стан-циясы мекемесінде темір тұлпарға тақым басты. Осында жүргенде әскер қатарына шақырылды. Әскери қызметтен қайратын қайрап қайтты. Еңбек жолын жүргізуші мамандығымен аудандық тұтынушылар одағында жалғастырды. «Жоғары білім алсам ба» деген арманы да орындалды. 1974-1979 жылдар аралығында Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтында оқып, инженер-механик мамандығын алды. 1979-1987 жылдар аралығында сол тұстағы аудан орталығы Байқадам ауылындағы Байқадам автокөлік кәсіпорнына қатардағы техник болып жұмысқа қабылданып, автокөлікті пайдалану бөлімінің бастығы лауазымына дейін көтерілді. 1986-1988 жылдары Сарысу аудандық партия комитетінде нұсқаушы, 1988-1993 жылдары Сарысу аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының автокөлік кәсіп-орнының директоры қызметтерін атқарды. 1993-1997 жылдары автокөлік кәсіпорны «Ақбота» акционерлік қоғамы болып құрылуына байланысты осы қоғамның президенті болып сайланды. 1997-2001 жылдарды «Қаратау» өндірістік бірлестігінде шебер, 2002-2007 жылдары жеке кәсіпкер, 2008-2013 жылдары ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Сарысу аудандық аумақтық инспекциясының инспекторы, бастықтың орынбасары, 2013-2018 жылдары Сарысу ауданы әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінде бас маман қызметтерін абыроймен атқарды. 2017 жылы зейнет демалысына шыққан Арекең осы уақытқа дейін «АрНұр-Б» ЖШС-нің директоры қызметін атқарып келеді.
Арқабай Төлмағанбетов мемле-кеттік қызметтің тізгінін ұстаған жылдарда да білімділігі мен іскерлігін іс жүзінде дәлелдеді. Мемлекеттік қызметте біліктілігін танытты. Аудандық партия комитетінде нұсқаушы, аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінде бас маман қызметтерін асқан жауапкершілікпен атқарып, абырой мен құрметке бөленді.
Дана халқымыз «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деп бекер айтпаса керек. Енді ұшқан ұясы жайлы да бір үзік сыр шерткеніміз жөн болар. Жас кезімізде көзіміз көрді. Асқар тау әкесі Төлмағанбет қария, асыл анасы Шәйі апамыз еліне елеулі, халқына қалаулы жандар болды. 1906 жылы жарық дүние есігін ашқан Төлмағанбет қарияның жалын атқан жастық шағы өткен ғасырдағы төрткүл дүниені дүр сілкіндірген қиын - қыстау кезеңдермен тұспа-тұс келеді. 16 жастан асқанда сауатсыздықты жою мектебінен сауат ашып хат таниды. Көзі ашық, көкірегі ояулығын іскерлігімен танытады. Комсомол, партия қатарына өтеді. Қоғамдық жұмыстарға белсене ат салысады. Ашаршылық жылдары аңшылар бригадасын ұйымдастырып, ауланған аң, құспен көптеген отбасыны ажалдың қанды шеңгелінен құтқарады. Еті тірі, өмірдің ыстығына күйіп, суығына тоңып шыңдалған жігіттің іс қимыл, әрекеттері аудан басшылығы назарынан тыс қалмайды. «Еңбек», «Жаңа жол» ұжымшарларының партия ұйымдарын басқарады. Аудандық партия комитетінің ұйғарымымен 1940 жылы Шымкент қаласындағы ұжымшар қызметкерлерінің білімін көтеру қурсында оқып келеді. «Еңбек» ұжымшарына төрағалық етіп жүргенінде Ұлы Отан соғысы басталып, әскер қатарына шақырылады. 1943 жылы жан алысып, жан беріскен қиян-кескі ұрыстың бірінде ауыр жараланады. Госпиталда алты ай емделіп, үшінші топтағы мүгедектікпен елге оралады. Сұрапыл соғыс таңбалаған тән жарасы жасыта алған жоқ. Еңбек майданына белін бекем буып кіріседі. Көп жыл «Еңбек» ұжымшарының, кейіннен қой фермасын басқарады. Еңбек бәсекесінде бағы жанған Төлмағанбет қария киелі шаңырақтың отағасы, берекелі жанұяның жапырағын жайған бәйтерегі де болды. Құдай қосқан қосағы Шәйі апамыз алтын құрсақты ана болды. Жеті ұл мен үш қызға  әлемнің жарығын, өмірдің қызығын сыйлады. Көзіміз көрген Шәйі апамыз өте балажан, мейірімді кісі еді. Нұрлы жүзінен мейірім шуағы шашылып тұрушы еді. Тұңғыш перзенттері бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан Кеңесбек ағамыз өнегелі өмірін жас ұрпақ тәрбиесіне арнады. Ұзақ жылдар Әйтеке би (бұрынғы В.И.Ленин) атындағы орта мектепті басқарды. Екінші ұлы Қуанышбек көрші Талас ауданының қаржы бөліміне зейнет демалысына шыққанша жетекшілік етіп, ел құрметіне бөленді. Әйтеуір, үкілеп өсірген ұлдары Кеңесбек, Қуанышбек, Аралбай, Арқабай, Қалдыбай, Майлыбай, Қырықбайлардың  осалы болған жоқ. Әрқайсысы өз мамандықтарының хас шебері, майталмандары болды. Осындай отбасы, бақ қонып, ырыс береке дарыған жанұядан тәлім - тәрбие - көріп өскен Арқабайдың өмірдің ұлы көшінде белестерді бағындырып, асуларды алуы заңдылық еді.
Арқабай Төлмағанбетов түтіні түзу шыққан алтын бесік ауылдың қызы Дәулетова Мейрашпен  жұлдызы жарасты, тағдыры тоғысты. Отау үй тіккен қырық бес жыл ішінде өмірдің қызығы мен қиындығын тең бөлісіп, үйлі-жайлы, балалы-шағалы болды. Мейраш та ауданымызға танымал ақ халатты абзал жанның бірі атанды. Ақтөбе медицина институтын акушер-гинеколог мамандығы бойынша бітірген Мейраш сүйікті мамандығымен ел-жұртының құрметіне бөленді. Қатардағы дәрігерден ауданның бас акушер-гинекологы қызметіне дейін көтерілді. Жарық дүние есігін іңгәлап ашқан мыңдаған нәрестенің кіндік шешесі атанды. Ата-аналардың ақ тілекті, пәк ниетті алғыстарын арқалады. Отағасы Арқабай екеуі 3 ұл, 1 қызды үкідей үлпілдетіп өсіріп,  мақсаттарына жеткізді. Бәрі де жоғары білім алды. Қонысы мен өрісін тапқан ұл-қыздарынан бүгінде 15 немере сүйіп, бақыт құшағында тербелген ардақты ата, асыл әже атанды. Тұңғыш перзенттері, Тараздағы қызы Бағлан Жамбыл облыстық иммунтапшылығы синдромының алдын алу және онымен күрес жүргізу орталығының менеджері. Алматы қаласында тұратын ұлы Әділ– полиция академиясында ұстаз, шені – полковник. Тараз қаласындағы екінші ұлы Радж – жоғары білімді кәсіпкер. Кенже ұлы Абибулла – облыстық іргелі мекеменің «Сарысу» өндірістік бөлімшесінің басшысы. 
Ұлы Жібек жолы бойындағы тамырын тереңінен тартқан Саудакент ауылындағы өнегелі отбасының бірі болған Арқабай мен Мейраштың ерен еңбектері де елеусіз емес. Арқабай Төлмағанбетов әр жылдары Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы минстрлігінің, Сарысу ауданы әкімінің, Қазақстан фермерлер одағының Құрмет грамоталарымен және «Жамбыл облысына сіңірген еңбегі үшін», «Жамбыл облыстық ардагерлер ұйымына – 30 жыл» төсбелгілерімен марапатталған. Мей-раш Қабылқызының денсаулық сақтау саласындағы көпжылдық еңбегі Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасының екі мәрте Құрмет грамотасымен, Сарысу аудандық мәслихатының Құрмет грамота-сымен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 20 жыл» мерекелік медалімен, «Жамбыл облысына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен аталып өтті.
2018 жылдан бері Байқадам ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы болып сайланған Арқабай алтын бесік – ауыл өміріндегі көптеген қоғамдық игілікті істерге мұрындық әрі ұйтқы болып жүр. Өткен жылы оның өмірінде елеулі оқиға болды. Меккеге сапар шекті. Ел көрді, жер көрді. Мұсылмандық парызын өтеп, қажы атанып қайтты. Өнегелі өмірі еңбекпен өрілген Төлмағанбетов Арқабай қажы үстіміздегі жылдың ақпан айының 1 жұлдызында жоталы 70 жасқа толғалы отыр. Өмірден көргені, көңілге түйгені көп, елінің амандығын, жұртының тыныштығын тілеп жүрген ауыл ардагерлерінің көшбасшысын мерей жасымен құттықтаймыз!
Темірлан ӘБІЛДАЕВ,
ардагер журналист.
Сарысу ауданы
Обсудить
Блок в статье:
"Ана тілің-арың бұл" 20 сентябрь 2024, Пятница
БАТАМЕНЕН ЕЛ КӨГЕРЕР 19 сентябрь 2024, Четверг

Похожие материалы:

Тағылым
27 май 2020, Среда
Тағылым
ӘБЕКЕҢ АСҚАН АСУЛАР
08 июнь 2023, Четверг
ӘБЕКЕҢ АСҚАН АСУЛАР
АРМАНЫ ОРЫНДАЛҒАН АҚСӘУЛЕ
06 апрель 2023, Четверг
АРМАНЫ ОРЫНДАЛҒАН АҚСӘУЛЕ
АУЫЛДЫҢ ЕҢ СЫЙЛЫ АДАМЫ
08 август 2023, Вторник
АУЫЛДЫҢ ЕҢ СЫЙЛЫ АДАМЫ
Жағымды жаңалық
29 апрель 2022, Пятница
Жағымды жаңалық
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры